ҚАЗАҚ РУЛАРЫ: АРҒЫН - 509 МЫҢ АДАМ
Қазақтың ең көп тараған руы - арғын. Қазақтардың ру бойынша бейресми санағының осындай мәліметі әлеуметтік желілерде жарияланған. Бұл мәліметтерге қарағанда, Орта жүз - арғындардың саны 509 мың адам екен. Екінші орында - тағы да Орта жүз - найман (395 мың адам). Үшінші орында Ұлы жүздің өкілі - дулат (334 мың).
Кіші жүздегі ұрпағы ең көп ру шөмекей (100 мың) болып шықса, Адайлар - 90 мың адам, Табындар - 80 мың болған. Tengrinews.kz сайтының жазуынша, 1896-1911 жылы жүргізілген ауыл шаруашылығы санағы мәліметтері бойынша да Арғындардың саны 509 мың адам болған. Ол уақытта бұл ру өкілдері, негізінен, Көкшетау, Қарқаралы, Ақмола, Торғай, Атбасар, Петропавл, Омбы уездері мен Семей қаласында тұрған.
Мұхамеджан Тынышбаевтың мәліметінше, 1917 жылы арғындар қазақ рулары арасында саны (890 мың адам) жөнінен екінші орынды иеленген. Бірінші орында байұлы (1 030 мың адам), үшінші орында наймандар (830 мың адам) болған.
Көктем айларында Түркиялық тәуелсіз зерттеушілер әлемдегі қазақтардың санын 18 миллионға жетті деп жазған болатын. Қазақстанда шілде айындағы статистика бойынша халықтың 11,2 миллионы қазақтар екені хабарланған.
1897 жылғы санақ бойынша Қазақстан аумағындағы 4,5 миллиондай халықтың 80 пайызы қазақтар болған. 1920-1921 жылғы және 1929-1933 жылдардағы аштықтан 4,3 миллиондай адам ажал құшқан. Аштыққа ұшыраушылар түгелдей «малын жанына садаға» еткен қазақ шаруалары еді.
Abai.kz