«Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының ҮНДЕУІ
«Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысушылар ХХ ғасырдың 20-50-жж. елімізде орын алған саясат салдарларын, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын темір құрсауына алған сталинизм табиғатын, оның өндірістік, қоғамдық, мәдени өмірге әсерін, саяси репрессиялар, ұжымдастыру, ашаршылық, депортация, сотталғандарды еңбекпен түзеу лагерьлері жайындағы тың зерттеулер мен ой-пікірлерді қарастыра келе, жұртшылық арнайы үндеу арнауды қажет деп тапты.
Қазақ елі Ресей империясының отарына айналып, мемлекеттілігін жоғалтты да, коммунистік идеология билігі аясында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы тұрпатында ішінара жаңғыртты. Кеңес мемлекеттігі халықтың жаппай сауаттылық деңгейін көтергенін, қоғамның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін, қалалар мен өнеркәсіптің дамуын жақсартқанын мойындау керек. Алайда мұның бәрі олардың тасасында қалған халықтың шынайы қайғысын ұмытуға желеу бола алмайды.
«Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысушылар ХХ ғасырдың 20-50-жж. елімізде орын алған саясат салдарларын, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын темір құрсауына алған сталинизм табиғатын, оның өндірістік, қоғамдық, мәдени өмірге әсерін, саяси репрессиялар, ұжымдастыру, ашаршылық, депортация, сотталғандарды еңбекпен түзеу лагерьлері жайындағы тың зерттеулер мен ой-пікірлерді қарастыра келе, жұртшылық арнайы үндеу арнауды қажет деп тапты.
Қазақ елі Ресей империясының отарына айналып, мемлекеттілігін жоғалтты да, коммунистік идеология билігі аясында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы тұрпатында ішінара жаңғыртты. Кеңес мемлекеттігі халықтың жаппай сауаттылық деңгейін көтергенін, қоғамның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін, қалалар мен өнеркәсіптің дамуын жақсартқанын мойындау керек. Алайда мұның бәрі олардың тасасында қалған халықтың шынайы қайғысын ұмытуға желеу бола алмайды.
Тап осы себеппен Иосиф Сталин тұлғасы мен сталинизм отандық және әлемдік тарих ғылымындағы ең көп талқыланатын тақырыптар болып тұр. Сталинизм кезеңі - кембағал ұлттық сананы қалыптастырған, қоғамның барша институттарын өзгеріске ұшыратқан қасіретті уақыт. Кеңес өкіметі тұсында көшпенді қазақ халқы үш дүркін жасанды ашаршылықты бастан кешіп, бұрын-соңды болмаған ұлттық апатқа ұрынды: 1917-19, 1921-23, 1931-33 жж. жалпы адам шығыны 4 млн., ықтимал табиғи өсімді есептегенде 10 млн. жаннан асты. Сталинизм дәуірлеген жылдары сан мың жан саяси желеулермен жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырады: солардың ішінен жеке басқа табыну әшкереленгеннен бері 340 мыңнан астам азамат ақталды. Жүздеген мың отандастарымыз Отан шекарасынан шығып көшіп кетуге мәжбүр болды. Қазақ халқы өз елінде ұлттық азшылыққа айналып, өткен ғасырдың елуінші жылдары оның үлес салмағы барлық тұрғындардың үштен біріне де жетпей қалды.
Қасіретті өткенімізді ұмытпау және оны алдағы уақыттарда ешқашан қайталанбайтындай етіп еске салып тұру үшін болашақ ұрпақ зердесіне құйып отыру - әділдік пен демократияның салтанат құруын қамтамасыз ету жолында атқаруға тиіс біздің азаматтық парызымыз. Бұл үшін тоталитарлық тарихтың көмескі беттерін - «ақтаңдақтарды» зерттеуді жалғастыра берген жөн. Біз сталинизм тарихын «ұмыту» немесе «ұмыттыру» әрекеттеріне, оны ғылымға жат, иррациональды біліммен қаруланған саяси демагогтардың және жаңа сталиншілдердің алдамшы шешендігімен алмастыруға бәріміз бірігіп қарсы тұруға тиіспіз. Бұл орайда бізді бүгінгі Ресей билігінің «Сталин культін» қайта қалпына келтіру, яғни «тарихты Ресей мүдделеріне залалын тигізіп бұрмалау әрекеттерімен күресу» саясаты алаңдатады.
Бұдан 20 жыл ілгеріде Алматы қаласындағы қарағайлы бақ ішіне ашаршылық құрбандарын еске алатын ескерткіш орнатылатын орын белгіленіп, естелік тас қойылды, алайда ойдағы монумент әлі тұрғызылар емес. Бұрынғы НКВД ғимаратында ашылған мұражай 1,5 жылдан кейін жабылып қалды, оны қоғам өміріне қайтаруға әлі күнге дейін ынта танытылмай тұр. Алматы түбіндегі Жаңалық ескерткіші тұрған «Әділет» қоғамы қарамағындағы 15 га жерді игеру (атылғандардың аты-жөні қашалған естелік қабырға орнату, мемориалды орман алқабын отырғызу, «Әділетке» қарасты «шопандар үйінде» саяси репрессиялар мұражайын жасау) істері әзірге қолға алынбай отыр.
Сондықтан біз, конференцияға қатысушылар, былай деп санаймыз:
- Қазақстан тарихын, сондай-ақ КСРО құрамында болған өзге мемлекеттердің тарихын жақсы түсіну үшін сталинизм тарихын оқудың принципті мәні бар;
- сталинизм феноменін зерттеу әр салада істейтін ғалымдардың күш-жігерін біріктіруді, халықаралық ғылыми қызметтестікті нығайтуды талап етеді;
- сталинизмді зерттеу мұрағаттық құжаттарға жол ашудың кеңейтілуін, құжаттардың құпиялық мәртебесін жою үдерісін жеделдетуді, бұл саладағы заңнаманы қатаң сақтауды талап етеді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомстволық мұрағаттарын мемлекеттік мұрағаттарға жалпыға ортақ жағдайда сақтау үшін өткізуге және ондағы құжаттармен тәуелсіз зерттеушілердің жұмыс істеуіне мүмкін берілуін қамтамасыз етуге қол жеткізу қажет;
- сталинизм тарихын объективті түрде зерттеу ғылыми зерттеулер мен тарихи дереккөздерді жария етудің жаңа жобаларын жасауды талап етеді;
- сталинизм тарихын зерттеу куәлері азайып келе жатқан дәуір жайында естеліктер, деректік және өзге мәліметтер жинауға күш-жігер жұмылдыруды талап етеді;
- осы уақытқа дейін санамызда жаңғырығып тұрған сталинизмнің ауыр мұрасын жоюға Қазақстанның әдебиеті мен өнері көркемдік тәсілдермен жәрдемдесуге тиіс.
Сталинизм жайында адекватты тарихи зерде қалыптастыру мыналарды талап етеді:
- арнайы жалпыұлттық мұражай-мемориалды кешен, сондай-ақ орталық және аймақтық өлкетану мұражайларында мұражайлық экспозициялар жасау;
- кітаптар шығару, дәрістер өткізу, деректі фильмдер, мультимедиа-материалдар жасау түріндегі ағартушылық қызметті кеңейту;
- орта және жоғары мектептерде оқу әдебиеттері мен білім беру қызметін тарих саласындағы, өзге әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдардағы ғылыми білімнің қазіргі заманғы деңгейіне сәйкестендіру;
- жазықсыз репрессияланғандар мен ашаршылық құрбандарының жерленген орындарын анықтау және бастарына белгі тұрғызу;
- жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні (31 мамыр) қарсаңындағы жұмада мешіттер мен шіркеулерде еске алу шараларын, сондай-ақ оқу орындарында ашық сабақтар өткізу.
Бұлардан басқа, конференцияға қатысушылар осындай конференцияларды ұдай өткізіп тұру қажет деп санайды. Конференция материалдары жеке кітап түрінде шығып тұруға тиіс.
Біз сталинизм қасіреттерінің күллі шындығын болашақ ұрпақты тарих арқылы тәрбиелеуге пайдалану жөніндегі жұртшылық пікіріне еліміздің билік органдары сергек қарайды және осы орайдағы бастамаларға қолдау көрсетеді деп сенеміз.
«Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» халықаралық
ғылыми-практикалық конференциясына қатысушылар.
Алматы, 24 ақпан 2010 жыл.