Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Мәйекті 6613 0 пікір 28 Сәуір, 2014 сағат 11:08

ЖАНҒАЛИ ЕКІ ТУМАЙДЫ!

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбайдың шығармашылық концертіне баруға дайындалғаныма бір аптадай болған. Тек қана күй шертілетін кештің ерекше боларын ішім сезеді. Соның сәті   келді. Астанадағы Өнер университетінің Жамбыл Жабаев атындағы үлкен концерт залына күй құдыретін жанымен ұғынар өңшең жақсылар жиналған екен. Кіреберісте үлкен залдың ортасында үркердей ғана болып отырған топқа қарап, елі ардақтар, Республикалық деңгейде өтер кештің бір университеттің залында болып жатқанына аздап қарным ашып тұрған едім, сырт жағымнан шыққан: - Жанғали екі тумайды ғой! – деген дауысқа жалт қарадым. ЕҰУ магистратурасында оқитын жас ақын Ұмтыл Зарыққан екен. Ол да осы кешке келіпті. Ел қатарлы біз де өзімізге бұйырған орынға жайғастық.

Саржайлау. Алқа қотан отырған жұрт. Барлығы күңірене толғаған абыз бабаның аузына қарауда. Баба «Саржайлаудың» (Тәттімбет Қазанғапұлы) жайынан сыр шертуде. «Сарыжайлауым, сарыжайлауым» деп бебеулеген қарттың мұңы қос «Қосбасарға» (Итаяқ, Сембек) ұласты. Күңіренген бабаның көңілін «Мұң қосбасар» (Қыздарбек) шөгере түскендей. Алып денелі абыз, ел мұңына өз мұңы қосылып шөкімдей шал боп қалғандай көз алдымызда. Көз жұмулы, көңіл ояу күңіренген абыз «Інілері....» деп үздігіп, үзілдіріп барып, жанашырлықпен, ерекше бір бауырмалдықпен «–ім, інілерім» деп үздігеді. Өзінен кейінгі ұрпаққа, кейінгі буынға «Інілерім» (Төлеген Момбеков) деп сенім артып, үміт жүктеген ағалық ниет «Секен асуынан» (Асқар Сүлейменов) қол бұлғады.

Алқа қотан отырған көпшілік қарт абыздың үмітін ақтауға бар ынтасымен қызмет қылатындықтарына сеніммен іштей бір түйіп қойды. Ұзақ толғап барып тыныстаған қария жан-жағына әлдекімді іздегендей көз салды. Бағанадан қарияның айтарын қас-қабағынан біліп отырған Жасұлан (Наурызбайұлы кештің жүргізушісі) қарт абыздың көңілін сергітер күй тілеп отырғанын байқап, Ақжусанды шақырды. Бүлдіршіндей қыз имене басып келіп абыздың алдына жүгінді. «Кетбұға» деген үн шықты самарқау ғана. Қолындағы үш ішекті домбыраның құлақ күйін бұрыннан келтіріп, дайындап қойған Ақжусан (Иманғазықызы) отырғандарды осыдан әлденеше ғасыр бұрынғы қазақ даласына қарай жетелей жөнелді.

Күй біткен соң, манадан үнсіз отырған қарт баба «Салкүреңді» (Тайыр Белгібайұлы) ерттеті. Ат басын шығысқа бұратындарын айтпай ұғысқан топ «Салкүреңнің» сыдырта аяңдағанына шоқырақтап ілесті. Қарт баба «Қаракерей Қабанбайдың» (Халық күйі) босағасына келіп тізгін тежегенде, киіз есік сиырылып, қайсар батырдың өзі шығып аттан түсіргендей болды. Барқытбелдің бөктерінде атойлаған алыптың айбыны бар қазаққа абырой болғандай, қарт баба рухтана шалқып, «Кемеңгерлене» (Таласбек Әсемқұлов) сөйлеп кетті. Манадан «Салкүреңнің» ерке жүрісіне салғырттап қалған кәрі кеудені кернеген талай сырлар ақтарылды.

«Айналайын жан балам,

Насихат айтар мен бабаң...» - деп күңіренген қарт абыздың кеңесі ауыл шетіндегі «Көгалда» (Мұхат Таңғытұлы) жалғасты. Баба әңгімесін тыңдауға ауыл шетіндегі төбе басына елдің игі жақсылары жиналған екен. Алқа-қотан отырған топтың ортасында өзі де абыздыққа таяған Мырзатай (Жолдасбеков), елдің сөзін сөйлеп, қамшы ұстап жүрген Қуаныш (Сұлтанов), әрі әнші, әрі сері Қайрат (Байбосынов), қарт бабаның қасынан қалмай жүрген дәулескер күйші Әбдулхамит (Райымберген), Дүкен (Мәсімханұлы), Серікзат (Дүйсенғазин), Серік (Негимов), Серік (Оспанов) т.б. бар.

Бір кезде күңірене сөйлеп, күмбірлей төгіліп отырған абыз кіл тоқтады да, ортада отырған Серікке (Оспанов) ән сал дегендей ишара жасады. Қолына үкілі домбырасын алған Серік тамағын бір кенеп алды да, әуелете жөнелді.

Аққу аңсап қонған... «Сарыарқа» төгіліп кетті.

Ән аяқталғанда маңайында отырған топ кеукеулеп, «тағы-тағы» дескен соң Серік те арқаланып, саңылақтана түсті. «Беу, беу, Гауһартас» деп шырқай жөнелгенін өзі де байқамай қалды.

Бағана ән басталғалы бері үнсіз тыңдап, Сары арқасын, сонда қалған «беу, беу Гауһартасын» еске алғандай болып отырған баба: «Кәптің тентегі қайда?» - деп саңқ етті. Ортада болмаған тентекке миығынан ғана жымиып қойған абыз: «сол тентектің өлеңі жақсы» – деді. Баба әңгімесін бастағалы бері қасынан қалмай жүрген Жасұлан (Наурызбайұлы) бабасына жолдаған батыр ұлдың сәлемін жеткізді

Атадан қалған тектілік қанға құя ма?...(Дәулеткерей Кәпұлы, «Жанғали ағаға»)

Жас перінің сәлемін тыңдап болған қария:

- Іііммм – деп ыңырана қозғалып қойды да әңгімесіне қайта кірісіп кетті. Бұл жолы тілге тиек, тізгінге сулық болған қазір өздері отырған «Кең жайлау» (Боранқұл Кешмағамбет) жайы еді. Ажарлы Арқа, көз жеткісіз Қаратау, шырайлы Шығыс, жер жаннаты Жетісудағы кең жайлауларды күңірене күйге бөлеп, ерекше шабытпен термелеп отырған абыз мұңы, абыз шері аяқастынан өзгеріп сала берді. Кең жайлауда көсіле көшкен көшпенділердің барлығына ортақ мұңды қозғап, көрші жатқан қырғыздың «Тоғыз қайрымының» (Тоқтағұл Сатылғанов) біреуін қайырып тастады. Манадан әңгіме ырғағын үзбей, бір қалыппен ұстап отырған абыз бір сәтте ұзын-сонар «Толғауға» (Мырзатай Жолдасбеков) түсіп кетті. Бүгінгідей алмағайып заманның шерін төккен толғау абыздың екі иығынан «Қосбасардай» (Мырзатай Жолдасбеков) басып, көңіліне мұң ұялата тоқтады. Маңайында отырған ел жақсылары демдерін ішіне тартып, құлақ түріп қалған. Ешкім баба кеңесіне кедергі келтірер емес. Тек күңіренген абыз үні ғана тым-тым алысқа, алысқа жетелейді сананы. Әңгімесін аяқтаған қария: «Ә, Мырзатай, сен де осында ма едің? Ендігі ел сенің аузыңа қарайтын болады. Сөйле!» - деді. Тосын ұсыныстан тосылып қалса да, мұндай кеңестерде суырылып сөйлеп үйренген Мырзатай сөздерін жинақтап ала қойды да, бүгінгі елдіктен, бүгінгі өнер мен мәдениеттен ағызып сөйлеп, арғы-бергіні түгендеп берді.

Өзінен кейінгі буынның ынтымаққа, елдікке ұмтылған ниетіне ырза болған қарт баба осымен бүгінгі кеңес аяқталды деген ишарамен етегін қағына, орнынан тұра берді.

Бізде орнымыздан тұрдық. Қазақ сахарасын шарлап шыққан екі сағат көз алдымызда осындай суреттермен қалды. Кеш иесі Жанғали ағамызды құттықтап, шығармашылығына табыс тілеп біз де осы мақаланы қағазға түсіруге асықтық.

Көңілде «Жанғали Жүзбайдың күйжинағы қашан шығар екен?» деген сауал тұрды.

Ешкімнен ат-атақ дәметіп көрмеген қоңыр күйдің иесіне демеуші табылса олда әлі-ақ қой деп жұбаттық өзімізді.

Жол бойы бағана концертке кірерде Ұмтыл інім айтқан бір ауыз сөз жадымда жаңғыра берді.

- Жанғали екі тумайды ғой!

Ержан Жаубай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3532