Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 8964 0 пікір 23 Қазан, 2013 сағат 11:27

Отаршылдыққа қарсы күрес – бүгінгі ұрпақ білуі және қастерлеуі тиіс та­қырып

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Досалы Салқынбекпен «Айқын» газетінің сұхбаты.

– Соңғы кезде баспасөз бетінде Қазақстан тарихы пәнінің мектептерде және жоғары оқу орындарында оқы­тылуы, оқулықтардағы кемшілік­тер жөнінде жиі-жиі айтыла бастады. Осы мәселеге орай сала маманы ретінде не айтар едіңіз?
– Елбасымыз өткен жылы шілде айында жарияланған «Қазақстан­ның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қа­дам» атты тұжырымдамалық мақала­сында білім және ғылым саласына қатысты алдымызда тұрған өзекті мәселелерді көтеріп және оны орындау жөнінде тиісті мемлекеттік құрылым­дарға тапсырма берді. Білім сала­сындағы Елбасы айтқан өзекті мәсе­лелердің біріне: «Қазақстан тарихы бо­йынша оқу жоспарларын, оқулық­­­-тар мен оқу құралдарын талдаудан өткіз­­­сін, оқу орындарында Қазақстан тари­­­­хын оқытудың мазмұны мен пішінін өз­гер­ту жөнінде іс-шараларды жүзеге асыр­сын» деген нақты тапсыр­масы жата­ды. Ел­басы мақаласында көтерілген мәселелер тарихшылар қауымы ара­сында қызу талқылаудан өтті. Отан тарихын орта мектептерде, жоғары оқу орындарында оқытудың сапасын жақсарту жөнінде, оқулық­тарда орын алып отырған кемшіліктер жөнінде және «Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өз­герту» жө­ніндегі ұсыныс-пікірлер қа­зіргі уақытқа дейін айтылып келеді. Қазақстан тарихы пәні бойынша орта мектеп бітіруші түлектер жоғары оқу орнына түсу үшін, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері мемле­кеттік емтихан тапсырады. Бұл – жас­тары­мыздың білімін анықтаудағы үлкен жауапты іс. Тарих ғылымының ал­дын­да тұрған проблемалық мәселе­лер бар екені рас. Бірақ өткен жиырма жыл­дың ішінде, тарих ғылымы сала­сын­­да ештеңе істелмеді, ғылыми зерт­теу са­ласында алға жылжу болғаны жоқ деп айту – әбестік. Егер де белгілі бір тарих ғылымдарының докторы соңғы жиырма жыл ішіндегі жеткен жетістік­терімізді жоққа шығаратын болса, онда ол өзін ғалым ретінде жоққа шығар­ға­ны. Ал енді тарих ғылымда­ры­ның ал­дында тұрған объективтік және су­бъективтік кемшіліктерге келейік. Ең басты мәселе, кемшіліктер барлық ғылым саласында бар. Айталық, кем­шіліктер математикада, филосо­фияда, тіл білімі және басқа салалар­да да жеткілікті. Бірақ мұның ішінде ана тілі білімі мен тарих ғылымы саласы­ның жөні бөлек. Мәселен, орта мектептерге, жоғары оқу орындарына арналған физика, математика, химия, филосо­фия және тағы да басқа пәндерді жа­зарда әлемдік тәжірибелерді үлгі етуге, солар жазған озық оқулықтарды пайдалануға, аударуға әбден болады. Оны пайдаланып та келеміз. Халқы­мыздың тарихына қатысты әлемдік тәжірибе деген жоқ. Өйткені ол біздің төл дүниеміз. Талай ғасырлардан бері дүбірлеп, әлемдік адамзат көшінен қалмай келе жатқан қазақ халқының өзіне ғана тән рухани мұрасы. Халқы­мыздың тарихы жөніндегі оқулық­тарды тәуелсіздік алғаннан кейін жаза бастадық. Тәуелсіздікке дейінгі ке­ңестік кезеңдегі орта мектептерде Қазақстан тарихы оқытылмады. Жұп-жұқа оқулық деуге келмейтін, кіш­кентай ғана бір кітапша болды. Яғни жа­ңадан үлкен шаруаны бастаған кез­де қателіктер болатыны сияқты теория­лық және методологиялық тұрғыдан оқулықтар жазуда кейбір кемші­лік­тердің жіберілгенін мойындамасқа амал жоқ. 
Екінші жағынан бұған өзіміз қол­дан жасап отырған субъективтік кемшіліктер мен қателіктер қосылды. Мәселен, 8 сыныпқа арналған Қазақ­стан тарихы оқулығы жазылды дейік. Кемшіліктері бар екен. Енді осы оқу­лықтың жаңа басылымында аталған кемшіліктерді түзетіп, дұрыстап же­тілдірудің орнына, бітіп тұрған істі қайтадан бастағандай, жаңа автор­лардың дайындауындағы жаңа оқу­лықтарды ұсынып жатамыз. Бұл оқу­лықтарда да кемшіліктер жеткілікті болғаннан кейін «батпақтап» ілгері жүру болмай жатады. Немесе жыл са­йын мектеп бітіруші түлектердің сы­нына ұшырап жататын Қазақстан тарихы пәні бойынша құрастырылған тест сұрақтарын алайықшы. Бұл тест сұрақтарында оны дайындаған ма­мандардың және эксперттік тексе­ру­ден өткізген мамандардың жіті қадағала­мауының салдарынан кемшіліктер болып жатады. Мектеп оқушылары тест сұрақтарына дайындалғанда бірыңғай оқулықтармен дайындал­майды. Үлкен қалалардағы мектеп оқушылары соңғы шыққан оқулық­тармен дайындалса, аудан орталық­тарындағы оқушылар бұған дейін жарық көрген оқулықтарды оқуға мәж­бүр. Екеуінің арасында біршама айыр­машылықтар бар. Тест сұрақтары осы екі оқулықтан құрастырылған. Мек­теп оқушысы бұл жөнінде білмейді. Бұ­ның соңы емтихан нәтижесінің төмен болуына және қоғамның наразылы­ғына алып келеді. Осының бәрін бір ізге, бір жүйеге келтіру қажет.
– Қазақстан тарихы пәнінің мек­тептерде оқытылатыны белгілі. Со­ған сай, жоғары оқу орындарында оны қай­та оқытудың қаншалықты қажеті бар деп ойлайсыз? Бұрынғыны қайталап уа­қыт кетіргеннен не ұтамыз?
– Елбасы тапсырмасында айтыл­ған «Мазмұны мен пішінін өзгерту» мә­селесін алға тартқан кейбір ға­лым­дарымыз асыра сілтеп: «Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пә­нін оқытуды тоқтату керек немесе Тәуел­сіз кезеңдегі тарихымызды оқытайық» деген секілді ұсыныстарды айтып жатыр. Бұған мен түбірімен қарсы­мын. Тарих –фундаментальді ғылым. Оның ауқымы шексіз. Мәселен, біздің арғы ата-бабаларымыз Сақтар мен Ғұн­дар жөнінде, одан берідегі Түркілер дәуірі кезеңін және Қазақ халқының қалыптасуы сияқты өте күрделі кезең­дерді, орта мектептерде алтыншы, жетінші сыныптарда оқытады. Сонда айтыңызшы, алтыншы, жетінші сы­ныптың оқушысы осы күрделі кезең­дер жөнінде не түсініп, нендей ой қорытады деп ойлайсыз? Жас ұрпаққа рух берер халқымыздың небір құнды дүниелері жөніндегі мәліметтерді орта мектеп бағдарламасының аясында беріп, олардың санасына сіңдіру мүм­кін бе? Меніңше, мүмкін емес. Жас­тардың толыққанды ой-санасы жоға­ры мектепте қалыптасады. Сондық­тан алдымызда тұрған негізгі міндеттер­дің біріне, халқымыздың тарихына қа­тысты барлық мәселелерді орта мектеп және жоғары оқу орындарының бағ­дарламаларында жалпылама қайталап бермей, бір жүйеге келтірген жөн. Ай­талық, Сақ, Сармат, Ғұндар дәуірі, Көшпелілер өркениеті, Қазақ хал­қының қалыптасуы мен Қазақ хан­дығының құрылуы, ұлт-азаттық кө­терілістер, Қос төңкеріс қарсаңын­да­ғы және кезеңіндегі Қазақстан сынды күрделі де өзекті мәселелерді Жоғары оқу орындарында оқытудың еншісін­де қалдырып, бірыңғай қайталағанды тоқтату керек деп есептеймін. 
Сонымен қатар бұл жерде айта кететін тағы бір түйткіл, жоғарыда айтып кеткен кезеңдерді әлі түпкілікті зерттеп болғанымыз жоқ. Қарама-қайшы пікірлер жеткілікті. Бұл – бір. Екіншіден, жастарымызды өзінің түп-тамыры және Отанының тарихынан ажыратуға мүлде болмайды. Біз бүгінгі күні тарихи санаға, білімге өте мұқ­тажбыз. Ата-бабамыз «Жау жоқ деме, жар астында» деп жайдан-жай айтпа­са керек. Бұл жерде біз, жоқ жерден жау іздеп отырғанымыз жоқ. Қауіп еткен­нен айтып отырмыз. Алысқа бар­май-ақ, өзіміздің көршілеріміздің тари­хи оқулықтарын парақтап қарасаңыз көп қатерлі жайттардың беті ашылады. Олардың тарихи оқулықтарында қа­сиетті Қазақ жерінің әр пұшпағы «біз­дің жер» деп жазылып, жас ұр­пақ­та­рының санасына сіңдіріліп келеді. Сонымен бірге, ХХІ ғасыр ғылыми-техникалық прогресс заманы болумен бірге, шикізат көзі үшін талас-тартыс заманы да болып отыр. Осын­дайда елімізді «майшелпек» көретін­дердің әртүрлі жолмен арам қолда­рын қасиет­ті жерімізге салуы, арандату­лар арқылы ішкі ісімізге араласпақ ниет­тері көрі­ніс беріп жатады. Үшінші­ден, ұлтжан­ды азаматтарымыз «халқы­мыз­ды рухани отарлау жүріп жатыр» деп баспасөз бетінде шырылдап жазды. Рухани отарлау дегеніміз не? Ол өз ана-тілімізден айыруға, ата-баба дінімізден жеріндіруге, халқымыздың ішінен іріткі салып, тоз-тозымызды шығаруға, тарихымызды ұмыттыруға бағыттал­ған ауқымды да жоспарланған шабуыл. Бұл шабуыл кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұған сыртқы күштер тарапынан өте қомақты қаржы бөлінген. Олар эко­номикалық тұрғыдан табиғи байлы­ғы­мызға ие болуға ұмтылса, рухани тұр­ғыда санамызға иелік етуге ұмты­луда. Оның негізгі төте жолдарының бірі – халқымызды төл тарихынан ажырату, қасақана бұрмалап жазу. Тарихы жоқ халық – елі де, жері де жоқ халық. Содан соң, кең байтақ Қазақ халқының жері деп айтып көріңіз... Елбасымыз университет оқытушы­ларымен және студенттермен кезде­суінде: «Сіздер университет қабыр­ғасында тек білікті маман ғана емес, уақыт талабына жауап беретін тұлға дайындауларыңыз 
қа­жет» деп жоғары оқу орындарының ұстаздарына нақ­ты тапсырма берген болатын. Біздің алдымызда заман көшінен қалма­ған, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына же­тік, рухани то­лыққанды өсіп жетіл­ген мамандарды даярлау міндеті тұр. Тағы бір назар аударатын мәселе, көптеген кикіл­жің­дер, түсініспеушіліктер та­рихты біл­меуден, қасақана бұрмалау­дан өршіп жатады. Қазіргі уақытта (бұрында солай болған) Ресейде Қазақ халқының та­рихы бұрмаланған ең­бектер көптеп шыға бастады. Тәуелсіз еліміздің та­рихы оларға ұнамайды-мыс. Бұған ин­тернет сайттарын қосы­ңыз. Осындай шала-жансар дүние­лерді шынайы тарих­тан хабары жоқ адам­дар оқымады дейсіз 
бе... Оқып жатыр, онысын өзгеге айтып жатыр. Бұған қарсы тұрудың бірден-бір жолы – сапалы жазылған оқулықта­ры­мыз арқылы жаста­ры­мыз­дың бойында отансүйгіштікті, патрио­тизмді және тарихи сананы қалыптас­тыра білу. Бұл – рухани-тәрбие са­ла­сындағы біздің ең негізгі міндеті­міз.
– Соңғы жылдары тарихи тақы­рыптарға қатысты пікірталас көбейіп кетті. Осындай қисынсыз пікірлерге тоқтау салатын сүбелі тарихи еңбектер­ді тарихшылар неге жазбайды? 
– Жиырма жылдың көлемінде халқымыздың бүкіл тарихын зерттеп, зерделеп жазып тастау мүмкін емес. Тарих – әрбір адамның өмір жолы, жақсыны үйреніп, жаманнан жирен­діретін ұстазы. Сондықтан бұл жерде «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дейтін қағиданы басшылыққа алғанымыз жөн. Бір ғана тарихи оқиғаны зерттеу үшін көзмайыңызды тауысып, қанша­ма құжаттарды саралау керек, мұра­ғат қойнауынан деректерді табу керек, салыстырмалы талдау және тағы да басқа жұмыстарды атқару қажет. Дегенмен тарихшы ғалымдарымыз біраз мәселенің бетін бері қаратып, тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» зерттеп, оқырман қауымның назарына ұсынды. Бірақ сол еңбектерді оқып, пайымына жетіп жатырмыз ба? Мә­селенің екінші қыры осында. Әңгі­мені көп созбай, баспасөз бетінде жиі пікірталас тудырып жүрген «Шыңғыс хан» тақырыбын алайықшы: Шың­­ғыс хан жөнінде кім не жазбады десеңіз­ші! Әркім өзінің жазғанын дұрыстап 
әлек. Ал осы Шыңғыс хан тақырыбы төңірегінде дауласып жүргендер 
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылым­да­рының докторы, профессор, бірне­ше тілді білетін Зардыхан Қинаятұлы­ның қаншама жылдық өмірін сарп етіп, Шыңғыс хан және оның ұрпақтары жөнінде жазған «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» (2004 ж.), «Шыңғысхан және Қазақ мемлекеті» (2010 ж.) атты тақырыптардағы іргелі монографиялық еңбектерін оқыды ма екен деген сұрақ туады. Олардың жазғандарын оқыса­ңыз, ғалымның еңбектерін оқы­ма­ғандығына көз жеткізуге болады. Тіпті ондай еңбектер бар екендігін білмей­ді. Зардыхан Қиянатұлының аталған тақырыпқа қатысты еңбектерін зер са­лып пайымдасаңыз, дауласып жүр­ген көп мәселенің беті ашылады. Ау­зымызды қу шөппен сүрте бермейік. Халқымыздың тарихына қатысты қаншама құнды еңбектерді тарихшы ғалымдарымыз жазды. Тек соны оқи­тын көзі қарақты оқырман болса – болғаны. 
– «Халқымыздың тарихындағы айтулы оқиғаларды, ұлт-азаттық көте­рілістерді, отаршылдыққа қарсы кү­рескен хандарымыз бен батырлары­мызды еске алу, құрмет көрсету, Ресей империясының отаршылдық саясаты жөнінде орта мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулықтарда тоқталу, оқыту – республикамызда тұрып жатқан ха­лық­тар достығына сызат түсіреді, өт­кендегі келеңсіз оқиғаларды еске түсіріп қайтеміз?» дейтін пікірлер де бар. Бұған не айтар едіңіз?
– Түбірімен қате пікір. Бұл – ке­ңестік дәуірден санамызға күштеп сіңдірілген жалған идеологияның сар­қыншағы. Кезінде, Мәскеу десе, тізесі дірілдеп, өзінің халқын да сатып жі­беруден тайынбайтын жағымпаз­дар болған. Қазір де бар. 
Керісінше, елімізде тұрып жатқан ұлттардың басын біріктіруші фак­торлардың бірі – Қазақ халқының тарихын білу. Қазақ жерінде тұрып жатқан әрбір ұлттық диаспора өкілі халқымыздың тарихын білумен қатар, құрметтеуі тиіс және өз ұлтының қазақ жеріне келу, өсу, өркендеу тарихын да білгені абзал. Қазақ жерінде тұрып жатқан көптеген халықтар тағдырдың тауқыметін тартып, сол кезеңдегі әр­түрлі заман ағымына сай азып-тозып, еріксіз келіп қоныстанды. Сол кезеңде Қазақ халқы «Жығылғанға жұды­рық түйген жоқ», қайта қолындағысы­ның барын беріп, бөлісті. Бұл – нағыз ба­уырмалдыққа, достыққа лайықты тірлік. Бабаларымыздың мұндай та­рихын біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Біздің бабаларымыздың ыстық алақанын сезінген, тауқыметті қиын заманда көмегін көрген, өзге ұлттың өкілдерінің ұрпақтары да мұндай тарихты ешқашан ұмытпауы тиіс. Адамшылдықты, жақсылықты, қайы­рымды көмекті ұмытқан халықтың болашағы жоқ. Осыны әрдайым ұмыттырмай отыратын тарих емес пе? Ал екінші мәселе, отаршылдыққа қарсы күрес. Бұл – нағыз бүгінгі ұрпақ үшін білуі және қастерлеуі тиіс та­қырып. Бүгін біз, ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Осы тәуелсіздік үшін ба­баларымыз күресіп, ерлікке толы күрес жолында шейіт болған. Олардың ерлік жолы – бүгінгі ұрпақ үшін нағыз отан­шылдық тәрбиенің үлгісі. Ел Прези­денті Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы: бір халық, бір ел, бір тағдыр» тақырыбында өткен Қазақ­стан халқы ассамблеясының мерейтой­­лық ХХ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біздің ата-бабаларымыздың әлемге мәдениет пен руханилықтың қуат­тандырушы үлгілерін көрсетті, біздер олардың істерін жалғастыруымыз керек! Қазіргі заманғы қазақтар, ата-баба дәстүрін ұстана отырып, бірлік­-тің, толеранттылық пен патриотизм­нің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс» деумен бірге, тарихи сананың рөлі жөнінде: «Нәтижесінде қазақстан­дықтардың тарихи сана-сезімі топта­суға, өзінің өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қа­тынас қалыптастыруға жұмыс істеуі тиіс» деп алдымызға үлкен міндеттер қойған болатын. 
– Жақында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырзаның төрағ­алық етуімен Қазақстанның ұлттық тари­хын зерделеу жөніндегі ведомствоара­лық жұмыс тобының кеңейтілген отыры­сы болып өтті. Оған өзіңіз де қаты­сып қайт­тыңыз. Не түйдіңіз, тарих ғылы­мын зерт­теу, оқыту, өркендету жолын­да ал­ды­мызда қандай ауқымды шара­лар тұр?
– Зерделеп қарасақ, 20 жылдан аса шетелдіктерге еліктеп келдік. Барлық дүниеге шетелдіктердің көзімен қарау­ға тырыстық. Соларға «табындық», бас ұрдық. Жеткен төбеміз қайсы? Руха­ни дағдарысқа қарай бет алып барамыз. Сондықтан етек-жеңімізді жиып, оң-солымызды танитын және ақ пен қа­раны ажырататын мезгіл келді. Рухани құндылықтар мәселесіне енжар қарап, кейінге ысыра беретін болсақ, құр­дымға кетеріміз анық.
Осы тұрғыдан алғанда кеңейтілген отырысты Мемлекеттік хатшы тарих ғылымының алдында тұрған кемші­ліктермен қатар, атқарылар жұмыстар жөнінде баяндама жасап, Отанымыз­дың болашағына алаңдап жүрген бар­ша зиялы қауым өкілдерінің көкейінде жүрген келелі мәселелерді көтерді. 
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Елбасының «Тарих толқынындағы халық» деген атпен арнайы тарихи зерттеу бағдарламасын жасауды тапсырғанына тоқталып, бұл бағдар­ламаның басты мақсаты: «Алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме базасы арқылы Қазақстандық тарих ғылы­мына сапалы секіріс жасауға жағ­дай жасау, қазақтардың ұлттық тарих­ының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тари­хи дүниетанымын қалыптастыру Қазақстанның қазіргі заман тарихы­ның екі онжылдық кезеңін ой елегінен өткізу» деп атап көрсетті. Мемлекет­тік хатшы өз баяндамасында тоқтал­ған және көрсеткен сан алуан мәселелер­дің барлығы да бүгінгі қазақстандық тарих ғылымдарының алдында тұрған өзекті мәселелер болып табылады. Жаңа сапалық деңгейде көтерілетін ұлттық тарихымыз қоғамдық ғылым­дардың арасында орталық буынға айналуға тиістігін қадап айтқан Мем­лекеттік хатшы Білім және ғылым министрлігі мен Сыртқы істер ми­нистрлігімен бірлесе отырып, шетел­діктердің мұрағаттарында жатқан халқымыздың тарихына қатысты мұраларды зерттеп, республикамызға алдыру мәселелерін қарастыруды, Білім және ғылым министрлігіне Қазақстан тарихы бойынша көне дә­уірден тәуелсіздікке дейінгі кезеңді және Қазақстанның қазіргі заман та­рихын қамтитын екі базалық оқу­лық дайындауды, қазіргі заманғы оқыту­­дың озық ғылыми-әдістемесіне негіздел­ген орта мектептер мен жоғары оқу орын­да­рында тарихи білім берудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін жасау­ды, мем­лекеттік оқу орындарында жеке «Қа­зақ­стан тарихы» кафедрасын ашуды, барлық жоғары оқу орында­рында Қазақстанның қазіргі заман тарихын жеке пән ретінде оқытуды тапсырды. 
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырзаның: «Мылтықсыз майдан жүріп жатқан кезде тарихи жадыңды сақтап қалу, өзіңді сақтап қалу деген сөз», «Қазақтарды еліміздің байырғы ха­лық екенін дәлелдей білсек, кейінгі ұр­пағымызға қауіп болмайды» деген те­рең мағыналы сөздері барша тарихшы қауымның алдына үлкен міндет жүк­телгенін көрсетеді.
Тарих әрбір халықтың пайда болу, даму, өркендеу және мемлекеттілігі­нің қалыптасу тұғыры. Оны оқытуды дұ­рыс жолға қою – мемлекеттік идео­логияның стратегиялық темірқазығы болуы керек. Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани негіздегі стратегиялық жоба­лары тарихымызды терең танудан, оны оқытуды дұрыс жолға қоюдан баста­лады. Сондықтан кеңейтілген оты­рыс­та айтылған тапсырмалар мен ұсы­н­ыс­тарды зор құрметпен қолдай­мыз. Осыған орай халықтың біртұтас тарихи санасын қалыптастыру жо­лында мынадай қосымша шаралар­ды атқару мемлекеттік органдармен бірге, Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолға алынса деген тілек айтамыз:
1. Ұлттық тарих пен мемлекеттік тіл бір ұғым, бір жүйе болғандықтан орта мектепті бітіруші түлектер жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-да Қазақ тілімен қатар, міндетті пән ретінде Қазақстан тарихынан емтихан тап­сыру міндеттелсе;
2. Барлық жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнін Қазақ тілінде оқытуға көшетін мезгіл жетті деп са­най­мыз. Алғашқы кезде Қазақстан та­рихы пәнін мемлекеттік тілде тапсыр­ғандарға 20 пайыз жеңілдік жасағаны жөн.
3. Жаңа типтік бағдарлама негізін­де барлық мамандықтар бойынша ма­гис­тратурада оқитын студенттерге «Қа­зақ елінің тарихы» атты жаңа пән оқы­тылса;
4. Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келген азамат­тарға Қазақ тілімен қатар, Қазақстан тарихы пәндері бойынша емтихан тапсыру міндеттелсе, ұлттық тарихы­мыздың көкжиегі бұдан да кеңейіп, ұлттық тарихымыздың мәртебесі бұ­дан да жоғарылар еді.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ғылымы мен білімінің атасы атанған Ахмет Байтұрсынов атамыз: «Сөздің ең ұлысы, ең құдіреттісі – тарих» деген болатын. Лайым солай болсын! 

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Тапсырыс беруші:

Мәдениет және ақпарат министрлігі. Орындаған "Абай-ақпарат" қазақ интернеті кеңістігін дамыту қоры" қоғамдық қоры. 2013

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340