Жақсыбек Құлекеев: Плагиат ғалым көбейді
«Өкінішке қарай, қазіргі кезде өз бетімен ізденіп, диплом жұмысын жазатын студенттер азайды. Ғалымдар арасында да көшіріп алуға құмар азаматтар көбейді. Біздің ғалымдарымыздың жазған мақаласының басым бөлігі плагиат. Сондықтан өтпей қалады. Біз балаларды ұрлыққа өзіміз үйретіп жатырмыз. Плагиат біздің қоғамның болашағына балта шабатын жазылмайтын кеселге айналып барады. Осы қауіпті түсінетін кез келді», дейді «Жас қазаққа» арнайы сұхбат берген экономист-сарапшы, Қазақ мұнай және газ институты Бас директорының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеев.
Жас қазақ: Жақсыбек аға, Елбасы 100 инновацияны қолға алу туралы жиі айтып жүр. Қазақтың қолынан қандай инновация келеді?
Жақсыбек Құлекеев: Инновация – жаңалық енгізу деген сөз. Жаңалық тек еркін, ашық қоғамда болады. Халықтың ішінде бастамашыл, еті тірі, талапты адамдар көбейген сайын, сондай қоғамда инновация дамиды. Сондықтан біріншіден, экономиканы инновациялық жолға қою үшін ең алдымен, халықтың еркін ойлап, жүріп-тұруына жағдай жасалуы тиіс. Еркіндік болған жерде ғана жаңаша ойлау болады. Кеңес дәуіріндегідей: «Тек осымен ғана айналыс» деп төбесінен тоқпақтап отырсақ, ешқандай инновация болмайды. Біз әлі де болса халықты еркін ойлауға үйретіп, көзін ашуымыз керек. Екіншіден, оқу-тәрбие жұмысын жаңаша ұйымдастыруымыз керек. Мұны біз балабақшадағы тәрбие жұмысынан бастап, университетті бітіретін жастарға дейін қамтуымыз қажет. Біз жастарды қалай тәрбиелеп жатырмыз? Университетте оқып жүрген жастар курстық немесе диплом жұмысын өзі жазбай, ғаламтордан көшіріп алуға бейім. Өкінішке қарай, өз бетімен ізденіп, өз сөзімен жазатын студенттер азайды. Ғалымдар арасында да көшіріп алуға құмар азаматтар көбейді. Біздің ғалымдарымыздың жазған мақаласының басым бөлігі плагиат. Сондықтан өтпейді. Біз балаларды ұрлыққа өзіміз үйретіп жатырмыз. Плагиат – біздің қоғамның болашағына балта шабатын, жазылмайтын кеселге айналып барады. Осы қауіпті түсінетін кез келді. Инновация дамуы үшін біріншіден, халықтың ішіндегі неше түрлі талантты, талапты азаматтарды тауып, соларға жағдай туғызғанымыз дұрыс. Жаңа бастамасы, идеясы, жаңалығы бар адамдарды қолдайтын арнайы мемлекеттік немесе жеке институттар ашуымыз керек. Олар әлі бізде жоқ. Екіншіден, инновацияны қолға алу үшін, халықтың менталитеті өзгеруі керек. Біздегі түсінік мынадай: біреу кішкене бизнес жасайтын болса, қолында күші барлар оның бизнесін тартып алуға немесе барынша кесір жасауға тырысады. Соңынан әлгі кәсіпті бұрынғы адамдай жүргізе алмайды. Нәтижесінде бастамашыл адамды екінші рет оған жоламайтындай етеді. Сөйтіп, бизнестің дамуына да тосқауыл қоямыз. Осы секілді келеңсіз оқиғалар кәсіпкердің мемлекетке деген сенімін азайтып, инновацияның дамуына тұсау болады. Мемлекеттік институттар керісінше, сондай бастамашыл адамдарды титтей ғана идеясы үшін қолдап, көмектескен жағдайда ғана біздің экономикамыз тұрақты даму жолына түседі. Қазақтың санасына сіңген тағы бір жаман әдет бар. Біреу кәсіпкерлікпен шұғылданса, оны керемет бай деп ойлаймыз. Кәсіпкер өндірісін дамыту үшін үлкен қаржысын салып, шығынданады. Ешқандай өндірістің бірден нәтиже бермейтіні белгілі. Онсыз да шығынданып отырған адамға барып, ағайын екенімізді алға тартып: «Сен кәсіп жасап жатырсың ғой. Осы тауарыңның бес-алтауын маған тегін бере салсайшы» дейміз. Бермесе ренжиміз. Ағайындық бір жағынан жақсы шығар. Ал бизнеске келгенде оның кесірі болады. Дамыған мемлекеттердегі түсінік мынадай: біреу кішкентай зат шығарса, соның артында бизнесті ұйымдастырған адам тұрғанын біледі. Сондықтан оның шығарған өнімі өзіне керек болса да, болмаса да сатып алуға тырысады. Себебі бүгін ол оған көмектессе, ертең сол адамның да бұның ұйымдастырған бизнесіне көмегі болуы мүмкін. Бізге керегі де осы. Біреудің кішкене кәсібін қолдасақ, ол ертең үлкен жетістікке жетіп, елімізге жақсылық әкеледі. Яғни бастамашыл жастарды мемлекет те, халық та бірдей қолдаған кезде, біз инновациялық жолға түсеміз.