Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 6982 0 пікір 24 Сәуір, 2014 сағат 13:54

ДӘУРЕН ҚУАТ. ШАХМАРАННЫҢ КІТАБЫ

(әңгіме)

Аяғынан  алжыған  Солтанбай шалды сақалынан алты тарам жасын ағызып баласы қалаға сүйреп әкеткен күні бұл жалғыз қалды.  Әуелде жалғыздығын күмәнінің жетегіне байлап аңыраған ауылдың ішін аралап көп сенделетін. Қара ағаштардың басына қалбаңдай кеп қонатын қарғалардан өзге қараң етер жан жоқ. Құлазыған тыныштық. Әредік Солтанбай қарттың нәлі тайған керзі етігінен түскен ізді көзі шалады. Өкшесі қисайып, добалбастанып жатыр.  Жамау жүрелей отырып сол ізді сипап қояды. Жарықтық жасы ұлғайып, мәлкілдеген шағында аяғынан алжыды ғой, әйтпесе санасы сайрап тұратын. Тек бар айыбы күнді күн демей, түнді түн демей,  үйінен шығатын да жүре беретін. Ақырында тау мен тасты кезіп, арқа еті арша, борбай еті борша болып бір-ақ оралушы еді. Сүрлеулер  әжімдеген сүлейдаланың ең соңғы иесіндей еді ол. Кейбіреулер одан «елес ертіп, аруақ  айдап жүрген адам» деп шошитын. Ал, Солтекең болса, бір кезде өзі сайран салған өлкенің  бедеріне табаны жанып, құшыры қанып қайтқанына шалқитын. «Сарытауымның ойы мен қырын армансыз шарладым, – дейтін  қалаға қаптай көшіп, жарыса қол бұлғап бара жатқан жақын-жұрағатына қарап шал байқұс, – Сарытауды көріп саңлағым бір көтерілді». Шалдың сөзін шалық ұрғанның сандырағына балап сол Сарытаудың бөктерінен қалаға бет түзеген ауыл көшінің ақыры Жамаудың  жұрт бағып қалуымен аяқталды.

Алдымен қалаға ауылдың жастары аттанған. «Керемет қалада екен. Ақша  аяқтың астында ыбырсып, шашылып жатады екен. Тек ерінбей еңкей де етегіңе толтыра бер». Сонысы рас-ау шамасы,  қалаға тұрақ тепкеннің алды  ала көбік ауызданып  ауылға соққан сайын елді естанды етіп  бітірді. Содан кейін-ақ ауыл қалаға қарап жұтынатынды шығарды. Сөйтті де жылы орынынан жылыстап көше бастады. «Көшпеймін, көше алмаймын» деген бұл ауылдағы жұмыр басты пенде жалғыз  Жамау болды. Тегінде, терісін сүйегіне қаптай салғандай қапсағай бойлы тыржау жігіт  еңіреген ерегестің адамы еді. Қалаға түп қотарылған ағайын туысына жон арқасын  көрсетіп міне, енді, жалқы күн кешіп ауылда жүр.

Жамаудың күндегі әдеті осы: албарындағы азын-аулақ ірі-қарасы мен ұсақ малын айдап апарып Қарасайдың аузындағы аңғарға қаптатып жібереді де самал жүгіріп тұратын өлеңді өзектің  салқын сабатына көміліп отырады да қояды. Ғайыптан бір жолаушы тап бола кетсе, Жамаудың мына кейпін бейдауа дүниеден іргесін аулаққа салып әр күнін мінәжат үстінде мүлгіп қана өткізетін  мүмінге ұқсатар еді.

Іш жидітер тыныштық ішегін тартып сыңсыған бір уілге ілініп қалған. Жамау анық естиді. Уіл үздіге соғып үзіле боздайды.  «Е-ей, Алла-ай, – дейді содан соң күбірлеп, – тыныштық екеш тыныштық та жалғызсырап жылайды екен ғой». 

Құнысқан жауырынын жазып төңірегіне көз тастаған. Аңғарларда ұйыған алып көлеңкелер кемерінен асып иен жұрттағы ауылға қарай жайылып барады екен. Ымырт үйірілуге бет алыпты. Ұясына енбес бұрын Баянжүрек тауының басына қонып алып күмбезкөк аспандағы серуен жолын тамашалайтын батар Күниесіз  үйлердің шатырына шапағын шашып, шолақ көшелердің бойына  құба қызыл алаша төсеп тастапты. Ілкіде сол шолақ көшелердің қойын-қонышынан таяқ ұстаған, сырық сүйреткен кәрі-құртаң, бала-шаға ақтарыла шығып өрістен қайтқан малдың алдын тосып тұратын. Кешке дейін бұғынбақ ойнап, қызыл іңірде бір-бірін тауып ала қойғандай шұрқырасқан бір дәурен еді ол кезде.

Анау қолтықтағы дөңнің жалпақ төбесіне  қариялар жайғасатын. Дөңнің шилеуіттеу тұсына кәрі шешелер мен жаулықтары ағараңдап жас әйелдер жиналатын. Әнебір күміс бастау иінағашты қыз-келіншектерге толып кетуші еді-ау. Тай-құнандарын жүгірткен бозбала, жігіт-желең әлгі күміс бастаудың аяғынан шөл басардай ентелеп кеп іркілетін. Соқасын көтеріп, темір тұяқ «тұлпарларын» қаңтарған ағалар да  өріс баққан жұрттың өресінен табылар еді. «Соның бәрін қала жұтты, –  дейді Жамау күрсініп, – қала жұтты». Дөң басына дөңгелене малдас құрған шалдар жарыса жер томпайтып, бақиға аттанысымен,  бір тоқтыны қандап бітіретін ағайын арасындағы кілт еткен кикілжің атаулының кірі қалыңдап, әркім өз ұяты мен  намысының шылауына байланып, қабағын теріс салды. Содан кейін-ақ:

– Сырты түкті, іші боқ бірер хайуан із-түзссіз жоғалып, бір-екі азамат сотталып кетті;

– Қазан теуіп қағынған  тентектер көбейіп, қас жарылып, тіс сынды;

– Келін-кепшіктің сұйық жүрісі білініп, оң босағадағы қыздың ойпаң белі шеңбірек атып шаңырақ астында төлдеді;

– Ала жіп көрсе, асылып өлетіндер көбейді;

– Сөз жарыстырғаннан бөз жарыстырған озып, бәкене бойлы бәсеке күшейді.

Осының бәрін Жамаудың ауылы өз ішінде қоздатып, өсіріп, ушықтырып, балалатып алды да артынан шошығандай түршігіп тұра қашты. Қалаға. Біреуді біреу біліп болмайтын қалаға. «Бұл ауылдың адамын ғана емес, ұяты мен намысын да аузын  арандай ашқан қала қылғыта салды». Жамау тауларға қарайды: бой таластырып шалқи көтерілген құз жартасты көк сеңгір таулар аспанға барар жолдың баспалдақтары сияқты – бір-біріне мінгесіп, ұштасып алыстан айбар төгеді. Аяғының астындағы қара жолға телміреді: қара жол даңғылға біткен даналықтың тілінде сөйлеп кетердей ым қағады. Бұлаққа құлақ тосады: бұлақтар бетін басып ұяла қашқан бала бойжеткендей сылаң қағып бір тынбайды. «Бұл ауылдың адамдарына, – дейді сонда Жамау, – мына таулардың тәкаппар мінезі, мына жолдардың көнені көгендеген көпбілгіштігі мен көнтерілі төзімі, мына бұлақтың мөлдірлігі мен балаңдығы дарымапты». «Тегінде солардың қалаға ауып қара батырғандары  да дұрыс болды, – дейді содан соң, – өмір – алыс-жұлыс бәсекенің шегінде жалығу үшін берілген уақыттың өлшемі ғой. Мен білмейтін қалада қалай қырбайласса да өздері білсін».

 Жамауды жалғыздыққа көндірген өлке жер-жаһаннан бөлініп уақыттың әлдебір мекенсіз, мезгілсіз ұшпағында қалып қойған сияқты. Таң қалай атса, кеш солай батады.

Жамау жетім ауылдың сыртындағы балуан жоталы белге көтерілетін. Сосын әбден үйренген көзі түнге сіңіп кеткен түлей түздің түкпірінен жіптей сызық тартылып өтерін қапысыз аңғарады. Жіптей сызық сәлден кейін жұлдыздардың сәулесіне ілініп, маңдай тұста ағараңдап жүріп алады да, жарты еліге өсіп білезіктене бітіп тоқтайды. Әлгі білезіктің үстіне тағы бір ақкүміс білезік  киіледі. Ақкүміс білезіктер қалыңдап, бүктеуін жазған сайын бықып жатып алған түймедақ жұлдыздар өлермендене аспан төсіне өрлеп, бадана көзді басбармақтай жұлдыздардың жарығы жайыла түседі. Шығыстан білезіктеніп таң білінді, таң атты деген осы.

Бояуы солған бозамықтан  Жоңғардың аппақ жүзі қылаң береді, дөңкиіп Аршалы түрегеледі, ұйқышыл Сарытаудың шошақ төбелері қарауытады.  Ерте оянған Жоңғар абыз тау, ақсақал тау – Аршалыға алдымен сәлем жасап, Аршалы алды-артына абажадай төніп отырады да, айналасындағы бала тауларды аса таяғымен түртіп оята бастайды.

«Таулар тәртіпті, – дейді Жамау, – тауларда тәртіп бар».

«Тауалар тәртіпті, тауларда тәртіп бар». Жамау жалғыз өзі бір жылды өткерді.

«Таулар тәртіпті, тауларда тәртіп бар». Жамаудың жан баласына жақ ашпағанына және бір жылдың жүзі ауды.

«Таулар тәртіпті... «иә, тауларда тәртіп бар» деп дауыстады біреу тап қасынан.Қара кісі. Таң алагеуімінен таңғажайып түс аулағандай айналасына тамсана қарап тұрды да жол бастады. Ауылға. Иен ауылдың шетіне екеуі іліне бергенде ағараңдаған әлденелерді Жамаудың жанары іліп түсті. Бір біріне үнсіз мұң шаққан мұржасыз тамдардың іргесінен түн түтіліп барады екен. Сол кезде анық байқады кебіндер керуені керімсал лекке ілесіп қасынан суылдап өтіп жатты. Ауылдан сіңген шикі топырақтың иісі аңқиды.

... Қара кісі Жамаудың жанын жайлап алды. Екеуі күн батырып, таң атыруға келіскендей көкке телмірген тылсым күй тауып әбден бітісті. Айнала төңірек елбек қағады. Таулар тулап, төбелер шырқ үйіріледі. Кейде тіпті найзакөк шыңдар тікке атылып, әуе қақ жарылады да жұмсақ тыныс тапқан ақнұр дүниеде Жамау жалғыз қалады. Міне тағы да жалғыз қалыпты. Аңылжыған ұшы-қиырсыз мекенді кешіп келеді екен. Алдынан есігі түрулі ақ отау тап бола кетті. Кіріп келсе, іші толған хор қызы, жайраңдай күліп Жамауды төрге шығарды. Бірі ақша жүзін тосып, бірі тілінен бал жұтқызды. Күлкісінен күміс төгіліп тағы бірі дастархан жайды. Сосын бәрі жабылып бұны шымылдық ішіне енгізді де басына құс жастық тастаған. Оянса, маңайында жан баласы жоқ жалғыз өзі бұлт жамылып жапан түзде жатыр. «Оуууу, ауууу, қайдасыңдар?!» Алыстан тұяқ дүбірі естілді. Жер апшысын қуырып төпеп келеді. Маңдайында жалғыз көзі бар сияқты. Таптап өте шығатынға ұқсайды. «Айбөкееен! – деп айқайлады Жамау, – Айбөкен, бұл сенбісің?!» Жамау тап сол кезде  өз айқайының алапат зор үнге, самбырлаған дауысқа ұласқанын аңдап  таңдана құлақ тосқан. Дауыс Жамауды жапырақтай қалтыратты. Ояна кетсе, тағы да түсі екен. Қасында қара кісі отыр. «Көресің, – деді Қара кісі, – сен енді оларды көресің». Жамау айнала аспан таулардың алып көр түбіне шөгіп, шөкелей түскенін көрді. Иен ауылдың иесіз үйлерімен бірге Жамау да көр қойнына жұтылған, кенеттен... көзі шырадай ашылды. Жан қалтасынан суырып алып қараса, сағат тілі таңғы алты жарымды қайырыпты. Күміс білезіктенген көкжиекке қадалған бетінде қалғып кеткенге ұқсайды. Бидайық басын тербелткен таңғы серпінді ауа Жамаудың  бойын сергітіп, етектегі ауылға жетелей жөнелген. Ауылға таяғанда белбеуіне жүген қыстырған Байғазы шалды кездестірді. «Астапыралла, бұл шал баяғыда бақилық болмап па еді?». Жамау Байғазы шалға қос қолын созып сонда да тұра ұмтылған. Шал, бірақ түсін салқын ұстап бұған бұрылып та қарамады. Алабұрта адымдап үйіне жеткен. Төрде малдас құрып отырған Солтанбай қартты көріп сілейіп қалды. Сосын егіліп жылап жіберді: Солтеке-ау, мен сорладым ғой. Сорлы болдым ғой әбден. Жалғыз өзім жұрттан аумаймын деп жүріп ес-ақылынан айрылған бір бейшара болдым ғой мен. Біресе шалықтап көкте жүземін, біресе көрге кіремін. Жаңа ғана белбеуіне жүген қыстырған Байғазы марқұммен  жолықтым. Мені жын иектеп, сайтан қуаламаса, өлі аруақты тірі адам сияқты көремін бе? Ататай-ау, құтқаршы мені, садағаң кетейін бойыма дем салып, санамды сауықтыра көрші...

Жамау солықтай келіп Солтанбайдың алдына жығылған. Қарт күлімсіреді. Қабағын жазып баудай сақалын уыстаған күйі иегін қақты. Жамау жас парлаған жанарын сүрте алмай жатып буалдырланған  қарт бейнесінен Қара кісіге ұқсастықты аңғарды. Қара кісінің... жо-жоқ, Солтанбайдың кәрі сойдақ тістеріне бағынбай  ерінін жалап жылмаң қағатын күзгі жалбыздың піскен жапырағындай қанқызыл тілі Жамауға қайтадан ес бітірді. Шал әдеттегідей езуіне түкірігін іліп, ұртын қомпаңдатып ұрып отыр. Әредік алақанын жазып әлденеге таңданады, әредік сұқ саусағымен көкті нұсқап екілене сөйлейді. Иығын қусыра түсіп, бүктелген белін бүгжиген кеудесімен басып еңкеңдей ентелеп әлденені ежіктеп түсіндіреді. Жамау қартқа риза болды. «Жарықтық-ай, ата мекен, баба қонысына жеткен екен-ау жер түбінен күңіреніп. Бәсе, атты кісі тақымға салып тартса да жұлынбайтын шидің сабағындай тамырын туған жерден үзіп кете алмайтын бір пенде менің қасымнан табылса керек-ті».

Ауыл қалаға ақтарылғанда Жамауды таңғалдырған бір керемет – кәдімгі шилер еді. Бірде Жамау ерігіп жүріп ат үстінде шидің бір сабағын тамырымен жұлып алмақ болған. Қозғалмады. Содан кейін тақымына басып тартып байқаған. Мыңқ етпеді. Қайта сабығынан сынып Жамаудың алақанын тіліп-тіліп түскен. Қыста қар астынан қылтиған үрпек басы үлпілдеп, аязға тұншыққан түрі аяныш шақырып, көктемде балғын тартып бойлай өскен көркі дүниеге бір ыстық әр беретін шилердің, шилі өлкенің  өскіні Жамау үздіге соғып үзіле боздаған уілді  қайыра естіді. «Бұл не уіл? Оты сөніп, ошағының аузы талқандалған жетім үйлер ілкідегі тіршілікті жоқтап зарлай ма? Әлде, түтін аңсаған мұржалардың өзегін кернеген өксік пе?»

– Жылауық Жамау.

– Мен бе жылаған?

– Адамның шын досы – көз жасы.

– Мен оны білемін. Мен жыласам рахаттанамын.

– Жылаған адамның жанын періштелер әлдилейді.

– Сен кімсің?

– Танымадың ба? Дұрыстап қарасаңшы.

– Мәулім? Сен осыдан...

– Иә, мен осыдан он жыл бұрын бақиға аттанғанмын. Түн – рухтың мекені. Біз түнді кеземіз.

– Ал біз түннен қорқамыз.

– Уақыт та түннен қорқады. Түн мәңгілікке жалғаса берсе, уақыт есептен қалар еді.

– Сендер бізді көріп тұрасыңдар ма?

– Міне, сен де бізді көріп тұрсың. Мен өзгеріппін бе?

– Жоқ, бәз-баяғы қалпың. Тіпті оң жақ көзіңнің астындағы тыртық та орнында. Осы тыртық ашушаң әкеңнің қатты сермеген қамшысының ізі емес пе еді? Әкеңе әлі өкпелі шығарсың?

– Менде әке болған емес. Мен ол адамнан бұрын туғанмын. Оның мені көрген бетте қалшылдап, құтырып, айқайлап кететін себебі сол еді.

– Сен соны білдің бе? Білсең айтпадың ба?

– Фәниден бақиға баратыны әр пендеге ақиқат. Бақидан фәниге оралғанын сезетін жанның екі дүние арасындағы халі өзіне де жұмбақ, түйсіктің түкпіріндегі әлемге жету тірлікте неғайбыл.

– Кеше жалаң-аяқ, жалаң-бас далада ұйықтап қалыпсың, –  деді ертеңінде Солтанбай қарт Жамауға қарап, – көтеріп әкеліп төсегіңе жатқыздым.

Жамау кештің батуын асыға күтті. Алыстан талығып жеткен уілді жетім ауылдың қора-қопсысында жамыратып тағы да түн келді. Жамау төсегінен ұрлана ұмтылып сыртқа асыққан. Төңірек тұтаса ағарып сүттей жарық шашқан  таң өң мен түстің арасын жалғап қалыпты. Албарда ысқырып аппақ жылан тұр. Қос желбезегі қанаттанып,  қайқаңдай жорғалаған жылан Жамауды жанап өтіп зау биікке ширатыла бір-ақ шапшыды.

– Көрдің бе? – деді Қара кісі Жамаудың құлағына сыбырлап, –  сені  ауылдан ұзатпай арбап алып қалған осы әбжілан еді.

Ертеңінде Солтанбай қарт Жамауға бағзы бір заманның хикаясын баян қылды.

– «Ертеректе болса керек, – деп бастады қарт әңгімесін. – Біздің мына Аршалы тауының терең шатқалдарын жайлаған жыландардың ордасында бір адам өмір сүріпті. Әлгі адам түнде жыланға айналып, күндіз кісі кейпіне  енетін көрінеді.

Жылан-адам сауытын шешіп тастап кейде алыс қиырларға сапар шегеді екен. Сөйтіп елден елді, жерден жерді аралап келе жатса, шақырайған күннің астында ешкі сауып отырған бір кедейге ұшырасыпты. Осы кедейді бір сынап көрейініші дейді де жігіт жылан кейпіне еніп кедейдің лашығына кіріп барса, байқұс кедей орнынан ұшып тұрып ернеуі маймиған  қалайы легенге сауған сүтінің жартысын құйып беріпті. Жылан сүттен тойғанынша ішіп,  алтын ділда тастап шығып кетеді.

Осыдан кейін жылан күнде сүт ішуге келіп тұрады, кедей сорлы да күніне алтын ділдалі бола түседі. Күндерден күндер өтеді. Төрткүл дүниге аты кеткен бір патша түс көреді. Ол түсін ешкімге айтпай «түс көрдім, түс көрдім, түсімде не көрдім?» деп айта береді. Уәзірлері, ғұлама молдалары жиылып патшаның қандай түс көргендігін таппайды. Қарақұрым халқы жиналып кеп айта алмайды. Сонда патша: «Менің дәрегейіме бас ұрған пенде баласы қалмасын. Бәрің жиылып келгенде не түс көргенімді білмесеңдер тегіс  басыңды аламын», –  дейді. Мұны естіген қараша халықта ес қалмайды. Патшаның жарлығын кедей де естиді. Кедейге де жан тәтті,  қайтерін білмей, кіріп кетерге қара жердің қыртысын таппай отырса, оған жылан кеп тіл қатады.

– Сен патшаңа бар. Патшаңа жолыққанша менің сөзімді тісіңнен шығарма. Патшаң түсінде түлкі көрді. Осыны айтсаң патша қуанып саған сый-сыяпат жасайды. Бірақ сен патшаның бергенін менімен бөлісуге тиіссің, – дейді.

Кедей қуанып, құнжың қағып жүгіре жөнеледі. Шаһарға барса, құжынаған халық дейді. Күңіреніп жатыр екен дейді. Кедей патшаға кіруге мұрсат сұрайды. Бейшара ажалына асыққан біреу ғой деп, күзетшілер оны патша сарайына кіргізіп қоя береді. Кедей патшаның алдына бара жығылып:

– Түсіңізде не көргеніңізді мен айтайын, тақсыр, – дейді.

– Айт! – дейді хан ақырып.

– Тақсыр, – дейді көзін жұмып мүлгіген жарлы, – көріпкел-әулие пірлерімнің сездіруіне қарағанда, сіз түсіңізде түлкі көрдіңіз.

Мына сөзді естіп патша қуанып:

– Менің жұртымның ішінде де ақылды, әулие адам бар екен ғой. Әулиеге көтергенінше алтын ділда тарту етіңдер! – деп әмір етеді. Әулие түсін жорып, көңілін тыныштандырған соң патша да мейірленіп халқына хұрсан жариялайды.

Аяқ астынан әулие атанған кедей жарты қап алтын ділдәні көтеріп келе жатып «Әй, осыны жылан біледі ғой дейсің бе?» деп алтын ділдәларын жарты жолға көміп, тығып тастайды.

Арада неше жылдар өтеді. Жарлының лашығына кіріп жылан күнде сүт ішеді, күнде бір ділдә қалдырады. Кедей оны жамбасына басып жата береді. Патша бір күні баяғысынша түс көреді. «Түс көрдім, түс көрдім, түсімде не көрдім?» деп айқайлайды патша. Ел іші тағы дүрлігеді. Уәзірлер кедейді іздейді. Ат шаптырып кісі жіберсе, кедей шалқасынан түсіп шалжиып жатыр екен. Шабармандар алқынып: «Әулие жарықтық, халқыңды құтқара гөр, қатігез патшамыз түс көріпті. Бізбен жүр. Түсінде көргенін айтып бер», – дейді. Кедей: «Сендер жолдарыңнан қалмаңдар, мен соңдарыңнан барамын»,  –  дейді де өзі емпеңдеп жыланға жетеді:

– Басыңды көтер, Мар ата, патшамыз түс көріпті.

– Қу тұяқ кедейім, келдің бе? Патшаң түсінде қасқыр көрді. Бар да айт. Бірақ олжаны бөлісуді ұмытпа.

Кедейді патша жылыұшырай қарсы алады. «Әулием, айта ғой, түсімде не көрдім?» «Түсіңізде, –  дейді  кедей, –  түсіңізде тақсыр хан, қасқыр көріпсіз».

– Ойбоой! – деп шалқиды патша. – Менің қарашы жұртымның ішінде нағыз әулие бар екен ғой. Мынау нағыз әулие. Әулиеме көтергенінше алтын ділдә беріңдер!

Қап толы алтынды арқалап келе жатқан кедейдің ішіне арамдық кіріп «Осыны жылан біледі ғой дейсің бе?» деп әдеттегідей қапшығын жарты жолға жасырып көмеді де, жыланды таспен ұрып жарадар етіп маңынан қуып жібереді.

Арада жылдар өтеді. Түс көргіш патша ел ішін бұрынғысынша азан-қазан қылады. «Түс көрдім, түс көрдім, түсімде не көрдім?»  Уәзірлер кедей байқұсты естеріне түсіріп шапқылатып шабарман аттандырады. Шабармандар барса, кедей сол баяғы шыр бітпеген қалпы ешкісін сауып ішіп отыр екен дейді. Шабармандар ат белінен түспей мән-жайды баян етеді. «Сендер бара беріңдер, – дейді кедей. – Мен де жетемін». Сөйтіп ол тарынып жылап, енді ғазиз жаннан баз кешкен шығармын деп зарлай бастағанда жылан қасынан табылады.

– Ә, сығыр кедей, сораңды ағызып неге зарлай қалдың?

– Мар ата, жаздым-жаңылдым. Өзің бірдеңе қылып ептемесең өлетін шығармын. Түстен өзге ісі жоқ патшамыз ұйықтап жатып тағы да ит-құсқа жолықса керек.

– Патшаң бұл жолы түлкі де, қасқыр да емес, қой көрді, – дейді жылан.

Патша әулиесін көргеніне қуанып: «Өзіңізден сұрайтын соңғы мәуітім бар еді», – деп бастағанда кедей жұлып алғандай «Тақсыр ием, түсіңізде қой көрдіңіз ғой» дейді бек сенімді түрде.

Патша есі шыға қуанады. Кедейді сый-сяпатқа кенелтіп жолға салады. Кедей жолда келе жатып «осы бай адам мендей-ақ болар, екі қап алтын ділдәм бар. Жылан досымнан жиған ділдәларым бір төбе. Енді ынсап қылайын. Мына  арба толы алтынды Мар атама берейін» деп  қанағатқа кенеледі. Мұны білген жылан кедейді жолынан тосып алып былай дейді:

– Маған сенің алтын көмбең керек емес. Мен сені сынға алып едім. Әуелі патшаң түсінде түлкі көрді. Өйткені халқы түлкі сияқты еді. Бірін-бірі алдап өмір сүретін. Сен де түлкілік жасап, жарты қап ділдәні тығып тастадың. Одан соң патшаң түсінде қасқыр көрді. Халқы да қасқыр еді ол кезде. Сен де қасқырлық жасап, алдыңды болжаған достығыма  қастық қылдың. Енді ел тойынды. Жуасыды. Патшаң да түсінде қой көрді. Оны сен мен арқылы жорып баян еттің. Патшаңның көңілі тынды. Енді сен мені тыңда. Қазына-мүлкің жетеді. Үйлен. Қатының ұл туса, атын Мәулім ғой. Мәулім мені іздесін. Мен – жыландар патшасы Шахмаранмын.

Осыны айтады да жылан көзден ғайып болады. Кедей үйленеді. Қатыны тоғыз ай, он күн дегенде толғатып ұл туады. Ұлдың атын Мәулім деседі. Мәулім бала кезінен садақ тартып, аң атып әке-шешесін асырайды. Бір күні Мәулімнің көз алдынан бір елік қаша жөнеледі. Мәулім қуа жөнеледі. Елік қаша-қаша бір үңгірге кіріп кетеді. Мәулім де үңгірдің ішіне енеді. Үңгір тас қараңғы екен. Анда-санда еліктің көзі жалт етіп шалынып тереңге бастай береді. Мәулім еліктің соңынан еріп келе жатып үңгірдің ішіндегі бір түпсіз шыңырауға түсіп кетеді. Шыңыраудың ішінде жатып Мәулім жан-жағын жебесінің ұшымен қазса, жылт еткен жарық көрінеді. Не болғанда да осы шыңыраудың түбінде қалдым ғой, оданда қаза берейін деп қаза берсе, ар жағынан ысылдап үйірлі жылан шыға келеді. «Сені біздің патшамыз Шахмаранның күткеніне көп болды» дейді жыландар. Мәулім жыландардың ордасына келсе, Шахмаран алтын табақтың үстінде жатыр екен. «Қорықпа мен де жартылай адаммын. Жер бетіне шықсам кісі кейпіне енемін. Жер астында жыланмын. Жыландар патшасымын. Мен саған бір құпиямды ашамын, Мәулім балам. Сен ол үшін менің қасымда ұзақ тұруға тиіссің», – дейді. Мәулім Шахмаранның әлемінде ай өмір сүреді, жыл өмір сүреді. Тіпті көп жылдар өтеді. Бір күні Мәулім кәрі ата-анасын есіне алып жылайды. Шахмараннан жер бетіне шығуға рұхсат сұрайды. Шахмаран келіседі. Мәулімді жер бетіне шығатын жолға салып тұрып жыландар патшасы ұртына жасырған гаухар тасты байқатпай ұстата қояды да:

– Мына гаухар тас жер бетіне шыққан кезіңде кітапқа айналар. Мұнда неше ықылым заманның сыры бар. Бұл кітаптың сенде кеткенін білсе, жыландар мені өлтіреді. Мені көргеніңді пенде баласына сен де сездірме. Олар білсе саған да, маған да қастық қылады, – деп қоштасып қала береді.

Мәулім шыңыраудан көзді ашып-жұмғанша көтеріліп, жарық дүниеге оралады. Арып-ашып жүріп ауылын табады. Барса, әкесі бақиға аттаныпты. Анасы жалғызын жоқтай-жоқтай басыр болып қалыпты. Мәулім сонда Шахмаранның кітабын есіне алып, бірер бетін ашып оқып, анасының көзіне дем салса, кейуананың шырағы қайтадан жанып шыға келіпті.

Әлқисса. Мәулім кітабын оқи берсін. Біз енді жазылмас дертке шалдығып, ғаламның оқымысты молдалары мен дәруіш-құшынаштарын жиып алған патшаға келейік. Патша жан адам білмейтін науқасқа ұрынып Жаратқаннан жанына сауға сұрап жатыр екен. Сол кезде жын-перінің тіліне жетік бір молда  Ніл дариясын кешіп, Мысырды басып, Шам шахарынан жетіпті дейді. Келе патшаның тамырын ұстап көрген сұңғыла: «Тақсыр, сіздің еміңіз – жыландар патшалығының патшасы Шахмаранның еті. Шахмаранның басын алып миын қайнатып ішіңіз, жон терісін сыпырып жамылып жатыңыз, сонда бар дертіңізден құлан таза айығарсыз», – дейді. Сонда патша уәзірлеріне бұйрып: «Қайтсеңдер де Шахмаранды табыңдар», – дейді. Молда айтады: «Тақсыр, уәзірлерді бекерге әуре етесіз. Мен сіздің шахарыңызға кірген бойда байқадым, бір қараша үйдің түндігінен алтын бу шығып тұрды. Сол үйде Шахмаранды көрген бала бар. Маған нанбасаңыз баланы шешіндіріп қараңыз. Баланың денесі кеудесінен төмен қарай көкала. Шахмаранды көрген жанның тәнінде сондай белгі болады», – дейді. Дегенше, уәзірлер Мәулімді байлап-матап алып келеді. Шешіндіріп жіберіп қараса, расында денесі көкала екен. Патша көзі жайнап Шахмаранды сұрайды. Бала айтпайды. Патша қаһарына мініп, ызбарлана сұрайды. Бала тіл қатпайды. «Мынаны апарып зынданға салыңдар», – дейді. Патшаның жаналғыштары баланы ұрып-соғып күнде сұрайды. Мәулімнен дыбыс шықпайды. Амалы құрыған патша баланы дарға асуға бұйырады. Бұл кезде шахарға қауесет тарап, пәрмені зор патшамыз бала кейпіндегі айдаһарды өлтіреді екен деседі. Патша жарлығы жария етілген күні жұрт дар ағашы тұрған алаңға ағылады. Қараса, көркіне көз тоятындай түбіт мұрт бозбала екен. Апыр-ай, мынау бір бейкүнә бала ғой деп жұрт гулей бастайды. Қала жұртының осылай қауырт жиналғанын күткен Мәулім жендеттердің жетегінде келе жатып пырр етіп торғайға айналып зау биікке көтеріледі де: «Қап-қап, Шахмаранның кітабын тауысып оқи алмадым» деп, бұлдырап кете барады. Торғайды кенет қырғи бола қойған молда қуа жөнеледі. Сол кеткеннен Мәулім де, молда да оралмапты. Ауру патша дүние салыпты. Ал, Шахмаранның кітабын көрген жан бұ дүниеде жоқ екен».

 

Солтанбай қарт Жамауды таң-тамаша еткен әңгімесін тиянақтай бере сөзін былай деп қорытты:

– Со заманның куәгерлерінен қалған сөз екен, балам. Кітапты Шахмаран  Мәулім арқылы  жер бетіне шығарып, адамзат баласына тарту етпек болған. Ол кітапты жаны ізгі, жаманшылық ойламайтын бекзат кісі ұстаса деп армандапты. Кейін адамдардың арасына оқымысты-ғұламалардың кейпіне еніп кіріп кеткен ібілістерді сезіп, кітапты  Аршалы тауының бір шыңырау құз-жартасына тығып тастапты. Осылайша Шахмаран күндіз кісі, түнде жылан болып әлгі кітапты әлі күнге дейін бағып жүр екен.

Ертеңінде Жамау Аршалыға апарар бұралаң соқпаққа түсті. Тау етегі қоянжонданып бел-белеске ұласқан сайын баяғы уілдің сарыны төңіректі сапыра көшіріп Жамаудың екі аяғын жерге тигізбеді. Төменде иен ауыл қой тастардай үйіліп қораш көрінеді. Сарытау табан астында тапталып, басында алабас атан бұлттар аунаған Баянжүрек белден төмен қалды. Жамау демін басып, жан шақырып қараса, аспанды алқымдаған алып бір құзар шыңының шыңырау биігінде дамылдапты. Дәрмені таусыла, буындары құрсауланып бүктеле құлаған. Кенет бойын жазды да созылып сала берді. Сөйтті де жақпар тастан желбезегін шығарып, ысқыра арбап тұрған әбжыланға қарай басын оқтай шаншып ирелеңдей жөнелді.

"Жұлдыз" журналы

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063