Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 8060 0 пікір 19 Тамыз, 2014 сағат 13:03

«КЕЗ КЕЛГЕН ТИРАНҒА ЕҢ БАСТЫ ЖАУ – ЖАЗУШЫ»

Сезімсіз адам ғана жазушыға мұқтаж болмайды

– «Адамды көпшіліктің көзінше мақтау оны бальзамдаудың басы» деп ой түйген Габриэль Гарсиа Мар­кес өзінің бір сөзінде: «Біз қо­­лымыздан өзге ештеңе келме­ген­дік­­тен жазушы боламыз және біздің ең­бегіміз күнделікті етік тігіп отыратын етікшінің еңбегінен артық баға­ланып, марапатқа ие болуға тиіс емес» деген екен. Яғни, Маркес қоғамға жазушының қажеттілігін етікшінің қажеттігімен бірдей көреді. Сіз осымен келісесіз бе?

– Жазушының бұл сөзіне толық қосыламын. Алайда, әр ұлттың жазушыға деген өзіндік көзқарасы бар. Мәселен, Ресей ойшылдары жазушыны жәй «жазушы» дегеннен жоғары бағалайды.

– Біз ше?

– Біздің қазақта, оның ішінде көшпелі тұқымда сөз өнері қашан да бірінші тұрған. Мынау кең кеңістіктің ортасындағы барлық байланыстар, тағдырлар, қозғалыстар, күрестер осы сөздің арқасында жүзеге асқан. Ел сөздің арқасында бірлікті ұйытып, сөздің арқасында намысын жанытып, сөздің арқасында бір шаңырақтың аясына топтасқан. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш!» деген секілді көпті жұмылдырған, біріктірген ұран болса, сол ұранды ұстайтын – жырау, яғни жазушы. Біздің жыл қайырудан бұрынғы ІV ғасырдағы Геродот өз жазбасында да: «Көшпелілерді ұс­тап тұрған олардың ерлік аңыз-дас­тандары. Олар сол дастандарды ошақтың басында күнде ұзақ тың­дайды және соны өздерінің мем­лекеттік саясаты ретінде түсінеді» деуі де сондықтан. Ғылымда да: «Қай елде эпос болмаса, сол ел батырлық дәуренді басынан кешпеген» деген пікір бар. Бұл ретте, Құдайға шүкір, Қазақстанда батырлық дастандар, олардың сарындары бүгінге дейін сақталып келген.

Біз осыдан екі жыл бұрын жыл қа­йыруымыздан бұрынғы Х ғасырдағы ел анасының толғауын жарияладық. Қытай жазбасында «бір ұзын ағашқа шек байлап, сонымен қосылып өзінің ұзақ өлеңін айтты» делінген екен. Яғни, домбыраны пайдаланған ғой. Ал сондағы өлең сөзін аударғанда «елім, жерім» деп толғағаны анықталды. Тура Күлтегіннің жазуымен, тура Қорқыттың жазбасымен, тура жы­раулардың «Еділдің бойы ен тоғай» деп келетін толғауларымен үндес. Бұл – біздің ұлтымыздың құлақ күйі. Күні кешеге дейін де осы Тәуел­сіздіктің туы желбіреуіне жазу­шылардың тікелей ықпалы болды. Осы азаттық идеясының ұйытқысы да қаламгерлер. Мен бұған өзім куә ретінде айта ала­мын. Қанша қысым көрсе де, Алаш идеясын өшірмей, әрбір он бес-жиыр­ма жылда мемлекет пен тарих сах­насына шығарып отырған – жазушылар. Мысалы, жиыр­масыншы жылдардан кейінгі үлкен алаштық идеяның қаулағаны – 28-30-шы жылдар. Содан кейін Ұлы Отан соғысы жылдарында Кенесарыдан бастап, Абылайдың рухына дейін көтеріп, соларды халықтың бойына сіңірген де осы – жазушылар. 53-ші жылы тұқыртып болып, ең соңғы топты қудалап, алдын ату жазасына кесіп, қалғанын жиырма бес жылға жер аударып болғаннан кейін қайтадан ұлттық идеяны тұтатқандар да жазушылар. Мысалы, бүкіл Кеңес одағын жаппай жазаға тартқан 1949-1953 жылдардағы майданнан кейін арада бір жыл өткен соң Әнуар Әлім­жанов ұлттық идея айтылған шығарма деп «Абай жолы» туралы мақала жазды. Арада он жыл өткеннен кейін Ілияс Есенберлин Хан Кене туралы роман жазды… Мұның барлығы да жазушылардың жанкештілігінің арқасында болды. Бүгін де біздің жазушылар сол алдыңғы қатарда тұр деп есептеймін. Елдік тұрғысынан алғанда өзінің рухтық сипатын бейнелеген шығармаларды да осы жазушылар жазды. Сондықтан, өз басым өнер атаулы, оның ішінде жазушы қашан да ұлттық идеяның ту ұстары деп есептеймін.

Толстойдың сөзі бар: «Өз ұлтының мүддесін қозғамаған жазушы бұл атқа лайық емес. Оны рухани өмірден сызып тастау керек» деген. Кеңес одағының жазушылардан сескенгені де сол.

Жалпы Школовский де: «Кез кел­ген қоғамға, кез келген тиранға ең бас­ты жау – жазушы» деген. Біздің бүгін­гі жазушыларымыз жалпы бір рухани топтасқан күшке айналмаған сияқ­ты көрінгенімен, менің ойымша, олар бір-бірін анық сезінеді, бір-бірінің қасиетін біледі, бір-бірін түсінеді.

– Қоғам етікшінің қажетін күнде болмаса да, жиі сезінеді. Ал жазушының қажеттілігін өз орнымен сезініп жүр ме?

– Кез келген мемлекеттік қоғам және сол қоғамның мүшелері, өзін ұлттың үрімімін деп санайтын адам, жалпы алдына белгілі бір мұрат-мақсат қойған адам қоғамдағы жазушының идеясынсыз өмір сүруі мүмкін емес. Өйткені, қаншама ғұлама, білімді, зерделі, ел­­ге­зек, дүниенің сырын біледі деп есеп­тейтін мамандық иелері адамның жан дүниесіне жазушыдай жақын емес. Адам­ның жан дүниесінің сусынын қандыратын мамандық – қаламгерлік. Сезімсіз адам ғана жазушыға мұқтаж болмауы мүмкін. Өйткені, адамның сезімі топастанса, ол адам адамдықтан қалады. Мына дүниеге келген сәбидің анасы оған бесік жырын айтса, міне, жазушы қажет деген сөз. Өйткені, бесік жыры – ұлы жазушының туын­дысы. Оны айтушы кез келген ана сол жазушының сезімін үйлестіріп пайдаланушы. Демек, қоғам мұқтаж.

Рас, қазір бесік жырын айтпайтын аналар көбейіп кетті. Бірақ, бәрібір ішінен сол бір сарынды сезінеді. Ал, бесік жырын тыңдамай, құлағына сіңбеген баланың қатігез болып өсетіні анық. Бұны жапон психологтары 60-шы жылдардың аяғында дәлелдеп қойған.

Кеңес дәуірінің қасаң талаптары әдебиетті тоқырауға алып келді

– Көркем шығарма Адам атау­лының өзімен бірге туған. Адам пайда болғалы көркем шығарма да жазылып келе жатқанына ешкім шүбә келтірмейді. Ал енді көркем әдебиет жазушылардың басын қо­сып, орта құрып, дәлірек айтсақ, ұйым құрып, біріктіргенде жемісті бола ма, әлде… қаламгерлер оқшау жү­ріп, оңашаланғанда өнімді бола ма?

– Бұл да қоғамның даму сатысына, адамдардың арасындағы қарым-қатынастың күнделікті тіршілікте жүзеге асуына тікелей байланысты. Бұрынғы заманда жазушылар одағы болған жоқ, ол рас. Бірақ, билер кеңесі болды ма? Хан кеңесі болды ма? Ал хандық жиналыстардың алдында, мәселен, Күлтегіннің заманындағы Тоныкөктей тұлғалар болды ғой? «Мен абыз едім, бастаушы едім, үгіттедім, қостадым» демей ме То­ныкөк? Абылайдың тұсында Бұқар жырау болған жоқ па?.. Бұл ұйым емес пе? ХІХ ғасырда да мұндай болған. Билер, төрелер алда отырған. Ал сөзді кім шешті? Пәленбай ақын жеңді, түгенбай ақын жеңілді дегенді кім шешіп, кім айтып отырды?.. Демек, олар­дың да өз деңгейінде сөз қағысы болған.

- Ал Одақ құрылғалы әдеби әлемде қандай серпін болды?

- Жазушылық өнер кәсіпке ай­налған қазақ өміріндегі ХХ ғасырдың басынан әдебиет қоғамдық үгіт-насихат құралына айналып кетті. Яғни, мем­лекеттік идеологияның қазығы ретінде пайдаланыла бастады. Ал кез келген идеология – сол мемлекеттің талап-тілегі.

- Жазушылар Одағын құру туралы ұйымның пленумында Ілияс Жансүгіров қазақ кеңес әдебие­ті­нің міндеттері туралы баяндама жа­саған екен. Одақ құрылғанда қа­лам­герлер алдына нақты қандай мін­­деттеме қойылды?

- 1934 жылғы әуелі өлкелік рес­публикалық, содан кейін барып Одақтық Жазушылар одағы сол кеңестік қоғам тудырған аса қажет­ті­ліктен дүниеге келген ұйым. Егер де бүкіл руханият дүниесіне ие бола алмаса, кеңестік идеология ешқашан да өзінің тамырын тереңге тартып, адамдардың рухын билей алмас еді. Бұл одақтың Кеңес өкіметі үшін құрылуының басты қажеттілігі – барлық өнер атаулыны бір бағытта қыз­мет көрсетуге мәжбүрлеу болатын. Оған дейін, 1917-1924 жылдар арасында жалпылама жою деген мақсат ұсталып, бұрынғы қазақ – Абайдан, орыс Пушкин мен Толстойдан бас тартқан. Санадағы еркіндік, анархия еді бұл. Бұрын әдеби шығармаларда қоғамда әлеуметтік орны бар орта басым болса, енді сол қоғамдағы ең әлсіз орта алдыға шықты. Осы тұста Ресейде өте қатты шиеленіскен әдеби ағымдар пайда болды. Соның біреуін Максим Горький бастады. Екіншісін Серафимович бастады. Біріншісінде таза кедей мен жұмысшыны жырлау мақсат етілді. Басқа мүдде жоқ. Өзгені жырлау бір қорлық саналды. Осы екі ортада жұмысшы жазушылардың ассоциациясы пайда болды. Бізде де олардың ту ұстаушылары ретінде Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин ерекше көзге түсті. Ал Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров, Даниял Ысқақов, Абдолла Байтасов ол бағытқа қарсы бол­ды. Осы айтыстың түпкі маңызы мы­нада: пролетарлық әдебиет ең бі­рін­­ші таптың мүддесін көздеуі керек. Яғни, жұмысшы не кедей тап тағдыры көркем шығарманың негі­­зіне айналуы тиіс. Ән болса да, сурет болса да, музыка болса да солай. Ол тапқа деген көз­қарастың жалпы бағыты партиялық болуы керек. Мәселен, 1921-1927 жыл­дар ара­сында большевиктер пар­тиясы 1916 жылғы көтерілісті со­циалистік рево­лю­цияның басы деп ба­ғалады. Сол тұста Мұхтар Әуезов «Қилы заманды», Жүсіпбек Аймауытов «Қарт­қо­жаны» жазып қалды. Ал 1927 жылдан бастап 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс «оған Алашорда араласқан, буржуазиялық көтеріліс» деп бағаланып, теріс көзқарас пайда болған кезде, жазушылар бұл тақы­рыпты қоя қойды. Жаза алмады. Тіпті, қарсы болды. Міне, осылай әдебиеттің таптығы, партиялылығы және интернационалдығы міндет етіп қойылды. Әдебиет дүниежүзілік про­летарлық интернационализмге қызмет етуі керек болды. Мұның астарында не жатты? Қазақ даласы туралы жазылған кез келген көркем шығармада міндетті түрде өзге ұлттардың өкілі қатыстырылуы керек. Бұған қоса, кейіпкерлер арасында орыс ұлты жетекші идеолог болып көрінуі қажет. Өйткені, онда революциялық ой бар. Осының салдарынан үш кітаппен бітетін «Абай жолы» романы төрт кітапқа созылды. Абайдың көзқарасына жат ұстаным әкеп таңылды. Онсыз Әуезов ұсталып кететін еді… Міне, осы үш талапты қалай да бір заңдылыққа біріктіру керек болды. Сондықтан, шетелге кеткен Максми Горькийді шақырып алып, бар жазушыны біріктірейік деп, сол үшін «социалистік реализм» деген терминді шығарды. «Социалистік реализм» 1934 жылы осы съезде пайда болды.

– Ол не деген сөз?

– Мазмұны – социалистік, түрі – ұлт­тық деген сөз. Яғни, алдында ай­тыл­­ғандай, таптық тартысты пар­­тиялық көзқараспен беріп, ал көр­кемдік шешімді міндетті түрде интер­на­цио­налистік орыстың ілгері рухын, же­текшілігін үлгі тұтуға, соның арқасында өмір сүріп отырсың дегенге әкеп тірей отырып қазақ тілінде жазуға болады. Осындай заңдылықтар 1934 жылғы Жазушылар одағының съезінде заңдастырылды. Ендігі талап нақты болды. Тартыс болсын, көркемдігі мықты болсын деп талап қойылды. Бұл белгілі бір дәрежеде алдыңғы бейберекет таластан гөрі әдеби арнаны бір ағымға салды. Бірақ уақыт өте келе әдебиет көркемдік шешімі анық, тартыс белгілі, жаттанды сюжет пен жаттанды көркемдік шешімге келіп тірелді. Сондықтан да, 1978 жылдан бастап Кеңестер одағында сыншы атаулыға жағымсыз кейіпкерлер әлеуметтік тұрғыда талданбасын деген нұсқау берілді.

– Сіз де сол кезде сын бөлімінде қызмет еттіңіз ғой?

– Иә, мен сын бөлімінде он бес жыл істедім. Мәскеуде КПСС Ор­талық комитетінде, Жазушылар одағында үш айда, бес айда бір рет арнайы семинар өткізіліп тұратын. Жаңағы пленумға қатысқанда біз жағымсыз кейіпкер сыналмасын деген нұсқау алып қайттық. Ондағысы жазушылар жалған тартыстан әбден қажығандықтан енді айтайын деген ойын жағымсыз кейіпкерлердің аузына салатын болды. Ал сол заманда қалыптасқан заңдылық бойынша, барлық шығармада жағымды кейіпкер жеңіске жететін болғандықтан, шы­ғарманың негізгі түйіні, автордың негізгі айтпағы жағымсыз кейіпкермен арадағы шиеленіскен тұстардан қа­растырылып, жағымсыз кейіпкерлер басты назар аударатын. Осындай қа­саң талаптар келе-келе кеңес әдебие­ті­нің, соның ішінде қазақ әдебиетінің іштей тоқырауына алып келді.

– Кеңес дәуіріндегі міндетте­ме­лердің бірі қазаққа отарлық сананы сіңдіру болғаны анық. Жаңа өзіңіз де айттыңыз, «қазақ қаламгері «қазаққа осы күнге сен орыстың арқасында жетіп отыр­сың» дегенді көрсетуге мін­дет­телді» деп. Ендеше, қазаққа құл­дық психологияны сіңдіруге қа­лам­герлеріміз де үлес қосты ма?

– Қазақ кеңес әдебиетіне қатысқан азаматтардың барлығы да жаңағы үш талаптан шыққандар. Ол үшеуінен шықпаған адам қазақ кеңес әдебиетінің өкілі емес. Ондай мүмкіндік берілген жоқ. Тек 60-жылдары ғана шағын прозада жаңаша рух көрініс берді.

Ал, орыс қаламгерлері мұндай мәселеде барынша батыл болды. Мысалы, Шолоховтың «Көтерілген тыңындағы» қасіретті оқиғалар, қақ­тығыстар ешқандай қазақтың шы­ғар­масында жазылған жоқ. Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үйінде» шалдың бейнесі, Оралхан Бө­кеевтің «Өз отыңды өшірме» деген ро­манында бай қашқын Оспанның: «Мынау қазақ даласына салынып жатқан темір жол ол қазақтың мойнына тағылған темір тұзақ, түбінде қылғындырып өлтіреді» дейтіні бар. Осындай саусақпен санарлық тың ұстаным болмаса, қалғанының бар­­лығында, барлық қазақ кеңес әде­биетіндегі туындыларда Сәбит Мұ­қановтың «Ботагөзіндегі» көркем­дік шешім. Қаншама жағымсыз ке­йіпкер күрессе де, жеңіліп тынады. Тартыс та біреу: бай мен кедей. Әрине, фор­малық жағынан, тағы басқа өзге­шелік жасағысы келгендер болды, бірақ айтатын идея анық болатын. «Алға, коммунизм!» Басқа жол жоқ.

Жазуды кейбіреулер пайданың көзіне айналдырып жіберді

– Кеңестік қоғамның талаптары мен заңдылықтарынан ешкім асып кете алған жоқ деп отырсыз. Сол жағдайда қазақ қаламгерлері қазақ қоғамы алдындағы, ұлт алдындағы міндетін өтей алды ма?

– Мен бұл сұраққа жауап беріп кеттім ғой деп ойлаймын. Толығымен өтеді. Және сол жазушылардың идеясы ұлттық идеяның бүгінге дейін өмір сүруінің кепілі болды. Мысалы, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов тұрған кезде Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылары олармен есептесетін. Біз, жас жазушылар солардың ұстанған бағытын ұстайтынбыз. Көркемдік талаптан шығуға тырыстық. Сол секілді, қазақ тілі туралы талаптар маңызды болды. Мысалы, Сәбит Мұқанов қазақ тілі мен қазақ мектебі үшін ашық күрескен адам, ешкімнен қорыққан жоқ. Өйткені, ол – жазушы. Жазушыны сынға тарту халықты сынға тарту сияқты болды. Кейін Ғабит Мүсірепов тіл туралы арнайы пленум өткізді. Бүкіл жазушылар сонда сөйледі. Тіл туралы қазіргі айтылып жүрген мәсе­ленің барлығы сонда қозғалды. Жазу­шы ең соңғы өсиетінде де «тіл, тіл жә­не тіл» деп кетті. Өкінішке қарай, біз қазір Ғабит Мүсіреповтің сол өсиетін тыңдап, есімізде сақтаушы ғана болып қалдық. Жазушылар одағында бүгін тіл мә­селесін көтеріп жүрген кім бар? Тілімізді мемлекеттік дәрежесіне алып келген Шона Смаханұлы бастаған үлкен топтың екпіні қайда? Рас, әр-әр тұста өз кезегінде тіл туралы айтып жүргендер бар. Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, тағы басқа азаматтар тіл үшін шырылдайды. Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің өзі де тіл мәселесінің өзек­тілігін жоққа шығармайды. Бірақ, осы Нұрлан Оразалин, Алдан Смайыл секілді қаламгерлер арасынан шыққан екі депутатты Жазушылар одағы қолдап отыр ма? Жазушылар одағы күш біріктіріп, Парламенттегі екі азаматына «айтсаң да айтасың, айтпасаң да айтасың, артыңда біз тұрмыз» деп, тірек болуға жарап тұр ма? Ол күш қайда? Неге Мұхтар Шахановтың тіл туралы қозғалысына біреуіміз қатысып, біреуіміз қатыспаймыз? Неге соны сыртынан сынап-мінеп, мұрнымызды шүйіреміз? Шаханов жетіскеннен жүр ме? Әлде сол тіл Шахановқа ғана керек пе? Ал тіл жоқ болса, онда біздің, жазушылардың не керегіміз бар?

Менің ойымша, жазушы, әнші, күйші, суретші – жалпы өнер иелерінің барлығы мемлекеттік идеология­дан саналы түрде шеттетілген. Бұл – анық. Бұрын қаламы сыйлы жазушы өз саласындағы билікке тікелей кіріп, ұсынысын айтып, дәлелдеп, есеп­тестіре алатын. Қазір олай емес. Кері­сінше, сәл сөзі өтсе, қағып тастап отыр.

– Осындай жағдайға қарамай, қаламгерлер неге жазып жүр? Неге қаламын тастамайды?
– Абайдың сөзі бар: «Кірлеген жүрек өзі үшін тұра алмас әсте жуынбай» дейді. Егер жазу қабілеті, өнер адамның бойына қонғаны рас болса, оның көркем ойлау жүйесі, түйсігі, санасы жас кезінен қалыптасса, жазу, көркем шындықпен бейнелеу рухының қажеттілігі болса, онда ол қаламды неге қояды? Рас, жазуды кей­­біреулер пайданың көзіне айналдырып жіберді. Ал шын таланттар олай болмаған. Мысалы, Пушкинді орыс қоғамы тірі әулие деп есептеді. Оның кітабы күнкөріс көзі болатын. Бірақ кітабы 500, әрі кетсе 2000 данамен шығады. Соның өзі өтпей, қарыздан қарызға кіре береді. Пушкиннің өмірі қарыздан тұрады. Ал сол заманда 12-ші жылғы соғысқа қатысқан, Ресейдің батыры атанған Булганин өзінің кі­табын он мың, жиырма мың данамен шығарған. Кітабы өте өтімді болған. Бірақ тарихта қайсысы қалды?.. Біз өнерді, шынайы көркем шындықты сауданың көзіне айналдырсақ, біз өзіміздің жүрегімізді өзіміз сатып, содан пайда тауып күн көргенмен бірдей боламыз. Тіпті, жүрегің екеу болса да, бірін сатып, бірін өзіңде қалдырсаң, мүгедек боласың. Бізде бірақ екібетті өмір сүріп жүрген қаламгерлер бар.

– Жазушылар одағы қазір мемлекеттен қаржы алмайды, иә?

– Жоқ. Жазушылар одағы өз-өзімен, Одақ ғимаратын жалға берумен күн көріп отыр.

– Сонда бұл Одақ мемлекетке қажет болмай қалды деген сөз бе?

– Солай.

– Неге қажет болмай қалды? Мемлекетке, оның гүлденіп, дамуына үлес қосарлық әлеуеті жоқ па?

– Мен жоғарыда айтып өттім, біздегі руханият саласы тура дін саласы сияқты мемлекеттен толық ажыратылған. Қайта шығармашылық одақтардан гөрі мемлекеттің дінге араласқаны ықпалды. Тыйым салу, бақылау бағытында қазір қайта дінді қадағалап отыр. Ал өзге шығар­ма­шылық одақтар «тұрымтай тұ­сымен, балапан басымен» кеткен.

– Осындай жағдайда қазақ қалам­герлері өздігінен қоғам саналы­лығын арттыруға өздігінен ықпал етіп кете ала ма? Жалпы, әрі қарай қалай болуы мүмкін деп ойлайсыз?

– Қаламгер, жазушы дегенде мен бүгінде елуден асқан қалам ұста­ған­дарды ғана айтып отырған сияқ­ты­мын. Бүгінгі күні қай ақын көр­кемдік талап үшін, көзқарас үшін күресіп, жазып жүр? Одаққа деген қан­дай жанашырлық бар? Алу үшін бе? Белгілі бір шығармасын шығарар кезде ме? Марапатқа ұсынылатын тұста ма? Пәтердің ыңғайына байланысты ма? Өзі не беріп, көпті ұйытатындай қан­­дай шығарма беріп, күрескерлік танытып жүр? Мүмкін мен қазір ығы­сыңқырап жүрген соң аңғара бер­мейтін шығармын. Бірақ мен дегендерді білгім келеді.

Осыдан бір-екі ай бұрын қа­зақтың аса көрнекті ақыны деп бір атты атап, жапатармағай мақтап жатыр екен. Мен басында үндеген жоқпын. Расында, білмеуім мүмкін ғой. Бірақ шын жақсы шығармасы болса тым болмаса естуім керек еді ғой. Одан кейін де бір ақын жігітпен кездесіп қалдым. Танымайды екем. «Мені біл­месеңіз, қайтіп өмір сүріп жүрсіз?» деді. Кейін әдейі шығармаларын іздеп, оқып көрдім. «Мен азулы арыстанмын, қасқырмын, талаймын, жеймін, тісім өткір» дегеннен басқа, қарғанып-сіленгеннен басқа бір өлеңін көрген жоқпын. «Мен, мен, мен». Кілең қар­­ғанудан тұрады. Одан басқа ештеңе таба алмадым. Көптің әлгіндей ұлы ақын деп жүргені де сол шамада. Әй, қарағым-ау, арыстан да азуына бір­деме түсіру үшін ақырады. Жәйдан-жәй ақырмайды. Ақырғанда бірдеме ілінеді оған. Ал құр бос ақыра беріп, құры­ғы­на ештеңе түсірмеген арыстанды, аң патшасы болса да, үйірінен қуып жібе­реді… Ал енді осындайда «ұлы» деп баға беріп жүргендер кімдер?.. Көр­кемдік талғамның жойылуы деген осы.

– Рас, қазір идеялық бірлік жоқ. Бүгінгі қаламгерлер ұстанған ортақ мұрат көпке айқын емес. Енді осындай жағдайда Жазушылар одағы өзінің сексен жылдығын тойлай ма, әлде өткенін жоқтай ма?

– Жазушылар одағы қандай түрлі фор­мада болмасын, Қазақстанға, оның ішінде қазаққа керек. Өте бір бақытты тұстарын да, өте бір қиянкесті тұс­тарын да, дана тұстарын да, жұтаң тұстарын да көрген шығармыз. Бірақ қандай да болмасын Жазушылар одағы қазақ мәдениетіне, руханиятына керек. Қаламгер үшін белгілі бір ұйымға мүше екенін сезінудің өзі де үлкен бір жауапкершілік деп ойлаймын. Шын Жазушылар одағын құрметтеген, сезінген адам осылай түсінеді деп сенемін. Ал оның жұ­мы­сын ұйымдастыру, жандандыру – екінші мәселе. Жазушылар одағы – жалпы ұлттық сипатты, ұлттық рух­ты біріктіретін ұғым. Мен сондай болғанын қалаймын.

Әңгімелескен:
Нәзира БАЙЫРБЕК

"Астана ақшамы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052