Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА: "БҰЛБҰЛДЫ" АЙТУДАН ҚАЛҒАН КҮНІ САХНАДАН КЕТЕМІН
Қарлығаш көмей құрбым-ау,
Бір бұрау емес, мың бұрау.
Қай күні, қандай Анадан
Бағына елдің тудың-ау?!
Ізеттім әрі келбеттім,
Қасыңда жүріп көрмеппін.
Бір кезде шарлап жер-көкті,
Шарықтап ұшып сен кеттің.
Өмірің сенің жаз бүгін,
Ойлама өмір аздығын.
Есітер құлақ болса егер,
Есінде жүрер назды үнің.
Естілер сенің осы үнің,
Ашқанда ұрпақ есігін.
Уілдеп жатқан сәбидің
Тербетер әлі бесігін!
Айналса болар тіліңнен,
Тіліңнен, әрі үніңнен.
Айырма, тәңір, осы үннен,
Айырма Бибігүлімнен!
Мұқағали осылай айтқан.
Бұл - бәріміздің сөзіміз. Біз бәріміз Бибігүл Төлегенованы қазақ халқының мақтанышы, ұлттық өнеріміздің жарық жұлдызы, бұлбұл үнді әншіміз, өмірде де, өнерде де өрелі өнеге, үйренерлік үздік үлгі көрсетіп келе жатқан асыл адамымыз деп ардақтаймыз. Айтса айтқандай. Қазақ радиосының әншісі болып жұмысқа орналасқан сонау 1950 жылдан бері Бибігүл Ахметқызы бізді әсем әнімен де, сұлу сәнімен де қашанда қуантумен келеді, алпыс жылға жуықтаған осы уақыт аралығында табиғи талантын саф таза күйде ұстап, кісілігіне кіршік жұқтырып көрмеген мұндай тұлғалар өнер әлемінде некен-саяқ.
Қарлығаш көмей құрбым-ау,
Бір бұрау емес, мың бұрау.
Қай күні, қандай Анадан
Бағына елдің тудың-ау?!
Ізеттім әрі келбеттім,
Қасыңда жүріп көрмеппін.
Бір кезде шарлап жер-көкті,
Шарықтап ұшып сен кеттің.
Өмірің сенің жаз бүгін,
Ойлама өмір аздығын.
Есітер құлақ болса егер,
Есінде жүрер назды үнің.
Естілер сенің осы үнің,
Ашқанда ұрпақ есігін.
Уілдеп жатқан сәбидің
Тербетер әлі бесігін!
Айналса болар тіліңнен,
Тіліңнен, әрі үніңнен.
Айырма, тәңір, осы үннен,
Айырма Бибігүлімнен!
Мұқағали осылай айтқан.
Бұл - бәріміздің сөзіміз. Біз бәріміз Бибігүл Төлегенованы қазақ халқының мақтанышы, ұлттық өнеріміздің жарық жұлдызы, бұлбұл үнді әншіміз, өмірде де, өнерде де өрелі өнеге, үйренерлік үздік үлгі көрсетіп келе жатқан асыл адамымыз деп ардақтаймыз. Айтса айтқандай. Қазақ радиосының әншісі болып жұмысқа орналасқан сонау 1950 жылдан бері Бибігүл Ахметқызы бізді әсем әнімен де, сұлу сәнімен де қашанда қуантумен келеді, алпыс жылға жуықтаған осы уақыт аралығында табиғи талантын саф таза күйде ұстап, кісілігіне кіршік жұқтырып көрмеген мұндай тұлғалар өнер әлемінде некен-саяқ.
Біз жақында Алматыға арнайы барып, әншімен егжей-тегжейлі сұхбат құрып қайттық. Енді сол әңгімеге назар салыңыз, ардақты ағайын.
- Ардақты Бибігүл Ахметқызы! Сіз өткен жылдың аяғында өмірдің тағы бір белесінен астыңыз. Қазақтың арғы-бергідегі жақсысы мен жайсаңының жасын түгендеп, мүмкін-қадерінше мерейтой, мүшелтойларын атаусыз қалдырмауға тырысатын "Егемен Қазақстан" ол датаға орайластырып мақала жариялап жатпады. Ондағы ойымыз өміріңіз, өнеріңіз жайында өзіңіздің айтар әңгімеңізді өз сөзіңізбен жұртқа жеткізу еді. Ана жолы Астанаға барғаныңызда осы мерейтойыңыздың тұсында арнайы әңгіме жасау жөнінде уағдаласқан едік. Сол сұхбаттың сәті енді түсіп отыр.
Сіздің өнеріңізге баға берілудей-ақ берілген. Әншілік кереметіңіз әлемге әйгілі деудің артықтығы жоқ. Астанадан Алматыға келе жатып, ұшақ бортында "Тengrі" журналының биылғы екінші нөмірінен сіз туралы мақала оқи алдым. Онда: "По решению ЮНЕСКО ее имя внесли в список двадцати выдающихся женщин ХХ века. Она единственная в мире обладательница колоратурного сопрано, поющая после 50 лет" деген сөздер бар екен. Өнеріңіздің бар бағасын осы қарапайым екі сөйлем-ақ жеріне жеткізе айта алады деп ойлаймын. Әңгімемізді бұл биікке бастаған баспалдақтардан, өзіңіздің өміріңіздің бала шағынан тартып айтсаңыз деймін. Кеше ғана дүниеден өткен академик Рымғали Нұрғали ағамыз сізді ағайынымыз деп отыратын еді. Студент кезімізде Оралхан Бөкейдің сізді жерлесіміз деп жазғаны есімде қалыпты. Қайсысының айтқаны дұрыс?
- Қазір екеуінің де айтқаны дұрыс болды... Енді Шығыс Қазақстан облысынанмын деп сөйлеймін ғой. Ал негізінде Абыралыдан шыққанбыз. Кейін әкеміз Семейге көшіп келіпті. Мен сонда туғанмын. Әкемнің азан шақырып қойған аты Мұхаммед-Ахмет екен. Мұхаммед-Кәрім деген ағасы болған. Атамның аты - Шортанбай. Ана жолы Гүлфайрузбен әңгімеңізді (2009, 25 қараша) оқыдым, сондағы сияқты менің фамилиямда да ауыс-түйіс бар. Дұрысында фамилиям не Шортанбаева, не ол кісінің әкесі бойынша алсақ Байғонысова болуы керек екен. Менің фамилиям нағашылар жағынан шыққан. Әкемнің нағашысы Нәби деген кісі, ол кісінің әкесінің аты - Төлеген. Құжаттарда Телегенов болып жазылып кетіпті. Ана жылы өз әкемнің атылуына қатысты істі ақыры Телегенов деген фамилия бойынша іздетіп жүріп таптырып алдым.
Адамға дарынның қай жақтан, қалай қонатынын біліп болмайды. Көбіне ген арқылы ауысатыны рас. Жақында Астанаға Алмас Серкебаевтың келіп кеткенін естідім. Ермектің қаны балалары, немерелері ғана емес, жиендерінен де танылады. Қазіргі ең атақты дирижеріміз Алан Бөрібаев - Ахмет Жұбановтың жиен немересі. Ондай мысалдар көп. Сонымен бірге ата-ананың өнерлі болуы да шарт емес кейде. Ришад, Мүсілім Абдуллиндердің әкесі татардың кен қазушысы, Күләш апамыздың әкесі Жасын Байысов деген кісі етікші болған, Әміре ағамыздың әкесі байдың батырағы. Менен сіздің әншілігіңіз анаңыздан ауысқан шығар, ол кісі әнді жақсы айтқан ғой деп жиі сұрайды. Анам жайында қазір айтармын, алдымен әкемді айтқым келіп отыр. Менің әкем де әуелде бай батырағы болған. Әлгі бай күндердің бір күнінде, тегі, батырағының жұмысына көңілі толса керек, әкеме скрипка сыйлапты. Әкем скрипканы бірден-ақ өз бетінше үйреніп кетіпті. Кейін гармонь, баян тартты. Домбыра болса-болмаса ғой. Анам гармоньды әкемнен үйренген. Ол кісінің дауысы расында да тамаша еді. Жасы егдейген шағында да үйге келген қонақтар мамамның ән айтқанын сұрап отыратын. Мамам өмірден өте-өткенше менің өнеріме қатты назар салып, репертуарыма дейін өзінің ойын айтып отырды. "Менің қызымнан артық әнші жоқ", деп қоятын. Қазақтың, татардың әндерін өзі де тамылжытып айтатын. Мамамның аты Майнұр еді, татар қызы. Семейде жүргенде ноғай дейтін, осы Алматыға келген соң татар дей бастады. Тегі, Семейде жұрт дұрыс атамаған болар, әйтпесе ноғай мен татардың ептеп айырмасы бар ғой. Бірақ, өзі "Бізді татар дейді, ой, құдай-ай, біз қазақ боп кеткелі қай заман!" деп отыратын, жарықтық.
Жаңасемейдегі ет комбинатының жұмысшылары тұратын барактардағы біздің көршіміз Буров деген кісі еді (есімін ұмытып қалдым), өзі баян, әйелі гитара тартатын, ал балаларының шекті аспаптарда ойнамайтыны жоқ. Сол үйде сенбінің кеші сайын "концерт" болады да жатады. Әкем мен шешем қалмайды. "Ах ты, степь широкая" деп қоңыр дауысымен (кейін ойласам - баритон екен) папам бастайды, бір кезде мамам шығады: "Струны звонки, серебристы, хорошо под них поешь, а на свадьбу за гармошкой обязательно придешь..." деп сызылтып. Бір кезде ортаға мені шақырады. Табуреткаға тұрып алып, "Зачем тебя я, милый мой, узнала..." деп жіңішке дауысыммен шырылдаймын... Сол күндерді ойласам қазір де жылағым келеді. Нағыз бақыттың бағы екен ғой балалық шақ! Әкем жанымда, шешем жанымда, біреуі баянын тартып, біреуі скрипкасын сызылтып, менің әнімді сүйемелдеп тұр... Бастары аман, дендері сау, балалары қасында, күні бойғы ауыр еңбек естен шыққан... Одан артық не керек! Папамның мені арқасына отырғызып, Ертістің арғы бетіне дейін құлаштап жүзетіні әлі күнге көз алдымда. Тастай жабысып, мойнынан құшақтап аламын, папам бір дамылдамай жағалауға жетеді...
Менің әнге әуестігім әкемнен болса, ал дауысым, әрине, анамнан ауысқан. Ол кісілердің өзін ән табыстырған. Әкем бір күні Семейдің көшесінде келе жатса ауладан ән естиді. Тыңдап біраз тұрады. Жас қыздың дауысы. Бір әннен кейін бір әнді сызылтады. Есікті ашып, аулаға кіреді... Сол ән айтқан қыз бала менің мамам екен. Әкем мамамның әніне ғашық болып, ақыры алып қашады. 14 жасар қызды!
- Қойыңызшы...
- Қоятын ештеңесі жоқ. Мамам менің әпкем Бибінұрды 16 жасында туған. Мені 17-сінде туған. Айтқандай, сол тұста әжеміздің әкемді сотқа берген жағдайы да бар. Кәмелетке толмаған қызымды ұрлады деп. Кәдімгідей сот болыпты. "Өзім сүйдім, өзім тидім, өзім қаштым" дегеннен басқа сотқа ештеңе айтпадым, о кезде одан басқа сөз айтатын жаста да емеспін ғой, ақыры әкеңді соттаған жоқ", деп мамам күліп отыратын. Кейіннен папам енесімен тіл табысып кетті. "Сен менің қызымды ұрладың, енді мен сенің қызыңды ұрлаймын" деп бір жағы әзілдеп, бір жағы шынын айтып жүріп, ақыры әжеміз Бибінұрды бауырына басып алды. Ол әпкем өмір бойы сол жақтың қызы болып кетті. Осыдан біраз жыл бұрын дүниеден қайтты.
Әкемнің етінің тірілігінен ғой, алдымен өрт сөндірушілер дайындайтын курста ма, бірдеңеде оқыған, кейін партия жұмысына араласып кеткен. Нағыз партия ісіне, сол заманның идеясына берілген адам еді. Сондай кісілерді "халық жауы" деп шығарған соң не айтайын ол заманға. Менен кейінгі, үшінші қыздың атын Роза Люксембургтің құрметіне Роза деп, одан кейінгі қызының атын Клара Цеткиннің құрметіне Клара деп қойған. Дегелеңде, Бесқарағайда аупарткомдарда нұсқаушылық еткен, кейін Қатонқарағайға аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып ауысты. Ана жылдардағы бір сұхбаттарымда газетке "бірінші хатшы" деп шығып кетті, мен олай деп айтқан емеспін, олай айтуым мүмкін де емес, жазып алған журналистердің ұқыпсыздығынан кеткен қателік. Мені әнші еткен бір жағынан әкем мен шешемнің музыкаға құмарлығы, түрлі аспаптарда ойнағаны, ән салғаны десем, екінші жағынан сол Қатонқарағайдың қайталанбастай ғажайып табиғаты да сезімімді сұлуландыра, жанымды нәзік ете түсті ғой деп ойлаймын.
- Расында да, Қатонқарағай көрген де арманда, көрмеген де арманда дейтіндей жер. Адамзаттың аузынан түспейтін Швейцарияны да көрдік. Қатонқарағай сұлулығы сол Швейцариядан артық болмаса кем емес. Негізінде Қатонқарағайдай жерлерімізді әрбір қазақ азаматы бір көруді арман етіп жүрсе де артығы жоқ. Бізде ішкі туризм дамымай-ақ келеді. Турист дегенді міндетті түрде шетел азаматы деп түсінеміз. Турист болу дегенді міндетті түрде шетел асу деп ойлаймыз.
- Дұрыс айтасыз. Әлі Түркістанды көрмеген, әлі Баянауылды көрмеген, әлі Қарқаралыны көрмеген, әлі Бурабайды көрмеген ағайындарымыздың алыстағы Анталияға анталап тұратынын түсіну қиын. Отаншылдық деген алдымен Отаныңды білуден басталады, білу деген көруден басталады. Жарайды, сөздің реті келген соң айтып жатырмыз ғой. Содан біз Қатонқарағайда екі жылдай тұрдық. 6-7 жасар кезім. Әкем Алматыға оқуға жіберілді. Қазақстанның 15 жылдығына орай. Екі жыл оқып келіп, жұмысына қайта кірісті. Әкемнің қап-қара аты болатын. Наганы болатын. Бір күні түнде жаяу келді. Наганы жоқ. Жанында екі адам. Үйдің ойпаң-тойпаңын шығарды. Ақыры бір сурет тауып алды. Оқу бітірушілердің топтасып түскен суреті. Сондағы бір әйелдің беті шұқылып тасталған екен. Әлгілер: "Бұл кім? Беті неге шұқылған? Кім шұқыған?" деп дігірлейді. Мамам жыламсырап жүріп ақыры өзі шұқығанын айтты. "Неге?" десе үндемейді. Кейін ойлап қарасам, мамам күйеуінің жанында тұрған ол әйелдің бетін қызғанып шұқыған болса керек. Қайдан білейін. Әйтеуір, әкемді алып кеткеннен кейін де, тіпті соғыс біткенше де мамам жаңағы фото үшін әбден азап көрді. Ауық-ауық НКВД-ға шақырып, әлгі әйелді сұрап тұрады, мамам айтпайды, дұрысы - айта да алмайды, аналар сонда да қоймайды. Тегінде, ана әйел ұсталған адам болса керек, НКВД менің мамамнан әкемнің сол әйелге қандай жақындығы барын айт деп талап қоятын болса керек. Содан әлгілер мамамның паспортын алып қойды да, ол кісі соғыс біткенше паспортсыз жүрді. Біз тұратын үйдегі адамдардың құжаттарын тексере бастағанда мамамның жертөлеге тығылып қалатыны есімде. Әйтпесе, мамамды да ұстап алып кетуі мүмкін еді. "Халық жауының баласы" деген таңбаның әсерін мен де біраз сезіндім. 1965 жылға дейін ешқандай шетелге шығып көрген емеспін.
- Сіз туралы жазылған "Солнечный голос" деген кітапта бұл жайында "Еще до войны семья лишилась отца" деп қана өткен екен.
- Ол кітап 1988 жылы басылған, бұл кезде репрессияға қатысты әңгіме ашық айтыла беретін, сонда да солай өте шығыпты ғой. Біз жылдар бойы әкеміздің ешқандай хабарын біле алмадық. Өлі-тірісінен де хабарсыз болдық. Папамды ұстап әкетісімен біз Семейге қайтып келдік. Қатонқарағайда НКВД бастығы Кулаков пен аупарткомның бірінші хатшысы Герасимовтің үйімен жақсы араласып тұратын едік. Папамыздың жағдайы не болғанын білейік деп, Кулаковтың үйіне барсақ солардың үй қызметшісі әйел бізді көре салып: "Кетіңдер, кетіңдер, сендерге мұнда ешкім көмектесе алмайды. Тезірек кетіңдер!" деп айқайлай бастады. Сол әйелдің ақылы болмағанда біз де бір бәлеге ұрынып қалар ма едік, кім біледі. Ақыры ертеңінде тақтай тиелген жүк мәшинесімен тез көшіп кеттік. Мамамның жанында шиеттей төрт қыз тақырлаған тақтайлардың үстінде келе жатты... Большенарымға жеткеннен кейін "Семга" деген пароходқа мінгеніміз, соған міне бергенде мамамның "Зингер" қол мәшинесін суға түсіріп алғаны, бір жігіттердің суға сүңгіп жүріп әлгі "Зингерді" алып шыққаны есімде қалып қойыпты... Көп ұзамай соғыс басталды. Жасым он бірден асқан кез болса да әлі баламыз ғой, біразға дейін соғыс дегеннің не екенін онша түсіне қойған жоқпын. Кейіннен Семейге эвакуацияланғандар келе бастағанда барып шындап сезіндік соғысты. Біздің құрқылтайдың ұясындай екі бөлмелі пәтерімізде үш отбасы тұрды - жеті ересек кісі, тоғыз бала.
Қиындықты көп, өте көп көрдім. Мектепке баруын барғанмен, жыл бойы оқи алмай-ақ қойдым. Қайта-қайта естен танып қала беретінмін. Мектептен талай рет үйге көтеріп әкелген көрінеді. Жүйкемнің әбден жұқарғаны ғой. Нанның кезегінде тұрғанда "фашисткое отродье" деп мені кезектен шығарып жіберген жағдайлар талай болды. Жылап үйге келсең шешеңнен тағы ұрыс естисің. Бір жолы тұтас бір айдың нан карточкаларын жоғалтып алдым! Енді не істеймін? Бір ай бойы нансыз қалу дегенді ойлаудың өзі қиын. Ақыры амалын таптым. Асханада сығылған бауыр етін сататын. Түнге қарай соны алып қоямын да таңғы алтыда қалаға жүгіріп, дүкенге өткіземін, соның ақшасына нан аламын да үйге келемін. Ай бойы сөйтіп амалдадым. Биылғы Семейдің аязын естіп жатырсыз ғой, соғыс кезіндегі аяз содан кем болмаған шығар. Сондай аязда аяғыма байпақ, қолыма қолғап киіп алып, үлкен пальтомды сүйретіп, Ертістің ар жағынан нан әкелетінмін. 11 жасымнан ересектерге біресе ана шаруаға, біресе мына шаруаға көмектесіп жүрдім де, 13 жасымда ет комбинатына жұмысшы болып орналастым. Мамам сонда істейтін. Төрт баланы шешем екеуміз екі жақтап жүріп, әйтеуір, асырадық.
Соғыс жылдары мені көп нәрсеге үйретті. Әсіресе, еңбекке, ауыр еңбекке қаршадайымнан араласқаным өмір бойына маған көмектесіп келеді. Әншілік - азап жұмыс. Сіз жаңа әңгіменің басында мені жасы елуден асқанда ән салып жүрген әлемдегі жалғыз колоратуралы сопрано деп жазған мақаланы еске салдыңыз. Ал бұл өздігінен келе салатын нәрсе емес. Әнші боламын деген адам өзін өзі аямауы керек. "Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың" дейді ғой қазақ. Мына жасымның өзінде мен тіпті қонаққа бара жатсам да үйде дауысымды баптап аламын. Орысша мұны "распеться" дейді. Ол қонақта менен ән айтуды сұрамауы да мүмкін, сұрамаса мейлі, ал сұрап қалса дауысың бабында тұрмаса ұят болады. Әншілердің арасында айтылатын "Дауысыңды бір күн баптамасаң өзің сезесің, екі күн баптамасаң көршілерің сезеді, үш күн баптамасаң тыңдаушы сезеді" деген сөз бар. Сол рас сөз. Жалпы, әншілер - трагедиялық тұлғалар. Жай адам бір рет өлсе, әнші адам екі рет өледі. Алдымен дауысынан, яғни әнінен айырылғанда өледі. Одан кейін кәдімгі жұрт сияқты жанынан айырылғанда өледі. Солай болғандықтан әншілік өмірімізді ұзартайық деп жанталасып жүреміз. Жаңа сіз үйге кіргенде министрмен сөйлесіп жатқанымды естідіңіз ғой. Мұхтар Абрарұлы Астанадағы Наурыз концертіне шақырып жатыр. Жаңа концерт залында. Акустикасы жақсы деп естіп жатырмыз, қуанып жүрміз. Құдай қаласа барамын. "Гауһартасты" айтсаңыз дейді. Айтамын. (Кеше, 19 наурызда Бибігүл Ахметқызы "Қазақстан" орталық концерт залында мерекелік "Наурыз нұры" концертіне қатысты. "Гауһартасты" орындады - С.А.) Бойымдағы бар өнерімді халқымнан аяп қалған жерім жоқ. Жақында Астанадағы концерттен кейін Еркеғалимен сөйлесіп қалдым. "Осы сен сахнадан қашан кетесің?" деп әзілдейді. Қатар өскен замандасым ғой. Қағытып сөйлей береді. Еркеғалиға айттым, "Сахнадан "Бұлбұлды" айтудан қалған күні кетемін" дедім. Өзі де солай етемін.
- "Бұлбұл" демекші, сіз ол әнді бұрынғыдан сәл басқашалау айтасыз ба, қалай өзі?
- Сәл басқашалау айтпауым мүмкін де емес. Жас келе дауыс өзгермей қоймайды. Бұрынғыдай фа-минорда айтсам мен бір күні сахнада тұрып үзіліп кетермін. Қазір "Бұлбұлды" ре-минорда айтамын. Ре-минорда орындаудың да өзінің бояулары, өзінің артықшылықтары бар. Оны тыңдаушы халқым бағалап жүр деп ойлаймын.
- Семей сізді Галина Серебряковамен жолықтырды. Сіз жайында жазған адамның қай-қайсысы да мұны ауызға алмай кетпейді. Кезінде осы газетте әдебиет және өнер бөлімінің тілшісі болып жүргенімде Әбілмәжін Жұмабаев ағамызға атақты қаламгердің кітабынан сіз жайындағы жазғанын аудартып алған жайым да бар. Онда Галина Серебрякова міне былай деп жазған: "Алғашқы әуезінің өзі сиқырлап тастағандай болды. Дауысы жөн-жүйеге қойылмағандықтан, именіп, дірілдей шықса да, осы ғасырдың ең таңдаулы колоратуралық сопраносына ұқсас тембріне қайран қалдым. 1931 жылы Лондонның Альберт-холынан мен Галли Курчидің бұ жалғанда қайталанбас дауысын тыңдаған едім, енді, міне, қиянда жатқан Семейде ғұмырында ән айтуды әдейі үйреніп білмеген әуесқой әнші қыз дауысынан бақбақтың үпелегі сияқты жеңіл де бір мөлдір шұғылалы әуенді есіттім". Мына әңгімеде өміріңіздегі осы бір белесті оқиғаны айналып өтпеуге тиістіміз деп ойлаймын.
- Галина Иосифовнаның бірінші жолдасы Италияда, Англияда елші болған кісі. Онда жүріп вокалмен айналысқан. Кейін Максим Горькиймен танысып, соның ақылымен Маркс туралы тарихи романдар жазуға кіріскен. Семейге жер аударылып келген. Галина Иосифовна мені көркемөнерпаздардың облыстық байқауында алғаш рет көрді. Байқау лауреаты деген дипломымды алып шыға берсем алдымнан сұлу жүзді, сымбатты әйел кездесті.
- Танысып қояйық. Атың кім? - дейді.
- Галя, - дедім.
- Неге Галя дейсіз?
- Мені ол кезде бәрі Галя дейтін. Қалай солай атап кеткенін білмеймін. Папам "Күлтәй" дейтін. Содан шыққан ба, қайдам. Жаңағы кісі: "О, жақсы, менің де атым Галя. Дауысың тамаша екен. Саған консерваторияға барып оқу керек", деді. "Мен онсыз да консерві цехында жұмыс істеймін ғой", деймін... Ол кісі жымиып күліп қойды. Сөйтсем, мен консерватория консерві жасауды оқытатын жер екен деп ойлаппын...
Галина Иосифовна - менің өмірімді өзгертіп жіберген адам. Алғаш көрген шын мәніндегі, сөздің толық мағынасындағы интеллигенция өкілі де мен үшін сол кісі еді. Мұндайлық жүрегі кең адамды мен кейін де сирек кездестірдім. Галина Иосифовна менімен күн сайын дерлік вокал сабақтарын өткізіп отырды. Дикциядан, артикуляциядан бастап, айналасы 2-3 айдың ішінде дауысымды орнына қойып берді. Шаляпин, Нежданова, Собинов туралы неше түрлі әңгімелер естідім, Пушкин, Лермонтов, Есенин поэзиясының сұлулығын мен алғаш рет сол кісінің өлең оқуынан сезіндім, Француз революциясы, Маркстің өмірі жайындағы ғажайып сырларға қанықтым. Галина Иосифовна мені ән мәтіндерін терең ұғынуға үйретті. Романстарды дайындау кезінде оның пайдасын талай көрдім. Романс деген әдетте екі-ақ шумақтан тұрады ғой, соның мәтінін маған тапсырғанда шығарманы түгел беруді талап ететінмін. "Оны қайтесіз, сіз бәрібір екі шумағын ғана айтасыз ғой?" деп таң қалатын дирижерлер. Шығарманы түгел оқығанда ғана әлгі екі шумақты толық сезінуге болады дейтінмін. Опералық партиялардың "ішіне еніп кету" үшін де сол заманды суреттеген романдарды оқып алғаннан әнші тек ұтады. Галина Иосифовнаның алдына барғаннан кейін-ақ дауысым құбылып, құлпырып, жаңа бояулармен қанығып, күшейіп кетті. Бұған не болып қалды деп айналамдағылардың бәрі таңданатын. Ол кісі мені 1948 жылы Алматыда өтетін республикалық олимпиадаға әзірледі. Олимпиадада орындау үшін Хамидидің "Қазақ вальсін", Туликовтің "Шаттық вальсін", Штраустың "Көктемгі әуендерін" дайындадық. Сол жылғы жазда олимпиадада жеңіске жетіп, жюри мүшелерінің ұсынысына сәйкес консерваторияға қабылдандым. Оқуға қабылдана салысымен қуаныштан құстай ұшып Семейге жетейін, вокзалдан тіке Галина Иосифовна тұрған үйге барайын. Барсам - есігі тұрмақ, терезелеріне дейін жауып тастапты. Сөйтсем, Галина Иосифовна үшін айдаудағы жылдардың тағы бір белесі басталған екен. Алматыға алып кетіп, осында жеке камерада екі жыл ұстапты, онда Лидия Руслановамен қатарлас камерада отырыпты, екеуі қабырға арқылы тықылдатып сөйлеседі екен, одан кейін Жамбылға жер аударыпты... Біз 1958 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі күндерінде ғана кездесе алдық. Одақтар үйіндегі Бағаналы залда Мұхамеджан Қаратаев ағай: "Жүр, сені іздеген адаммен кездестірейін", дейді. Қарасам - Галина Иосифовна! Тура жоғалған қызы табылғандай қуанып жатыр. Қызы демекші, ол кісі мені туған қызындай көрді. Кейін, Переделкинодағы үйіне барған сайын өзінің қыздарына дереу телефондап, "Дочка приехала!" деп жататын, байқауымша, қыздары сол сөзіне кәдімгідей қызғанып та қалатын. Переделкинодағы үйден мен Сәкен Сейфуллиннің, Сәбит Мұқановтың фотоларын көргенмін.
- Кешіріңіз, сіз ол кісімен жақын сырлас бола алдыңыз ба? Кездесіп, сөйлесіп жүргендеріңізде Сәкен ағамыз туралы ештеңе айтқан емес пе?
- Сіз сұрағалы тұрған мәселе жөнінде маған ештеңе айтқан емес. Ол жағын өзім де қозғаған емеспін. Жас алшақтығымыз да біраз еді ғой.
Галина Иосифовна кейін мені Лениндік сыйлыққа ұсынғанда да қатты қуанып, тілектес болып жүрді, концертіме арнайы келді.
- Бибігүл Ахметқызы, адамның бүкіл өмірін қамти әңгімелейтін көлемді сұхбатқа дайындалғанда журналистің мынаны мынадан кейін сұрармын, ана тақырыптан кейін ана тақырыпқа ауысармыз деп іштей ойластыратыны, кейде сол сұрақтарының ретін қағазға алдын ала түсіріп қоятыны да болады. Лениндік сыйлыққа ұсынудың жайын кейінірекке қалдырғалы отыр едім, енді осы тұста сұрауға тура келетін сияқты. Сіз 1970 жылғы ол сыйлыққа Людмила Зыкинамен қатар ұсынылдыңыз. Сізді ұсынғанда сыйлыққа Зыкинаның да түсіп жатқанын біздің басшылар білді ме?
- Білді. Ілияс Омаров мені шақырып сөйлескен. "Мәскеуге бар, саған сенеміз", деген. Димаш Ахметұлының қолдап отырғанын айтқан. Жалпы, ол сыйлықтың іріктеу сындарының бәрінен жақсы өттім дей аламын. Өз концертімді консерваторияның Шағын залында бердім. Концерттен кейін сұңғақ бойлы, ер тұлғалы бір кісі жаныма келіп, қолымды алды да: "Абыржымаңыз, комиссия сізді қолдайды", деп кетіп қалды. Сөйтсем, ол кісі Шыңғыс Айтматов екен. Оған дейін жүзін тіке көрмеген соң танымаппын. Концерт жиналған жұртшылыққа да, комитет мүшелеріне де қатты ұнағанын анық сезіндім. Алдыңғы жақта шашы аппақ қудай бір кісі ауық-ауық көзін орамалымен сүртіп отырды. Георгий Свиридов екен. "Ол кісі ән қатты ұнаса осылай кейде жылап тыңдайды. Бұл - өте жоғары баға. Жолыңыз ашылып тұр", деді білетін біреу. Шынында да, комиссия маған бес баллдық жүйемен "бес" қойыпты. Зыкинаның концертінен кейін "үш" қойылыпты. Жарайды деп, қалғанын бір құдайға тапсырып, Алматыға келдім. Д.А.Қонаев қабылдады. Жүзі қашандағыдай жылы, бірақ сөзі салқын естілді. "Қызым, жақсы айтыпсың, естідім. Келесі Лениндік сыйлық сенікі болады", деді. Таңданып қалғанымды түрімнен танығаны болар, "Сейчас ты ездила для протокола" деп орысшалап қосып қойды. Үлкен кісінің алдынан түкке түсінбей, дал болып шықтым. Артынша Киевтен Дмитрий Гнатюк телефон соқты. "Сен неге биыл түстің? Ана әйел ешкімге жол бермейді. Мұндағылар мені ұсынғалы жатыр еді, өзім бас тарттым. Сен бекер түстің", деді. Сөйтсем, Людмила Зыкина министр Фурцеваның көңілі жақын құрбысы екен. Оған сыйлыққа ұсыну қорытындысы шыққанда көзім толық жетті. Екатерина Алексеевна комитет мүшелерінің бәрін жинап, "Төлегенова тамаша әнші, бұл сыйлықты ол түбі қалайда алады, ал Лениннің 100 жылдығында Лениндік сыйлықты орыс әншісі алуы керек", деп ашықтан-ашық тапсырыпты. Мұны маған кейін, көп жылдар өткенде Шыңғыс Айтматов айтты. Жұрттың бәрінің тәртіпке бағынған кезі еді ғой, министрдің дегені болыпты. Әйтсе де, сол сыйлыққа ұсынылу кезіндегі жазылған пікірлер тасқа басылып қалып қойды. Тихон Хренниковтің: "Бибигуль - казахский соловей, Бибигуль исполняет песни, как птица" дегені, Шыңғыс Айтматовтың: "Голос ее звучит божественно... Перед нами предстала великая певица" дегені комитеттің қалай дауыс бергенін аңғарта алады деп ойлаймын.
Жалғасы...