ҚАЛАУЛЫЛАРҒА"ҚАЗАҚ КӨШІНЕН" ДӘРІС ОҚЫЛСА...
Жақында Қазақстан Респбликасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының қабылдауында болдым. Сенатор менінің "Жас Алаш" (2014, 9-қыркүйек, сейсенбі күнгі) газетінде шыққан "Парламент Үйі - Бұрхандар мүлгіп отыратын бұтхана емес" атты мақаламды оқығанын айтып, соған байланысты кеше кеңесуге шақырған болатын.
Қазақ көші, шеттегі қазақтар туралы қазір аз жазылып жатқан жоқ. Мен де аянып қалмай, айтып келем. Сенесіз бе, осыған дейін осы Көші-қон мәселесіне, бес миллион қазақтың тағдырына байланысты, қаншама жыл болды, биліктен мені екі-ақ адам шақырып, пікірлесіпті. Екі-ақ адам! Біріншісі, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков. Екіншісі, осы сенатор Мұрат Бақтиярұлы!
Мұрат Бақтиярұлын Көші-қон мәселесін жиі көтеретін депутат ретінде мен де, шеттен келген зиялы қауым өкілдері де сырттай жақсы білеміз. Өткенде Үкіметтің алдына "Шетелдегі қазақтарды көшірудің жаңа жүйесі қажет!" деген орынды ұсыныс қойғанынан да толық хабардармыз.
Бүгінгі әңгіме де осы тақырыпта өрбіді.
Қазақ көшінің жандануына, шеттегі бауырларының келуіне деген ниеттері түзу шығар, «Ғарыш айлағы», «Атом электр станциясын салу» туралы заңдарды жасауда қамшы салдырмауы мүмкін, бірақ қос Палатаның біткен депутаты Көші-қон заңын жасауға келгенде – сауатсыз! Қандастарымыздың тұрақты тіркеуде тұруда қолданыстағы Көші-қон заңының, өте-мөте №111 Үкімет Қаулысының қалай кедергі болып отырғанынан, шынын айту керек, мысқалдай хабары жоқ. Егер, сіз кез келген депутаттан "Осы жолы қабылданатын жаңа Көші-қон заңына қандай тың тармақ қосар едіңіз немесе қай тармаққа қандай өзгеріс енгібексіз?" деп сұраңызшы! Кесіп айта алам, бір де біреуі жауап бере алмайды. «0»!
Солай бола тұра, олар өздерінше кісімсіп, елді маңайына жолатқысы келмейді. Бір сөйлескен соң, екінші қайтып телефон көтермейді. Кедергіні жоюға келгенде тым құлықсыз! Әйтпесе, тым құрығанда, сол №111 Қаулыны өзгерте тұруға Үкіметке кез-келген Депутаттың депутаттық сауал жолдауына баяғыда болады ғой...
Бекер обалы не, бүгін Мұрат Бақтиярұлы сол кедергіні түсінуге барын салды. «Мен Қытайда тұратын қазақпын. Атажұртқа келмекпін. Осында азаматтық алып, отбасыммен қалмақпын. Сонда жұмысты неден бастауым керек? Менің мұнда келуіме және қалуыма не кедергі болып тұр сонда? Соны маған басынан бастап түсіндірші, Ауытжан, айналайын!»,- деді Мұрат аға аздаған таныстықтан кейін.
Мен де осы орайда, «Сіз Қытайда тұратын қандасымыз болсаңыз, жалпы Қытай азаматтарының қолында шетелге шығатын «ТӨЛҚҰЖАТ» (Загранпаспорт) болмайды. Ол елдің азаматтары әдетте ел ішінде ЖЕКЕБАС куәлікпен (удостоверение личности) ғана жүре береді. Қытайда заң солай. Ал, шетелге шықпақ болсаңыз, ондағы туысыңыздан не іскерлік ұйымдардан шақырту келген соң ғана барып, Төлқұжат алу үшін өзіңіз тұрған жердегі құзырлы орындарға өтініш жасайсыз. Олар мынадай жеті түрлі електен өткізіп барып, Сізге шетке шығуға рұқсат береді – қолыңызға Төлқұжат ұстатады...», - деп бастап, шамам келгенше, қолда бар құжаттарға сүйене отырып, бар кедергіні жан - жақты түсіндіруге тырыстым. Депутат Мұрат Бақтиярұлы өзі де өткен жылы Үрімжіде болыпты. Көлік майлап алып, жақын маңдағы қазақ ауылдарын аралапты. Ондағы қандастарымыздың қазіргі жағдайын менен жақсы біледі екен, ашынып отыр. Сөйтіп, Сенатор ағамыздың көзі көп нәрсеге жеткендей болды. Бар пәлені өзіміздің елдің жасап отырғанын түсінді. Атышулы "ЕКІ АНЫҚТАМА" (Қандастарымыздан қылмыс өткізбегені, Қытайдың азаматтығынан шыққаны туралы) жойылмай, істің алға баспайтынын ұқты. Сосын алда селбесіп, жұмыс атқаруға дайын екенін айтты. Міне, кісілік деген осы, ағайындар! Мұрат аға үлкен ғалым, инабатты кісі екен. Жемісті ағаш қашанда осылай иіліп тұрады...
Әрине, бұл мәселені білмегені үшін мен Мұрат Бақтиярұлын да, өзге барлық депутаттарды кіналамаймын. Ал, өзі білмегенді осындай керек кезінде білуге тырыспаған, білгісі келмеген, айтқанды тыңдамаған көкелер үшін айтарым басқа!
Заң деген өзгертулер мен толықтырулар енгізілген сайын кемелдене түсуі; кедергілерден арылып, халыққа қолайлық жаратуы; мемлекет, ұлт мүддесіне тиімді жұмыс істеуі керек қой. Демек, Көші-қон заңын қабылдаудан бұрын әр депутат бізден осылай "сабақ" тыңдап алса, жаман болмас еді. Бір Көші-қон заңын ғана емес, барлық заңды қабылдар алдында мамандар кеңесін алғандары жөн. Одан Қалаулыларымыздың бірдемелері кеміп, абыройлары түсіп қалмайды. Мойнындарында халықтың аманаты, қолдарында ұлттың тағдыры тұрғанын терең білулері керек.
Кісілік дегеннен шығады, жоғарыда да айттым, Президент Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбековтың қабылдауында да болдым деп. Ол кісі мені Ақордаға екі мәрте (12-ақпанда және 18-тамызда) шақырды.
Алғашқы қабылдау "Нағашыма Хатқа" байланысты болды. Естеріңізде болса, сол хатта мен кесірлі заңға байланысты Елбасыдан төрт жылға ТҰЛ АЗАМАТТЫҚ сұрағам. Махмұт Базарқұлұлы алда Көші-қон заңының қайта қаралатынын айтып, мені сабырға шақырғандай болды сол кездесуде. Мен Ол кісінің емеуірінін түсініп, райымнан қайттым, әрине. Міне, сол Заң енді жақын арада түзетулер мен толықтырулар енгізіліп, қайта қабылданбақ. Оның үстінде іргемізде болып жатқан аласапыран жағдай бізге басқаша талаптар қоя бастады. Біз сол заңның мүлтіксіз болуын, қандастарымызды сабылтпай, тез құжаттандыратын болуын талап етіп келеміз.
Екінші рет Қазақ көшіне байланысты Елбасы тапсырмасынан кейін кездестік. Махмұт Базарқұлұлы ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматуллиннің атына жазып апарған ұсыныстарымды қабылдап алды. Өз қолымен Нұрлан Зайролла ұлының қолына ұстататынын айтты...
Қысқасы, тағы қайталап айтайын, осындай келелі істерді кесіп-пішерде Үкімет те, Халық қалаулылары да осы Махмұт аға мен Мұрат көкем секілді сол саланың мамандарымен кеңесіп барып кескені жөн. Менен де жақсы білетін азаматтар жеткілікті. Бұдан, ең бастысы, ұлт ұтылмайды, ел тыныштығы бұзылмайды!
Алдыға келгенді атан өгізше қарпи салудан болған келеңсіздік аз емес бізде. Соның ең бастысы - осы Көші-қонға қатысты заң.
Ал, жақсының жақсылығын айтып отыру - біздің бұлжымас принципіміз!
Жақсы ағалар аман болсын!
Ауыт Мұқибек
12.09.2014
Астана