Жұма, 22 Қараша 2024
Құйылсын көшің 10229 0 пікір 11 Қыркүйек, 2014 сағат 13:09

«ОРАЛМАНДАР ОН ТӨРТ ОБЛЫСҚА ДА ОРНАЛАСТЫРЫЛАДЫ»

Шетелдегі қазақтарды атажұрты – Қазақстанға тездетіп көшіріп алу мемлекет үшін күн өткен сайын маңызды мәселеге айналып келеді. Басынан дау арылмай, шенді-шекпенділер қыли қарап келген көші-қон мәселесі Украина мен Ресей арасындағы ахуалдан кейін басқа арнаға ауысты. Билік те қазақ көшіне қатысты ұстанымын күрт өзгертті. Қысылғанда қазақ керек екенін бек түсінді. Мемлекет территориясын қазаққа толтырмай, Тәуелсіздік пен тұтасттыққа төнген қауіптен арылу мүмкін еместігін білді. Білгеніне бұқарасы қуанулы. Билік ә дегенде "Көші-қон туралы заңды" қайта қараудан бастамақ. Мемлекеттік маңызды мәселенің жедел шешілуі қажеттігіне депутаттар да үн қатты.   

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде көші-қон мәселесі бойынша брифинг өткізген Мәжілісі депутаты Нұртай Сабильянов: «Қазіргі көші-қон заңына сәйкес, сырттан келген қазақтарға азаматтық беруді 4 жылға дейін созу дұрыс емес. 2014 жылдың соңына дейін бұл заңға өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар, оралмандарға әртүрлі жеңілдіктер де қарастырылады. Сырттан келген ағайындар Қазақстанның он төрт облысына да орналастырылады. Айта кету керек, ШҚО-да оралмандар ауылын салуға бөлінген қаражат талан-таражға түсті, үйлер дұрыс салынған жоқ. Енді мұндай кемшіліктерді қайталамауымыз керек. Қандастарымызды азаматтықпен бірге үй және жұмыспен қамту мәселесін де шешіп беруіміз керек» - деп, көші-қонға байланысты ойын жеткізді.

Нұртай мырзаның үлкен мінберде айтқан сөзіне орай қазақ көші мәселесінде түн ұйқысын төрт бөліп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек өз пікірін айтқан еді.

 

Ауыт Мұқибек, ақын, қоғам қайраткері:

- Өте дұрыс айтылған пікір. Енді осыны тездетіп жүзеге асыру керек! Біздегі қорқыныш - шет аймақтардың бос қалуы емес. Ауылдардың да жабылып қалғанынан алаңдап тұрғамыз жоқ! Оны толтыратын халық бар. Ол – шеттегі 5 миллион қазақ.

Ең басты үрейіміз - жақында Парламетте қаралатын "Көші-қон Заңының" сапасы, мүлтіксіздігі, шеттен келетін ағайындарға тиімділігі!

Жеті емес, жетпіс облысты белгілесең де шеттен келетін қандастарымызды құжаттандыруда бір кедергі болса, мысалы, "келген еліңнен тіркеуден шығып кел", "сотталмағаның жайлы анықтама әкел" деген секілді, онда бар шаруаң көк тиынға есеп! Еңбегің селге кетеді!

Екінші бір айтарым, мен оңтүстіктің халқын солтүстікке көшіру керек дегенді түсінбеймін. Елбасы Шымкент қаласын Алматы, Астанадан кейігі үшінші мегаполис етіп құруды қолға алды. Ол үшін онда халық мол болу керек емес пе?! Ал, ЖОО-н бітірген жастарды сол шалғай ауыл мен Солтүстік облыстарға тартып жатса, құба-құп. Ең тиімді, өнім беретін жол - шеттен келетін қазақтарды қоныстандыру!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3203
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5196