МҰХТАР ШАХАНОВ АНКАРА ЖҰРТЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Анадолыға ат басын тіреген халқымыздың ардақты ұлы, ақиық ақын Мұхтар Шаханұлы Анкарада жұртшылықпен жүздесу өткізді. Келісті кездесу, әсіресе Түркия Республикасында білім алып жүрген жалынды жастардың рухани өмірінде айрықша орын алды.
«Анкара Қазақ Жастары» бірлестігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған жүздесуге түркі әлемінің тұтастығы үшін тер төгіп жүрген қоғам және қалам қайтаркерлері мен ғалымдар, мемлекеттік емес ұйымдар мүшелері және де ақынның отты жырларымен тәрбиеленген білімгер жастар қатысты.
Ардақты ғалым, Чанкая университетінің ұлағатты ұстазы Махир Накип мырза басқосуды ресми түрде ашып, Мұхтар ағамыздың түркі дүниесінің руханияты мен әлемдік озық ой кеңістігіндегі өзіндік орнына кеңінен тоқталды. «Түркі Әлемі Зиялылар Одағының» төрағасы ретінде де Мұхтар Шаханұлының тарихи себептермен арасы ажыраған туыстастардың тұтастығына зор үлес қосып, ортақ руханиятымызға үлкен олжа салатынына кәміл сенетінін жеткізді.
Мұхтар Шаханұлы өз кезегінде қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді ауқымды талдап, оларды шешу жолдарын кеңінен түсіндірді. Күреске толы өмір жолының бел-белестерінен тағылымды тұстарын тірілтіп, есті естеліктер айтты. Кесек жырларын шабыттана оқып, қордалы мәселелер турасында қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар берді.
Сазгерлік қыры көп айтыла бермейтін Мұхтар ағамыздың «Қазіргі шыншылдық өлшемі» аталатын сиясы кеппеген жаңа әні кездесу барысында орындалып, жұртшылық көңіліне ұялаған тың туынды ән әлеміне қанат қақты.
Кездесу қорытындысында Мұхтар Шаханұлына жаһандану дәуірінде өскелең ұрпақты рухсыз қиратқыш күштерден айбынды күрескер ретінде қорғаудағы көшбасшылығы мен қажырлы қайраткерлігі және де жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу ісіне қосқан аса зор үлесі үшін ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хат тапсырылды. Сонымен қатар, жүздесуге жиылған жұртшылықтың айрықша құрметінің белгісі ретінде қадірменді қонақтың иығына оқалы шапан жабылып, сый-сияпат жасалды.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, арқалы ақын Мұхтар Шаханұлымен өткен жарқын жүздесу жүректерге жол тартты және де жұртшылық үлкен бұлақтан сарқылмас нәр алып, шалқар шабытпен тарқасты.
Мырзахан Байболов,
Гази университетінің докторанты