Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Билік 9747 0 пікір 21 Наурыз, 2014 сағат 14:08

Кенесарының немересі

Cуретте: Натай Кенесарин

Өткен ғасырдың 40-жылдарының бас кезінде ауыл-ауылда қайдан, қай жақтан келетіні беймәлім ақын-жыршылардан көбіне Қобыланды, Алпамыс, Қамбар батырлардан бөлек, ара-тұра «Кенесары-Наурызбай» дастанын тыңдап, «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» секілді лиро-эпостық жырларға құлағымыз қанық болатын. Бертін келе сауат ашып, қаріп таныған соң, оларды кітаптардан оқи бастадық. Солардың ішінде «Наурызбай мен Қаншайым» атты ұзақ дастан бар болатын, бұған дейін құлақта қалған жыр-дастандардан Наурызбай батырдың Кенесары ханның інісі екенін білетінбіз. Сондықтан «Наурызбай мен Қаншайым» атты дастандағы тас қараңғы түнде жылқы күзеткен Қаншайым сұлудың сызылта салатын әнін өз құлағымызбен тыңдағандай әсерленіп, тумысы бөлек батыр қызға Наурызбайдың жасаған мәрттігіне, аяқ астынан оянатын екі жастың махаббатына мән беретінбіз.

Амал нешік, ұзамай бәрі суалып, құрдымға кеткендей болды. Қарасирақ кедейден шыққан қара қасқа атты Қамбар батырдан басқа жыр, дастандар әдебиеттік оқу құралдардан алып тасталып, Кенесары-Наурызбайдың аттарын атаудың өзі қорқынышқа айналды. Сол бір аласапыран кездерде бұған дейін өмірге келген  М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов жаз­ған – «Қыз Жібек», «Айман-Шол­пан», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сияқты спектакльдердің қандай күй кешкенін кім білсін. Абырой болғанда, «Кенесары-Наурызбайдан» басқа жыр-дас­тандардың ұзамай таңдары қайта атып, қалпына келді. «Ке­несары-Наурызбайдың» тағдыры ауырлау болды. Оларды жан-жақты зерттеп, монография жазған тарихшы Ермұхан Бекмаханов айдаудан оралған соң да айы оңынан туа қоймады. Міне, осындай қиын-қыстауда базбір ғұламалар болмаса, Кенесары-Наурызбай ұрпақтары хақында сөз қозғау, іздеу салу былай тұрсын, ауызға алу мүмкін емес-ті. Әйтсе де…

Сол өткен ғасырдағы 50-жыл­дардың орта тұсында Ташкентте оқитын қазақ жастары, біздер әркім-әркімнен осы қалада тұра­тын қазақтың ғұлама ғалым, зиялылары жайлы естігенде, кәдім­гідей марқайып қалатынбыз. Мұның алдындағы ширек ғасыр ішінде аталмыш қалада қазақ тілінде дәріс жүретін жоғары және орта дәрежелі оқу орындары аз болмағаны, ең соңғы қазақ педагогикалық училищесінің жуырда ғана жабыл­ғанын да білмейтінбіз. Ол туралы сол учи­ли­щеде жұмыс істеп, одан Низами атындағы педагогикалық институтқа ауыс­қан Ниятіллә Базарбаев секілді оқытушылар да «аш пәледен қаш пәле» дегендей, ләм демейтін.

Менімен бірге оқитын Тәш­кенбай Сопбеков досым: «Осында экономика институтында директор боп істейтін жақын ағайым бар, сенбі, жексенбіде соның үйіне барып тұрамын», – деп жиі айтатын. Ол ағайының да, басқадай жоғары лауазым иесі – ғалым қазақтардың да біразының аты-жөнін сырттай естіп жүретінбіз. Орта Азия политехникалық институтының директоры (онда ректор демейді) Ниязов, Тоқыма институтының директоры Оразбаев, Орта Азия мемлекеттік университетінің директоры Сарымсақов және басқа қандастар. Олар маман даярлайтын оқу орындарының басшылары. Ал, Тәшкенбай досымның ағасы Өнер Жамалов Өзбекстан Ғылым академиясына қарасты Экономика институтының директоры. Сол академия құзырындағы Геология институтының директоры Кенесарин де қазақ деседі.

Рас, ол кездерде Кенесаринмен де, өзгеде зиялы адамдармен де көзбе-көз жолығу, ауызба-ауыз сөйлесу өң түгіл, түске кірген емес. Өйткені, оны бізге хан ұрпағы деп ешкім айтқан емес, бала жас­тан жыр-дастандардан естіген Кенесарыға қатысы бар-ау деп те ойламайтынбыз. Ташкентте Кенесарының немересі тұрады екен, ғалым екен, қиын жылдарда Алматыдан сонда қашып барып бас сауғалаған екен дегендей әңгімелерді ауызекі сөздерден құлақ шала бастағаны көп кейін ғой. Қызығу, құштарлық оянып, оны бір көріп, ауызба-ауыз сөйлесер ме еді деп қиялданатынбыз. Қазақи салғырттықты қойсайшы, Ташкенттің қақ ортасында Тө­ле би бабамыздың кесенесі, Көр­кемсурет галереясында Орал Таң­сықбаевтың ғажап туындылары барынан бейхабар бейбақтарға не дерсіз. Хрущевтің жылымығы жетіп, Е.Бекмаханов айдаудан оралғанмен, Кенесары-Наурызбай басы бүтін ақталған жоқ-ты, олардың таңы еліміз егемендік алған соң қайта оралды деуге болады.

Содан 60-жылдардың орта ше­нінде Ташкентке жол түсті.

– Ауылға ертең барамыз. Бүгін үйде бол, қонақ шақырып қойып едім, ол белгілі адам, үлкен ғалым, танысасың, – деді аэропортта қарсы алған туған інім.

– Ол кім?

– Кенесарин, білесің ғой.

– Білмеймін, қай Кенесарин?

– Профессор, геолог Кенесарин, бұрын директор болған.

– Қазір ше?

– Қазір кафедра меңгерушісі.

– Қайдан танисың?

– Танимыз да, неғыласың. Танымасақ, шақырамыз ба?

– Есімі кім?

– Есімі Натай, әкесінің аты Әзімхан, атасы Кенесары.

– Демек, ол кісі Кенесары ханның немересі болғаны ма, солай ғой, шамасы?

– Қайдам, солай шығар. Жөндеп сұрамаппыз.

Үйге келдік. Қоңыр салқын бөлме. Дастарқан жасаулы. Ар­тық адам көрінбейді. Қонақ әлі келмепті.

Қоңырау сыңғыр етті. Қонақ келді. Үстіндегі қара костюм, ақ көйлек, қоңыр галстугі ұзын бойлы толықтау денесіне құйып қойғандай. Жазық маңдай, қыр мұрын, қыран қабақ, қалың қара қасты, батыр тұлғалы жаратылыс. Ептеп бурыл тартқан қалың шаш жоғары қарай таралған. Қара торы өңі жылы, айбынды. Дауысы өткір, ашық. Жанында дөңгелек жүзі алаулап, қасы-көзі қиылған, ақ сары жүзді, талдырмаш денелі жар қосағы. Наздана күлімдеп, еркелей сөйлейді екен, тектілігі көрініп тұр. Алдын ала айта кетейік, жеңгеміздің тумысы орталық қалалардың бірінде білім алған қызылордалық төрелер әулетінен екен.

Әлбетте, таныстық, табыстық, білістік. Мақсат – ауыз бағу, қиғаш сұрақтан қашу, сақ отыру. Мұндай жандар айтатынды өздері-ақ айтады, айтпайтынға баспайды. Солай болды да. Қайда туды, қайда өсті, не оқу бітірді, қандай құқай көрді, Ташкентке қашан, неге келді – бірі сөз болған жоқ. Есесіне, ғылым, қазақ халқының жайы қозғалды. Онда да аздап, тиіп-қашып. Әр сөзінен бекзаттық, ұлтжандылық, шамырқанған қазақы намыс ұшқындайды. Кейде өзбекше сөй­леп жіберуінде де мүкіс жоқ.

– Натай ағамыз өзбекшеге жүйрік екен, сіз ше? – деп қалдым сөз арасында жеңгейге.

– Жоқ, мен білмеймін, – деді жеңгеміз жымың етіп. – Өзбекшені саған-ақ бердім деп бұған баяғыда айтып қойғанмын.

– Өз басым өзбек ағайын­дарға өкпем жоқ, – деді Натай Әзімханұлы. – Тек қазақтан шық­қан зиялыларға ұлтыңды өзбек деп өзгерт, сонда өйтеміз-бүйтеміз дейтіні болмаса. Ондайға мақұл дегендер де, демегендер де бар. Мен де паспортыңа өзбекпін деп жазсаң, академияға толық мүше етеміз дегендеріне көнбедім. Көнбегендердің біразы Алматы, тағы басқа жақтарға кетті. Атақты суретші Орал Таңсықбаев бар емес пе, әне сол да өзбек бол дегеннен бас тартқаны үшін онша ұлықталмай жүр. Әрине, ол ештеңеден кенде емес. Сонда да…

Натай Әзімханұлы көп жас үлкен болса да, маған «сіз» деп сөйлеп отырды. Осында пединс­титут бітіргенімді біліп алған соң:

– Ташкентте оқысаңыз, Ораз­баевты білетін шығарсыз, – деп бір әңгіменің ұштығын шығарды.

– Сыртынан естігенім бар, бірақ таныс емеспін.

– Қоқанда туған дарынды қазақ, соғысқа дейін техника ғы­лымдарының кандидаты, соғыс біткен соң бір жылдан кейін ғы­лым докторы, одан ұзамай академик, Сталиндік, Лениндік сый­лықтардың лауреа­ты болды. Соның бәрі ұлтын өзбек деп өзгерткенінің арқасы. Бұрынғы орыс әйелін тас­тап, өзбекке үйленді. Алғашқы әйе­лінен бір ұл, бір қызы бар. Қазір олардың екеуі де Мәскеуде тұра­ды. Ұлы кино саласында, қызы Эльвира әнші. Ұлтын өзбек деп өзгерткен соң, Оразбаевтың аты-жөнін Мұхамед Ташевич дейді. Біздің білуімізде ол Махамбет Тасболатұлы болатын. Бұл сөзді дұрыс түсініңіз, жай әңгіме ретінде айтып отырмын. Тағдыр шығар. Кінәлаудан аулақпыз.

Сол жолы Натай Әзімхан­ұлының өзі де, әйелі де: «Біз артық дүние-мүлік жимаймыз, тапқан табысымызды тек киім мен тамаққа жұмсаймыз», – деп отырды.

Мұны сыпайылық үшін ай­тылған сөз шығар деп онша мән бермегенмен, шындық еке­ніне ұзамай көзіміз жетті. Қазақстандағы оншақты күндік командировка бітіп, кері қайту үшін Ташкентке оралған соң, Натай Әзімханұлына сәлем беру үшін Шыланзардағы мекенжайына бардық. Ағамыз үйде болмай, жеңгеміз көл-көсір дастарқан жайып қарсы алды. Сонда көрдім, төрт бөлмеде төсек-орын, киім іле­тін шкаф, ас ішетін стол, орындықтардан бөлек артық нәрсе көзге түспеді. Жасау-жабдық, жиһаздардан ада бөлмелер. Оған қайғырып отырған тағы ешкім жоқ. Сұлу жеңгеміздің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Ұпайы түгел жандар осылай болса керек-ті.

Бүкіл саналы өмірін қазақ халқының азаттығы үшін ат үстінде өткізген Кенесары ханның немересі, әйгілі ғалым-ұстаз Натай Әзімханұлымен бір рет кездескендегі әсер-түйсіктің кей парасы осындай. Ұзақ жылдар көкей түкпірінде өшпей, сары майдай сақталып жүрген жайларды артық-кемсіз, қаз-қалпында баян етіп отырмыз.

Үйінде болғанымызда ержеткен ұл-қызы бар сияқты еді. Олардың кейінгі тағдырынан бейхабармын. Мені Натай ағамызбен таныстырған інімнің айтуынша, ол кісі Ташкент айналасындағы қазақтың бетке шығар жақсы-жайсаңдарын жатсынып-жа­тырқамай, риясыз араласып тұра­ды екен. Ташкентке кіре беріс­тегі Черняевка селосы немесе сондағы Сарыағаш ауданына қарасты «Красный Восток» колхозының председателі, төре тұқымы Әріпхан Ақбердиевпен ағалы-інілідей болыпты.

Кейін Натай Кенесарин 66 жасында қайтыс болып, Ташкенттен топырақ бұйырғанын інімнен естідім. Ендігі бір айтарымыз, нәубет жылдары Қазақстаннан теперіш көріп, өзбек арасын сағалаған Натай Әзімханұлы қазақ жерінің төл перзенті ғой, туған елінде елеусіз-ескерусіз қалып келе жатқан жоқ па деген ой қылаң береді. Кенесары Қасымов өмірін зерттеушілер оның анау-мынау емес, атақ-даңқы атасымен жетеғабыл дерліктей ғалым немересі жайлы қандай деректер жинап, нендей шараларды іске асырып жүргені беймәлім.

Ол көрші республикада жүріп ғылымға өлшеусіз еңбек сіңіріп, қазақ деген атқа кір келтірмей, ұлт намысын жоғары ұстағаны үшін де ардақтап, аялауға тұрарлық тұлға, ірі тұлға. Біртуар ғалым, ардагер азаматтың есімін есте қалдырарлықтай шаралар жүзеге асса, марқұмның аруағы риза болар еді. Ең бастысы, қазақ үшін қажет.

Жә, ол туған елден қара ба­сының қамын күйттеп не кісі елінде сұлтан болу үшін емес, керісінше, басына қатер төнген соң амалсыз кетті. Атасы Кенесары қол бастаған батыр болса, неме­ресі әйгілі ғалым болды. Қазір Өзбекстанда оның аты аталып, есімі әспеттеле ме, бұл орайда нендей шаралар жүзеге асқан-аспағанын дөп басып айту қиын. Қалған әңгімені бұл жайлы бізден гөрі толықтау мәлімет-деректер білетін ағайындар айта жатар деп ойлаймыз. Әрі, жаңылмас жақ болмас дегендей, біздің тарапымыздан жазатайым мүлт кеткен тұстар болса, оларды түзетуге ниет еткен ағайындарға айтар алғыс тау­дай болмақ.

Бір жолы өткен ғасырдың 50-ші жылдарының бас кезінде Ташкенттегі театр-көркемсурет институтында Нұрмұқан Жан­төрин екеуі бірге оқығанда На­тай Кенесаринмен жақын араласып, жақсы білген өнертану ғылымдарының докторы, профессор Бағыбек Құндақбаев ол жөнінде білетінім көп, екеуміз арнайы жолыққанда айтып берермін деп еді. Бірақ, ұзамай ойламаған жерден бақилық боп, қапы қалған жай бар. Әйтсе де, телефоннан біраз жайды қоярда-қоймай сұрап, қағазға түсірген едім. Сонда бір білгенім, Натайдың ұлы қазір Алматыда тұрады, сенімен мін­детті түрде жолықтырамын деп еді марқұм. Үлгермеді.

Натай Кенесарин. Кісі елінде сұлтан болған сұңғыла қазақ ұмытылмауы тиіс. Тек намыс туын қолға алатын ер бар ма? Мәселе сонда.

Зәкір АСАБАЕВ.

АЛМАТЫ.

Дерек көзі: «Егемен Қазақстан» газеті, http://egemen.kz/03/21/23125/

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2027