АҚШ Ирактағы күрдтерге қару-жарақ бере бастады
АҚШ Ирактың солтүстігіндегі күрдтерге исламшыл содырлармен соғысуына көмектесу үшін тікелей қару-жарақ жеткізе бастады деп хабарлады 11 тамыз күні аты-жөнін айтуды қаламаған америкалық шенеуніктер. Олардың сөзінше, әзірге тек автоматты винтовкалар мен оқ-дәрілер ғана жеткізіліп жатыр. Азаттық радиосының жазуынша АҚШ өкілі қару-жарақты Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) жеткізіп жатқанын, бірақ таяуда қорғаныс министрлігі де күрдтерді қаруландыра бастауы мүмкін екенін айтқан.
Күрдістанның астанасы Эрбиль қаласы маңында күрд қарулы тобы - “Пешмерга” жасақтары “Ислам мемлекеті” ұйымының содырларына қарсы күресіп жатыр. АҚШ қарулы исламшыл радикалдардың позицияларына әуеден соққы берген соң 10 тамыз күні күрд жасақтары Ирактың солтүстігіндегі екі қаланы бақылауына алған.