Кәмшат ТАСБОЛАТ. Қазақтың 2 пайызы қайда кетті?
Сүйіншілеген санағымыз күйінішке айналмай ма?
Қазақстанда өткізілген жалпыұлттық халық санағының ресми қорытындылары жарияланбаса да, кейбір отандық демографтар «қазақ 67 пайызға жетті» деген сүйінші хабарды БАҚ арқылы халыққа жеткізген еді. Abai.kz порталының хабарлауынша, сол 67 пайыздың 2 пайызы белгісіз себептермен «кеміп» кеткен.
Расында да, соңғы кездері кейбір билік өкілдері қазақтың 67 пайыз емес, 65 пайыз екенін тілге тиек етіп жүр. Есесіне, 130 этностың қатары көбейіп, елімізде «140 этникалық топ» пайда болыпты. Отандық сарапшылар бұл, тіпті Кеңес одағында болмаған, «естімеген елде көптің» керін келтіретін жайт деп бағалап отыр. Егерде саясаттанушылар санақтың да ұлттық мүдде тұрғысынан үлкен саясат екенін алға тартса, демограф ағаларымыз із-түзсіз «жоғалған» екі пайыз қазақтың ұзаққа созылған санақ қорытындыларын есептеу барысында, яғни өткен бір жылда табиғи өсім есебінен қатарға біртіндеп қосылып жатқанын айтады. Қалай десек те, қазақ - 67 пайыз! Ұлт арасында өзіндік брендке айналған санға шүбә келтіруге бола ма?
Дәурен БАБАМҰРАТОВ, саясаттанушы:
Сүйіншілеген санағымыз күйінішке айналмай ма?
Қазақстанда өткізілген жалпыұлттық халық санағының ресми қорытындылары жарияланбаса да, кейбір отандық демографтар «қазақ 67 пайызға жетті» деген сүйінші хабарды БАҚ арқылы халыққа жеткізген еді. Abai.kz порталының хабарлауынша, сол 67 пайыздың 2 пайызы белгісіз себептермен «кеміп» кеткен.
Расында да, соңғы кездері кейбір билік өкілдері қазақтың 67 пайыз емес, 65 пайыз екенін тілге тиек етіп жүр. Есесіне, 130 этностың қатары көбейіп, елімізде «140 этникалық топ» пайда болыпты. Отандық сарапшылар бұл, тіпті Кеңес одағында болмаған, «естімеген елде көптің» керін келтіретін жайт деп бағалап отыр. Егерде саясаттанушылар санақтың да ұлттық мүдде тұрғысынан үлкен саясат екенін алға тартса, демограф ағаларымыз із-түзсіз «жоғалған» екі пайыз қазақтың ұзаққа созылған санақ қорытындыларын есептеу барысында, яғни өткен бір жылда табиғи өсім есебінен қатарға біртіндеп қосылып жатқанын айтады. Қалай десек те, қазақ - 67 пайыз! Ұлт арасында өзіндік брендке айналған санға шүбә келтіруге бола ма?
Дәурен БАБАМҰРАТОВ, саясаттанушы:
Қазақстанда қазір шынымен-ақ, «қазақ 67 пайыз емес, 65 пайыз екен» дегендей әңгімелер айтылып жүр. Біріншіден, 2 пайыздық ауытқу - көңілге қонатын дүние емес. Мәселен, Қытай, Үндістанда жалпыұлттық санақтар жүргізілсе, оларда 2-5 пайызға дейін ауытқулар болады. Өйткені бұл елдерде халық өте көп. Ондағы халықтың саны 1 млрдтан асып кетеді. Ал Қазақстанда небары 15 миллионнан астам халық тұрады, сондықтан 2 пайыздық ауытқудың болуы көңілге қонбайды. Мұндай қателікке бару, біріншіден, дұрыс емес. Екінші мәселе, тіпті солай қателескен күннің өзінде де Қазақстанның ұлттық саясатының дұрыс болуы үшін «қазақ 65 пайыз» деп айтпаса да болар еді. Яғни, әу бастан қазақтың саны 67 пайыз делінсе, бұл сан өзгермей қалуы керек-тін. Үшінші мәселе, мұнда мемлекеттің имиджі тұр. Сондықтан мен әлі күнге дейін мемлекеттің статистикалық агенттік қызметкерлері халық алдына шығып, «қазақтың саны 67 пайыз, тіпті одан да көп» дейтініне сеніп келемін. Қазіргі таңда ең дұрыс шешім сол болатын шығар.
- Ал өзге ұлыстардың 140-қа дейін өсуі қаншалықты шындық?
- Дұрыс айтасыз, қазіргі таңда Қазақстандағы өзге ұлыс өкілдерінің саны жыл санап өзгеріп келеді. Бірде өзге ұлт өкілдерін «130» дейді, енді бірде «140» деп көрсетеді. Әу бастан бұлардың саны 90-ның ар жақ-бер жағынан басталған еді. Сталиннің билік құрған кезеңінен бастап Кеңес одағында 100-ге жуық ұлт тұратын. Қазіргі таңда біз Сталиннің де заманынан асып кеттік: еліміздегі ұлыстарды 140-қа жеткіздік. Әрине, бұл дұрыс емес. Бұлай айтудың ешқандай да саяси негізі, астары жоқ, бұл небары популистік сөздер ғана. Тағы бір мәселе, мемлекет осындай мәлімдемелер жасаған сайын өзінің халық алдындағы беделін түсіріп алады. Қазақстан халқының 100 пайызы білімді. Олар 130 бен 140 ұлыстың айырмашылығын біледі. Бұл - үлкен саяси мәселе. Бұл жерде билік те біршама өз ұпайларынан айырылып қалды.
- Жалпы, Қазақстанда қазақтың өзі 67 пайыз, мұсылмандар саны 80 пайызға жуықтаса, қалайша қалған 20-30 пайыз адам 140 ұлт өкілі болуы мүмкін? Жүз мыңдық межеден асқандары сол ма?
- Әрине, осыдан-ақ мұның шындыққа жанаспайтынын көруге болады. Мен бірде теледидардан көзім шалып қалды: Қазақстанда 1000 қалмақ тұрады екен, соған орай қалмақтың да жеке мәдени ұйымы ашылған. Мәселен, Қазақстанда 1000 қалмақ тұрса, өзге этникалық топтар ішінде 100 не 200 адамға да жетер-жетпес ұлыстар бар. Бірақ оның барлығын Қазақстанда тұратын белгілі бір «ұлт, мемлекет өкілі» деп көрсету, сондай-ақ, олардың ұлттық құқықтарын қорғауымыз керек деуіміз - абсурдтық жағдай. Сондықтан бұл мәселелерді қайта қарауға әлі де кеш емес. Меніңше, Қазақстанның ішкі және сыртқы беделі үшін бұл мәселелерді қайта қараған жөн. Қазақстанда ешкім де ол неміс болсын, қалмақ болсын, әйтеуір, ешбір ұлыс өкілінің азаматтығына шүбә келтірмейді, ешқандай да құқын бұзбайды. Бірақ Қазақстанда қандай да бір ұлт өкілі тұрса да, біз мемлекеттік тілден басқа өзге елдердің мәдениеті мен тілдерін насихаттап, қорғап, көрсетуге міндетті емеспіз. Бұл олардың ұлттық намысын таптау емес, бұл жалпы әлемдік тәжірибеде жоқ нәрсе. Бұл жай ғана ақша жарату әрекеті болып табылады. Сондықтан мемлекет бұл саясатын қайта қарастыруы тиіс сияқты.
Мақаш ТӘТІМОВ, демограф:
- Қазір санақтың нақты қорытындылары шыққан жоқ, сондықтан ресми деректер белгісіз. Бірақ біз сарапшы-мамандар көп нәрсені алдын ала білеміз. 67 пайыздық межені БАҚ-тар, оның ішінде әсіресе қазақ ақпарат құралдары тез таратып жіберді. Негізінен, 67 пайыз - қазақ тілін білетіндердің көлемі. Қазақтың, яғни ұлтым қазақ дейтіндердің нақты саны - 65 пайызға жуық. Ал негізінде бұл жоғары көрсеткіштер. Біз ағымдағы статистика бойынша, қазақ 62 пайызға жетсе де жақсы болар еді деп тосып отырғанбыз, ал қазақтың саны бұдан да асып, 65 пайыз болып жатса, біз қуанамыз. Мемлекеттік тілді білемін дейтіндер 67 пайыз болса, бұл үлкен жетістік. Ал БАҚ-тар көп нәрсені жылдам сүйіншілеп таратып жібереді. Әрине, бұлайша ақпарат тарату, бір жағынан, қуаныш қой...
- Кешіріңіз, Мақаш аға, басында БАҚ-тарға еліміздің бас демографы ретінде «қазақ 67 пайызға жетті» деп сүйінші сұрап, сұхбат берген өзіңіз едіңіз ғой...
- Енді... Ең бірінші боп сұраған мен емеспін. БАҚ-тар таратып жіберді де. Ал санақтың дерегі әлі шықпай тұрғанда, мен де солай болсын деп ниеттедім. Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Санақтан кейін бір жыл өтті. Соның ішінде бұл процент кемінде 1,5 есе көбейді. Алдағы ақпан айында санақтың өткеніне бір жыл болады. Бір жылдың ішінде айтылған пайыз 1,5 есеге көтерілді. Сондықтан мұны айт-айтпа, түзет-түзетпе, түбінде қазақ 67 пайыз болады, тіпті асады. Мен ылғи айтып жүрмін ғой: түбінде қазақ ұлты 70 пайызға жетуі керек. Біз сол пайыздық көрсеткішке жақындап келе жатырмыз. Ал мемлекеттік тілді білетіндер бұдан да асып кетеді. Бізден басқа түркі тілдестердің көрсеткіші - 7-8 пайыз. Оларды бірге қосып санасақ, мемлекеттік тілді білетіндер 70 пайыздан асып тұр.
Негізінде санақтың дерегін артық айтуға да, кем айтуға да болмайды. Әр көрсеткішті нақты айтқан дұрыс. Артық айтсақ, тоқмейілсу пайда болады. Кем айтсақ, бір нәрсе жетіспей тұрады. Қазіргі күннің нақтысы сол: қазақтың саны - 65 пайыз, мемлекеттік тілді білетіндер - 67 пайыз. Түркі тілдес халықтармен бірге санасақ, біз 73 пайызбыз.
- Бірақ алдында 67 пайыз деп айтылды ғой, бұл сонда қанша миллион адам?
- Нақтылап айтсақ, бұл 10 миллион 750 мыңдай адам. Қазақтың өзі екі санақтың ортасында 30 пайыздан астам өсіп отыр. Алдағы он жылдықта да бұдан артық өспесе, кемімейді. Өйткені табиғи өсім қарқын алды. Биылдан бастап шетелдегі қазақтарға арналған отбасылық квота 15 мың емес, 20 мыңға жеткізілді. Үкімет 15 мың отбасылық жоспар орындалды деп есеп берді. Егерде биыл да 20 мың оралман отбасын орналастырамыз деген жоспар орындалса, кемінде әрбір отбасында 4-5 адамнан келетінін есептесек, биыл елге 90 мың қазақ келеді.
- Соңғы санақ өзге ұлыс өкілдерін 140-қа дейін жеткізгенге ұқсайды. Бұл қаншалықты рас?
- Бұл жерде де нақтысын ресми дерек айтады. Бірақ 140 деген де, 130 деген де тым көп көрсеткіш. Мұның бәрі саясат үшін ғана айтылады. Бір мысал, елімізде бір эфиоп жүрсе де, оны санаққа қоса салады. Десе де, елімізде 140 ұлт өкілі бар десе, оған таңғалудың қажеті жоқ. Өйткені Қазақстанның шетелдермен байланысы зор. Санақ кезінде елімізде 1 кубиндік, 1 эфиоп, 5-6 малайзиялық жүруі мүмкін, олардың саны болған соң, қоса салады. Мен өзге ұлт өкілдерінің саны жөнінде бір нәрсені айтайын. Халық ақиқатты білуі керек. «135 ұлт» деген сөз - бұл бұрынғы бүкілодақтық санақтағы ұлттардың тізімі. Кеңес одағы тұсында «бізде мынандай ұлттар бар, солардың саны алынуы керек» деп тапсырма берілетін. Бұл бүкілодақтық санақтағы ұлттардың тізімі?! Ал бүкіл Кеңес одағы мен Қазақстанды салыстыру мүмкін емес.
Әйтсе де Қазақстан алып, көпұлтты мемлекет болған соң, сол тізімдегі адамдардың бірен-сараны біздерде кездеседі. Бұл тізімнің сақталғаны да сондықтан. 1999 жылғы алғашқы ұлттық санақта мен «бүкілодақтық тізімді 100-ге дейін азайтайық» дегенмін. Бірақ өздеріне оңай болған соң, олар бұл тізімді қалдырды. Ал саясат үшін айтсақ, Қазақстанның беделін өсіріп, Президентіміздің үлкен саясатын қолдайтын болсақ, тіптен, келесі 2019 жылғы санақта бұл ұлттардың тізімін 150-ге дейін көтеруге болады. Қалай көтересің? Алдағы он жылдың ішінде Қазақстанның шетелдермен байланысы күшейіп, сауда-саттығы артып, Кедендік одақ құрылып, ДСҰ-ға кірсек, біздің Қазақстанда сол санақ кезінде 150 ұлт өкілі жүруі мүмкін!
- Ал сонда сырт көзге қазақтың өзі де көптің бірі боп қалмай ма? 2019 жылы да осы саясаттың ығымен жүре береміз бе?
- Міне, сіздің сұрағыңызда бір үлкен кілтипан бар. Ешбір ұлт өкілі мен ұлыстар қазақпен сан жағынан теңесе алмайды. 3 миллионға тақалып отырған орыстың өзі де қазақпен сан жағынан теңесе алмайтыны анық. Қазақ саны көбейіп отыр. Сондықтан жоғарыда айтылған мәселе ұлыстардың санын емес, тізімін ғана білдіреді. Ол сан емес, тізім ғана! Мысалы, Алматының бір өзінде 80 бурят, 1 нанайлық бар. Бірақ бұдан олардың саны көбейіп кеткен жоқ қой. Сондықтан мұны халыққа дұрыс түсіндіру керек.
Мен қазір «Глаболизация и демография» деген үлкен кітабымды жазып жатырмын, онда бүкіл ұлттардың өсу болжамын беріп отырмын. Қазақ түбінде 80 пайызға дейін өз елінде өседі. Содан кейін оның өсу процесі баяулап, тоқтауы мүмкін. Сонда Қазақстандағы халықтың бестен төрті қазақ болса, оның үстіне 10 пайыздай түркі тілдес халықтарды қосып алсақ, орыстілділерге небары 10-ақ пайыз қалады. Мен Қазақстанды көпұлты ел деп дәріптемеу керектігін білемін. Шындығында, Қазақстанда жалпы саны 100 мыңнан асатын 8-ақ ұлт өкілі бар. Қазақ ұлтынан бөлек, елімізде орыс, кәріс, өзбек, украин, татар, ұйғыр, неміс сияқты ұлыстар тұрады. Осы ұлт өкілдері «Қазақстанның көпұлтты портретін» жасайды. Ал қалғандары тізім үшін ғана керек. Бұдан былай Қазақстанда түркі тілдес халықтар қазақпен қатар өседі, ал түркі еместер, орыстілді, еуропатектес ұлыстардың саны енді өспейді. 1989 жылғы санақта орыстың саны 9 миллион еді, қазір 3-4 миллионға да жетер-жетпес. Яғни, қазақтың саны бұдан да артады.
Кәмшат ТАСБОЛАТ
"Айқын" газеті 14.01.2010 жыл