Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5412 0 пікір 15 Наурыз, 2010 сағат 20:12

ҚҰЛ, ҚАМШЫ ҺӘМ ҚҰЛДЫҚ САНА

Қоғамдық өзгерістермен бірге  сана да тәуелсіздік алуы керек. Осы тәуелсіз сана ендігі жерде бұрын қалыптасқан, бізге мейлінше қалыпты жағдай сияқты көрініп кеткен жайттарды мойындай бермейді. Ондай «қалыпты үрдістер» әдебиет саласында да аз емес. Алайда біз оны осы уақытқа дейін кемшілік деп қабылдаған жоқпыз. Соның бәрі, түптеп келгенде, сананың қоғамға тәуелділігінің салдарынан аңғарылмай келді. Алдағы кезеңде кезінде байқалмаған әлгіндей «қалыпты үрдістер» күн санап көрініс бере бастайды. Бүгінгі айтылар ойды осы тұрғыда жасалған қадамдардың бірі деп қабылдаған жөн. Сонымен...

Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасы  - қазақ халқының байырғы таза бейнесін бірден еске салады. Социалистік реализм деп аталатын жасандылықтан іргесі алшақ, көркем образ, тереңнен сыр толғайтын аңғарлы философиясымен дәстүрге, салт-санаға құрылған бұл шығарманың өміршеңдігі де осында.

Поэманың сюжет желісі - хан  Кененің қызы мен хан ауылына қыдырып келіп жатқан шебер күйші төңірегінде өрбиді. Күйшінің өнеріне тәнті болған қыз оны әкесінен қиылып сұрап, неше күн, неше түн өз ордасында күтеді. Ақын жырлағандай:

Жұтқанда аспаһани шарабынан,

Көрініп жұтқан шарап тамағынан...

Қоғамдық өзгерістермен бірге  сана да тәуелсіздік алуы керек. Осы тәуелсіз сана ендігі жерде бұрын қалыптасқан, бізге мейлінше қалыпты жағдай сияқты көрініп кеткен жайттарды мойындай бермейді. Ондай «қалыпты үрдістер» әдебиет саласында да аз емес. Алайда біз оны осы уақытқа дейін кемшілік деп қабылдаған жоқпыз. Соның бәрі, түптеп келгенде, сананың қоғамға тәуелділігінің салдарынан аңғарылмай келді. Алдағы кезеңде кезінде байқалмаған әлгіндей «қалыпты үрдістер» күн санап көрініс бере бастайды. Бүгінгі айтылар ойды осы тұрғыда жасалған қадамдардың бірі деп қабылдаған жөн. Сонымен...

Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасы  - қазақ халқының байырғы таза бейнесін бірден еске салады. Социалистік реализм деп аталатын жасандылықтан іргесі алшақ, көркем образ, тереңнен сыр толғайтын аңғарлы философиясымен дәстүрге, салт-санаға құрылған бұл шығарманың өміршеңдігі де осында.

Поэманың сюжет желісі - хан  Кененің қызы мен хан ауылына қыдырып келіп жатқан шебер күйші төңірегінде өрбиді. Күйшінің өнеріне тәнті болған қыз оны әкесінен қиылып сұрап, неше күн, неше түн өз ордасында күтеді. Ақын жырлағандай:

Жұтқанда аспаһани шарабынан,

Көрініп жұтқан шарап тамағынан...

қыздың  сұлулығы көрген жанды ақылынан алжастыратын, хор қызындай сипатқа ие болса, жігіт те өзекті жанды өнерімен баурайтын, бармағынан бал тамған даланың серісі. Ол жайлы ақын:

Су ақпай жатты тоқтап арнасында,

Қарғалар қалқып қалды жар басында.

Мақұлық жерде, көкте маужырады,

Айналды ақ алмастар  қорғасынға, -

деп толғайды. Енді екеуінің арасында іңкәрліктің оты маздайды. Қыз - хан тұқымы, жігіт қарадан шыққан өнер иесі. Жігіт қызға қол салар болса, хан тұқымын қорлаған болып жазаланады. Қыз алтын басын арзандатып қараға қосылса, хан тұқымының сүйегіне зор таңба . Осы тұста қосымша эпизод бар. Дулат руынан шыққан бай баласының хан қызына көңілі кетеді де, түн жамылып, қыз ордасына баспалай кіріп, арам ойын іске асырғысы келеді. Қаһарына мінген хан қызы ертесі тентегін қолына салмаса, дулат руын шаппаққа нөкерлерін жинап, ұрысқа дайындалады. Сол рудың игі жақсылары қыз талабын мақұлдап, бай баласының қылша мойнын қылышқа ұсынады. Хан тұқымын сыйлап, бәйек болған жұрт ықыласына ырза болған қыз суық жүрісті сумақайды өлтірмей, ат-шапан айыбын алып, еліне қайтады.  Содан көп өтпей, күйші де «есі барда елін табады». Поэма да ақырласады.

Геродот жазбаларында Сақтар  туралы көптеген аңыздар айтылады. Соның бірін де:

Сақ сарбаздары алыс елге жорыққа аттанады. Сол жаулаған елдерінде көп уақыт тұрып қалады. Күндер өте келе туған жер, өскен елдерін сағынып, қайтпаққа қам жасайды. Сол аралықта сарбаздардың әйелдері есікте жүрген құл-қотандармен  көңіл қосады. Дүниеге келген ұрпақ есейіп, ел билейді. Елге қайтып келе жатқан Сақ жауынгерлері өздеріне беймәлім сарбаздармен, шындығында құлдан туған ұлдармен бетпе-бет соғыс ашады. Қандай жаудан қайтпаған Сақ жауынгерлері бұл сарбаздарды жеңе алмайды. Қылышқа да, садаққа да, найзаға да машықтанған әлгі жауынгерлер оларды бет қаратпайды. Ақыры бұлардың кім екенін  шырамытқан Сақ қолбасшысы жауынгерлеріне жауды қамшымен сабауға бұйрық береді. Жаңағы бет қаратпай тұрған жауынгерлер сол сәтте тұс-тұсқа қашады. Осылайша, құлдың құл екенін есіне түсіреді.

Жоғарыдағы поэма мен аңыздың арасында ұланғайыр тарихи кеңістік жатса да, ұлттың өзіндік көзқарасы мен философиясының біртұтастығы санаңа бірден сап етеді.  Сонау сақтар дәуірі мен Ілияс ақын өмір сүрген мезгілге дейінгі тарихи сабақтастық,  кезең-кезеңімен мияның тамырындай матасып жатқандығын аңғартады. Дәстүрдің - тарихи тұрғыдан қалыптасқан, әлеуметтік нормалар мен іс-әрекеттердің өлшемі екендігін ескертеді. Ұрпақ сабақтастығы туралы таным немесе генеалогиялық зерденің қалыптасуы - дала жұрты үшін ер мен әйелдің жұптасуын био-физиологиялық құбылыс ретінде түсіну емес. Тексіздік - көшпенділер танымында қоғамдық өмірдің үйлесіміне жат жаралым,  дәстүрлі қазақ қоғамында адам сапасына айрықша мән берілетіні сондықтан.  Адамның қоғамдық-әлеуметтік өресінен гөрі, оның шыққан тегіне, ата-бабасына айрықша назар аударылып, соларға басымдық сипат беріліп отырған. Жыраулар поэзиясынан осы асыл қасиеттерге құрылған жолдарды көбірек жолықтырасыз. Мысалы:

Әй, хан, мен айтпасам білмейсің...

Қатын алдың қарадан,

Айырылдың хандық жорадан,

Ел ұстайтын ұл тумас,

Айырылар ата-мұрадан!

Мұны неге білмейсің?! (Асан қайғы)

немесе

Жал құйрығы жаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз!

Қалыңмалы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз!

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас.

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас...

Жаманнан жақсы туса да,

Жақсыдан жаман туса да,

Тартпай қоймас негізге. (Бұқар Жырау)

Жыраулар поэзиясында, сонымен қатар, тектілікке қатысты мақал-мәтелдер де молынан ұшырасады.  «Тамырына қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «текті білгеннен үрікпе, тексізге айналғаннан қорық», «теңін тап та тегін бер», «әкеңде жоқ арғымақ, шешеңде жоқ арғымақ, саған оңай болып па, биік жардан қарғымақ», т.б. мақалдардың барлығы да генеалогиялық таза сананың, дәстүрлі қазақ қоғамында адам сапасының, адам тектілігінің ең негізгі құндылық екендігін аңғартады.

Қазір біздің қоғамда бой көтерген «құлдық сана», «ұлтсыздану» секілді үрдістердің барлығы кеңестік идеологияның адамдардың құндылықты парықтау болмысын мақсатты түрде өзгертуінен, дәстүрлі мәдениет пен қалыптасқан қағидаларды мүдделі түрде бұрмалауынан туындаған құбылыс. Кеңестік жүйеде ұлтты ұйыстырушы ең бір жанды тетік болып табылатын дәстүр сабақтастығы, ұлттық дүниетаным тәрк етілді. Мұндай үрдіске мойынсұну сол қоғамдағы әрбір адам үшін өмір сүрудің бірден-бір алғышартына айналды. Қоғамдық ой-сананы қайта құрып жатқан бүгінгі таңда, қазақ қоғамының өзіндік санасын қалыптастыру - ең өзекті мәселе. Ол тәуелсіз сана - Кеңес одағы кезінде бұрмаланған тарихи шығармалардағы ұлттық ұстанымдардың мәні мен мағынасын, тарихи тұлғаларды таптық тұрғыда сыңар жақтылы түсініп келе жатқан таным қателігінен арылуымызды талап етеді.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін саяси билікті қолына алған кеңестік жүйе өздерінің ұстанымына жат әдебиет пен мәдениеттің тамырына балта шапты. Кеңес Одағының мемлекет үлгісімен оған сәйкесті мәдениет құрылымы да біртіндеп қалыптасты, әрі бекемделіп орныға бастады. Қазақ діліне жат осындай ұстанымға қарсылық танытып, дәстүрлі қазақ қоғамын сақтап қалуға жан-тәнімен кіріскен Алаш зиялылары «идеясы азат болмаған, феодалдық  қоғамның сарқыншақтары» ретінде танылып, репрессияға ұшырады. Кеңестік құрылымдағы ағарту балалар әдебиетінен тартып, бүкіл рухани құндылықтарды таптық негізде тануға құрылды. «Есте  жоқ ескі заманда бір кедейдің ақылына көркі сай сұлу қызы болыпты» деген секілді таптық көзқарасқа айқын басымдылық берілетін ертегілер оқулықтарда әлі күнге сақталып келеді. Тіпті Абайдың:

«Қараша, желтоқсан мен сол бір- екі ай,

Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай.

Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп,

Ықтырмамен күзеуде отырар бай»,-

деген өлеңіндегі қазаққа тән экологиялық тепе-теңдікті сақтау шаралары, қыстау мен жайлаудың жайылымын орынды пайдаланатын көшпелі өмір салты «кедейдің өзі жүрер малын бағыптың» тасасында қала берді. Классикалық әлем әдебиетінің алтын-жауһарлармен деңгейлес, қазақ халқының романтикалық және психологиялық негізге құрылған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Қалқаман-Мамыр», т.б. ғашықтық дастандарындағы кейіпкерлеріміз феодалдық қараңғы дәуірдің кесірінен қанаты қайырылған ғашықтар ретінде түсіндірілді. Халықтың бүкіл болмыс бітімін, салт-дәстүрін, философиясын бойына сіңірген дала жырындағы далалық тектіліктің қатал заңдары қағажу тартты. Шын мәнінде бұл қисса-дастандардың барлығы дала заңдылығын ұрпақ жадына шегелеп кеткен бір-бір ескерткіш. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында - антқа адал сахаралықтардың бесік құда дәстүрі аманатталса, «Қыз Жібекте» - «жетімін жылатып, жесірін қаңғытпайтын» әмеңгерлік салттың алтын діңгегі бой көтереді. «Қалқаман - Мамыр» - қазақтың қан тазалығы, жеті ата араламай қыз алыспайтын гендік ерекшеліктерді естен еш шығармайтын аристократиялығын аңдатады ( қазақтың бүкіл қисса-дастандарындағы ұлттық құндылықтарды  осылай тізе беруге болады). Өзін жаңа заман түлегі сезінетін бүгінгі ұрпақ,  дәстүр мен салтты ескіліктің сарқыншақтары санап, менсіне бермейтіндігіміз шындық. «Заманың қалай болса, бөркің солай» дейміз. Ол қай мағынадағы бейім мен пайым екеніне бас ауыртып жатқанымыз шамалы. Тайраңдап ғұмыр кешкен табанымыздың астындағы тарғыл жер - бабалар танымы, дәстүр мен салтын темірдей тәртіппен сақтауының нәтижесінде бізге аманатталғанын ұмыттық...

Кеңестік идеологияның бағыт-бағдары ең әуелі дәстүр мен салтты ұрпақ жадынан өшіруді ұлт ағартуынан бастағанын айттық. Соның салдарынан тарихи тұлғалардың оппоненттерін күні бүгін таптық тұрғыдан тану үрдісі әлі жалғасып келеді. Кең байтақ қазақ даласының батыс бөлігіне орналасқан Бөкей ордасының ханы - Хан Жәңгірді «Хан емессің, қасқырсың!» қалпында қалдырып, жас ұрпақ санасына Жәңгірдің шынайы бейнесін сіңіре алмай келеміз. Махамбет ақын сол қоғамның оппозиционері. Адуын ақынның ханның «ит терісін басына қаптап», «ереуіл атқа ер салғаны» заңды құбылыс. Бірақ «Жәңгір кім еді?» деген сауал  жұрт назарынан тыс қалды. Пролетариаттың «ұлы көсемінің» «ұлы идеялары», ғасырға жуық жалғасқан «идеялық тәрбие» Жәңгір бейнесін қара батпаққа батырды. Шындығына келгенде, 1824 жылы ақ киізге көтеріліп, хан сайланған Жәңгір Бөкейұлы - қараңғы қазақ даласына өнер-білімнің шырағын жағып, Бөкей Ордасын саяси-экономикалық маңызға ие орталыққа айналдырған адам. Көзі ашық, көкірегі ояу, татар, орыс, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген Хан Жәңгір қол астындағы халықтың денсаулығына көңіл бөліп, шешек ауруына қарсы екпе жұмыстарын жүргізіп, аурухана салғызды. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, сауда-саттық саласын дамытуға да айрықша ден қойып, мал тұқымын сапаландыру жұмыстарын қолға алды. Ел болашағының кепілі - білім саласындағы еңбектері ұшан-теңіз Хан Жәңгір 1841 жылы қазақ даласында тұңғыш рет мектеп ашты. Қысқасы, Бөкей Ордасының саяси,  мәдени, экономикалық жағынан дамуына жол ашып, бұл өлкенің басқару ісіне көптеген өзгерістер енгізген  реформатор, қазақ даласының жаңғыртушысы Хан Жәңгір Бөкей ұлының тұлғалық қасиетін, тарихи бағасын ұрпақ санасына сіңре алмай келе жатқанымыз да  - революциялық сана тудырған қайшылық. Сол іспеттес Жаяу Мұсаның «Ақ сисасында» кездесетін:

«...Шорманның Мұстафасы атымды алып,

Атандым сол себептен Жаяу Мұса», -

деп келетін жолдарындағы Шорманның Мұстафасын  зорекер, үстем тап өкілі ретінде танып, жек көріп кеткелі қашан. Бұл оппонентіміз де - адами құндылықты парықтау болмысымыз түбегейлі өзгеріске ұшыраған дәуірдің құрбаны. Алты Алашқа аты әйгілі Шорман бидің Мұстафасы мен Жаяу Мұсаның генеалогиялық жаралымындағы тепе-теңдікті З.Ақышев «Жаяу Мұса» романында ашық жазған. Қанжығалы руында Әжібайдың ай мен күндей сұлу қызы бар деген дақпыртты естіген аға сұлтан Боштай, қанжығалының болысынай старшыны Күленді көндіріп, Нағаш сұлумен (Жаяу Мұсаның шешесі) неше күн, неше түн «тоят түнін» өткізеді. Кейін Байжан Нағашты алып қашады. Жеті айлығында Жаяу Мұса дүниеге келеді. Ол жайлы Мұсаның:

Боштайдан мен туды деп ел айтады,

Білмесе бекер текке неге айтады?

«Мықтының жұрнағынан жаратылған,

жүрегінің оты бар», - деп айтады,-

деген өлеңі бар дейді кей деректерде. Шала туған бала Шорманның Мұсасындай (Шорманның Мұса, Мұстафа деген ұлдары бар) абыройлы азаматы болсын деп ауыл молдасы балаға Мұса деген есім береді. Некесіз төсек қатынасының жаралымы ретінде қаралып, ақсүйек тұқымының атын иеленгені үшін Шорманның Мұстафасы Мұсаны «көзге шыққан сүйелдей» көрді. Өліспей беріспейтін қарсыластарға айналған екі мырзаның бастарының піспей кеткені, тамырында тараған қанның тектілігінде болса керек. Ит көрмеген қорлықты көрсетіп, өзін ит жеккенге айдатқан Шорманның Мұстафасы қайтыс болды дегенді естігенде Жаяу күрсініп: «алысуға да, арпалысуға да тұратын, азуы алты қарыс арыстан еді. Алыссаң сондаймен алыс, өзіңнің де кім екенің көрінеді. Иманы саламат болсын» дейді. Бұл арадағы қайшылық - біздің танымдағы атты мен жаяудың, бай мен кедейдің әлеуметтік өресінен туындаған дүниелер емес, санамызда еміс-еміс елесі қалған қазақы дүниетанымның біз түсіне бермейтін күрделі заңдылықтар кереғарлығы болуы мүмкін.  Айта берсек, мұндай «жексұрын» оппоненттеріміздің қатарын толықтыратын «содыр-сотқарларымыз» баршылық. Партиялық принципке басымдылық берілетін, социалистік реализм әдісі әдебиетте үстемдік етіп тұрған кезінде тарихи тұлғалардың  шынайы бейнесін қалыптастыру мүмкін болмады.  М.Әуезов секілді ғұлама жазушы қаламынан туған «Абай жолы» эпопеясы бәрібір далалық тектілікке тән болмысынан жаңылған жоқ. Аға сұлтан Құнанбай қаһарына ұшырап, қарғыс арқалаған Қодардың өлімін баяндау арқылы,  даланың қатал заңын аяқасты еткен күнаһарлардың тартар жазасын ұрпақ санасында жаңғыртып кетті ұлы суреткер. Бұл бір ғана эпизод. Ендеше тұтас эпопеяның көтерген жүгін сіз бен біз толық түсініп жеттік пе екен...

Кеңестік интернационал тудырған саналық өзгерісті Ғ.Мүсірепов те кейбір шығармаларына ашына астар етті. «Қос шалқар» әңгімесінде кеңестік саясат жүргізген индустриализация, коллективизация секілді саяси реформалар кезіндегі ауыл өмірін суреттегендей көрінгенмен, жазушының ішкі қыжылын аңғару аса  қиынға соқпайды. Шығармада: «Телпектердің, «ит аяқтардың» терліктей мәйегін Қосымның қалың жылқысы «үйтіп» жатқанда, ит аяқтар «Қос шалқардан» атын да суара алмайтын», - деп толғайды қаламгер. Қосым байдың иелігіндегі  Қос шалқар (революциядан бұрынғы) көркі көз сүріндіретін, анау-мынаудың аяғы жете бермейтін жер жаннаты еді (қаймағы бұзылмаған қазақы тазалық десек болады). Саяси реформалардан кейін ит сарыған шалшық суға айналады. Бейімбеттің «күнің туды, қу кедей!» деп күңіренетіні «Қос шалқардың» өнбойынан байқалып тұрады.

Сөзімізді түйіндей келе, Ж.Аймауытовтың «Ақбілегі» жайында сәл тоқтала кетсек. «Ақбілекті» оқыған жанның талауға түскен қыз тағдырына жаны ауырмайтыны жоқ шығар. Орыс солдатының қолжаулығына айналып, тағдыр тауқыметін тартқан сорлы қыз қарабет болып, жалғаннан жалыққан ащы өксігі жаныңды жабырқатушы еді ғой. Кейін ап-сап басылып, қарғыс пен нәлетке душар еткен «мұртты жездемізді» қапияда жолықтырған қайран қыз жанарын одан тайдыра алмай, бір сәт аңтарылып, жалтақтап қалатыны бар-тын. Шебер суретшіміз әйел жанарындағы аңсар арқылы нені айтқысы келді? Етегін жел көтермеген бейшара қыздың аңдаусызда бойындағы асылын алдырып, тоятын орыс солтатынан тапқан нәпсі қанағатын ба? Меніңше, олай емес.  Алаш қозғалысы көз алдында жеңіліс тауып, 1932 жылы Мәскеуде атылып кеткен ұлы жазушының, орыстандыру саясатының ықпалынан туындайтын ұлт психологиясындағы  «ыстық махаббатты» терең түйсінбеуі мүмкін емес. Бүгінгі жалтақтығымыз, тіл мен ділдің жұтаң тартуы сол «ұлы сезімнің» ләззатын кешкен «шырын ғұмыр» емей не.

Танысымнан «орыс пен ағылшынның қайсын жақсы көресің» деп сұрап үлгергенімше, «әрине, орысты» деп тақ ете қалғаны бар. Екі ұлт жайында антропологиялық тип, түр-түс, академиялық білім өресі туралы еш сөз болған жоқ. «Адамзаттың бәрін сүй» немесе «өнер-білім бар жұрттар» салыстырмалы қағидаттары адыра қалды. Бар аңдағаным, құлға тән қол қусыру. Сол шақта кемел ел болуға еркім тартпайтын «жиендігім» еске түсіп, «қайран, Ақбілек апам-айға» басып, ағыл-тегіл жылағым келді. Досымның айтқан сөзі есіме түсті. «Қалайша күйінбейсің! Кешегі құдайсыздық һәм коммунистік идея орыстың етегінен жем жеген мертік пен шартықтарды, ұлтсыздар мен тексіздерді тәрбиеледі. Соның кесірінен жағымпаздан -жандайшап, тексізден - құл-қотан, зинақордан - зұлым ұрпақ дүниеге келді. Солар ел билеп отыр». Ащы болса да, шындық осы. Ә.Меңдеке бір мақаласында М.Мырзахметұлының мына сөзін қаперге салыпты. Біз де қайталалық. «20-ғасырдың басындағы ата ұрпақтың бойындағы рухани қазынаның аға ұрпаққа берілуге тиісті дәстүрлік жалғасын кеңестік саясат саналы түрде күрт үзіп тастады. 1930-37 жылдардан кейін дүниеге келген бүгінгі аға ұрпақ өкілдері тұтастай мәңгірттену жағдайын басынан кешті. Осы аға ұрпақ өкілінің бірі - менің өзім де қатты мәңгүрттеніп, ұлттық сананың оянуына байланысты есімді әзер әрі кешірек жинадым. Бәрібір мен жазған дүниеліктерде мәңгүрттіктің белгісі аңдаған кісіге байқалып тұратынын өзім де іштей сеземін». Әулиелік танымға жетелейтін адами қасиет ретінде бағалауға болады бұл өкініш пен өксікке толы ғапунаманы. Ұлт ағартуындағы ағаттықтар, құлдық сананың азаттығына арпалысқан мәңгірген ұрпақ алдындағы міндет пен жауапкершілік осылай орындалуы керек шығар. Ал әйтпесе Дарвин шалдың «Эволюциялық іліміне» тән  процесс, атадан балаға ауысатын сана қайшылығы түзелмейді.

 

Ырысбек Дәбей

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5418