Жиырма жылдың ішінде бүйрегін баласына берген бір ғана әкені көрдім
Ермек АЯЗБЕКОВ, республикалық «Ақсай» клиникалық балалар уруханасының директоры:
– Ермек Әбуұлы, «квота алу – қиямет-қайым, әсіресе ауыл тұрғындары үшін» деген әңгімені жиі естиміз. Осы қаншалықты рас?
– Барлық талаптар ескеріле отырып жасалған квота бөлу тәртібінің заңдылығына күмәндану орынсыз. Құзырлы министрлік квотаның дұрыс бөлінуін қатаң бақылап, айрықша назарға алып отыр. Рас, бұрындары қиындау болатын. Қазір ешкімнің өкпесі болмауы керек.
Негізі, республикамыздың өзге аймақтарында тұратын науқас балалар ең алдымен облыстық ауруханаларда емделуі тиіс. Егер де облыстағы дәрігерлер дәрменсіз болса ғана бізге жібереді. Адамдар не айтпайды?! Олардың бәріне бірдей сене беруге де болмайды. Мәселен, көпшілік ата-ана облыстық ауруханаларда да еш қиындықсыз емдеуге болатын науқас баласын бірден Астанаға не Алматыға алып келгісі келеді. Ал оған квота керек. Ондай жағдайда, әлбетте, оларға квота берілмейді. Міне, «квота алу қиын» деген әңгіме қайдан шығады!
Шамамен айтсам, 90 пайыз науқас балаларды облыстық деңгейдегі ауруханаларда емдеуге әбден болады. Қазір облыстық ауруханалардың техникалық, материалдық базасы жақсарған. Білікті мамандар да аз емес. Соған қарамастан, кейбір ата-аналар «Алматыға барамын, Астанаға барамын» деп талап қойып, талаптары орындалмаса, жоқ жерден дау шығарып жатады.
Ермек АЯЗБЕКОВ, республикалық «Ақсай» клиникалық балалар уруханасының директоры:
– Ермек Әбуұлы, «квота алу – қиямет-қайым, әсіресе ауыл тұрғындары үшін» деген әңгімені жиі естиміз. Осы қаншалықты рас?
– Барлық талаптар ескеріле отырып жасалған квота бөлу тәртібінің заңдылығына күмәндану орынсыз. Құзырлы министрлік квотаның дұрыс бөлінуін қатаң бақылап, айрықша назарға алып отыр. Рас, бұрындары қиындау болатын. Қазір ешкімнің өкпесі болмауы керек.
Негізі, республикамыздың өзге аймақтарында тұратын науқас балалар ең алдымен облыстық ауруханаларда емделуі тиіс. Егер де облыстағы дәрігерлер дәрменсіз болса ғана бізге жібереді. Адамдар не айтпайды?! Олардың бәріне бірдей сене беруге де болмайды. Мәселен, көпшілік ата-ана облыстық ауруханаларда да еш қиындықсыз емдеуге болатын науқас баласын бірден Астанаға не Алматыға алып келгісі келеді. Ал оған квота керек. Ондай жағдайда, әлбетте, оларға квота берілмейді. Міне, «квота алу қиын» деген әңгіме қайдан шығады!
Шамамен айтсам, 90 пайыз науқас балаларды облыстық деңгейдегі ауруханаларда емдеуге әбден болады. Қазір облыстық ауруханалардың техникалық, материалдық базасы жақсарған. Білікті мамандар да аз емес. Соған қарамастан, кейбір ата-аналар «Алматыға барамын, Астанаға барамын» деп талап қойып, талаптары орындалмаса, жоқ жерден дау шығарып жатады.
– Бәлкім, бұл сенiмнiң жоқтығынан шығар? Дәрігерлердің білімсіздігінен, білместігінен өліп кетіп, болмаса мүгедек атанып жатқандар жоқ емес қой.
– Ол да мүмкін. Алайда бір қайғылы оқиғамен бүкіл дәрігерді қаралауға тағы болмайды. Жалпы, қазір облыс-облыстарда мықты мамандар аз емес. Әрине, мен ата-аналарды түсінемін. Баласының денсаулығына алаңдайды. Десек те, облыстағы дәрігерлер өздерін-өздері әлдеқашан дәлелдеген.
Тоқырау жылдары медицина саласының да тоз-тозы шықты. Тек медицина емес, қиындықты ел болып бірге көтердік. Сол бір кезең адамдардың психологиясында жатталып қалған сияқты. Көпшіліктің отандық медицинаға деген сенімсіздігі содан қалса керек. Рас, кемшілік мүлде жоқ емес. Алайда жетістіктерді де мойындау керек қой. Тіпті медицинасы әлдеқайда көш алда келе жатқан елдерде жасалатын бірқатар операцияларды біз де жасап жүрміз.
– Өткен жылы туабітті керең балалардың 250-і кезекте тұр деген едіңіз. Қазір ше?
– Біз алғашқы жылы Үкімет пен жекелеген демеушілердің қаражатына 27 баланың құлағына имплант орнатқан болатынбыз. Қазіргі кезде операция жасалған балалардың саны 160-тан асты. Негізі, бұл – өте ауыр операция. Әрі қымбат тұрады. Бұрындары мұндай операция тек шетелде жасалатын. Үкімет жылына бар-жоғы он-он бес бала ғана жіберетін. Енді өзімізде де табысты жасалып жүр. Мен былтыр 250 бала кезекте тұр десем, бұл көрсеткіш едәуір ұлғайды. Қазір кезекте тұрғандардың саны 460-қа жетті. Адамдар бірінен-бірі естіп, келіп жатыр. Мұндай операция жасаумен екі дәрігер айналысып жүр. Осы тұста тағы бір проблеманың ұшы шығады. Операция жасалған балалардың барлығының 12-13 пайызы емделмей қалады. Оның себебі – ата-аналарының болмаса туыстарының жауапсыздығынан. Операция жасалғаннан кейін ол баламен бір жылдай ерінбей-жалықпай жұмыс істеулері тиіс. Өкінішке қарай, көпшілік ата-аналар операцияны жасатуын жасатып, «уақытымыз жоқ» дегенді сылтауратып, дәрігерлер берген тапсырманы мүлде орындамайды. Тіпті «уақытым болмаса, қайтемін» деп дәрігерлерге тепсінетіндер де жоқ емес.
Осындай салғырт-салақтық салдарынан бөлінген қыруар қаржы желге ұшып, дәрігерлердің маңдай тері текке кетеді. Балаға жұмсалған қаражатты айтып көпсінбей-ақ қояйық, балаға обал ғой. Оны айтасыз, Астана қаласында тұратын бір әйелдің «Алматыға енді жиі келіп тұруға тура келеді. Біздің осы қаладан пәтер алуымызға жәрдемдесіңдер» деп талап қойғаны бар. Осыған не деуге болады? Мүгедек баланың ата-анасы айтса, мұндайды түсінесің. Ал әлгі баспана сұрағандардың баласы өзі жүріп-тұрады ғой?! Оның үстіне ауруханаға күнде келіп қажеті жоқ. Тек алғашқы жылдары шамамен екі айда бір рет әкеліп тұрса болғаны. Операция тегін жасалды, бала тегін емделді, енді оған қаладан пәтер керек болыпты!
Жуырда мынадай бір жағдай болды. Бір әйел сал ауруымен ауыратын алты жастағы тым әлсіз баласын алып келді. Баланы ауруханаға жатқыздық. «Алғашқы кездері балаңыздың қасында болғаныңыз жөн болар еді», – дедік оған. Ол ақшасының жоқтығын айтып, баласының қасына қалудан бас тартты. Негізі, мұндай жағдайда өз бетімен жүріп-тұруға мүмкіндігі жоқ немесе жүре алмайтын кішкене сәбилердің қасында қалып жататындар күніне 700 теңгеге жуық ақша төлеуі тиіс. Ал біз ол әйелдің ауруханада тегін жатуына рұқсат бердік. Сөйтсек: «Мен қала алмаймын, жұмысымды қайтпекпін? Сендерге тапсырдым, өздерің күтесіңдер. Не үшін ақша аласыңдар?» – деп айқайды салып, дәрігерлердің екі аяғын бір етікке тықпасы бар ма?! Жұмысқа жарамсыздық парағын беретінімізді ескерттік. Жоқ, еш ымыраға келетін емес. Ақырында мені балағаттап, министрлікке үстімізден арыз жазуға дейін барды. Министрлік тексерді. Біздің еш кінәміз жоқ екендігін айтты әлгі әйелге. Осындай бір арыздың өзінің дәрігерлерді қандай әуре-сарсаңға салатынын білсе ғой солар.
Осы тұста айта кетпегім, бюджеттен кохлеарлы имплантацияға 1 млн доллар бөлінген. Үкімет балалардан барын аяп отырған жоқ. Операциядан кейінгі алғашқы жылы балғындарды сурдологтар тегін бақылайды. Ата-аналары балаларының күтіміне дұрыс көңіл бөлетін болса, олар екі, тіпті әрі кеткенде бес жылдың ішінде құлан-таза айығып кететін болады.
– Жас мамандардың біліміне көңіліңіз тола ма?
– Толмайды. Қазіргі студенттердің тек жартысы ғана сабақ оқиды. Отандық медицинаның болашағы алаңдатарлық жағдайда тұр. Ал ауылдағы ахуал тіптен қиын. Қазір жас мамандарға миллиондаған теңге беріп, ауылға шақырып жатыр. Әзірге ол да ешқандай нәтиже беріп жатқан жоқ. Сондықтан да жастарды ауылға бағыттаудың басқа жолдарын қарастыру керек. Бұл мәселені ертең емес, қазірден қолға алмаса болмайды.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, белгілі академик Камал Ормантаевтың «университеттік клиникалар ашу керек» деген пікірін қолдаймын. Кәсіби деңгейі жоғары мамандар дайындау үшін жоғары медициналық оқу орындарында университеттік клиникалар болуы тиіс. Яғни білім мен тәжірибе қатар жүруі керек. Осы жүйені енгізе алмай-ақ қойдық. Студенттер тәжірибені жергілікті ауруханаларда өткізетіндіктен, аурухана әкімшілігіне тәуелді сияқты. Былайша айтқанда, солардың қас-қабағына қарауға тура келеді.
– Еліміздің жоғары медициналық оқу орындарындағы педиатрия факультеттерінің жабылғанынан хабардармыз. Оған көпшілік мамандар қарсы болды. Олардың қатарында сіз де бар шығарсыз?
– Педиатрия факультетінің жабылуына мен де үзілді-кесілді қарсымын. Жаңа жүйеге сәйкес, аталмыш факультет емдеу факультетіне өтті. Болашақ дәрігерлердің оқу мерзімінің тоғыз жылға дейін ұзартылуы осыған да байланысты. Яғни олар жеті жыл жалпы медициналық практика жүйесі бойынша білім алса, педиатрия мамандығы бойынша соңғы екі жылда ғана дәріс алады. Педиатрия факультетін қалдыру керек еді. Өйткені бұл – өз алдына толыққанды бір мамандық. Бұл мамандықты екі-үш жылда оқып-үйрену мүмкін емес. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі осы германдық әдісті дұрыс деп шешті. Педиатрия факультетін жабу мәселесі Ресейде де көтеріліп, ол үлкен пікірталастар тудырғаны белгілі. Жоғары деңгейде өткізілген талқылаулардан кейін оларда аталмыш факультет қалдырылды. Ал бізде қалай болды? Реформаға қарсы емеспіз. Реформа жүргізілуі керек. Бірақ оны ақылдасып жасау керек еді ғой. Ал бізбен ешкім ақылдасқан емес. Министрлік бірнеше адамның ғана басын қосып, бұл мәселені асығыс шеше салды. Талқыға салып, зерделеп, саралау керек еді. Өз алдына педиатрия факультеті болмаған соң, ертеңгі жастардың арасынан бала дәрігері болуға құлшынып тұрған ешкімді таппай да қаламыз. Қысқасын айтсам, бала дәрігері мамандығы бойынша кадр таппай, опық жейтініміз анық. Бәлкім, бір-екеуі шығар, онымен біз балаларымыздың денсаулығын қадағалап отыра аламыз ба? «Сауатсыз мамандар көбейіп кетті» деп жатамыз, сол кезде көреміз нағыз қиындықтың көкесін.
Біздің тұсымызда педиатрлар жеті жыл білім алды. Ол көптік еткен жоқ. Керісінше, жылдан-жылға білімімізді жетілдіріп отыруға тиіспіз. Өкінішке қарай, қазіргі кезде бұрын-соңды болмаған ауру түрлері шығып жатыр. Қазірдің өзінде перзентханаларда неонотолог дәрігер жоқтың қасы. Бүгінде әлсіз туылып жатқан сәбилер өте көп. Қырқынан шыққанша жан-жақты тексеріліп, бақылауда ұстау үшін тәжірибелі неонотолог дәрігер керек. Перзентханалардағы ең үлкен проблема – осы. Құзырлы министрліктің осы жағын ойламағаны өкінішті. Шетелдегі жағдайға қарап, үстірт шешім қабылдауға бола ма? Бұл деген – ұрпақтарымыздың денсаулығына жасалып отырған қастандық десем, артық айтқандық емес. Шетелдің үйренуге тұратын да, тұрмайтын да жақтары бар. Айтпақшы, шетел қазір осы тәжірибеден бас тартып отыр.
Мұндай бағдарламаның бағы жана қоймас. Осыдан біраз жыл бұрын германдық бір профессор маған: «Ермек, сіздерде жақсы екен. Педиатрия факультеті бар. Алайда естіп жатырмын, жапқалы жатқан көрінеді. Қалайда осыған жол бермеңіздер. Сақтап қалыңыздар. Ертеңгі күні опық жеп қаласыздар. Балаларға обал болады», – деп өз еліндегі балалар педиатриясының қиын-қыстау кезеңінің біздің елде қайталанбауын қатты ескерткен еді.
«Педиатрия факультетін жапқанымыз үлкен қателік болады», – деп министрге мен де айттым. Әлі де айтамын.
Ауылдағы жағдай тіптен мүшкіл. Бір ауылда бір дәрігерден ғана отыр. Терапевт те – сол, хирург те – сол, бала дәрігері де – сол. Педиатрияның жабылуының қалалық жерлерге кері әсерін айтамыз, ал ауылдағы жағдайдың қалай болатынын өзіңіз болжай беріңіз.
– Еліміздегі бүйрек алмастыру операциясының жасалып жүргеніне жиырма жылдан асты. Алайда бүйрек трансплантациясына қатысты түйін әлі шешімін таппай келеді. Бәлкім, заңға өзгерістер енгізу қажет шығар?
– Заңда барлығы дұрыс қамтылған. Гәп – заңда емес, адамдарда. Нақтырақ айтсам, операцияны қажет ететін қанша баланың ата-анасына «бүйрегіңізді балаңызға беріңіз» деп ұсыныс жасаймыз, ешкім келіспейді. Бір бүйрекпен де өмір сүруге болады. Алайда ешкімнің бүйрегін баласына бергісі жоқ. Жиырма жылдың ішінде бүйрегін баласына берген бір ғана әкені көрдім. Сенесіз бе, жиырма жылдың ішінде бір ғана оқиға!
Былтыр бар-жоғы үш балаға ғана операция жасалды. Олар – донорлықтан алынған ағзаны өздеріне ауыстыруға кезекте тұрғандар. Қазіргі кезде 1500-нан астам бала кезекте тұр. Донор қай кезде болады, операция қашан жасалады – ол бір Аллаға ғана аян. Сондықтан да қаражаты барлар Пәкістанға барып, емделіп келіп жүр.
Бір әйел «баламның бүйрегіне трансплантация жасауға көмектесіңіздер» деп депутаттарға хат жазыпты. Депутаттар ол хатты Денсаулық сақтау министрлігіне қарауға жіберді. Министрлік хатты бізге тапсырды. Ал біздің қолымыздан не келеді? Донор жоқ қой. «Бір бүйрегіңді берші балаңа. Балаңды емдеп шығарар едік», – дедім ол әйелге. Ал ол үзілді-кесілді бас тартты. Қысқасы, бар кілтипан заңда емес, адамдардың түйсігі мен түсінігіне байланысты.
– Үкімет қаржы жағынан сараңдық танытып жатқан жоқ. Мәселен, 2002 жылы 73,0 миллиард теңге бөлсе, 2008 жылы медицина саласына бөлінген қаржы 377,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Алайда қаржының көптігінен не пайда, қарапайым халық тегін медициналық көмекпен түгелдей дерлік қамтамасыз етілмесе?
– Рас айтасыз, денсаулық сақтау саласына барлық жағдай жасалып жатыр. «Медицина саласына көп қаржы бөлінеді» дегенді жиі естимін. Алайда бар құндылық адам десек, сол адамның денсаулығына жұмсалатын қаржыны көп көрмесек екен деймін.
– Біздің айтқалы отырғанымыз, қаржының көптігі емес. Әңгіме – сол көп қаржының талан-таражға түспей, халықтың игілігіне жұмсалу-жұмсалмауында.
– Қазір медицина саласына бөлінген қаржы төңірегінде түрлі пікірталастар мен өткір сындар айтылып жатыр. Қаржы мәселесіне қатысты нақты жауап беретін – тиісті орындар. «Ақсай» республикалық балалар ауруханасына қатысты айтсам, бөлінген қаржы ҚР Бюджеттік кодексі мен Үкіметтің 2007 жылғы 20 наурызындағы №225 қаулысымен бекітілген республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттерді орындау ережесінде көрсетілген талаптарға сәйкес, уақтылы, тиімді және нысаналы жұмсалады.
Iзгi тiлек
Қазір студент кезімдегі мына бір оқиғаның есіме түсіп отырғаны. Ресейде Медицина академиясында оқып жүргенімде арамызда грузин жігіті оқыды. Сабаққа жүрдім-бардым қарайтын. Бірде профессор одан: «Түк сабақ оқымайсың, ертең операцияны қалай жасайсың?» – деп сұрамай ма. Сөйтсе, әлгі: «Мен операция жасайды деп кім айтты? Мен бірден бас дәрігер боламын», – деген еді. Бұл – анекдот емес, ащы шындық. Жастарымыз сол грузин сияқты ойламаса екен деген тілегім бар.
Сұхбаттасқан Ләззат БИЛАН
«Алаш айнасы» газеті, (22.05.2009)