«Жұлдыздар» неге журналистиканы менсінбейді?
Теларнаның мақсаты - ақпарат тарату, мәдени-ағарту мәселесімен айналысу, ойын-сауықтық дүниелерді ұсына білу десек, біздің бүгінгі отандық арналар, өкінішке қарай, бұл үдеден тиісті деңгейде көрініп отырған жоқ. «Отандық» деген титулды еншілеген он телеарна эфирді тек жеңіл-желпі шоу бағдарламалармен, аударма сериалдармен ғана толықтырып жүр. Сол себепті де бұл тұрғыда қазір эстрада әншілері, театр әртістері әр түрлі шоу-бағдарламаларда тележүргізуші қызметін қатар атқаруда. Тележүргізушілік пен журналистік қызмет екеуі екі бөлек кәсіп. Журналистика - жалпы ұғым болса, жүргізушілік - соның ішіндегі бір сала ғана. Тележүргізуші, радиожүргізуші атаулының барлығы бірдей журналист атана алмайды. Шоу-бағдарламаларды жүргізуші әртіс, әншілердің тарапынан кейде журналистиканы менсінбеу мінездерін байқап қалып жататынымыз да осы ұғымдарды жете түсіне алмағандықтан болар. Алайда, әнші-жүргізушілердің кейбірінің: «журналиссіз ғой десе, жыным келеді» немесе «журналистің аяғы қисық, тісі қисық, сұрамайтыны жоқ» деген сөздерінен, көпшілік олардың ішкі мәдениетінің қандай дәрежеде екенін бағамдайды. Сол адамның осы танымалдыққа жеткеніне үлес қосқан тікелей журналистер екенін ескерсек, «өткелден атым өткеншенің» кебіндегі әнші, әртістердің бұл саладағы салмағын таразылайсыз.
Шолпан Құрманбай

Сәуле ӘБЕДИНОВА, журналист:
- Әрине, әр нәрсе өз орнымен болғаны жақсы ғой. Әншілік - әншілердің, журналистік - тек журналистердің меншігі емес. Тек ұятың білсін. Арыңа жүкте. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байласаң» шойырылып қаласың ғой, сол сияқты, ұятқа қалып, бір жерде шойырылып жатпасаң болғаны...
Тележурналист болып жүрген әнші-әртістердің кәсіби журналистерден артықшылығы - оларды ел таниды. Кемшілігі - журналистикадан бейхабар. Ізденбейді. Иә, қазір әртістердің журналистикамен айналысуы сәнге айналды. Айтары болса, берері болса, айналыса берсін ғой, бірақ... Олар телевизияны жеке басының жарнама құралына айналдырған. «Теледидардан көріне берейін - ол да жарнама ғой» деп ойлайтын болуы керек. Бірақ, мәселе қалай, қандай бағдарламада көрінуде емес пе? Телебастықтар көбінесе әншілердің атымен аудитория жинаймыз деп ойлайды. Алайда, әншілердің аудиториясы әдемі әнімен ғана кеңейетіні сияқты, телевизия саласы өз міндетін - журналистикалық борышын дұрыс атқарса ғана аудитория жинай алады. Меніңше, оларды әнге, әншіге сұранып тұрған бағдарламалардан анда-санда, кезекпен, халыққа сағындырып барып, көрсетіп тұрған дұрыс. Анда да, мында да тықпалап, «сайқымазаққа» айналдыруды кұптамаймын. Алаңғасар біреулері болмаса, өз бағасын білетін әншілер де ондайға көп бара бермейді.
Айгүл ИМАНБАЕВА, әнші:
- Рас, қазіргі таңда телеарналарда журналистік, жүргізушілік қызметті атқарып жүрген әншілер, әртістер көп. Бірақ, журналистердің біреуінің «тісі қисық, біреуінің бұты қисық» болғанына әншілер кінәлі емес шығар. Көп ретте, телебағдарламаларды жүргізуге әртістерді, әншілерді таңдап жататыны осы себептен де деп ойлаймын. Меніңше, бұның бәріне ең әуелі журналистік білім берген оқу орны кінәлі. Өйткені, олар (баспасөзге қатыссыз) студенттерді іріктегенде қалай болса, солай іріктей салады. Радиода жарайды, журналистің түр сықпыты көрінбейді делік, бірақ тележурналистика кафедрасына мықты конкурс өткізуі керек қой. Жоқ, олар бұл кафедраға әркімді бір қабылдай береді. Бізді Өнер Академиясында қатты іріктеуден өткізді. «Аяғың қисық емес пе, көзің қыли емес пе, тісің кетік емес пе?» деп. Мұндай талап журналистерді даярлайтын орындарда да болуы керек деп ойлаймын. Өзіме қатысты айтатын болсам, менің екінші мамандығым - журналист. Сондықтан менің телеэкранда жүргенімде тұрған ерсі ештеңе жоқ. Бұл бір мәселе. Айта берсек, журналистикада шешімі табылмай жатқан проблемалар шаш-етектен. Мәселен, қазір меніңше, журналист деуге тұратын салиқалы, салмақты, өз ісіне берілген журналист қалмады. Бәрінің айтатыны, сұрайтыны етектің, төсектің айналасынан аспай қалды. Сенсация іздейді. Олар үшін «анаумен анау жүреді екен», «бәленшенің бәленшесі бар екен?», «Анау мен анау бәлен екен, түгілен екен» деген мәселе ғана маңызды болып қалды. Меніңше, өз ісіне адал журналист өсек термеуге тиіс. Көп ретте осындай өсек теретін журналистер өзінің біреудің тағдырымен ойнап тұрғанын сезбейді. Сезсе де, әдейі солай істейді. Мәдениеттің майын ішіп, соның ыстық-суығын бар болмысымен сезінетін журналистердің бәрі қазір есейіп кетті. Яғни, журналистикаға деген адалдық аға буынмен кетіп қалғандай. Рас, қазіргі телебағдарламаларды жүргізіп жүрген әншілерде білім жетіспей жатады. Оны мойындаймын. Тіпті бір кітаптың бетін ашпағандықтан олардың арасынан эфирде, жұрт алдында ұятқа қалып жататындары да бар. Мен ондай сауатсыздыққа қарсымын. Әнші болсын, журналист болсын, өзін үнемі жетілдіріп, білімін толықтырып отыруға тиіс.
Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы:
- Мен экранға журналистиканы бітірген адам ғана барсын деп айта алмаймын. Бірақ, шыны керек қазіргі таңда телеэфирде әншілер, әртістер, тіпті шенеуніктер қаптап кетті. Бұған мен қарсымын. Олар, меніңше, өз жұмыстарымен кетуі керек. Ал, олардың ұмтылатыны - орысша айтқанда «пиар», қазақшалағанда «танымалдылық». Халықтың алдына шығатын адамда қатты дайындық болуы тиіс. Және ол адамның ұяты болуы керек. Иә, иә, жүргізуші кішкене болса да өз әрекетін ұятының таразысына салса дұрыс болар еді. Қай қайдағылар эфирге шығып алады да, елді шулатады. Түкке тұрмайтын, адам тыңдамайтын бағдарламалар экранға шығып жатыр. Мысалға айтсам, мына «Екі жұлдыз» бағдарламасы. Оған мүлдем ішкі дайындықсыз адамдар шығып жатыр. Біз «ана жүргізуші ананы зорлапты, ана жүргізуші біреуді алдап кетіпті» деп естіп жатамыз. Халық алдына шығатын адам үшін бұл өте лас нәрсе. Менің талабым да ішкі жаны, рухани дүниесі таза адамдар ғана экранға шығуы керек. Елдің сөзін айтатын адамдар экранға шығуы керек. Телеарналардың мен білетін ұстанымымен қарасақ, телевизияның үш мақсаты болуы шарт. Бірінші, ақпарат беру. Екінші, ағарту мәселесі. Үшінші ғана, ойын-сауықтық сипатта болуы қажет. Біздің қазіргі телевизияның барлығы үшінші ұстанымды бірінші орынға шығарып жіберді. Қазір бәрі жекеменшік болып кеткеннен кейін қалағанын көрсетіп жатыр. Бұрын көркемдік кеңес деген болатын. Ол көркемдік кеңес осылардың барлығын таразыға салып, екшеп отыратын. Әр хабар сценарий негізінде қатаң бақылаумен даярланатын болса, мұндай келеңсіздіктер орын алмас еді. Содан кейін журналистердің ішінен де мықты шоу-бағдарлама жүргізетін қыз-жігіттерді табуға болады. Әртістерді, әншілерді халық онсыз да кез келген жерден көреді, тойдан да, концерттен де, алаңнан да. Оларды енді экраннан қоймай-қоймай көрсетсек, халықтың көзіне сүйел шықпай ма? Онсыз да қазір мен білетін халықтың бәрі тек Ресейдің телеарналарын көреді. Өйткені, бізде көретін түк жоқ. Шоу керек болса, Ресейдің шоуы да жетіп артылады...
«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №12 (303), 8-сәуір, 2010