Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Өлең 10235 0 пікір 27 Наурыз, 2014 сағат 10:35

РУХ ПАТШАСЫ (МҰХТАР ШАХАНОВҚА)

1-2 сурет: Жұмабек Тәшенов

3-сурет: Мұхтар Шаханов

 

Шынжырлы жолбарыс

(Алаштың алыбы Жұмабек Тәшеневтің туылған күніне арнау)

 

Қатыгез тағдырдың жібіне байланған,

Қаймана қазақтың бағына айналған.

Шынжырлы жолбарыс атанған арысым

Ата жау сескеніп, патша да ойланған.

 

Бір ұлы перзенті қаймана қазақтың,

Тарихы табылған ішінен тозақтың.

Шұбар төс баһадүр Жұмабек Тәшенев

Өзіңе қарыздар қайырлы азат күн!

 

Ар-ұждан алдында ұмытқан барлығын,

Жері мен елі үшін құрбан ғып тағдырын.

Билік пен байлыққа сатылмай атылған

Өзіңдей батырға мәңгілік тағызым!

 

Қадірді білмедік батырым барыңда,

Байланған кез еді отарлы тағдырға.

Бостандық  жолында еселі еңбегің

Мәңгілік сақталар ұрпақтың жадында.

 

Тәуелсіз елім бар, көк туы жайнаған,

Айбарлы Астанам жеріңде қорғаған.

Тәшенов мектебі, білім ап әр балаң

Тәшенов көшесі бойында ойнаған!

 

Тәшенов ескерткіш-музейін аралап,

Барады ұл-қыздар тарихи сабақ ап.

Жасайды мәңгілік Алаштың ұлдары

Қорғаймыз отанды – мәңгілік аманат!

12.02.14

Рух  патшасы

(Мұхтар Шахановқа)

 

Мұхтар аға,

Мен саған қарыздармын,

Басымызға ортақ ғой жазылған мұң.

Ұлылығың емес пе сын сағатта

Бейкүнә елдің қасынан табылғаның.

 

Біреулерше қалмадың бұғып үйде,

Шырылдадың қанатың күйіп күнге.

Ар-ұжданның ұраны өлеңдерің

Өзгенің Эврестетінен де биік мүлде.

 

Әніңді естіп Алаштың баласынан,

Сені көрем қазақтың даласынан.

Хантәңірдің шыңындай жарқырайсың

Екі жүзді адамдар арасынан.

 

Көре алмаса дұшпаның көре алмасын,

Біледі олар өзіңдей бола алмасын.

Ғайбаттайды, сыртыңнан табалайды

Көрсеқызар, тар болып жаралғасын.

 

Ар-ұждан мен рухыңды сүйем ізгі,

Алашым деп соғатын жүрегіңді.

Бейуаз елді қорғайтын періштедей

Тәңірім сыйға берген-ді  бір өзіңді.

 

Ренжіп тірлігіне құл баланың,

Несіне біреулерше бұлданамын.

Шындықтың шырылдаған шыңырауы

Тіріңде өзіңе арнап жыр жазамын!

 

Пенделік, күпірліктен арылғанбыз,

Қасқайып қасыңыздан табылғанбыз.

Елі үшін еткен ерлік мінезіңе

Мына біз, өмір бақи қарыздармыз!

 

Өлеңің ар-намыстың асқақ әні,

Ерлігің дастан болып жатталады.

Әлемде әр қазақтың кеудесінде

Есімің тұмар болып сақталады.

 

Мұхтар аға,

Айтатын сырым қалың,

Біле жүр рухты ұлың барын!

Әр күні сізді көрем жауға аттанған

Шүберекке түйіп ап шыбын жанын!

 

Жұртыңа қуат болғанм абыз едің,

Жауыңды талай басқа қағып едің.

Жүре бер арамызда асқар тау боп

Тіріде аңыз болған алып ерім!!

 

Қазақы отар мен орыс отар

Ақ мамыққа айналыпты ақ қарым, 

Ақ қарыма мұңымды айтып жатқамын...

Есіме алдым өткен өмір өрнегін

Қоңыраулы отар көштің соқпағын.

 

Ғасырларға жаулатпаған санасын,

Қазақтарда отар басқа болатын.

Көктем туа оралғанда отардан

Наурыздың думан тойы болатын.

 

Отарлатқан қой, жылқысын, табынын,

Сағындым-ау бабалардың дәуірін.

Қазақы отар – қажылыққа ұқсайтын,

Ер жігіттер орындаған парызын.

 

Қазіргі отар басқашалау әлемде,

Малы жұтап оралады әреңге.

Оралмайтын отарлар көп әттең ай,

Құлап кеткен шыңыраулы тереңге.

 

Тәуелсіздік зорға тиіп әлемде,

Бізде қайттық бір отардан әреңге.

Жұтаған ел орны толмай жатыр-ау

Тілі келмей, ділі толмай кемелге!

 

Қазақы отар –жақсылыққа жар еді,

Орыс отар – басқа мінген пәле еді.

Құл боп кеткен санасы да, жаны да,

Сатқындардың қиын боп тұр әлегі.

 

Қайран қазақ отарыңды аңсадым,

Олжа салған қазанына баршаның.

Жұтқа беріп, айырылған әрінен

Орыс отар – апатынан шаршадым.

 

Бейсен Ахметұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1514
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5839