Сенбі, 23 Қараша 2024
Қылмыс 7563 0 пікір 11 Қыркүйек, 2014 сағат 11:45

АТЫРАУЛЫҚ ЧИКАТИЛОНЫҢ АҚЫРЫ

Мойынына бір емес, бірнеше адамның қанын жүктеген нәпсіқұмар қанішерге қатысты сот үкімі оқылып жатқан кезде зал ішінде ұшқан шыбынның ызыңы естілетіндей өлі тыныштық орнады. Өкініш пен өксік өзегін өртеп, қайғыдан қан жұтқан қаза болғандардың ата-аналары мен бауырлары , куәлар мен осы процеске әдейі шақырылған БАҚ өкілдері де демдерін іштеріне тартып, судья Г.Хаженованың ауызынан шыққан әрбір сөзді қалт жібермеуге тырысты...

«...Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының алқабилердің қатысуыммен шығарған үкімі бойынша айыпталушы Мирас Қадешов ҚР Қылмыстық кодексінің 121бабының 2 бөлімінің «б»,» «г» тармақтарымен ( «өлтіремін» деп қорқытумен ұштасқан,аса қатігездікпен бірнеше рет жасалған зорлау) , 96 бабының 2 бөлімінің «к», «н» тармақтарымен (кісі өлтіру ),  175 бабының 2 бөлімінің «б» тармағымен (ұрлық ), 24 бабының 3 бөлімімен (тікелей қылмыс жасауға тура бағытталған ниетпен жасалған іс-әрекет ) және 96 бабының «н» бөлімі бойынша айыпталып, өмірбойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді» деп, судья сот үкімінің соңғы нүктесін қойған кезде ашық сот процесіне қатысушылар бір сәт қозғалыссыз қалды да іле-шала үкімге ризашылықтарын білдіріп, қолдарын шапалақтап жіберді. Ал қаза болғандардың тума-туыстары: «Өлім келсін саған, қанішер!» -деп, екі ортаны бөлген ағаш белдеуді бұза жара қылмыскерге тап берді. Егерде, сол cәтте сот приставтары мен күшейтілген айдауылдар тобы жіті қимылдамағанда оқиға мүлдем басқаша сипат алар еді...

Бақуатты мұғалімдер отбасында тәрбиеленген, тепсе темір үзетін осы бір алпамсадай жігіттің жан рахатын адал еңбекпен емес, тән ләззаты арқылы табуға ұмытылған іс-әрекеті Атырау қаласының тұрғындарын 2010 жылдың күз айынан бастап дүрліктіріп жіберді. «Қалада маньяк пайда болыпты.Әйел-еркегіне қарамай зорлап,қорлап, тонап, ақыр соңында өлтіріп кетеді екен»деген алып-қашпа әңгіме желді күнгі өрттей қаулады.

Құқық қорғау органдары аяқтарынан тік тұрып, қылмыстық әрекет жасалады –ау деген аудандарды жіті бақылауға алды. Ата-аналар таңертең балаларын мектепке өздері алып барып, сабақ біткесін күтіп алатын болды. Ақша үшін бәріне де дайын «түнгі көбелектер» де етектерін жиып, бейсауыт адамдар іңір қараңғылығы қоюланғаннан кейін тұйық көшелерді айналып өтуге тырысты. Мезгілсіз қағылған есік пен әлсін-әлсін жауапсыз соғылған телефон қоңырауы да күдік пен үрейді одан сайын өршіте түсті.

...Бұл кезде М.Қадешов болса өзінің қандықол үшінші жорығына қапысыз дайындалып жатыр еді. Алғашқы екеуінің сәтті аяқталуы оның өз-өзіне деген сенімін нығайтқаны анық. Жергілікті «Ақ Жайық» газетінде жарияланатын пәтер жалдаушылардың жарнамалары оған өз жемтігін қай жерден, қалай табуына бағыт-бағдар беріп отырды десе де болады. Әр ісін есеппен жасап, ақырын жүріп, анық басса ақшадан да, тегіннен-тегін тән ләзатынан да таршылық көрмейтінін ойлағанда өзінше өмір сүрудің осындай жолын таңдағанына өкінген жоқ. Несіне өкінсін. Бәрі де өзі ойлағандай жүзеге асып жатты.

Ең бірінші жорыққа қалай шыққаны әлі есінде. Әуелі қаладағы «Көктем» базарына барып ағаш сапты пышақ, болашақ құрбандығын буындыратын кәдімгі бәтеңкенің бауын сатып алды. Содан кейін газеттегі жарнама бойынша пәтер иелерімен сөйлесе бастады. Алғашқы сөйлескен екі әйел адам «кекселеу» көрінді. Тек, үшінші мәрте телефон шалғанда барып балауса қыздың дауысын естіді. Жылы-жылы сөйлеп, өзінің таныс құрбысымен оңаша кездесуі үшін пәтер жалдайтынын айтып, ақшасына келісті.

Уәде бойынша «Авангард» мөлтекауданындағы үйге келгенде есікті жиырма жас жамасындағы қыз бала ашты. Асүйді, ваннаны қарап болғаннан кейін демалатын бөлмедегі телевизорды қосып беруді өтінді. Ойында бөтен ештеңе жоқ ,телевизорға жақындай берген қыздың арт жағынан келіп алдын ала дайындалған баумен қылқындыра бастады.Оқиғаның бұлайша қатерлі бағыт алатынын күтпеген пәтер иесі қаншама бұлқынып, жанталаса арпалысқанымен еңгезердей жігіттің дүлей күшіне төтеп бере алмады. Ақырғы рет « Ағатай, өлтіре көрмеші?»... «Ма-а-ма!»деп шыңғырды да, көз алды қарауытып,мынау жарық дүниемен мәңгілік қош айтысып жүре берді.Қолындағы былқ-сылқ еткен қыздың енді қауқарсыз екеніне көзі жеткен Мирас өлі денені хайуани түрде қорлауға кірісті. Шаруасын тындырғаннан кейін оның алтын сақинасын, қалтасындағы ақшасын алып, ештеңе болмағандай есікті кілттеп, өз жөніне кете барды.

Келесі күні Азаттық даңғылындағы жалдамалы пәтердің иесін де осылай қорлап өлтірді. Атар таңы, татар дәмі әлі де алда қаракөз қарындастың қыршын өмірін қиып,ұялы телефонын, он мың теңге ақшасын олжалады.

Көп кешікпей «Вокзал маңы» ауданындағы жалдамалы үйдің иесі қыз баламен де жоғарыдағыдай тәсілмен сөйлесіп, келіседі. Бұл жолы ол өзін тіпті еркін сезінді. Ауыр соққы мен тұншықтырудан ақыл-есінен айырылған қорғансыз қыздардың обалына қалам-ау деп те, олардың ата-анасының ,тума-туысының қарғысына да ұшыраймын деп те ойлаған жоқ. Ойлағысы да келмеді. Ол үшін дәл сол сәтте хайуани тоят пен ақша ғана маңыздырақ еді. Бұл дүниеде істеген әрбір әрекетіне адамдардың түбінде жауап беретінін, жаратылғанның алдында ақталып шыққанымен  Жаратқанның алдында қатаң жауапқа тартылатынын қаперіне де алмады.Тек қана бір күндік ләззат, бір күндік қызық болса жетеді, басқасын көріп алармын деп ойлады...

... Секунд санап жақындап келе жатқан қайғының қара бұлтын байқамаған бойжеткен мойынына оратылған жіпті тек соңғы сәтте байқап қалды. Алдында тұрған адамның кәдуәлгі пәтер жалдаушы емес, ештеңеден тайынбайтын қандыбалақ қарақшы екенін жан-жүрегімен ұғып үлгерген ол, ажал тұзағынан басын ала қашып, сыртқа қарай тұра жүгірді.Өзі күнде ашып-жауып жүрген есіктің арғы жағында өмір, бергі жағында өлім күтіп тұрғаны сана сезімінде найзағайдай ойнап, жанталаса ұмытылды. Төрт-бес метрлік жерге төрт сағаттай жүргендей болып есікке енді жете бергенде қуғыншы да артынан тақалып қалған еді. Үлгере алмады. Арқасынан «кірш» етіп қадалған пышақ үмітінің соңғы жібін үзіп жібергендей болды. Көз алдында сансыз от ұшқындары атойлап, аяқ-қолынан жан кетіп, еріксіз бүгіле бастағаны еміс- еміс есінде. Жарық дүниенің сәулесін ең соңғы рет көріп қалғысы келіп, желімдене бастаған кірпігін әрең деп ашқан кезде аш қасқырдай көзі қанталап, ауызынан сілекейі аққан қаныпезер хайуанша ырылдап төніп келе жатыр екен.  Өлім мен өмір арпалысқан сол бір сәтте не құдірет күш бергенін кім білсін, тамағына тақалып қалған ажал тырнағын серпіп тастап, ақырғы әлін жинап, есікке қарай қайтадан ұмытылды. Жанұшыра, жанталаса жүгірді. Ғасырдан да ұзаққа созылған сол бір сұрапыл секундтарды артқа тастап, подьезден шыға бере құлап түскенін ғана біледі.Арқадан аққан қан мен көл болып төгілген көз жасы татар дәмінің әлі де таусылмағанын аңғартқандай еді.

Қолына ілігіп тұрған жемтігінен айдың күні аманда айырылып қалғанын, енді тезірек бой тасаламса істің насырға шабатынын ұққан Мирас бұл кезде терезеден секіріп түсіп, оқиға болған жерден алыстап бара жатты.

Көп кешікпей дабыл бойынша «жедел жәрдемге» ілесіп полиция қызметкерлері де жетті. Қылмыс жасалған жерді жіті зерттеп, куәлар мен зардап шегушінің айтуы бойынша қарақшының фото-бейнесі жасалынды. Жедел іздестіру жұмыстарының арқасында мойынына бірнеше адамның қанын жүктеген қарақшы көп кешікпей құрықталып, сот алдында әділ жазасын алды.

Бұл –Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының аса қауіпті қылмыскерге өмір бойы бас бостандығынан айыруға шығарған бірінші үкімі болатын.

Сонымен , «Қауіпті қылмыскер өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесіліп, қоғамымыздан аластатылды» деп, осы мақаланың соңғы нүктесін қоюға да болар еді . Бірақта, бір емес, екі бірдей жауқазын өмірді қыршынынан қиып, үшіншісіне ауыр дене жарақатын салған екі аяқты айуанға бұл жаза қалай болғанда да аз сияқты көрінеді де тұрады. Мейлі ату, мейлі дарға асу,мейлі сонау америкадағыдай электр орындығында өлтіру болсын, бәрі бір, аңырап қалған аналарды ешкімнің де жұбата алмасы, балаларын кері қайтара аламасы да анық. Ең қорқыныштысы, Мирас Қабдешов сияқтылар  біздің ортамызда жалғыз-жарым емес. Кезінде Перу мен Эквадордың 300-дің үстінде балиғатқа толмаған қыздарын зорлап, өлтірген колумбиялық Педро Алонсо Лопес, қыздарды зорламақ болғаны үшін еркектік қабілетінен айырып, «тарттырып» жібергеніне қарамастан 85 әйелді өлтірген неміс Бруно Людке , оның жерлесі 147 әйелді зорлап,тұншықтырып өлтірген Бернгард Приганды көптеген қылмыскерлер жақсы біледі.

Кешегі кеңестік дәуірде 53 адамның қанын ішкен Андрей Чикатило,ұяластары арасында «терминатор» лақап атағына ие болып, 52 кісіні, соның ішінде 10 баланы ойланбастан о дүниге аттандырған Анатолий Онупиренко, 48 адамның өмірін жойған Александр Пичушкин, 36 әйелді тұншықтырып өлтірген Геннадий Михасевич сынды адам кейпіндегі жыртқыштардың санын санап тауыса алмайсың. «Мен адам емеспін, Чикотило сияқты айуанмын! Сіздер мен туралы кино түсіруге тиіссісіздер!»-деп, жалпақ әлемге жар салып, 100-ден астам бүлдіршін қыздар мен келіншектердің жандарын жаҺаннамға жіберген Сергей Ткачтың «рекордын» жаңартуға тырысушылар арамызда жоқ деп кім бәс тіге алады?

 Ол заман да, бұл заман, қазақтардың да арасында еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауын, әкелерінің балалары мен қыздарын зорлауы, атасы мен келінінің көңілдес болу  фактілерінің етек алып бара жатқанын немен түсіндіреміз? Өркениет көшінің алдына шыққанымыз ба, әлде, демократия  еркіндігін қорыта алмай, тұншығып қалдық па?!

Шыр етіп дүниеге келген кезден ешкім қанішер-қарақшы болып тумайтыны айдай ақиқат. Ата-аналары да ондай болғанын қаламайды. Олардың барлығы да өзіміз сияқты адам баласы. Өскен ортамыз, қоғам  қалай тәрбиелесе, солай өсіп-өнген екі аяқты пенделер.Ендеше, барлық мәселе-тәрбиеде.

Деректер мен дәйектерге жүгінер болсақ, ислам қағидаттарын басшылыққа алып, мұсылманшылық жолын ұстанған отбасыларында өтірік айтпау, ұрлық істемеу, кісі еңбегіне қиянат жасап, ала жібін аттамау, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу сияқты адами асыл қасиеттер сәбилерінің бойына анасының ақ сүтімен бірге дариды.Олардан тараған ұрпақтар да аталары ұлықтаған ақ жолдан ауытқымай, имандылық ұйыған шаңырағының түтінінің адал еңбек арқылы түзу ұшқанын қалайды.Әкесі баласы үшін ұялмайтындай, баласы әкесін ұятқа қалдырмайтындай өмір сүруге тырысады.

Өкінішке орай, «еліміз егемендік алды» деп, бөркімізді қаншама аспанға атып, айдарымыздан жел ескенімізбен де ұлтымыздың болашағы- ұрпақ тәрбиесіне келгенде әліде көп мәселеде кегежеміздің кейін тартып келе жатқанын жасыруға болмас. Мектеп, жоғары оқу орындарын былай қойғанның өзінде, бала босанатын сәбилер үйі мен балабақшалардағы былық пен жемқорлықты көріп, жоқшылықтың, кемісітудің, парақорлықтың ащы запыранын жергөгінен татып өскен жасөспірімнің өсе келе қандай жолды таңдайтыны айтпаса да түсінікті.

Қоғамдық көліктерде сексендегі қария ұялғаннан жетпістегі кейуанаға орын беріп жатқанда, көзіне қара көзілдірік тағып, көрсе де көрмегендей болып, орын босатудың орынына ұялы телефонымен «алысып» отырған «құлтемір»(робот ) қыз-жігіттерді көргенде еріксіз ерініңді тістейсің. Жаны бар түсінігі жоқ, білімі бар кісілігі жоқ, қалтасы қалың, ақылы таяз осынау студенттер ертең дииплом алып, билік тұтқасын ұстаса не болмақ?!

«Баланы- жастан, қатынды- бастан» деп атам қазақ тегіннен-тегін айтпаса керек. Еліміздің болашағы нұрлы, келешегі кемел болып, жоғарыдағыдай қаныпезерлер бейкүнә жандарды зар жылатпасын десек, экономика ешқайда қашпас, ең бірінші кезекте ұрпақ тәрбиесін ұмыт қалдырмағанымыз дұрыс.

Боранбай Ғалиев,

Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379