Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 8540 0 пікір 31 Наурыз, 2014 сағат 12:46

Ұлықбек Есдәулет. «ТҰҒЫРДАҒЫ ТАПАНША» ТАРИХЫ

Бұл суретке 1997 жылы Америкада болғанымызда, Нью-Йорктегі  Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимаратынан шығып келе жатқанда түсіп едім. Еліміздің  Сыртқы істер министрлігінің ЮНЕСКО істері жөніндегі басқармасында шетелдермен мәдени байланыс бөлімін басқарып жүрген кезімде   Ә.Нұрпейісов, З.Қабдолов, М.Мағауин, Р. Нұрғалиев, Ш. Мұртаза, Ә.Тарази, т.б. жазушы, ғалым ағалар тобын түзіп, мұхит аттап барып,  халықаралық конференцияға қатысып, соңыра Вашингтон, Нью-Йоркті аралап, ЮНЕСКО-дағы Қазақстан өкілдігінде болған едік.  Баспасөз арқылы бұрыннан көзтаныс «бейбітшілік тапаншасының»  мүсінін көрген бетте-ақ  қасында суретке түскім келген. Жолбасшылардың қаумалауымен көлікке беттеген ағаларымнан бір сәтке жырылып қалып,  біздің Елшіліктің сол тұстағы кеңесшісі, кейін Америкадағы Елшіміз де, Сыртқы істер министріміз де болған  белгілі мәмілегер Ержан Қазыхановқа шыртылдақ фотоаппаратымды ұстата қойдым. Жоғарыдағы - сол азаматтың түсірген суреті. Енді осы бір бүкіл әлемге әйгілі, даңқы дүниеге дарыған еңселі ескерткіш туралы білген-түйгенімді оқырманмен бөліспекпін.

Оқ шығар ұңғысы шылбырдай шиырыла байланып, төрткүл тұғырда тұрған  45 калибрлі «Кольт» тапаншасының  бұл әйгілі қола мүсіні - «Қастандыққа жол жоқ!» (Non Violence) деп аталады. Авторы - швед сұңғатшысы   Карл Фредрик Рейтерсверд (Carl Fredrik Reutersward).  Люксембург герцогтігінің Нью-Йоркке тартуы ретінде 1988 жылы орнатылыпты. Биыл Рейтерсверд аттай 80 жасқа шықты.

Тұмылдырық киген қаршығадай болып, тұмсығы түйінделген тапаншаның  тұрқын түбіне барып көргенде  бірден Сальвадор Далидің өреге жаюлы жұмсақ сағаттары есіме түсті – дәлірек айтсам, «Зерде тұрақтылығы» картинасы.  Далиде - күн астындағы ірімшіктей еріп жатқан сағаттар, мұнда – оқпаны күрмеп байланған  қола қару.  Екеуін байланыстырып тұрған - сюрреалистік стиль ғана.

Қаруға «аузын буған өгіздей» деген теңеу дәл келе қоймас. Сөйтсе де мына ескерткішке қарап тұрғанда сол теңеу ойыма орала берген еді. Аузы буылған тапанша.  Бейбітшілік рәмізіне айналған Пикассоның  сурет - «Көгершіні» мен есірткі мафиясына қарсы күрес символына айналған Ботероның мүсін - «Көгершінін» де еске салады. Өйткені, бұл «Тапанша» - дүниедегі  қанды қылмыс, қасақана кісі өлтіру, қастық, зұлымдық атаулыны ауыздықтаудың тапқырлықпен қойылған аса көрнекті символы.  2012 жылы Колумбияның Меделлин қаласында Фернандо Ботероның «Көгершін» мүсінінің қатар қойылған екі нұсқасын қолмен сипап көргенімді айта кетпесем болмас. Мынау сол сурет:

Біріншісін ен байлықтан есірген есірткі бароны қандыбалақ Карло Эскобар 1993 жылы бомба қойып, жарып жіберген соң, қала тұрғындары оны жамап-жасқап жатпастан, қасына  одан айнымайтын жаңа «Көгершінді» қоладан құйып орнатқан. Сол жылы Эскобар оққа ұшып өлген. Көгершін құстың  киесі ұрғаны анық. Қоладан соғылса да. Ал сексеннен асқан Ботероның көзі тірі. Қос «Көгершіні»  қомданып қоналқасында отыр.

Міне, Пикассо, Ботеро мен  Рейтерсвердт сияқты әлемдік өнердің хас шеберлерін туыстастырып тұрған ортақ тақырып -  қантөгіске қарсылық, адамгершілік, өмірсүйгішік идеясы арқасында үшеуінің де өлмес есімдері өркениет тарихына өшпес әріптермен бәдізделді.

«Тапаншамызға» қайта оралсақ, бұл мүсіннің  қағаз жүзіндегі тұңғыш нобай-сұлбасы шведтің Лунд қаласындағы  «Кескіндер мұражайында» ("Skissernas museum")  қабырғада ілулі күйде сақталуда:

 

 

Ал сол мұражай  алдындағы саялы бақтың шетінде бұдан былай мәңгілік атылмайтын тапанша-мүсіннің өзі тұр:

 

 

Стокгольмнің жұрт қыдырыстайтын жаяу көшеcінің көрнекті тұсына тізеден келетін тас тұғырға орнатылған кісі бойындай қарудың қорғасын түкіріп, ажал бүркетін ұңғысы жіптің ұшындай байланып, енді қайтып оқ ұшпастай түйілген. Ескерткіш идеясын жұртшылық классик жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Э.Хемингуэйдің «Қош бол, қару» деген пацифистік романымен байланыстырады. Кейінгі ұрпақтың өз өсиетіне осыншалық ықылас білдірерін қайран қаламгер қайдан білсін! Жергілікті жұрт тіпті «осы ескерткішке полковник Кольттің өзі келіп, көргенде жылап жіберіпті де алды-артына қарамай тұра жөнеліпті» деп аңыз айтады. Бұл енді өтірігі қылтиып тұрған  қауесет. Өйткені жиырма жасында Үндістанда сандалып жүріп, осы тапаншаны ойлап тапқан Сэмуэль Кольт бір ғасыр бұрын дүниеден өтіп кекен. Бірақ қару жасаушы өнертапқыш әр қолда жүрген Кольт тапаншасын өзіне көзі тірісінде қойылған ескерткіш деп есептегені белгілі. Қайткенмен де мұндағы тұрғындар бұл ескерткішті  Швед корольдығының сонау бірінші дүниежүзілік соғыста мәлімдеген бейтараптығының символы деп санайды.

Швед мүсіншісі  өз туындысының бірнеше нұсқасын жасапты. Сол бойынша атақты Альфред Нобельдің тұқымы Майкл Нобель басқаратын «Қастандыққа қарсылық» Қоры «Тапанша»  мүсінінің 20 данасын қоладан құйғызып, әлемнің әр түкпіріне орнатуға тарата бастаған.  Оның ең біріншісі Швецияның Мальмё қаласында 1985 жылы қойылған:

 

«Қастандыққа жол жоқ!» мүсіндерінің бірнешеуі  автордың Отаны - Швецияның Мальмёден басқа бірнеше қаласында - Стокгольм,  Гётеборг, Теби, Буроста орнатылған. Сондай-ақ, бұл мүсіндерді әлемнің әр құрлығынан: Нью-Йоркті қосқанда, Берлин, Лос-Анжелес, Люксембург, Лозанна, Ливерпуль, Кан, Йоханнесбург, Кейптаун,  Пекин қалаларының көрнекті жерлерінен  ұшырастырып, көз суаруға болады. Бұл күнге дейін «Аузын буған тапаншаның» 16 ескерткіші  әлемнің 16 қаласынан тұғыр тапқаны белгілі. Демек, әлі төртеуі өз кезегін күтуде...

Францияның  Кан қаласындағы (Нормандия) әскери мемориалдық кешеннің қақ ортасындағы ашық алаңқайдағы ескерткіш көрінісі мынадай: 

 

 

Кейбіреулер Рейтерсверд бұл мүсіндерді жасауды өзінің жан досы, атақты «Битлздің» аты аңызға айналған  әншісі, композитор Джон Леннонның 1980 жылы қисынсыз қастандықтан қаза табуына байланысты  қолға алған деседі. Басқа біреулер оны жоққа шығарады. Нақ солай болса да, болмаса да,  осы бір әлемдік деңгейдегі теңдессіз туындының сомдалуына сол жылдарда дүниеде қанды  қастандықтардың  қасіретті лаңы үсті-үсіне үдеп кетуінен бүкіл адамзаттың аза бойы қаза болып, күллі қоғамның жаны түршіккені түрткі болғаны анық. Сондықтан да болар, Леннонның тапанша оғынан қаза тапқанына 20 жыл толғанда оның туған қаласы Ливерпульде де биіктігі бес метрлік осындай ескерткіш  еңсе көтерген.

Дәл сондай тапанша мүсіні Сокгольмнің орталығы Дроттинггетен алаңында да тұр:

 

Бір түйгенім, бейбітшіліктің бетке ұстарындай бұл ескерткіш әлемнің қай қаласында атышулы қастандық жасалса сол жерге орнатылатын  көрінеді. Ал біздің Алматы кентінде күні кеше  қайраткер азаматтар Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевты мерт еткен қанқұйлы қастандықтарды қайда қоямыз?  Қалай ұмытамыз? Алматы қаласына олардың әрқайсысына дербес қойылар мүсіндерден бөлек, осындай қасақана жасалған қанды қастық пен озбырлықтан сақтандыратындай бір ескерткіш керек екені айдан анық қой! Әлі күнге дейін күрмеуі кесіліп, жұмбағы шешіліп болмаған Желтоқсан мен Жаңаөзеннің жөні бір басқа!

Жоғарыда, «Қастандыққа қарсылық» Қоры қоладан құйдырған 20 «Тапанша» мүсінінің  16-сын әр жылдарда әлемнің 16 шаһарына тарту ретінде тегін таратқанын айттым. Демек, олардың ішінен әлі орнатылмаған 4  жәдігер  бүгінге дейін өз кезегін күтіп, Қор құрылтайшысы Майкл Нобельдің қоймасында сақтаулы жатқаны анық. Міне, ендеше, соның біреуін біздің Алматыға ат-түйедей қалап, сауғадай сұратып алдырсақ, әспеттеп әкеліп, көрнекті алаңның біріне тұғырға қондырсақ деген ой келеді. Бұл біздің атом қаруынан өз еркімен бас тартқан бейбітшілікке құштар мемлекетіміздің лаңкестікке, қастандыққа, қанды қылмысқа, зұлымдық пен зорлық-зомбылыққа, қантөгіске, озбырлыққа қарсы ымырасыз күресі мен бейбітшілікке, қоғамдағы тұрақтылыққа деген ұмтылысын көрсетер еді! Мысалға, мынадай мүсін Алматының тақиясына тар келе ме?

          Міне, дәл осындай бейбіт өмір бейнесі Алматының бір алаңында қасқайып тұрса деймін! Тіпті, мұндай  ескерткіштің біреуін емес екеуін сұратсақ,  екіншісін «мәңгілік досымыз», ақыреттік көршіміз, кедендік одақтасымыздың астанасы  Мәскеуге жіберткен жөн болар еді. Қызыл алаңның қақ төрінде, «Патша-зеңбірекпен» тайталасып, осындай  бір бітеу тапанша Кремльдің соғысқұмарларын тәубеге шақырып тұрса деймін. Өйткені,  байы өлген қатыннан бетер қарадай тұлданып, қара суды теріс ағызып, қабағын түйіп қатуланған Мәскеу мен Кремль бұрнағысын айтпағанда, дәл бүгінгі кезде жан-жағына ызғар шашып, әлсізге әлімжеттік жасап, құдайы қоңсыларына қырғи қабақ, қыр көрсетіп, қару ала жүгіріп, тізесі мен жұдырығын батыратынын байқатып, шектен шыққан қысастық пен зорлық-зомбылықтың, озбырлықтың ошағына айнала бастаған жоқ па?

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279