Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5282 0 пікір 6 Сәуір, 2010 сағат 03:36

«Дінтану негіздерін» ОСЫЛАЙ «ТАНУ» КЕРЕК ПЕ ЕДІ?!

Жуырда академик Ғарифолла Есім бастаған бір топ автордың «Дінтану негіздері» деп аталатын оқулығы Алматыдағы «Білім» баспасынан жарық көріпті. Осы саланың жанашыры болған соң «оқулық шықты» дегенді ести сала Алматыға бара жатқандарға өтініш айтып, кітапты алдырып, қарап шықтық. Алайда нәтиже біз күткендегідей болмағанын көрдік. Оқулықтың қоғам мүддесі мен қажеттілігі үшін ешқандай пайдасы жоқ екендігіне қатты қарнымыз ашты.

Жуырда академик Ғарифолла Есім бастаған бір топ автордың «Дінтану негіздері» деп аталатын оқулығы Алматыдағы «Білім» баспасынан жарық көріпті. Осы саланың жанашыры болған соң «оқулық шықты» дегенді ести сала Алматыға бара жатқандарға өтініш айтып, кітапты алдырып, қарап шықтық. Алайда нәтиже біз күткендегідей болмағанын көрдік. Оқулықтың қоғам мүддесі мен қажеттілігі үшін ешқандай пайдасы жоқ екендігіне қатты қарнымыз ашты.

Ең алдымен аталмыш еңбекті жазған авторлар орта мектептерге «Дінтану» пәнін енгізудің саяси-әлеуметтік себептерін түсінбеген бе деп қалдық. Өйткені, сырттан келіп жатқан діни, рухани экспансия мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіріп, ел ішінде діни бағыты әртүрлі топтардың, тіпті діни экстремистік ұйымдардың пайда болуына әкеліп отыр. Міне, жаңа пән жас жеткіншектің таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жат діни ағымдар ықпалынан қорғаныш иммунитетін сіңірсе құба-құп. Маман ретінде өз басым оқулықты осындай үмітпен қолыма алған едім. Өкінішке қарай, «Дінтану» пәні мектептерге енгізілгенімен, өз мақсаты мен міндетін әзір орындай алмайтын сияқты. Өйткені, пәнге арналған оқулық қазіргі уақыт талабына сай емес. Сөзіміз жалаң болмас үшін оқулықты парақтап көрелік.
Кез-келген оқулық мектепке арнап жазылғанда шәкірттің белгілі бір білім саласына деген көзқарасын қалыптастыруды мақсат етіп қояды. Алайда, бұл мәселе аталған оқулықта мүлдем ұмыт қалған. Осының кесірінен бұл еңбек оқулық емес, дүниежүзіндегі діндер жайлы, ол діндердің сенім негіздері мен тарихы туралы мағлұмат беретін анықтамалық (справочник) деңгейінде қалған. Оқулықтың бірінші тарауында «Дін» ұғымына берілген анықтаманың өзі оқулық авторларының әлі күнге маркстік методологиядан ажырай алмағанын көрсетеді. Міне, осы көзқарас авторларға діннің болмысын толық ашуға мүмкіндік бермеген.
Оқулықтың екінші тарауы «Дін бастаулары мен тарихи түрлері» деп аталады. Бұл тарау «Алғашқы қауымдық сенімдердің формалары» деген бөлімнен басталып, «Йудей діні» деген бөліммен аяқталады. Көлемі 70 беттік бұл тарауда дүниедегі барша дін туралы мағлұмат тәптіштеп жазылған. Мұнда да материалдар сол ескі евроцентристік көзқарас пен маркстік дүниетанымды негізге алған. Оған қоса бұл бөлімде қазақтың дәстүрлі діни танымындағы кейбір мәселелер тотемдік наным қатарына қосылған!
Оқулықта «Тотемді құрметтеу - оны қасиет санап, құлшылық етушілердің бәрін қастерлеу деген сөз. ...Осыған қарай бұл тайпаның, халықтың өзіндік ғұрыптары мен салттары қалыптасады. Қазақтар жылқының иесін - Қамбар Ата, түйенің иесін - Ойсыл Қара, сиырдың иесін - Зеңгі Баба, қойдың иесін - Шопан Ата, ешкінің иесін - Шекшек Ата деп атаған» (23 бет) делінген. Ал, бұлардың тотемдік сенімге еш қатысы жоқтығы, исламдық-сопылық жолдың ұғымдары екенін оқулық авторлары тіпті есепке алмайды. Төрт түлік иелеріне қатысты пікір оқулықтың 83-і бетінде тағы да қайталанады.
Осы тараудың «Түрік дүниетанымындағы - Тәңірлік» деп аталатын бөліміндегі мына пікірге назар аудармаса болмайды. Онда былай делінген: «Түркілердің (соның ішінде қазақтардың) діни нанымында адамның жаны мәңгі жасайды, олар аруақ бейнесінде тірілердің әрекетіне араласып отырады, заманақырда адам кейпінде қайта оралады. Түркілердің ислам қағидаларынан айырмасы, ислам діні тыйым салатын, өлген адамдардың рухына бас ию. Осыдан түркілерде ерлік жасап қаза болған адамдар рухына балбалдар орнату салты қалыптасқан» (83 бет). Бұл пікір аруақтарды құрметтеу тек Тәңірлік дінінде бар, исламда жоқ деген ойды қозғап отыр. Бұл шындыққа сай келе ме? «Әруақ» сөзінің негізінде арабтың «рух» сөзі жатқандығы, «әруақ» - «рух» сөзінің көпше түрі екендігін кез-келген арабшадан сауаты бар адам түсінеді. Демек, бұл әруақты сыйлау тек тәңірлік дінде ғана емес, исламда да бар дегенді білдіреді. Исламда да рух өледі деген түсінік жоқ. Ондай түсінік болса Абай атамыз:
Ақыл мен жан - «мен» өзім, тән - менікі,
«Мен» менен «менікінің» мағынасы екі.
«Мен» өлмеске тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе, өлсін, оған бекі - деп айтпаған болар еді. Демек, рух ислам дінінде де өлмейді. Жалпы исламда, түркілік дүниетанымда рух - мәңгі тірі. Оған Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерінен көптеген дәлел келтіруге болар еді. Мысалы, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) «Мен қайтыс болған соң қабірімді зиярат еткен кісі Менімен тірі кезімде жолыққан кісімен тең болады» деген хадисі бұл сөзіміздің дәлелсіз еместігін көрсетеді. Демек, Пайғамбар (с.ғ.с.) Өзін өлдіге санап тұрған жоқ. Ал, «Анбия» сүресінің 107 аятында былай делінген: «(Ей, Мұхаммед) расында Біз сені барлық әлемдерге тек қана рахмет етіп жібердік». Бұл аят та Пайғамбардың (с.ғ.с.) мәңгілік тұлға екендігін баяндайды.
Оқулықтың үшінші тарауы «Әлемдік діндерге» арналған. Бұл тарау оқулық көлемінің шамамен үштен бірін құрайды. Мұнда да әлемдік діндердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, оның сенім негіздеріне, тарихына, тармақтарына жан-жақты талдау жасалған. Бұл да шектен тыс, 9-сынып оқушысы үшін ауыр десек артық айтпаймыз.
Бұл тараудың 11 бөлімі «Ислам» дініне арналған. Бұл бөлімде Ислам діні туралы кең көлемде, жан-жақты сөз болған. Ислам дінінің тарих сахнасына шығу кезеңі, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірі, иманның шарттары, исламның парыздары, Құран туралы, Құран мен ғылым арасындағы байланыс, ислам дініндегі мазхабтар, Ислам дінінің ғылым мен мәдениетке ықпалы, сопылық т. б. мәселелер қамтылған. Бұған қоса оқулықтың «Қазақстандағы діни жағдай» деп аталатын төртінші тарауында Қазақстандағы ислам діні туралы, ислам дінінің таралу тарихы, ислам дінінің ғылым мен мәдениетке әсері, «Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы Исламның ролі» сияқты мәселелер қарастырылған. Ислам дінінің тарихымен таныс емес кісіге бұл оқулықта қамтылмаған мәселе қалмаған болып көрінуі де мүмкін. Алайда, Түркістан жеріне ислам дінінің келуі, ислам дінінің түркі халықтарының рухани, мәдени болмысына, қазақ халқы мен Қазақ мемлекеттігінің қалаптасуына ықпалы жайлы берілген материалдар тарихи шындыққа сай келмейді.
Қазақ халқында ислам дінінің өмір сүру формасы - Ясауи жолы. Одан бас тарту - халықтың соңғы тоғыз жүз жыл бойына жинақтаған рухани, мәдени құндылықтарынан бас тарту болып табылады. Өкінішке орай, оқулықта бұл туралы ешнәрсе айтылмаған. Оның есесіне қазақ халқының дүниетанымындағы кейбір түсініктер, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдегі ерекшеліктер исламға жат, исламдық сеніммен үйлеспейтін нәрсе ретінде көрсетіледі. Демек, бұл оқулықта қамтылған ислам дініне қатысты материалдар оқушының, жас жеткіншектің қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанған ата-бабасының дәстүрлі діні туралы түсінік, танымын қалыптастыра алмайды. Олай болса, ондай оқулықты мектепте оқытудың қажеті бар ма? Мұндай оқулық негізінде білім алған, өз халқының дәстүрлі діні туралы түсінік-танымы қалыптаспаған, керісінше, қазақ халқының дәстүрлі діни танымына күдікпен қарауды үйренген оқушының сырттан келген басқа діни ағымдардың құрығына түспеуге шамасы бар ма? Жоқ.
Оқулықтың бесінші тарауы «Дәстүрлі емес діни культтар» деп аталады. Бұл тарауда берілген материалдарды саралағанда, христиандық бағыттағы «Иегова куәгерлері», «Сайентология» сияқты бағыт өкілдері мен «Кришна санасы қоғамы» мен «Бірігу шіркеуі» сияқты діни ұйымдардың қызметі туралы аз-кем түсінік алуға болады. Ал, ислам атын жамылып, жастардың санасын улап, жихадқа шақырып жатқан діни ағымдар туралы материалдар бір бетке де жетпейді. Керек десеңіз, олардың аттары да аталмайды. «Олар кім, артында кім тұр, несімен қауіпті?» деген мәселелер мүлде қарастырылмаған. Қазіргі күні елімізде ислам атын жамылған  «салафилердің», олардың шектен шыққан бөліктері -«тәкфиршілер» мен «жихадшылар» сияқты топтар мен момақан болып көрінгенімен жастарды шетелдерге апарып, оқытып, санасын улап жатқан «таблиғи жамағат» өкілдері туралы, «халифат құрамыз» деп бүлік салып жүрген «хизб ут-тахрир» туралы бір ауыз сөз жоқ. Өткен жылы жазда Жаңаөзен қаласынан Дағыстанға аттанған бес жастың Ресей әскелерінің оғына ұшып, құрбан болуы астарында қандай идеология жатыр? Неліктен қазақ жастары діни-экстремистік топтардың қақпанына оңай түседі? Ондай діни ағымдардың қазақтың дәстүрлі діни танымынан қандай өзгешелігі бар? Сенім негізінде қандай ерекшеліктер бар? Жалпы сырттан келген діни ағымдардың қазақ халқының болашағына ықпалы қандай? Бұл сұрақтардың ешқайсысына бұл оқулықта жауап жоқ. Оның есесіне адам баласы дүниеге келгеннен бастап, бүгінге дейінгі діндер туралы мағлұмат аямай берілген. Тоғызыншы сынып оқушысына басқа діндер туралы соншалықты терең түсінік, танымның қажеті бар ма? Мектеп бағдарламасына «Дін тану» пәнін енгізудегі мақсат - еліміздің болашағын, жас жеткіншекті өзге, сырттан келген діни ағымдардың ықпалынан қорғау емес пе еді? Бұл оқулықта ол талаптың бірі де орындалмаған.

Зікірия ЖАНДАРБЕК,
тарих ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, Түркістан қаласы

«Үш қиян» газеті, 31-наурыз, 2010 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383