Жұма, 22 Қараша 2024
Осы ғой енді... 5951 0 пікір 27 Тамыз, 2014 сағат 12:04

«ДОСТАРДАН» БЮДЖЕТТІҢ ҚАРЖЫСЫН АЯП НЕ КӨРІНІПТІ...

Өткен бір мақаламызда біздің облыстың әкімі Қостанай қаласы күні мерекесінде аршыған жұмыртқадай әппақ ғимарат — неке сарайының ашылуы салтанатына орай некеге тұруға келген жас жұбайға «Горько» деп айқайлағанын жазған едік (http://abai.kz/post/view?id=1449 ). Сірә, орысша сөйлеп, орысша ойлайтын әкіміміз қатты қуанғаннан қазақтың салтын орыстың салтымен шатастырып алса керек. Әкімнің бұл «бастамасын» көпшілік дұрыс түсінбепті. Оған қолдау көрсетудің орнына осы сайттағы шыққан мақаламызды «Nur.kz» секілді сайттар көшіріп басып, талай оқырмандардың көңілін көтеріп тастады.

   Ал енді қазір сол кезде «мынадай керемет Салтанат сарайын салдым» деп әкіміміздің төбесі көкке екі елі жетпей қалғандай болып өрекпеген көңілі су сепкендей басылып қалды. Өйткені бұл сарайдың дауы облысымыздан асып, байтақ елімізге кеңінен тарап кетті. Сөйтсек, «бақсақ бақа екен» дегендей Елбасы келгенде жарқырқыратып көрсетіп, бір бедел жинап қаламын деген ниетпен салынған дүниенің былығы жетерлік көрінеді. Осындағы «Тобыл» әлеуметтік-серіктестік корпорациясы анау-мынау емес, тура 375 миллион теңге жұмсап салған сарайының рахатын жеке меншік иелері көріп жатыр. Неке сарайы іске қосылғаннан кейін сонда некеге тұруға барған жастар мұндағы тіркелу бағасын естігенде талып қала жаздаған көрінеді. Сөйтсе, әлгі сарайдың некеге тұру салтанатын өткізетін, ерекше әсемделген, қымбат материалдармен көмкерілген түгел екінші қабатын «Мереке Love» деген фирма жалға алып, бұл шараны өткізу үшін 110 мың теңге талап етіпті. Сонда қалай, өзі коммуналдық кәсіпорын болып табылатындықтан мемлекеттің қаржысына салған ғимараттың пайдасын неге жеке меншік көруі тиіс? Бюджетке түсетін тиын-тебенді өз құлқынынан асырып отырған жеке меншік фирманың бұл қарекеті қандай заңға сияды? Бұл батпан құйрықты оларға кім сыйлапты? Осынша зор көлемдегі қаржының қайтарымы кімнің мойнында? Облыстағы құқық қорғау органдары қайда қара отыр?

    Асылы, соңғы сұрағымыз тым артықтау секілді. Өйткені әлгі «Тобыл» корпорациясының әкесі де, көкесі де облыс әкімі болып табылады. «Елбасы келер қарсаңында бір жақсы сыйлық дайындайық» десе ол корпорация не дей алады? Жалғыз қожайынына қарсы шығуға қауқары жете ме? Әрине, жетпейді. Өйткені, «батырға да жан керек». Ал бюджеттің ақшасына қазір кімнің жаны ашып жатыр дейсің. Құқық қорғау органдары да ақымақ емес қой. Ымды олар да түсінеді. Желдің қай жағынан соғып тұрғандығын білетін жандар үшін бұл жұмбақтың жауабы қиынға соқпайды.

   Мұны бір деңіз. Екіншіден, дайын ғимаратқа көк тиын да салмастан екінші қабатты түгел жалға алып, бұл жерді тегін табыс көзіне айналдырып отырған жандар да тегін адамдар еместігі белгілі болды. Ол фирманың иесі анау-мынау емес, облыстағы үлкен алпауыттардың бірі, атынан ат үркетін Виктор Соложенков дегеннің Андрей деген ұлы көрінеді. Әкесі облысты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын атақты «Арай» фирмасының қожайыны болса, кімнен айылын жисын? Виктор деген кәсіпкеріміз осындағы атағы жер жаратын «Иволга холдинг» фирмасының қожайыны Василий Розиновтен кейінгі түкірігі жерге түспейтін екінші мықты. Енді мұндай облыстың тұтқасын ұстап тұрған азаматтың айтқанын қалай екі етерсің. Мұндай «достардан» бюджеттің қандай да қаржысын аяп не көрініпті. Желге ұшқан халықтың қаражатынан әлгіндей кәсіпкерлердің көңілі қымбат.

Шіркін, мұндай «достары» көп әкімнің не арманы бар дейсің....

P.S. Айтпақшы, біздің облыс орталығында кейінгі кездері қазақ тілін мазақ ететін «АйнаLine», «Дала Holl», «Айдана Plase» секілді қойыртпақтар тым көбейіп кетті. Соған, міне, Елбасына арналған «сыйлығымыздың» атын «Мереке Love» деп атап, мәз болып отырған жайымыз бар.

Мұратбек Дәуренұлы

Қостанай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3221
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276