Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4360 0 пікір 19 Сәуір, 2010 сағат 15:41

Ержан ҚАРАБЕК. Жарты ғасыр жауапсыз қалған махаббат

Азаттық радиосы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұрған есімді қырғыз қызына деген балаң махаббаты жайлы бұған дейін көпшілікке белгісіз болып келген сырдың бетін ашты. Тура кинодағы тәрізді, екі жастың махаббатына үшінші біреу киліккен.

Азаттық радиосы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұрған есімді қырғыз қызына деген балаң махаббаты жайлы бұған дейін көпшілікке белгісіз болып келген сырдың бетін ашты. Тура кинодағы тәрізді, екі жастың махаббатына үшінші біреу киліккен.

ҚАРАҒАНДЫДАН КЕЛГЕН ҰШАҚ

1961 жылғы қараша айының басында Бішкек (сол кездегі Фрунзе) қаласының әуежайына шағындау ұшақ келіп қонды. Ақ жейдеге қара галстук таққан, костюмшең, басында қалпағы бар сымбатты жігіт ұшақ баспалдағымен жеңіл басып түсіп келе жатты. Бұл - Қазақстанның болашақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Ол шамасы бұл жаққа бейресми, достық сапармен келген болса керек. Бұл кезде оның жасы небары 21-де ғана болатын. Дегенмен бұл оның партиялық мансапты қызмет баспалдағына аяғын енді ғана басқан кезі еді.

Болат қорытушының беделді мамандығын игерген жас жігіттің қалтасына біраз ақша да түскен. Нұрсұлтан өзінің жақын досы Мараттың үйлену тойына келген еді. Дәретханасы далада тұрған шағын жер үйдің бір бөлмесі алдағы он күнге оның резиденциясы болды.

Осынау кішкене үйде болған үйлену тойына қатысудан өзге Нұрсұлтанның тағы бір маңызды шаруасы бар еді. Ол мединститутта оқитын Тұрған есімді жас студент қыздың ата-анасынан рұқсат сұрауға да келген.

Жастар бір-бірін 1958 жылы Шамалған ауылында алғаш рет көргеннен бері хат алысып тұратын. Бұдан соң Нұрсұлтан Украинаға болат қорытушының оқуына кетіп, ол жақтан 1960 жылы Теміртауға дипломды жұмысшы болып оралған. Бұл кездері Нұрсұлтанның анасы Фрунзедегі жас студент қыз Тұрған Әбдікерімоваға алма мен құрттан сәлем-сауқат салып тұратын. Тұрған олардың көршілес қырғыз жайлауындағы бұрыннан бері араласып тұратын достарының жиен қыздары еді.

Оларға дәнекер болған тағы бір адам - Тұрған қыздың ауылдасы және жақын туысы Марат Ақматаев болатын. 1958 жылы қазақтарға

құда түсуге келген қырғыздар Шамалған ауылындағы Назарбаевтардың шағын үйіне тоқтап, Нұрсұлтан мен Тұрған осы кезде танысқан еді. Тұрған Нұрсұлтанның анасы Әлжан апаның өзіне қандай қамқорлықпен, мейіріммен қарағанын әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Болашақ президенттің қарапайым шаруа әкесі Әбіш те, олардың отбасындағы ерекше бір жылылық та есінде.

Марат Ақматаевтың ата-анасы да Нұрсұлтанды өз ұлдарындай жақсы көрді. Көп ұзамай Нұрсұлтан құрдас досы Марат Ақматаевты алыстағы бейтаныс Украинаға оқуға баруға көндірген. Днепродзержинскідегі техникалық училищеде олар бірге оқыды. Нұрсұлтан мен Марат әлі күнге дейін жақсы достар.

Нұрсұлтанның ата-анасына қарағанда Мараттың әке-шешесі бақуатты тұратын. Мараттың әкесі атақты жылқышы еді. Олар өздері тұратын Кіші-Кемин ауылында «Волга» машинасын бірінші болып алды, Фрунзеден де ауылдастарының арасынан алғашқылардың бірі болып үй сатып алды. Алайда, Марат еңбек жолын жұмысшылықтан бастады.

Марат досы Октябрь революциясының кезекті мерекесі күні - 7 қарашада үйлену тойын жасамақ болған кезде, Нұрсұлтан екі мың градустық домна пешінде болат балқытып жүрген еді. Жақсы хабарды ести салысымен Нұрсұлтан бір аптаға демалыс алып, Фрунзеге тартты. Ол кездері екінің бірі ұшақпен ұша бермейтін. Тіпті дәл сол Фрунзедегі ірі партиялық басшылардың өзі алыстағы Мәскеуге пойызбен бес-алты күн жүріп баратын. Алайда Нұрсұлтан асығыс болатын. Оған Тұрған қызбен арадағы мәселені де шешіп алу керек еді.

Бірақ Нұрсұлтанның дегені болмады. Әкесі қызын «алыстағы Қазақстанға» бергісі келмеді. Бұған шамданған Нұрсұлтанның көңілі Тұрғанның ең жақын дос қызы - Зина Чыныбаеваға қарай ауып кетті. Алайда бұл жағдай Маратқа ұнаған жоқ. Сондықтан ол Нұрсұлтан мен Зинаның арасына сына қақты.

Әлқиса, құрметті оқырман, Нұрсұлтанның белгісіз балаң махаббаты туралы хикаямызды бастайық.

ЗИНАНЫҢ МАХАББАТЫ

Фрунзе медицина институтының бес қабатты жатақханасы бүгінде қалалық ауруханаға берілген. Шуға толы дәліздер, қарапайым ғана төсеніштер төселген, кереуеттің тұсына плакаттар ілінген студенттік бөлмелердің аурухананың тып-тыныш палаталарына айналғанына да біраз уақыт болған. Дәрінің иісі мұндағы советтік әтірлер мен иіссулардың, ерін бояғыштардың хош иістерін әлдеқашан басып кеткен.

Студенттік жатақхананың бір бөлмесінде Тұрған, Зина, Наташа және Надя есімді төрт қыз бірге тұратын. Кешке қарай олар көрікті жігітке

тұрмыcқа шығу, институттан соң жақсы жерге жұмысқа орналасу сияқты алаңсыз, бақытты болашақ жайында бір-бірімен армандарын бөлісетін. Енді қалай дейсіз - жақында ғана, 1961 жылдың сәуір айында советтік жас жігіт Юрий Гагарин бірінші болып ғарышқа ұшқан; советтік басшы Никита Хрущев коммунизмнің жақындап қалғанын, ол кезде ақшаның қажет болмайтынын, ал дүкендерде сатушылардың тұрмайтынын күн-түн демей қайталаумен болатын.

Қыздар коммунизмді тіпті де көрмейтіндерін, ал алыстағы Қазақстаннан келетін келбетті жас жігіт Нұрсұлтан Назарбаевтың олардың ешқайсысына да бұйырмайтынын білген жоқ, әрине. Нұрсұлтан кете салысымен-ақ ренжісіп қалған екі дос қыз бұдан соң өмір бойы кездеспейтінін де ойлаған жоқ.

Нұрсұлтан Тұрғанды іздеп барған болатын, бірақ Зинаға үйленбек оймен қайтты. Бірақ үйленген де жоқ, бұдан соң ол екі қыздың бір де біреуін ешқашан көрген де емес.

Нұрсұлтан патшалық парасатпен келді. Ол Тұрғанға бір құшақ гүл сыйлады. Әлгі гүлдер осы уақытқа дейін қыздың есінде. Ол көкшіл түсті хризантема гүлі болатын! Нұрсұлтан тағы жүннен тоқылған екі свитер алып келіпті. Содан соң Тұрғанға шұлық сатып алып берді. Тұрған бір свитерді дос қызы Зинаға сыйлады. Бірақ көп ұзамай свитермен қоса Зина оның жігітін де алып кетті.

Осы бір жайсыз оқиғадан көп өтпей Зина да, Тұрған да қырғыз жігіттеріне тұрмысқа шықты. Бірақ екеуі де ерте жесір қалды. Зина да, Тұрған да балалы-шағалы болып, немере сүйді. Бірақ, Нұрсұлтанға деген баяғы балаң махаббат көңілдің түкпірінде жатыр.

Оқта-текте еске түсіп, жүректерін сыздатып та қояды. «Егер Нұрсұлтан маған үйленгенде тағдырым өзгеше қалыптасар ма еді, бақытты да бай болар ма едім». Зина да, Тұрған да осылай ойлайды. Зина да, Тұрған да ғылыммен айналысты, диссертацияларын қорғады. Жастары 70-ке келгеніне қарамастан олар әлі күнге дейін медицина саласында жұмыс істеуде. Бірақ соңғы 50 жылдың ішінде бұрынғы дос қыздар бірімен бірі бір-екі рет қана кездескен.

Біздің бұл шағын зерттеуімізді жүргізуге 2010 жылдың 19 ақпанында қырғыздың «Ағым» газетіне Зина Чыныбаеваның берген сұхбаты түрткі болды. Сұхбат «Назарбаев екеуіміз қыз-жігіт болғанбыз» деп аталады.

Журналист Назгүл Қалмамбетова әңгімені жап-жас Зина мен Нұрсұлтанның қалай танысқан кездерінен бастаған. Газеттің бір бетін тұтас алған сұхбатта Нұрсұлтанның Фрунзеге қалай келгендігі айтылады. Марат ең жақын досын өзінің жиеніне үйленер деп ойлапты. Сөйтіп, достығымызға қоса туыстасып кетерміз деп үміттенген. Алайда, Зинаның айтуынша, Нұрсұлтанның көзі Тұрғанға емес, оған түскен.

Нұрсұлтан қонақта бір апта болған. Осылайша жастар жұптарын жазбай барлығы бірге киноға, көрмелер мен мұражайларға барған. Қонақта болып, ескерткіш үшін суретке түскен.

Нұрсұлтан әзілқойлығымен, ақжарқын мінезімен және жастық жалынымен, гитарада, аккордеонда ойнай алатындығымен қырғыз достарын тамсандырған. Нұрсұлтан түрлі әндер айтып, үнемі елдің назарында болған. «Келбетті, көңілді жігіт аккордеонда жан

"Біз бір-бірімізге махаббат туралы, бір-бірімізді сағынып, көргіміз келетіндігі жайында жазатынбыз."

тебірентерлік әуендер ойнаған».

- Нұрсұлтан еліне кетіп, екеуіміз жиі хат алыса бастадық, - дейді Зина. - Біз бір-бірімізге махаббат туралы, бір-бірімізді сағынып, көргіміз келетіндігі жайында жазатынбыз.

Зина мен Нұрсұлтан бір жыл бойы хат алысып тұрады. 1962 жылдың жазына қарай Нұрсұлтаннан хат сап тиылады. Зина Теміртаудан хат келіп қала ма деген үмітпен бас поштаға үнемі барып тұратын.

Нұрсұлтан неге хат жазғанды қойды? Бұған дейін апта сайын бір хат жіберіп тұрушы еді ғой. Назарбаевтың сарай жылнамашысы, оның саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Қазақстан және Назарбаев: өзгерістер логикасы» атты кітабында 1962 жылдың ақпан айында Нұрсұлтан Қазақстан комсомолының съезінде керемет сөз сөйледі деп жазады.

Сөзін сол кездері жұлдызы жанып келе жатқан ақын Олжас Сүлейменовтің өлеңімен бастаған жас металлургтің екпіні аудиторияға қатты әсер еткен. Жас Нұрсұлтанды дәл сол жерде-ақ Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің мүшелігіне, ал Мәскеудегі съезде бүкілодақтық комсомол ұйымының Орталық комитетінің мүшелігіне кандидат етіп сайлайды.

Қырғыз қызымен асығыс сүйістен басталған Нұрсұлтанның махаббатына тоқтау салған не еді? Оларда сүйіскеннен басқа ешнәрсе

болмаған. «Ол кездері секс-мекстің не екендігін білмейтінбіз. Ол кездің жастары өзін-өзі ұстай білетін, мәдениетті болатын», - дейді Зина Азаттық радиосының тілшісіне.

Жастардың араларының сууына Нұрсұлтанның жақын досы Марат ықпал еткен болып шықты. «Бір жолы поштадан Нұрсұлтанның кезекті хатын алып келе жатқанмын. Жолда таныс жігіт кезігіп қалды. Біз біршама уақыт әңгімелесіп тұрып қалдық. Ал бізді өтіп бара жатқан троллейбустың ішінде отырған Марат көріп қалыпты. Ол Нұрсұлтанға Зинаны әлдебір жігітпен көрдім деп хат жазған», - дейді Зина «Ағым» газетіндегі сұхбатында.

Бұл жерде ол Ленинградтағы аспирантурадан соң 1975 жылы Фрунзеге келген кезде Мараттың өзінің айтқан сөзін дәлелге келтіреді. «Бір жолы аялдамадан Маратты жолықтырып қалдым. Ол

"Ол кездері секс-мекстің не екендігін білмейтінбіз. Ол кездің жастары өзін-өзі ұстай білетін, мәдениетті болатын."

маған: «Зина, білесің бе, Нұрсұлтан екеуіңнің араларыңның ажырауына себепкер болған менмін. Сенің әлдебір жігітпен әңгімелесіп тұрғаныңды Нұрсұлтанға жазып жіберген едім. Сендерге мен кедергі жасадым» деп мойындады».

Бірақ барлығы кеш болатын. Бұл кезде Зина тұрмысқа шығып үлгерген еді. Нұрсұлтан да үйленіп, 1970 жылдардың орта тұсында Қарағандыда үлкен партиялық қызметтерге дейін өсіп, Карметкомбинат қамымен Мәскеуге жиі барып тұратын. Зина мүмкіндігінше Нұрсұлтанды назардан тыс қалдырмай, кездейсоқ кездесіп қалған қарағандылықтардан жаңа өсіп келе жатқан партиялық жас қайраткердің тағдыры жайында сұрастырып отыратын.

Нұрсұлтан көршілес тәуелсіз елдің президенті ретінде Бішкекке келе бастағанда бір жолы Зина онымен кездесуге әрекеттенеді. Таныстары арқылы Назарбаевқа хат беріп жібереді. Шамасы хат жетпесе керек. «Тіпті көрген күннің өзінде оның мені тануы екіталай еді», - дейді Зина.

ЖАСТАРДЫ АЖЫРАТҚАН МАРАТ ПА?

Сол бір 1961 жылғы қарашадағы оқиғалардан бері жарты ғасырдай уақыт өтті. Сонау алыста қалған күндердің оқиғаларын біртіндеп қалпына келтіруге тура келді. Бірақ, Нұрсұлтанның қырғыз досының үйінде нақты қанша жатқанын анықтау қиын болды.

Оның бұл сапарының мерзімін анықтауға мына жағдай себепші болып отыр. Бір нұсқа бойынша, Нұрсұлтан өзінің қолы жетпеген сүйіктісі Тұрғанның ең жақын дос қызы Зинаға көңілі ауып, Тұрғанды орынсыз ренжіткенін түсініп, оның көңілін аулау үшін Фрунзеде көбірек аялдап қалған. Ол үшін өтірік сырқат болғансып, «ауырды» деген қағаз алған.

Ал екінші бір әңгіме бойынша, Зина мен Нұрсұлтанның орталарында ешқандай махаббат болмаған. Досының үйлену тойы өтісімен Нұрсұлтан 9 қараша күні кері қарай ұшып кеткен.

Бұны Нұрсұлтанның айрылмас досы - Марат айтады. Біз 1961 жылғы махаббат романына қатысушы бішкектік кейіпкерлердің барлығын

тауып сөйлестік. Әрине, арада ондаған жылдар өткен соң кейбір маңызды деген жайттар қарама-қайшы реңктер алып кеткен.

Жылдам өрбіген романның кейіпкерлері бірін-бірі өтірік айтады деп әшкерелеп, шындықты боямалайды немесе жасырады деп айыптайды. Таласқа түскен махаббат және ересек балаларының, немерелерінің болуына байланысты біз де кейбір жайттарды ашпаймыз. Оның үстіне, біздің ойымызша, олар соншалықты маңызды да емес.

Бірақ Нұрсұлтан мен Зинаның араларының сууына кінәлі, шынымен де Марат па? Марат Ақматаевтың өзі бүгін Қырғызстандағы байсалды адамдардың бірі. 2006 жылы Назарбаев оны Астанадағы Ақордасына өзінің кезекті инаугурация салтанатына да шақырды.

Бізге Марат Ақматаевпен телефон арқылы сөйлесудің сәті түсті. Нұрсұлтан мен Зинаның

"Өзіңізді Нұрсұлтанның орнына қойып көріңізші. Бір қызға құда түсу ниетімен келіп, екінші бір қызбен жүріп кетер ме едіңіз? Бұл өтірік, Зина өтірік айтады."

арасындағы «бұл романның өзі атымен болмағандықтан» оның оған қандай да бір қатысының болуы да мүмкін емес дейді Марат.

«Қыздар не болса соны айта береді. Қалай бұл өзі? Өзіңізді Нұрсұлтанның орнына қойып көріңізші. Бір қызға құда түсу ниетімен келіп, екінші бір қызбен жүріп кетер ме едіңіз? Бұл өтірік, Зина өтірік айтады. Зинаны содан бері көрген де емеспін, тіпті оның хал-жағдайынан да хабарым жоқ», - дейді Марат Ақматаев.

Бізбен әңгімесінде Марат Ақматаев Нұрсұлтанның Тұрғанға үйленбек ойы болғанын растады. Бірақ қыздың әкесі Қарағанды алыс болғандықтан қызын беруден бас тартқан. Бұл жерде ескере кететін тағы бір жағдай, ол кездері Тұрғанның әкесі ауылсоветтің төрағасы, ауылдағы беделді адамдардың бірі болған. Мараттың ойынша, қыздың әкесі өзінің беделін де ойласа керек.

Бірақ бұл кезде Нұрсұлтан да оңай оспақ адам емес болатын. Дәл сол тұста ол танылып қалған комсомол жетекшісі болатын. «Қыздың анасы күйеуінің шешіміне өкініш білдірді. Сен бекер бұлай істедің, қарашы, Нұрсұлтан қазірдің өзінде ұшақпен ұшып жүр. Оның болашағы бар» деп айтқанын еске алады Марат.

Бірақ болар іс болды, қызды Нұрсұлтанға бермейтін болды. Тарих көрсеткендей, бұл Қазақстанның болашақ президентінің жеке өміріндегі алғашқы сәтсіздік емес еді.

«Нұрсұлтан 1961 жылдың 7-8 қарашасында Фрунзеде болып, 9 қарашада Қарағандыға ұшып кетті. Арада бір жыл өткен соң, 1962 жылы ол Сараға үйленді», - деп осыдан жарты ғасыр бұрын болған оқиғалардың түйінін Марат Ақматаев осылай жасайды.

ТҰРҒАНҒА АРНАЛҒАН БІР ҚҰШАҚ БАҚЫТ ГҮЛІ

Зина сияқты Тұрған да Нұрсұлтанның хаттарын сақтамаған. Сондықтан Назарбаевтың қазымыр өмірбаяншыларына олар ешнәрсе көрсете алмайды. Бірақ бірге түскен фотосуреттері, бұл романға қатысы бар әйелдердің әңгімелері мен оқиға куәгерінің куәлігі бар. Тұрғанның айтуынша, олар Нұрсұлтан екеуі 1958 жылдан таныс болған. Ал 1959 жылдан бастап хат жазыса бастаған. Нұсұлтан әр жолы бір дәптерді толтырып хат жазатын болған.

Нұрсұлтан хатында не жайында жазды? Зина ол махаббат туралы, жалпы тақырыптар жайында жазып, саясат туралы жақ ашпады десе,

Тұрған керісінше, жас металлургтің хаттарынан саяси тақырып қатты байқалып тұратынын айтады. 1959 жылы жазда Теміртауда болған қанды көтеріліс жайында жазғаны есінде қалыпты. Бүлік шығарған жұмысшылар алдыңғы қатарға қойған қарусыз әйелдер мен балаларға қарсы оқ атуға әскерге бұйрық берілгені Нұрсұлтанға қатты әсер еткен.

Бұл оқиғаның Совет Одағында соғыстан кейінгі кезеңде халықтың мемлекетке білдірген ең үлкен наразылығы болғандығы белгілі. Металлургтер қаласы Теміртау өте асығыс түрде салынды. Жұмысқа мыңдаған адамдарды шақырғанымен, оларды материалдық жағынан қамтамасыз ету мәселесі толық қарастырылмаған болатын. Құлдық жұмысқа гулагтық тәсілмен мәжбүрлеуге енді болмайтын еді.

Азаттық радиосына Тұрған Әбдікерімованың айтқанындай, Нұрсұлтанның алған әсері бойынша, бүліктің басталуына мына жайт себеп болған. Жағдайлары болмай жүрген жұмысшылар көршілес концлагерде немістің әскери тұтқындарына фарфор ыдыстармен тамақ беретіндігін біліп қалған.

Ал дәл осы кезде жұмысшыларға шіріп кеткен азық-түліктен пісірген тамақты алюминий табаққа салып беретін еді. Мыңдаған адам қатысқан бүлік бұрқ ете қалды. Қанға бөккен бұл бүліктің құпиясы осы күнге дейін ашылған жоқ. Халыққа қарсы оқ атылған оқиғаны Нұрсұлтан үлкен өкінішпен, шермен жазған.

Нұрсұлтан Тұрғанға оқиға куәгерлерінен естігенін жазса керек. Өйткені көтеріліс болған кезде ол әлі Украинада оқып жүрген болатын. Оқудан 1960 жылдың жаз айында келді. Бұл кезде жастар әлі хат алысып тұратын. Сөйтіп, 1961 жылдың қараша айында рұқсат сұрап келген Нұрсұлтанға әкесі қызын беруден бас тартқан.

Тұрған бұл жайға өзін де кінәлі санайды. «Иә, әкем рұқсат бермеді. Ол кездері ата-анаға қарсы келу деген болмайтын. Бірақ менің өзім де мединституттағы оқуымды бітіргім келді. Оқудың бітуіне әлі екі жыл бар болатын. Нұрсұлтан Қарағандының мединститутына ауысуымды ұсынды. Бірақ әкем тым алыста деп, рұқсатын бермеді». Өзінің айтуынша, Тұрған әлі сезімімізді тексеріп, күте тұрайық десе керек.

«Бірақ осы кезде ең жақын құрбым біздің арамызға түсті!» - дейді Тұрған. Бір жолы жастардың барлығы қонаққа барған. Семинарға

дайындалуы керек болғандықтан Тұрған жатақханада қалып қойған. «Олар қонақтан түн ортасында келді. Ал Нұрсұлтан маған: «Біз Зина екеуіміз үйленетін болдық», - деді. Мен не деймін? Бір кеште олардың арасында не болып үлгергенін білмеймін. Онда бақытты болыңдар дедім. Басқа не дейтін едім?»

Жас оқырмандарымыз үшін айта кетейік, Нұрсұлтан мен Тұрғанның арасында да жай ғана сүйістен өзге ешнәрсе болмаған. «Біз тек қана сүйістік. Басқа жай туралы әңгіме етуге де болмайтын, ол кездегі тәртіптің өзі қатаң еді. Әжем маған өз абыройымды тұрмысқа шыққан уақытқа дейін сақтауым керектігі жайында үнемі ескертіп отыратын», - дейді Тұрған.

Ең жақын деген дос қызының сатқындығын Тұрған, арада 50 жылдай өтсе де, кешірген жоқ. Көп ұзамай қыздар да институтты бітірді. Біреуі соңғы курста, екіншісі сәл кейінірек күйеуге шықты. Зина жолдамамен Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласына аттанды. Тұрған күйеуімен бірге елдің солтүстігіндегі Тоқмақ қаласына кетті. Бірақ Тұрғанның күйеуі ертерек қайтыс болып, ол Фрунзеге қайтып келді.

1975 жылы Зина да Фрунзеге қайтып келіп, Ленинградтың аспирантурасын бітірген соң кандидаттық диссертация қорғады. Осы оқиғаны атап өткен кезде қонақтардың арасында Тұрған да болды. Бұдан кейін олар кездескен емес. Зина қазір қалалық диагностикалық орталықта жұмыс істейді. Құлақ, мұрын дәрігері. Тұрған өзі оқыған институтта, қазіргі Қырғыз

"Нұрсұлтан маған: «Біз Зина екеуіміз үйленетін болдық», - деді. Мен не деймін? Бір кеште олардың арасында не болып үлгергенін білмеймін. Онда бақытты болыңдар дедім."

медициналық академиясының микробиология кафедрасында жұмыс істейді. Жақында Зина Тұрғанға телефон шалып, Нұрсұлтан үшеуі бірге түскен фотосурет сақталып па еді деп сұраған еді. Бірақ Тұрғанның онымен сөйлескісі келген жоқ.

ӨМІРЛІК РЕНЖІСУ

Жұрт арасында алғашқы махаббат бақытты болмайды деген пікір қалыптасқан. Әрине, сәті түспеген, азғырушылардың кесірінен бұзылған алғашқы махаббат сезімі әркімде де бар. Бірақ Нұрсұлтанның қырғыз қыздарына қатысты оқиғаға келсек, әңгіме басқашалау.

Қыздар жігіттің жігітін уыстан шығарып алған. Сессия кезінде болсын, жай күнделікті тіршілікте болсын өзі талай рет көмектескен ең жақын дос қызының сатқындығын Тұрған еш кешіре алмады.

Иә, Тұрған мен оның әкесі Нұрсұлтанның өтінішін қабыл алған жоқ. Бірақ бұл жайт ең жақын дос қызының араға түсіп, жігітті алып

кетуіне себеп болмауы керек қой! Тұрған осылай деп ойлайды. Ал Зинаның пікірінше, Нұрсұлтан екі қызды да бірдей алғаш рет көрген. Сондықтан мүмкіндіктеріміз де бірдей еді, бұл таза бәсекелестік болатын деп ойлайды ол.

Алайда Мараттың әңгімесінде бұл эпизод жоққа шығарылады. Мараттың айтуынша, «Нұрсұлтан мен Зинаның арасында ешнәрсе болған жоқ. Ал Тұрғанның әкесі Нұрсұлтанды ренжітпеуі керек еді. Жас кезде біреуді ренжітсең, ол өмір бойына есінде қалып қояды», - дейді Марат Ақматаев.

«Көңілі Зинаға қарай ауып кеткен Нұрсұлтан көп ұзамай қандай қателік жібергенін түсінді. Ол менен Зинамен арадағы достығымызды бұзғаны үшін кешірім сұрады. Тіпті бір аптаға бюллетень алып, Фрунзеде қалып қойды. Ал мен не айта алатын едім? Сатқындықтың аты - сатқындық. Мен оны да, Зинаны да кешіре алмадым», - дейді Тұрған.

Нұрсұлтанның бюллетень алып Фрунзеде тағы бір аптаға қалып қойғанын Зина да растайды. Жалпы алғанда бұл жай еңбек пен

" Көңілі Зинаға қарай ауып кеткен Нұрсұлтан көп ұзамай қандай қателік жібергенін түсінді. Ол менен Зинамен арадағы достығымызды бұзғаны үшін кешірім сұрады. "

комсомолдық тәртіпті бұзу болып табылатын. «Мен бюллетень алуға көмектесуін сұрап, таныс оқытушыма бардым. Тұрмысқа шығайын деп жатырмын, сол себепті күйеу жігіттің осында болатын мерзімін ұзарту керек дедім. Ол кездері бюллетень алу өте қиын болатын», - деп еске алады Зина бізбен әңгімесінде.

Бірақ Марат Зинаның бұл айтқанын жоққа шығарады. Ал Тұрған Нұрсұлтанның сол сапарына қатысты кейбір жайттарға қатысты өзгеше пікір айтады. Бірақ бұлардың барлығы елеусіздеу ғана айырмашылықтар. Ең бастысы, біздің көз алдымызда үш адамның, тіпті төрт адамның тағдырлары тұр. Кейбір үзік-үзік әңгімелерге қарағанда, Мараттың өзінің бір кездері Зинада көңілі болып, бірақ «қыздың оған қарамай қойғанын» байқауға болады. Дегенмен бұл эпизодты зерттеудің өзі қиындау. Сондықтан үш адамның айналасында ғана әңгімелеген дұрыс болар.

Жарты ғасырға созылған бұл реніштердің құпиясы біреу-ақ, ол - махаббат. Зина да, Тұрған да осы күнге дейін Нұрсұлтанды жақсы

көреді. Олар онымен кездескісі келеді. Оларды қызықтырған адам ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Көз алдарында жүр. Бірақ Нұрсұлтан Зина мен Тұрғанды есіне сақтады ма екен? Ал есіне түскен күннің өзінде олармен кездесуге бес минут уақыт таба ала ма екен? Өйткені Украинада болған жас кезіндегі досымен ол таяуда кездесті ғой.

Қыздар Нұрсұлтанды не үшін жақсы көрді екен? Бұған екі қыздың да қайтарар жауаптары бірдей: «Қалай жақсы көрмейсің?! Ол өте сұлу, көрікті жігіт болатын. Жақсылап ән салатын, гитарада, аккордеонда ойнайтын. Орыс, украин тілдерін білетін. Тұрған Нұрсұлтанның ағылшынша білетіндігі жайында айтқанын еске алады. «Нұрсұлтан мейірбан, тәкаппар, өзіне-өзі сенімді болатын», - дейді қыздар.

Нұрсұлтан өте көп ән салатын. Абайдың Әйгерімге арнаған әні қыздардың есінде қалып қойыпты. Бұл - Абайдың «Көзімнің қарасы» еді. Нұрсұлтан биіктерде жұмыс істейтін, сол биіктерден сәлем жолдайтын монтажшылар туралы да орысша ән салатын. Нұрсұлтанның ең сүйікті әндерінің бірі «Весна на Заречной улице» әні болатын. Ондағы «өзін адам қатарына қосқан зауыт қақпасы» туралы жолдарын ықыласпен әндететін.

Тұрған Нұрсұлтанның өзін ұмытпағанын айтады. Бішкекке келген сапарларының бірінде жас кезіндегі қырғыз қызы туралы айтып берген екен. Кей кездері Марат арқылы өзі өте жақсы сыйлайтын Тұрғанның анасына базарлық беріп жіберетін болған. Тұрғанның айтуынша, олардың махаббаты жайында Майрам Ақаеваның естелігінде де жазылған.

Міне, қырғыздың екі қызының Нұрсұлтан деген қазақтың жігітіне қатысты махаббат хикаясы осындай. Жас Нұрсұлтан бір апта ғана гитарада ойнап, ән салды. Ал оған көңілі кеткен екі қыз ғұмыр бойы сезімдерін суытпай келе жатыр.

www.azattyq.org сайтынан алынды.

 

 

Тұпнұсқадағы тақырып -  Нұрсұлтан Назарбаевтың белгісіз құдалығы немесе жарты ғасыр жауапсыз қалған махаббат

Суреттерде:

1.Тұрған Әбдікерімова. Университетте өткен жылдар. Фрунзе, 1960 жыл.

2.Отбасылық қуаныш сәтінен түсірілген сурет. Үстіңгі қатарда оң жақтан екінші тұрған - Нұрсұлтан Назарбаев. Оның оң жағында Марат Акматаев, сол жағында - Зина Чыныбаева тұр. Ортада сол жақтан екінші - Тұрған Әбдікерімова, оның оң жағындағы - әкесі Әбдікерім. Фрунзе, 1961 жыл.

3. Зина Чыныбаеваның студенттік шағында түскен суреті. Фрунзе, 1960 жыл. Қырғыздың «Ағым» газетіндегі сурет.

4. Зина Чыныбаева мен Нұрсұлтан Назарбаев (фотодан көрініс). Фрунзе, 1960 жыл.

5. арат Акматаев зайыбы Раямен (ол кісі бақилық болған). Екінші қатардағы - Тұрған Әбдікерімова. Фрунзе, 1961 жыл.

6. Тұрған Әбдікерімованың студенттік шағында түскен суреті. Фрунзе, 1960 жыл.

7. Тұрған Әбдікерімова (оң жақта) немере інісі Шаирбекпен бірге. Фрунзе, 1960 жыл.

8. Зина Чыныбаеваның қазіргі суреті. Бішкек, 2010 жыл. Қырғыздың «Ағым» газетіндегі сурет.

9. Тұрған Әбдікерімова (оң жақта) жиені Назгүлмен бірге отбасылық мерекеде. Бішкек, 2010 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435