Сенбі, 23 Қараша 2024
Тұлға 7671 0 пікір 15 Мамыр, 2014 сағат 15:29

САЯСАТКЕР ЖОЛЫ

«Азат» қозғалысының шекпенінен шыққандығымнан болар, «бүгінгі қазақ саясаткерлері қандай болуы тиіс» деген сұраққа олардың бойында «Алаштың» дәстүрін жалғастырған, тәуелсіздіктен бір жарым жыл бұрын құрылған «Азат» қозғалысының ұстанымы мен қасиеттерін бойына сіңірген азаматтар болуы керек деп жауап беремін. Содан болса керек, қазақ саясаткерлеріне «Азаттың» көзімен ғана қараймын, саясаткерлерді оның өлшемімен бағалаймын, соған сай сыртынан тон пішемін.

«Азат» қозғалысының аз ғана уақытта халық сүйіспеншілігіне ие болуы, аз ғана уақытта өз қайраткерлерін дайындап, екі-үш жылдың ішінде қозғалыс жетекшілерінің жаңа қазақ елінің тарихи тұлғаларына айналуын зерттеу мәселесі – тарихтың еншісіндегі дүние. Менің айтпағым «Азаттың» тағы бір ерекшелігі жайлы: оның сол кездегі қазақтың ұлтым деп жүрегі соққан азаматтарының санасын қозғап, әсіресе жастарына үлгі болып, «Азатқа» қарап бой түзеген, одан үлгі алушылардың қатарын көбейткендігі. Билікте жүрген жастарымыз «Азатты» құруға қатыспағанымен, қатарында жүрмегенімен, оның тілеушісі, жанашырлары бола білді. Сондықтан да сол қиын кезде, тағдырлы кезеңде қазақ елінің тәуелсіздігіне үн қосқан, «Азатты» қолдаған әрбір азамат мен үшін қымбат. Сондай азаматтардың бірі, сол кездерде жас та болса тәуелсіздікке үн қосып, «Азатқа» қарап бой түзеп, кейін дербес саяси қайраткер деңгейіне көтерілген жерлесім Әміржан Қосанов бүгін елу жасқа толып отыр.

Әміржанмен 1998 жылы елдің экс-премьері Әкежан Қажыгелдин Қазақстан Республикалық Халықтық партиясын (ҚРХП) құрған кезде танысқан едім. Әміржанның ел тәуелсіздігіне байланысты алғашқы әрекет-қимылдарын сол кездегі тәуелсіз ақпараттар арқылы, атап айтқанда «Азат» газеті арқылы бағалай аламын.

1991 жылдың басында Мәскеу басшылығы жанталасып, Кеңестер Одағын сақтап қалуға әрекеттенді. Сол жылы 17 наурызда референдум өткізіп, сосын жаңа Одақтың жобасын талқыға салып жатқан кезі. Қазақстан билігі де Одақты сақтап қалу шартын қолдап, КСРО-ны аман алып қалуға атсалысып жатты. 1991 жылдың 15 сәуіріндегі «Азат» газетінің санында шыққан «Егемендікті елемегендік Одақтық шарт жобасынан әлі де сезіледі» деген көлемді мақала есімде ерекше сақталыпты. Себебі өзім де сол кезде жаңа жобаға қарсы әртүрлі газеттерге мақала жазып, қарсы пікір айтып жүрген кезім еді. Мақаланың ерекше батылдығы, авторының жас та болса талдау қабілетінің зеректігі, тек заңгер мамандар ғана бойлай алатын юриспруденциялық категорияларды жіліктеп шағуы есімде қалыпты. Сол мақаланың авторы Әміржан Қосанов еді.

Жобаның көпшілік байқамаған осал жерлерін, Мәскеу дайындаған қитұрқы қулықтарын дөп тапқанына риза болған едім. Мысалы, «Одақ жобасының өн бойында «республикалар» деген сөз толып жүр, неге «мемлекет» деп жазылмаған?», «Неге егеменді мемлекеттер одағының шарты емес?» деп Әміржан қойған сұрақтарды оқып, разы болған едім. «СССР деген сөз неге тарқатылмаған? Оның мағынасы «союз советских социалистических республик пе, әлде союз советских суверенных республик пе? Қазақшасы – советтік социалистік республикалар одағы ма, әлде советтік егеменді республикалар одағы ма? Орталық бұл сөзді әдейі тарқатпай, қитұрқы қулыққа салып отыр», – деп түйіпті Әміржан өз ойын. Шарттың жобасының барлық 25 бабтарын терең талдаған Әміржан оның президент, тіл мәселелеріне ерекше бойлап, сөз соңында «бұл шарт жарамайды, қайта жасалуы тиіс» деген. Сол кезде осы терең де батыл талдауды жазған автор бар болғаны 26 жаста, Алматы қаласының Фрунзе ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүр екен.

Келер ұрпақ әрқайсымызға: «Сен сол кездерде қайда болдың?», «Кімнің жағында болдың?» деп сұрақ қойған кезде, Әміржан өз елінің тағдырлы кезеңдерінде әділет пен ақиқат жағында болдым деп айта алары анық. Бұл – азаматтық пен саясаткерліктің үлгісін танытар әрекеттер деп білу керек.

Қазақ демократиясының, саяси партияларының елімізде қалыптасуы, дамуы сөз болғанда, «алғашқы құрылған анау ұйым, мынау қозғалыс немесе партия» деген пікір таласы бүгіндері жиі кездеседі. Бұл пайымдаулардың қаншалықты өміршеңдіктерін уақыт кейін өзі орнына қоятыны анық. Менің айтпағым – биліктің зәресін алған, Нұрсұлтан Назарбаевтың орынтағын солқылдатқан алғашқы партия – ҚРХП болды. Сондықтан да болар, саяси партиялар мен саясаткерлердің ішінде алғашқы соққыны басынан кешкендер, алғаш рет саяси террорға ұшырағандар осы партияның басшылары мен белсенділері еді. Алғашқы сотталғандар – Әкежан Қажыгелдин мен оның көмекшілері, шетелге қуылғандар – Рашит Нұғманов, Серік Медетбеков, Лира Байсейітова болса, елде қалған басшылары Ғазиз Алдамжаров пен Әміржан Қосанов және партияның облыстық ұйым басшылары қуғынға ұшырады, партияның тәуелсіз газеті «ДАТ» биліктің тапсырмасымен жабылған алғашқы газет болды. Партияның жекелеген белсенді жетекшілері мен мүшелері (Жұматай Әмірханов, Нүри Муфтах, Нұрболат Масанов) белгісіз жағдайда көз жұмды. Бірақ ҚРХП дайындаған белсенділер партия заңсыз жабылып қалғанмен, басқа саяси аренада өз жұмыстарын жалғастырып, саяси-қоғамдық қозғалыста өз орындарын таба білді. Ғазиз Алдамжаров – Компартияға, Әміржан Қосанов – «Әділетті Қазақстан» қозғалысына ауысып, басқа белсенділер әуелі «Қазақстанның Демократиялық Таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына, кейіннен «Алға» партиясына ауысты.

«Әділетті Қазақстан» қозғалысының, сонан соң ЖСДП жетекшілерінің біріне айналған Әміржан 2005 жылғы президент сайлауы кезінде сол науқанның саяси жұлдыздарының біріне айналды десем, онша қателеспеген болар едім деп ойлаймын. Біріккен оппозиция қатарынан президенттікке ұсынылған үміткер Жармахан Тұяқбайдың қасында жүріп, ел аралаған Әміржан өзінің шешендігі мен саяси тапқырлығын танытты. Сол арқылы үміткердің және ол бастаған ЖСДП партиясының абыройын асқақтатты, мерейін тасытты. Сол сайлау кездерінде болған әртүрлі пікірталастарда, баспасөз мәслихаттарында өткір сұрақтарға жауап берген үміткер командасының бірден-бір мүшесі Әміржан болды. Міне, осындай жағдайда оппозициядан қатты қорыққан, тағының шайқалып бара жатқанын көрген билік тек саяси террорды пайдаланып (Заманбек пен Алтынбектің қазасын айтып отырмын), халықтың үрейін ұшыру арқылы ғана сайлауда жеңді. Бұл арадағы «жеңді» деген сөздің өзі шартты түрде айтылып отыр.

2010 жылы баспадан шыққан «Әділетқисса» атты кітабымда қазақтың сол кезде тірі жүрген 14 саясаткеріне мөлтек суреттемелер берген едім. Дәлел ретінде сол кітаптағы Әміржанға берген суреттемемнен үзінді келтірейін: «....Мен көрген, білетін қазақ саясаткерлерінің ішіндегі ең таланттысы, ең ұтқыр көрінетіні – осы азамат. Әміржан орысша сөйлегенде: «Орысша оқыған, орысша мәдениет алған, ауылды көрмеген «асфальтный қазақ» екен деп қабылдайсың. Орысша сөзінің шұрайлылығы, жетіктігі сонша, бір қылау акцент, кемшілік таба алмайсың. Әміржанды алғаш рет қазақ аудиториясының алдында көрген адам: «Ауылда өскен жігіт екені бірден көрініп тұр. Әттең, орысшасы нашар болар. Сол жағынан өмірде қиыншылық көріп жүрген болар» деп топшылаған болар еді».

Бұл айтқандарым Әміржанды кемеліне жеткен, кемшіліксіз, толысқан саясаткер дегенді білдірмейді. Саясаттағы көпжылдық әріптесі әрі ағасы ретінде Әміржан ініме кемшіліктерін көзіне айтатын, ағалық қамшыбасар жасайтындардың бірімін. Саясаттағы шырқау биігі, алар асуы мен кемел жасқа толуы алдында тұрған Әміржанның мінген аты жарау, дөнені жүйрік, яғни оның пайдаланылмаған потенциалдары көп. Өсер елдің жігіттері көкпарда аты мықты досына көкпарды тартып алып беруге күш салып, оның атын қамшылайды емес пе. Әміржан біздің әлі де саяси бәйгеге салатын тұлпарларымыздың бірі болып қала бермек.

Сағат ЖҮСІП

Қызылорда қаласы

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 18-19 (242-43)  14 мамыр2014 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445