«ЖУРНАЛҒА ЖАЛА ЖАПҚАНДАРДЫ ЖАУАПҚА ТАРТУ КЕРЕК»
«Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған нөмірі 8-нші санына қатысты дау қоғамға деңгейде қызу талқыланып жатқаны белгілі.
Осы мәселеге орай бүгін Ұлттық баспасөз клубында «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылғап Қалыбай және бір топ қазақ зиялылары арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз мәслихатына қатысушылар өте көп болды. Оның ішінде журналдың оқырмандары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, сарапшылар, ақын-жазушылар болды.
Сондай-ақ, «Аңыз адам» журналын өртеп, акция өткізген ауған соғысы ардагерлері де келіпті.
Баспасөз мәслихатының мінберінде Асанәлі Әшімов, Мұхтар Шаханов, Мәмбет Қойгелдиев, Жасарал Қуанышәлин, Мақсат Нұрыпбаев қатарлы азаматтар отырды.
Әуелгі сөзді журнал редакторы Жарылғап Қалыбай алды. Ол өз сөзінде байланыс және ақпарат комитетінен журнал редакциясына ресми түрде жазбаша ешқандай ескерту келмегенін атап өтті.
Төменде баспасөз мәслихатына қатысушылардың сөйлеген сөздерінің негізгі тұстарын беріп отырмыз.
Жарылғап Қалыбай, "Аңыз адам" журналының бас редакторы:
- Біз оны (Гитлерді.ред) дәріптеп отырған жоқпыз. Әлемде бізден басқа 200 ге тарта мемлекет бар. Сол елдердің бәрінде Гитлер туралы көптеген кітаптар жарық көрген. Тіпті Ресейдің өзінде 1992 жылы «Майн камп» ресми түрде кітап болып шыққан. Ал бізде кішкентай бір журналға шыққан екен соның суретінен қорқып шу шығарып отыр. Болмаған нәрсені болды қылып отыр. Мен қылмыс жасаған жоқпын. Және оны ешкім дәлелдеген жоқ. Бірақ, сыртымнан байланыс және ақпарат комитетіне айтып, бұл әлеуметтік, діни, ұлтаралық жанжал туғызып отыр, 12 жылға сотталуы мүмкін деп жарияға жар салып жатыр.
Жанжал туғызып отырған мен емес, журналды оқымай жатып, бізді айдап салып жатқан орыс сайттары мен «КТК» арнасы. Арандатушылық болса, сол жақтан шығып жатыр.
Бұл санда біз пікір алған ғалымдар, мамандар РФ президенті Путинді Қырымды басып алғаннан кейін Гитлермен салыстыра айтты. Содан кейін Путиннің билік басына келуімен Ресейде скинхедттер дейтін неофашисттер қаптап кетті. Славян емес халықтың өкілдерін ұрып-соғып, тіпті өлтіріп кетіп те жатқанын жұрт біледі. Осындай мәселелерді айтқанымыз үшін біз жазалы болсақ, онда біз Қазақстанда өмір сүріп отырмыз ба, Россияда ма?
Жарылғап Қалыбайдан кейін сөз алған актер Асанәлі Әшімов, қазақтың қандай да бір жарқ етіп көрініп, алға озған дүниелерінің бәрін бас салып талап, «халық жауы» етіп көрсету ежелден келе жатқанын айтып, мұндай басылымды Ресей журналисттеріне қорғау керектігін сөз етті.
Асанәлі Әшімов, халық әртісі:
- Бұл танымдық журнал. Мен дау болып жатқан санын түгел оқып шықтым. Ол жерде басылымды халық жауы етіп көрсететіндей ешнәрсе жоқ.
Жириновский мен Лимоновтар жазып жатады, соны шығарған орыс журналдарын жаппайды ғой. Олар Қазақстан туралы неше түрлі нәрсе айтып жатады. Ертең бізге ауыз салмасын қайдан білеміз?! Ал, олардың айтып жүргендері өте қауіпті. Мен Россияның Украинаға жасап отырған дүниесіне қарсымын.
«Аңыз адам» журналы шындықты айтып отыр. Ресей журналисттерінен қорғау керек. Олар журналдағы дүниелерді бұрмалап, басқаша түсіндіреді, оқымаған адам соған сенеді.
Мұхтар Шаханов, "Мемлекеттік тіл қозғалысының" төрағасы:
- Журналда Гитлерді мадақтаған жер жоқ. Журнал бұл санында Гитлердің зұлымдығын жазып отыр. Ақты – ақ, қараны – қара деп отырған журналға осындай мінез көрсетуге бола ма? Бұл – барып тұрған ақымақтық қой.
Кеше телеарналардан ойбай Гитлерді насихаттапты деп он минут бойы көрсетті. Мынаның қай жері насихат, қайдағы насихат. Оқу керек қой, қазақ тіліндегі журнал ғой.
Бұдан кейін сөз алған Жасарал Қуанышәлин журналдың бұл нөмірі дер кезінде және бүгінгі күннің күрделі мәселесімен байланыстыра жарық көргеніне тоқтала келіп, Путиннің Украинаға қатысты ұстанған саясатынан кейін «Путлер», «Путин - фашист» деген сөздер ең әуелі Ресейдің өз ішінде қолданысқа енгенін және бүкіл әлем солай айтып жатқанын атап өтті.
Жасарал Қуанышәлин, саясаткер:
- Қазір керісінше, журналға және редакцияға жала жапқандарды жауапқа тарту керек. Олар жазықсыз адамдарды қаралап, оқырманы мен таралымы өте көп белгілі журналды жаптырмақ ниетте. Біз бүгіннен бастап Путлерлік Ресейдің саясатына қарсы тұрмасақ, ертең орны толмас өкініште қаламыз.
Ал, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев қайбір жылы Өскемендегі орыстілді газет Мұстафа Шоқай туралы деректі фильм түсірген Қасымхан Бегмановты фашист Шоқайды насихаттады деп сотқа бергенін және Қарағанды қаласындағы орталық көшеге Ә.Бөкейханов есімін беру туралы мәселе көтерілгенде де жергілікті орыс басылымдарының бірі «Бокейханов - террорист» деп мақала шығарғанын айта келіп, жалпы фашизмді насихаттады деп жала жабушылық соңғы жылдары орыс баспасөзі тарапынан жиі көрініс беріп келе жатқанын айтты.
Мәмбет Қойгелдиев, тарихшы:
- Журналдың бұл санында фашизмді насихаттайтын бірде-бір дүние жоқ. Сондықтан орыстілді журналисттерді әр нәрсеге көздеріңізді ашып қараңыздар, көздеріңізді ашыңыздар дегім келеді және соған шақырамын.
Abai.kz