Қазақстанда халықшыл оппозиция бар дегенге сенесіз бе?
Өзін демократиялы ұстанымдағы мемлекетпіз дейтін кез - келген елде әртүрлі көзқарас пен ұстанымдағы партиялардың болатыны заңды құбылыс. Саяси еркіндікке көшкен 20 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанда билікке оппозиция боларлық бірнеше партия мен қозғалыстар тіркеліпті. Алайда соңғы 7-8 жылда «биліктің партиясы» аталып жүрген «Нұр Отанның» беделі күн санап емес, сағат санап өсіп жатқанын көріп жүрміз. Саясаттанушыларымыз әзірге «биліктің партиясына» қарсы тұрарлық қауқарлы партия да қозғалыс та жоқ дегенді айтады. Ал, оппозиция өкілдерінің өкпесі қара қазандай. Олар күштерімізді бір жерге топтастыруда, қол, дауыс жинауда көптеген кедергілердің үнемі кесе көлденеңдей беретінін алға тартады. Расында да солай ма? Елімізде билікке қол жеткізуді емес, алғашқы орынға халқының қамын ойлауды қоятын «халықшыл» оппозиция бар ма өзі? Ой-көкпардың бүгінгі қонақтары осы мәселені ортаға салмақ.
ЖОҚ
Жұлдыз Әбілда. Республикалық «Алқа» журналының бас редакторы. Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.
Өзін демократиялы ұстанымдағы мемлекетпіз дейтін кез - келген елде әртүрлі көзқарас пен ұстанымдағы партиялардың болатыны заңды құбылыс. Саяси еркіндікке көшкен 20 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанда билікке оппозиция боларлық бірнеше партия мен қозғалыстар тіркеліпті. Алайда соңғы 7-8 жылда «биліктің партиясы» аталып жүрген «Нұр Отанның» беделі күн санап емес, сағат санап өсіп жатқанын көріп жүрміз. Саясаттанушыларымыз әзірге «биліктің партиясына» қарсы тұрарлық қауқарлы партия да қозғалыс та жоқ дегенді айтады. Ал, оппозиция өкілдерінің өкпесі қара қазандай. Олар күштерімізді бір жерге топтастыруда, қол, дауыс жинауда көптеген кедергілердің үнемі кесе көлденеңдей беретінін алға тартады. Расында да солай ма? Елімізде билікке қол жеткізуді емес, алғашқы орынға халқының қамын ойлауды қоятын «халықшыл» оппозиция бар ма өзі? Ой-көкпардың бүгінгі қонақтары осы мәселені ортаға салмақ.
ЖОҚ
Жұлдыз Әбілда. Республикалық «Алқа» журналының бас редакторы. Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.
Қазақстанда халықшыл оппозиция жоқ. "Нұр Отанның беделі күн санап емес, сағат санап осіп келе жатыр деген пікірдің жаны бар. Алайда, бұл партияның "беделінің өсіп келе жатқаны" оның шын мәнінде беделді партия екенін білдірмейді. Рас, "Нұр Отанның" рейтингі жоғары. Оның толып жатқан себептері баршылық, олар: биліктің партиясына барлық жағдайдың жасалуы, кажет кезінде белден басу, әкімшілік әдіс-тәсілдерді пайдалану, тағысын тағылар. Дегенмен, беделді, орнықты, табанды оппозиция болса, ешқандай қысым да, ешқандай тәсіл де "Нұр Отанның" беделін сақтап тұра алмас еді. Өкінішке қарай, Қазақстанда оппозициялық партиялардың деңгейі өте төмен. Және ол партиялар осы уақытқы дейін шын мәнісінде халықшыл партия екенін дәлелдей алған жоқ. Орысша айтқанда, "бумажный" оппозиция ғана бар. Оппозицияның біресе қосылып, біресе бөлінуі, бірде "Азат", бірде «Ақ жол» тағы бірдеңе болуы, бір кездері төрт тең төрағасы болып, енді бірде жалғыз төрағаға бағына қалуы, былайша айтқанда, шу-шырқансыз өз іштерінде шешетін мәселе. Халыққа оның түкке керегі жоқ. Біздің халық біресе анаған, біресе мынаған сеніп, әбден шаршады. Сенім артқан азаматтары шетел асты, арқа сүйеген арыстары ажал құшты. Бүгінгі күні оппозицияда жүргендер, турасын айтқанда, ешкімге пайдасы да жоқ, зияны да жоқ жандар. Өзара айтыс-тартыс, саяси ойындардың кұрбаны халық болатыны өкінішті. Халықтың қамы көбіне-көп қаптаған қағаздардың бетінде қалып қойып жатады. Оппозициялық партиялармен етене жұмыс жасаған журналист ретінде білетінім, партиялардың бағдарламалары жүйелі емес. Жұмыс істеу тәртібі де бір жүйеге түспеген. Жайшылықта жайылып жүреді де, белгілі бір саяси науқандардың тұсында жан бітеді. Мұндай өгіз аяңмен бүгінгі күнгі Қазақстан оппозициясы 2030 жылы да бедел жинай алмайды деп ойлаймын. Алайда, "нұротандықтар" алақайламай-ақ қойсын. Олардың да беделі уақытша. Қолдан жасалған дүниенің қауқары болмайды. Шын мәнінде халықтың ықыласына бөлену үшін шын ниетпен жұмыс істеу керек. Басшылардың астарсыз айта салған сан сөздерін тізбектеп, жерден жеті қоян тапқандай сенсация іздеп әуреге түсуден өзге тірлік қазіргі оппозиционерлерде жоқ. Саяси науқан қарсаңында ұпай жинау, "бүйректен сирақ шығарып, сол арқылы бедел жинауға тырысу бос әурешілік екенін оппозициялық күштер түсінсе екен дейсің. Ал биліктің партиясы беделді қарсыласы болмаса, узаққа шаппасын білуі керек.
Біздің оппозиция билікті сынауға шебер-ақ. Ия, рас, үкімет басшылары ауысқанымен, түйткілді мәселелер шешілмеген күйі қалып жатады. Премьер-министрлер де, үкімет мүшелері де қоғамдағы сантүрлі мәселелелердің түйінін шешуге келгенде жалтақтап, шарасыз күй кешіп, созбалақтатып кететіні жасырын емес. Алайда, бұл оппозицияға да қатысты. Оппозиция бір бастаманы бастайды, оны аяғына жеткізбей, екінші біреуіне ұрынады. Алдыңғысы аяқсыз қалады да, ақырында ұмытылып кете барады. Айқаймен емес, ақылмен жұмыс істеу керегін, айқайыңды да іспен дәлелдеу керек екенін кез келген адам біледі, біле тұра не себепті солай істемейтіндігіне таң қаласың. Біздегідей оппозиция билікке келер болса Украинадағыдай күйге түсері сөзсіз. Ол жақтағы саяси ойындар әлі толастаған жоқ. Сол баяғы билікке таласудан өзге жарытқандары шамалы. Қазақстанда да сол эпизод қайталануы бек мүмкін.
Мұның бәрі жалпы оппозицияға қатысты әңгіме. Тұтастай алғанда, біздегі оппозиция халықшыл емес. Өзі азғантай оппозициялық партиялардың бірауызды болмағаны, бір-бірімен қырқысқаны, бет жыртысқаны - жөн емес. Алайда, олардың арасында шын мәнінде халыққа жаны ашитын, осы жолда өзгеріс жасағысы келетін азаматтар бар екенін жоққа шығаруға да болмайды. Қанша дегенімен жас мемлекетпіз. Демократияның отаны АҚШ та бірден осылай туыла салған жоқ. Онда да осындай талас- тартыстар өте көп болған. Келе- келе саяси дискуссиялар жүріп, мәмілелер жасалып, партиялар арасында әділ ойындар ойналған. Біз де жаймен сондай қоғамға баратынымызға сенімдімін.
ИӘ
Дәурен Қуат, «abai.kz» ақпарттық порталының бас редакторы.
Мен халықшыл оппозиция бар деп білемін. Халықшыл оппозиция билікте жүріп ақ жағалы атанып, артынан ат құйрығын кесісіп кеткендердің арасынан емес, халықтың ішінен туып келе жатыр. Бұл және топырағы, құнары бар оппозиция. Біздің осы уақытқа дейін көріп келе жатқанымыз биліктің әнін өзінше түрлендіріп айтатын оппозиция болатын. Басы Қажыгелдин жалғасы Жармахан Тұяқбай дейтін оппозиция серкелері күні бүгінге дейін ұлт мәселесін алдыға тартып, ұлт мүддесін күрес жолы етіп таңдай алды ма? Қазақ халқын қынадай қырған кеңестік-большевиктик қарақшылардың аттарын атап, түстерін түстей алды ма? Алашорда ардагерлерінің мұратты істеріне мұрагерміз деп өздерінің халықшыл позициясын жария ете алды ма? «Жоқ» деп желкесінен, келтесінен қимай-ақ қоялық. Бірақ «иә, олар қаны сорғалаған халықшылдар» дей алмайтынымыз ақиқат енді. Саясаттанушы Ерлан Қарин айтпақшы, «билікке ұлттық мәслелерден гөрі демократиялық талаптарды қою оңай» болғандықтан да қазіргі саяси күштер легі осылайша оңай соқпаққа түсіп алып соқтыртып жүрген шығар. Бірақ бұдан не пайда? Аяқтап келгенде бұл дегеніңіз Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірдің сыртқы фоны болып қана отырудың айла-шарғысы емес пе? Бәлкім сіз түпкілікті мақсатқа жету үшін оппозициямыз әлеуметтік проблемалардан туындайтын жайттардың шешімін нұсқап, дәл соны күрес тактикасы ретінде пайдалануда дерсіз. Бір қызығы биліктің өзі әлеуметтік проблемалар жасап бермесе, біздің оппозициямыз мүлдем жұмыссыз қалғандай екен. Бірақ, нақты әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жолында опозицядан қарапайым үлескерлер әлдеқайда тегеурінді күш екендерін танытты. Ал билікпен сөз жарысқа түсе қалса, біздің оппозициямыздың бар айтары Гүлжан Ерғалиеваның бас редакторлық бағанасына барып байланып қала ма деген ой келеді маған.
Әдетте біз билік партиясы десек «Нұр Отанды» айтамыз. Билік партиясы «Нұр Отан» ғана емес. Жармахан Тұяқбай мен Болат Әбілевтің партиясынан басқасының бәрі «Нұр Отан». «Нұр Отан» болмаса да «Нұр Отан» болуға дайын. Онысын және өздері жасыра да алмайды. Өткенде Әділет партиясының жетекшісі Мақсұт Нәрікбаевтың Елбасына қосымша қандай міндет жүктемек болғанын есіңізге түсіріңізші. Ыңғайсызданасыз. Біздің елде ыңғайсызданып, қысылатын, жерге кіріп кетейін десең жарық таппай жабырқайтын сәттер көп болады. Оған бір жағынан етіміз үйреніп, енжар тартып кеткенбіз. Шындығында бір адамның мойнына бәрін жүктеп қойып қарап отыру деген ұят, ұят қана емес қорқынышты ғой. Ендеше, саяси күштер еліміздегі заң аясында, заңды құрметтеп, қадірлей отырып өз міндеттерін адал атқаруға тиіс. Мәселенки, он миллионнан асқан, шетелдерде диаспора болып күнелтіп жатқан бес миллион, жалпысы он бес миллион қазақтың тағдырын билікке қаратып қоймай оның талап-тілегін, мұрат-мақсатын енді оппозиция да ерекше ескеруі қажет. Сөйткен жағдайда бұның ақыры елге пайда әкелмесе, зиянын тигізбейді. Міне, көрдіңіздер, көздеріңіз жетіп отыр билік тарапынан жарияланған «Ел бірлігі» доктринасына байланысты ұлт патроиттары балама ретінде өз тұжырымдамаларын ұсынып еді ың да жоқ, шың да жоқ екі жақ келіссөз үстеліне отырып мәмілеге келе бастады.
Бәрін уақыт екшей жатар, әрине. Дегенмен, қазіргі менің пайымдауымдағы халықшыл оппозиционерлер - ұлт патриоттары. Олар біреуге астамдық жасайық, күш көрсетейік деген ниеттен мүлде аулақ. Бірақ олар Тәуелсіз ел атанған қазақтың, қазақстандықтардың пиғылы теріс күштердің қыспағына ұшырап, қайдағы бір сұмдық идеялардың құрбаны болып кетуіне еш төзе алмайды.
Түйін
Қалай десек те, еліміздегі қалыптасып отырған саяси ойындардың астарында билік үшін күрес қана емес, сонымен қатар елдің қамын ойларлық азаматтық принциптердің де бар екені шындық. Мейлің ол халықты өзіне қарату үшін жасалатын пиар технологиялар болсын, біреуді даттау, шенеуніктерді қаралау болсын, бәрібір билік те оппозиция да «халықшылдық» принципті ұстануға тырысады. Шетелдік сарапшылар Қазақстанда демократиялық еркіндік пен сөз бостандығы басқа Орта Азиялық елдермен салыстырғанда көш ілгері екендігін айтады. Бұл да болса ашық әрі еркін қоғам орнату жолындағы Қазақстанның бір жеңісі деп білуіміз керек.
ӘЗІРЛЕГЕН,
ДӘУРЕН ӘБДІРАМАНОВ
Ескерту: Бұл пікірталасты «Алаш айнасы» газеті ұйымдастырғанымен жарық көрген жоқ.