Зиялылар құрақ көрпе бола ала ма?
Мұқан Исахан. Шұға құрауға келеді. Зиялылар құрақ көрпе бола ала ма?
Рухани біртұтастықты қалай қамтамасыз етеміз дегенді ойлансам, апамның қызылды-жасылды шұғаны әдіптеп, ішіне мақта салып, құрақ көрпе жасағаны есіме түседі. Жоқ, ойға оралған мысал дұрыс емес сияқты. Шұға құрауға келеді, бірақ біздің бірін-бірі кәпірге шығаратын зиялыларымыз ұлт мүддесі үшін бастары бірігіп, халқына төсеніш құрақ көрпе бола ала ма? Әй қайдам? Құбыласы бөлек-бөлек болған соң, әркім өз тоғайына қарап ұлиды ғой. Бірі араб, бірі түрік, бірі пуштун болып ыңырсығанда, қара халық олардан қайтіп опа табады? Әсілі, әрқайсысы бір-бір жамағаттың сойылын соғып, бірлігімізге осы ақындар, жазушылар, өнер адамдары жарықшақ түсірді. Мына шыққыр көз олардың дүниелік бас пайданы ойлап, бірінші боп ұлттық мүддені аяқ-асты ете салатынын талай көрді. Бірақ, бұл жазғандар ұяттан жұрдай ғой. Жоғалтқан ұпайының орнын сол ұлттық мүддені қайтадан бет-перде ғып толтыруға тырысып-бағады. Оған да талай куә болдық. Ең болмаса, өздерін күнәһар былай тұрсын, кінәлі де сезінбейді ғой, шіркіндер. Осындайда Тоқаш Бердияров ағамыздың: "Ақын-жазушылардың ішінде сатқындар көбейіп кетті, енді үшінші дүниежүзілік соғыс ерте басталса екен, біразының сазайын беретін" деген сөзі есіме түседі. Иә, Қазақияға тазарту жұмыстарын жүргізетін мезгіл жеткен сияқты...
Facebookтегі жеке парақшасынан алынды.