Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Көкжиек 6707 0 пікір 30 Шілде, 2014 сағат 13:33

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА. БІРЛІК ТУРАЛЫ БЕЛГІ МЕ?..

 ...Ақынның бәрін жақсы көрем. Өйткені, ол – қиялшыл ғана емес, қанағатшыл; бұрқасын ғана емес, бауырмашыл...

Ал, Маралтай Райымбекұлы мүлдем айрықша болмысты, ерекше екпінді ақын. Маралтай ақ сүт берген анасы жайында былай депті: “...Апам демікпемен ауырған кезде қатты қиналатынмын. Түнгі сағат 3-4 болсын, әйтеуір күніне бір рет болса да ауыратын. Жаз мезгілінде біз жақта күн ыстық болады, түн ортасы апам ауырып, қиналып, жер сипалап, Аллаға жалбарынып жатады. Мен төсектің астында естіп жатып, еңіреп жылайтынмын. «Анам өліп қалмаса екен» деп ішімнен тілеп жататынмын. Әпкем екеуміз түн ортасында қолымызға таяқ алып ауылдағы Зәукен (Дауылмақан) деген фельдшер ағайды әкелетінбіз. Ол кісі әлі ауылда фельдшер. Зәукеңе мен өмір бойы қарыздармын...”

Қандай “қаны тамған” мөлдір сезім, ақжарма бала көңіл десеңші?!.

Қазір әлемдегі адамның өз қолымен бір-біріне жасап жатқан қиянатынан – жөйттердің палестин сәбилерін қисапсыз қыруынан, түркімен бауырларымыздың жантүршігерлік қиналыстарынан, орыстың украиннің жеріне қол салуынан – жүйкең тозып, санаң сарсылғанда, Маралтайлардың естеліктерін оқып отыра бергің келеді... Ақындардың адал жүрек, ақшаңқан пейіліне елтіп отырып, қиял-арманға еріксіз ерік бересің:

...Шіркін-ай, қазақтың басын біріктіру – қай қазақ ханының да арман-мүддесі еді, Құдайға шүкір, сол арайлы таңдарға таяп келеміз, қазақты ислам діні, табиғи сабыры, Аллаһқа сенімі, қуатты иманы, дәргейлі ділі, ұлттық салт-дәстүрі, таза тарихы, анасының тілі, туыстық қарым-қатынасы, бірлікті жамағаты, білімді ұрпағы, әділетті қоғамы, қазақтың санының көбеюі біріктіреді, дегенге сенесің. Бұған күмәніңіз болмасын!

...Шіркін-ай, қазақты хас дұшпаны тізерлете алмас үшін түркі баласының татулығы ауадай қажет-ақ. Атақты Ататүрк: “Бір заманда күллі түркі баласының тізе қосып, бірігетін уақыты келеді” деген еді, Алтай мен Жерорта теңізінің ортасында ғұмыр кешкен 200 млн. түркі баласының жанарына жас толмаса екен?.. Қазақ пейілі кең, құдайдан сұраған жұрт қой: бүгінгі таңда белорустардың орыс телеарналарын ауыстырып, олардың орнына қазақ телеарналарын сұрауы да тегін емес-ау...


...Шіркін-ай, қазақтың баласы шынайы Жаратушысына жақындай түссе ғана қиянат көрмей, толағай топты жарар еді. Әнеки, Қасиетті Қадір түнін қарсы алған семейлік жамағат аспаннан “Алла” деген жазуды оқыды. Төте жазуды түсінетіндер мұны: “Алла – Жалғыз жаратушы” деген тіркес десе, дін қызметкерлері бұл сөздің: “Сүмим”, “һа”, “суат” деген сияқты әріптерге ұқсайтын “Мұхаммед” деген мағынаға келіңкірейтіндігін айтады.

Қалай десек те, бұл – қазаққа Хақтың жіберген жақсылық пен ізгілік, иман мен игілік жайлы нышаны шығар, деп үміт қыламыз. Әлде, бұл – туған топырағы талапайға түсіп, ең соңғы ханының ғазиз басы қор болған қазаққа бірлік туралы белгі ме?..

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063