Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Саясат 9472 0 пікір 15 Қыркүйек, 2014 сағат 10:51

АСТАНА-ТЕГЕРАН: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КӨКЖИКТЕРІ

Осы аптадағы ең елеулі саяси-экономикалық оқиғалардың бірі – елімізге Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханидің алғаш мемлекеттік сапармен келуі десек қателеспейміз. Ең алдымен, бұл сапар Астана мен Тегеранның арасын одан әрі жақындастырып, екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылған мұндай кездесу Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы үшін аса маңызды мәселелердің әрі оң, әрі жедел шешілуіне жол ашты.

Ресей және Беларусьпен Еуразия экономикалық одағын құрған Қазақстанға көлік-транзит саласын дамыту ерекше маңызды. Ақордадағы келіссөздерде бұл мәселеге жайдан-жай екпін түсірілген жоқ. Өйткені, экономикалық интеграция күшейген заманда екіжақты және өңірлік сауда-экономикалық байланыстарды ширату екі тарапқа да тиімді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан – Түркіменстан – Иран темір жол магистралінің іске қосылуы қазақстандық бидай экспортының көлемін 5 есеге дейін өсіретінін мәлім етті. Бұл темір жол желісі сондай-ақ, 10 млн. тонна жүкті ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, осы бағыт Иранның ресейлік және қытайлық нарықтарға, ал өз кезегінде Қазақстанның Парсы шығанағындағы елдерде шығатын жолын ашады.

Жоғары дәрежедегі келіссөздер кезінде екі тарап Қазақстандағы бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Яғни, ирандық кәсіпкерлер алдағы уақытта өздерімен стратегиялық әріптес болатын елде бизнесін дамытуға мүдделі екенін байқадық. Мәселен, қазақстан-иран бизнес форумында геология, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, логистика, туризм және құрылыс материалдары өндірісі салалары бойынша жалпы сомасы 500 млн. АҚШ долларын құрайтын екі жақты келісімдерге қол қойылды. Солардың ішінде Қызылордада шыны шығаратын, Қарағандыда гидрометаллургиялық және Шымкентте керамикалық зауыт салу жобалары да бар. Иран басшысы мұнай және газ саласында тәжірибе алмасып, өзара инвестициялар тартуға ұсыныс жасады.

Атап айтарлығы, екі ел басшылары Иран мен «алтылық» елдері арасындағы келіссөздер мәселесін де жан-жақты талқылады. «Біз осы келіссөздерге қатысты өзіміздің ұстанымымызды білдірдік. Қазақстан президенті бұл мәселені сөз еткенде де, басқа бірқатар мәселелерді талқылағанда да Иранды қолдады»,- деп Х. Рухани мемлекет басшысының салиқалы ұстанымына разылығын жеткізді. Ал, өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта тағы да келіссөздер жалғасын өткізуге Қазақстанның өз алаңын беруге дайын екенін мәлімдеді. Яғни, Қазақстанның қалауы – өңірлік және жаһандық тұрақтылық. Осы жерде әлемдік деңгейдегі кәнігі дипломат, Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың: «Ядролық қарусыздану мен Нұрсұлтан Назарбаев – бұл іс жүзінде синоним сөздер» дегені еске оралады. Бүкіл әлем Қазақстан президентінің жаһандық көлемде антиядролық қозғалысқа ұшан-теңіз үлес қосып жүргеніне осы жолы тағы көз жеткізді.

Иран президенті Хасан Рухани Қазақстанмен Кеден одағы, сондай-ақ Ислам ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі сияқты өңірлік ұйымдардың аясында қарым-қатынасын жандандыруға зор әлеуеттің барына көңіл аударды. Демек, Орталық Азияға сапарын алғаш Қазақстаннан бастаған Иран көшбасшысы ресми Астананың жаһандық деңгейдегі жеткен жетістіктеріне үлкен құрметпен қарайтынын сездірді. Айтпақшы, ол алдағы жылдары Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымының көлемі 5 млрд. АҚШ долларына дейін өсетінін мәлімдеді. Яғни, екі ел арасында ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері ашылатынына күмән жоқ. Бұған Елбасымыз Н. Назарбаевтың исламдық түпкі тамырымызбен жалғасып жатқан елді «Каспий теңізіндегі «мейірімді көршіміз» және әлемдегі аса маңызды әріптесіміз» деп терең бағалауы дәлел болмақ.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060