БУРЯТСКИЙДІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАУЫРЛАРЫ
Жақында бүкіл ТМД деңгейінде экстремистік көзғарасымен аты шыққан салафи белсендісі Саид Бурятский Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің қолынан қаза тапты. Бұл туралы ресейлік және халықаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Біздің бүгінгі әңгімеміз Бурятский өлімінің мән-жайы емес, осы қатерлі діни-фундаменталистік қатердің қазіргі деңгейі, беталысы болмақ. Анығы бұл оқиға ТМД аумағына желідей тартылып, кеулеп алып бара жатқан салафилік (уаххабилік) діни-фундаменталистік ағым «қызметінің» заңды нәтижесі ретінде бағалануға тиіс! Шешен жерінде оққа ұшты демесең, Бурятскийдің Қазақстанға тікелей қатысы бар. Бұл жерде біз оның біздің елді нағашысының ауылын аралағандай аралап, бірнеше жыл емін-еркін үгіт-насихат жүргізгенін ғана айтып отырған жоқпыз. Мәселе Қазақстанда дәл осы Бурятскийдің «миссиясын» атқарып жүрген арандатушы «діндарлардың» екпінді екендігінде. Газетіміздің өткен санындағы «ТҰЗСЫЗ МӘЖІЛІС» («Үш қиян» газеті, 2010 жыл 25 ақпан) атты мақаламызда аты аталған қазақстандық салафилерді «Қазақстанның Бурятскийлері» деп атауға толық негіз бар.
Жақында бүкіл ТМД деңгейінде экстремистік көзғарасымен аты шыққан салафи белсендісі Саид Бурятский Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің қолынан қаза тапты. Бұл туралы ресейлік және халықаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Біздің бүгінгі әңгімеміз Бурятский өлімінің мән-жайы емес, осы қатерлі діни-фундаменталистік қатердің қазіргі деңгейі, беталысы болмақ. Анығы бұл оқиға ТМД аумағына желідей тартылып, кеулеп алып бара жатқан салафилік (уаххабилік) діни-фундаменталистік ағым «қызметінің» заңды нәтижесі ретінде бағалануға тиіс! Шешен жерінде оққа ұшты демесең, Бурятскийдің Қазақстанға тікелей қатысы бар. Бұл жерде біз оның біздің елді нағашысының ауылын аралағандай аралап, бірнеше жыл емін-еркін үгіт-насихат жүргізгенін ғана айтып отырған жоқпыз. Мәселе Қазақстанда дәл осы Бурятскийдің «миссиясын» атқарып жүрген арандатушы «діндарлардың» екпінді екендігінде. Газетіміздің өткен санындағы «ТҰЗСЫЗ МӘЖІЛІС» («Үш қиян» газеті, 2010 жыл 25 ақпан) атты мақаламызда аты аталған қазақстандық салафилерді «Қазақстанның Бурятскийлері» деп атауға толық негіз бар.
Сонымен бүгінгі сөз Александр Тихомиров (Бурятскийдің шын аты) пен оның біздің елдегі ниеттестерінің қанды зардабы туралы болмақ. Бұл жерде сырттан келген миссионерлердің «оң имиджін» қалыптастырып, діннен хабары жоқ қазақ жастарына «ғұлама» дәрежесінде көрсетуге тырысқан «қазақстандық бурятскийлердің» зор еңбегін ескермеуге болмайды. Қазір Саид Бурятскийді пір тұтып, оның дәрістерін дискілерге, ұялы телефонына жазып алып, ұйып тыңдайтындар Қазақстанда көбейгенін ел аузынан жиі естіп жүрміз.
Ал, сол атышулы уаххабизмнің идеологы Саид Бурятский 2004-2006 жылдары Қазақстанға бірнеше мәрте ат басын тіреп, Ақтөбе, Алматы, Шымкент және Атырау өңіріндегі мешіттерде қатерлі идеясын емін-еркін насихаттап кеткен. Тіпті, оның дәрістерінің қазақ тіліндегі аудармалары пайда болды. Содан болар кейін қазақстандық жастар «дін үшін соғысуға» Кавказға ағылып кете бастады.
Былтыр 23-шілдеде ақтөбелік үш жігіт Атырау облысы арқылы Ресейге өткелі тұрған жерінен ұсталды. Соттың пайымы бойынша, олар Дағыстанға лаңкестік пиғылмен бара жатқан. Олардың бірі: «Дәрiстердiң бiрiнде ондағы мұсылмандарға қысым көрсетiлiп жатыр деп естiдiк. Барып, жағдайды өз көзiмiзбен көрмек едiк», - деп ақталған-ды. «Жас Алаш» газетінің хабарлауынша, сот кезінде Асхат, Дәулет, Серiк бірнеше рет Ақтөбе, Атырауға сырттан келген діндарлардың уағызын тыңдаған, бірақ Саид Бурятский интернет арқылы өздерін жиһадқа шақырмағанын айтады. Дегенмен, Ақтөбе облысында салафизмнің бұлайша ушығуына Саид Бурятскийдің үлесі жоқ деуге болмас. Өйткені, Ақтөбе мешітінде Бурятский дәріс беріп өткен соң, оны ұстаз тұтатындар көбейген-ді. Содан болар, Саид Бурятскийдің интернет арқылы жиһадқа шақырған хабарына жауап қатқандар ішінде ақтөбеліктер көп болды. Оның үшеуі темір торға жабылды. Ақтөбе қалалық сотының судьясы Рауия Құспанованың хабарлауынша, Асхат Түркімбаев жеті жылға, Серік Ізтаев алты жылға, Дәулет Исімбаев алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Ал, Саид Бурятскийдің идеясына елітіп, еліктеген астаналық бір топ жас Ингушетияда ұсталды. Солардың екеуіне - ағайынды Жасұлан Сүлейменов пен Қуат Жобалаевқа «Джамаат әл-Фараби» атты лаңкестік топ құрды» деген айып тағылды. 34 жастағы Жасұлан - 1-топ мүгедегі. Оның айтуынша, бірнеше баланы ертіп, Кавказға емделуге барған. 2009 жылы қарашада ағайынды Жасұлан мен Қуат сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Себебі, олардың пәтерінен «Ф-1» гранатасы, «Байкал» пистолеті, флэш карта мен дискілер табылған. Сонымен қатар имам ән-Нававидің хадистері, Мухаммад ибн-Абдул Ваххабтың кітаптары болған.
Былтырғы шілдеде Дағыстанға «жиһадқа» аттанған жаңаөзендік өрімдей бес бала ФҚҚ қолынан қаза тапты. Бұлардың кетуіне интернет сайттардың террористік пиғылдағы ақпараты себеп болғаны БАҚ-та жазылды. Әрине, мұның астарында бабакүлдік мекенінен айырып, отбасы, ағайын-туысы, дос-жаранынан бездіріп, Дағыстанға оқ атуға үгіттеген салафилердің сұм саясаты жатыр.
«Қазақстан жаңалықтары» агенттігінің мәліметіне қарағанда, 24-ақпанда 25 жастағы атыраулық Қанат Нүрекенов интернеттен Саид Бурятскийдің дәрісін көшіріп алып, жолдастарына таратқаны үшін бір жылға сотталған. Аталған дәрістегі үгіт-уағызда ҚР Жоғарғы соты террористік деп таныған, республика аймағында қызметіне тыйым салынған «Мұсылман бауырлар» ұйымының қауіпті идеологиясы жатқанын сот анықтады. Тергеу ісімен Атырау облысы бойынша ҰҚКД айналысты.
«Алматы» телеарнасының өткен жылы 11-тамыздағы ақпаратына сүйенер болсақ, Алматының Шаңырақ ықшамауданында экстремизмді насихаттаған «Салафит» ағымының өкілі Әділхан Нұрхитовты тәртіп сақшылары Петропавл қаласында жасырынып жүрген жерінен тұтқындаған болатын. Оның сыбайласы Абдуманап Мавлянов шекара асып үлгерген. Ұйым мүшелері кәпірлерге қарсы «жиһад» жариялауды басты ұран етіп ұстайды. Тергеу барысында күдіктілер Ресей азаматы Саид Бурятскийді пір тұтатынын анықтаған. Солтүстік Кавказ аумағындағы қарулы топтардың басты идеологы саналатын Бурятский әзірлеген "жиһад" жайлы фильмдерді олар Алматының қақ ортасында дәріптеген.
Тоирджонның тоқпағы
Жалпы сау ақылға салып ойланайықшы, елімізге сырттан ағылған ислами миссионерлер не берді? Қазір біз олардың ашық түрде лаңкестік қырғынға бармас бұрынғы жымысқы саясатын бағалауға, салмақтауға қабілетсіз болып тұрмыз. Ал, оның байыбына барар болсаңыз, болашақта еліміздің төбесінде ойнап, лаң салатын сұмдық зардап, қиянаты барын байқайсыз. Ол әлеуметтік, саяси, экономикалық зардап емес. Орны еш толмайтын рухани қиянат, қасірет. Ол не?
Ол - діндарсымақ миссионерлердің сырттан сыланып келіп, ұрпағымыздың басын қатырып, ұлттың тарихи-рухани тамырына балта шабуы. Ол - қазақ жастарының жүрегінен Отансүйгіштік қасиетті жойып, отбасы-ошағын ойрандауы, өнегелі шаңырақтың қиюын кетіруі. Алла Тағала, Пайғамбар Мұхаммед с.ғ.с., кешегі кемеңгер ата-бабаларымыз, әулиелеріміз бізге отансүйгіштікті ғибрат етті! Хазіреті Пайғамбарымыздың: «Отанды сүю ИМАННАН» деген сөзінің астарында қанша мән-мағына жатыр. Отанын сүймеген адам, бойында ол қасиет жойылған адам ЕШҚАШАН иманды бола алмайды!
Ең сорақысы, салафилердің қазанынан су ішіп, Отанын сатқан «қазақстандық бурятскийлер» сырттан келген миссионерлерге айрықша «қамқорлық» көрсетіп, төрімізге шығарды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірқатарын атап айтайық. Мысалы, салафилік ағымның Өзбекстаннан қаңғып келген серкесі Тоирджон Ибрагимовқа төрден орын берді. Құрылысына 3 миллион АҚШ доллары жұмсалған, Астананың қақ төрінде орналасқан «Шұбар» мешітінің имамы қызметіне тағайындады. Оған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының имамы дәрежесінде бірнеше жыл елдің түкпір-түкпірінде уағыз айтуға мүмкіндік ашып берді.
Қазақ топырағындағы Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Махмұт Қашғари, Абай, Мәшһүр Жүсіп Көпей сынды ғұламалардың еңбектерін ауызға алмайтын Өзбекстаннан келген Тоирджон имам лаңкестік ұйымдар мен діни экстремистердің теоретигі саналатын Ибн Таймия (13-14 ғасырлар) және Мұхаммад ибн Абдул-Уаххаб (18 ғасыр), уахаббилердің қазіргі діни көсемі Салих Фаузанның еңбектеріне сілтеме жасай отырып, жамағатқа уағыз айтады. Керек десеңіз, намаз оқуды да салафизм қағидасына сәйкес жүргізген. Шешенстандағы лаңкестік топтардың серкелері де қанішер содырларды Ибн Таймияның адам санасын улайтын тәпсірлерімен тәрбиелейтін. Бұл көңіліңізге қауіп туғызбай ма?!. Ал, Ибрагимовтың ұстазы атышулы лаңкестер Джумабой Ходжиев және Тахир Юлдашевпен сыбайлас содыр Обидхон Назаров дегенді естісеңіз, жағаңызды ұстайсыз.
Ибрагимов осылайша «Шұбар» мешітін салафилердің Астанада жиналатын ошағына айналдырып, қазақ жастарын «жиһадқа» тәрбиелейді.
Ол ол ма, 2007 жылғы қажылық кезінде гид-идеолог рөлін атқарған Тоирджон Ибрагимов Қазақстаннан барған жамағатты осы біз әңгіме қылып отырған Саид Бурятскийдің уағызына жетектеп апарды. Оған интернет айдынында тарап кеткен Ибрагимовтың Саид Бурятскиймен шүйіркелесе сырласып тұрған фотосы дәлел (суретте). Сөйтіп, Тоирджон жүздеген қажымызды қанішер қарақшының қолына «сеніп» тапсырды. Осындай қиянатты ол саналы түрде жасады. Осындай қылықтары үшін бүгінде «Шұбар» мешіті имамдығынан шеттетілген Тоирджон Ибрагимовтың енді қай қиырдан төбе көрсетіп, улы уағызын жайып жүргені әзірге белгісіз. Қазақстандық жамағатқа уағыз айтқан Ресей салафилерінің діни идеологы Саид Бурятский 2008 жылдары Кавказда имарат құру үшін соғысып жүрген шешен содырларының серкесі Докку Умаровқа ант беріп, қарулы қанішерге айналады. Саид Бурятский «кәпірлерге» қарсы «жиһад» жариялағанын интернет-сайттар арқылы ашық мәлімдеген болатын. Міне, осыдан-ақ белді деген қазақстандық салафилердің шетелдегі идеяластарымен тығыз қарым-қатынаста екенін, сыбайластар біріге отырып, түбінде халқымыздың тағдырын тәлкекке салып, тоз-тоз қылу, бейбіт өмірден айыру мақсатын көздегенін аңғару қиын емес.
Алланың бір сифаты, аты - «әл-Муқмин», тыныштық беруші, бір сипаты - «әл-Мухаймин», пана беруші. Ал, дін атын жамылған бүлдірушілердің төңірегіне қайғы-қасірет, бүліншіліктен басқа, туған топырағын қор етуден басқа берері жоқ. Уағыздарына арқау болған Алланың діні, сипаты пендесіне тыныштық, пана беруші болса, бұлардың сол тыныштықты бұзып, жұртты панасыз етуден басқа ойы жоқ болуы дінге тура ма?!
Саидтың соқпағы
Осындай дін атын жамылған жыртқыштардың жетегінде кетіп, қаншама қазақ баласы өлім құшты! Қанша жас шет жерде қаңғып, автомат арқалап соғыста жүр, қаншасы тозып түрмелерде жатыр...
Сондай қанқұмар ағымдардың «уағызына» уланған бір жас өренімізге кезіктік. Тақырып дін болғасын аят айтсақ, «бұл Құранның қай жерінде» деп тақ ете қалады, хадистен қозғасаң: «бұл өзі сенімді ме, сенімсіз хадис пе?!» деп сұрайды.
«Ал, өзің не оқисың?» десе, әзірбайжандық дін әлемінде жаңа қара көрсеткен салафиттік алдауыш Элмир Кулиевтің кітабын арқалап жүргенін айтады. Бүлдіргіш пиғылдан өзге берері жоқ Кулиевтің кітабы Алланың аяты мен Пайғамбардың сөзінен жоғары тұрғаны ма? «Жарқыным-ау, сол Кулиевті өзің тірідей көрген жансың ба?» десек, салафизм ұрығын себуші мекеме - Алматыдағы «Әл-Баракат» (қасиетті ұғымнан садақа кеткір!) баспасының қожасы Қанат Жұмадуллаев Кулиевті арнайы алдыртып, уағыз айтқызғанын айтады...
Түйін сөз:
Бұлар бетке қалқып шығып, әшкереленген оқиғалар ғана. Жымысқы идеологиясын ашық жарияламай, жұртшылыққа жүйелі жүзеге асырып жатқанын есепке алып көріңіз. Содан болар, соңғы кезде ата дәстүрімізге жат уаххабистік пиғылдағы сандырақтарын соғатын сатқындар көбейді. Бұлар - кеше ғана шетелде дін оқып келгендер немесе сол қарақшылардың қақпанына түсіп қалғандар. Сәждеге маңдайы тигеніне 1-2 ай болған түсі суық, тілі біз болған өзіміздің қаракөздеріміз 10 ғасыр ислам нәрімен сусындап келген қазағын, салтын жоққа шығаратын болды. Қатерлі идеология күннен-күнге елімізді бұзып-бүлдіріп, мемлекеттігіміздің іргетасын ірітуге жол салып барады. Бұл жерде мынаны ашық айту керек, біріншіден, мемлекеттің дінге қатысты саясатының және ресми дін саласының солқылдақтығы, шетелден бала оқытуға көп көңіл бөлініп, мешітте айтылатын уағыздардың бақыланбай бетімен кеткені.
Екіншіден, ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуі, кішкентайынан құлағына дәстүрлі руханияттың қайнар көздері - ертегі, аңыз-әңгімелер, батырлар жырын баласына оқытпағаны. Жастардың жүрегінде рухани вакуумның пайда болуы. Енді өскен жас бозбала немесе мектеп оқушысы сол вакуумды толтыру үшін әке-шешесі қаласа да, қаламаса да мешітке барады. Ал, онда барғасын ешнәрсені ажыратып үлгермеген жастардың кімге еретіні, ондағы идеологияның кімдердің ықпалында екені айтпаса да түсінікті.
Бүгінде ел арасына дендеп тарап кеткен олардың «арамына былғанып» жатқан қазақ баласының «арын қалай адалдап аламыз?»
Сол себепті, мемлекетіміздің білім беру жүйесінде, мектеп пен университетте қазақ әдебиеті мен тарихына көп сағат бөліп, яғни дәстүрлі руханиятты кішкентайынан баланың құлағына құйып өсіру қажет.
Сонымен қатар, діни ахуалмен айналысатын құзырлы органды қайта құрғаннан бұрын, салафиттер өздерінің сарайы қылып алған қасиетті мешіттің, оның өкілдерінің деңгейіне көңіл бөлетін уақыт келген сияқты.
(суреттер интернеттен алынды)
мақалаға орай
Жақында жер құшқан уаххабизм идеологы, лаңкес Саид Бурятскийдің (шын аты - Александр Тихомиров) 2009 жылғы қарашадағы «Нева экспресі» пойызын жаруға да қатысы бар болып шықты. Бұл туралы 6-ақпанда РФ президенті Д.Медведевке Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) басшысы Александр Бортников мәлім етті, - деп хабарлайды «Вести.Ру» сайты.
ФҚҚ директорының айтуынша, өткен жылы қарашадағы «Нева экспресі» жарылысынан кейін ФҚҚ Ингушетиядағы қарақшы топтың біріне аталған қылмысқа қатысты күдіктенген болатын. «Шұғыл іздестіру шарасы нәтижесінде осы болжамды растайтын қосымша деректер табылды», - дейді Бортников. Оның айтуынша, арнайы қызметтің жүргізген шарасы барысында осы қарақшы топтың бұдан басқа аса қауіпті 15 қылмысқа қатысы бары анықталды. Оның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерін өлтіру, инфрақұрылым және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарында жарылыстар ұйымдастыру бар. Осыған орай, қылмыстық топты құрықтау мақсатында арнайы операция ұйымдастыруға шешім қабылданып, ФҚҚ күштері осы жылдың 2-3 наурызында Назрань ауданы Экажево елдімекенінде жүзеге асырды. Нәтижесінде қарақшы топтың 10 белсенді мүшесі ұсталып, қарсыласып оқ атқан 8 содырдың көзі жойылған.
Бұл қаза тапқан қарақшылар-дың бірі Солтүстік Кавказдағы лаңкестердің лидерлерінің бірі, Саид Бурятский болып шықты. Бортников «С.Бурятскийдің мәйіті екені дәлелденді» деп отыр. Саид Бурятскиймен қатар қарақшы топтың басқа да серкелерінің көзі жойылды.
Қарулы қақтығыс орын алған жерде қолдан істейтін жарылғыш заттар дайындалатын лаборатория табылып, тоннадан аса жарылғыштар, көптеген ату қару-жарақтары тәркіленіпті. «Қарақшылардың өткен жылы қарашада болған «Нева экспресі» пойызы жарылысына қатыстылығын анықтау мақсатында генетикалық сараптама жүргізілді. Осы материалдың бәрі аталған қылмысқа олар қатысқан деуге негіз береді», - деді Медведевке. Бортников аталған қылмыстық істің барысы бойынша баяндап отыратынын айтты. Ал, Ресей Президенті ФҚҚ басшысына Ингушетияда қарақшы топты жою операциясына атсалысқандарға алғысын жеткізуін тапсырды.
Бұған дейін хабарланғандай, лаңкес Бурятский Солтүстік Кавказ территориясындағы көптеген лаңкестікке қатысқан. Соның ішінде Ингушетия президенті Юнус-Бек Евкуровқа жасалған қастандық және Назраньдағы лаңкестік әрекетті ұйымдастыру да бар.
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ,
«Үш қиян»