Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Дін 10883 0 пікір 30 Шілде, 2014 сағат 13:08

СӘЛӘФТАР ДЕГЕНІМІЗ КІМ?

Сәләфилер дегеніміз кімдер және олардың Абдул Уахабтың  жолын ұстаған  салафилерден айырмашылығы қандай?

 Мұхамбет пайғамбар бір хадисінде: «Үмбетімнің ең қайырлысы менімен бірге өмір сүргендер және олардың ізіне ергендер мен одан кейінгі келген ұрпақ», - деген. Мұны исламда алғашқы үш буын деп атайды. Яғни, біріншісі – сахабалар (пайғамбардың көзін көрген, замандастары), екіншісі – табииндер (сахабалардан кейінгі келген ұрпақ), үшіншісі – атба ут-табиин (Пайғамбардан кейінгі үшінші ұрпақ). Бұларды «сәләфтар» немесе «сәләфис солихин» деп атайды. Сәләфис солихин «алғашқы қайырлы буын» дегенді білдіреді.

Осы үш буының иманы, амалы мен ілімі кейінгі мұсылмандар үшін үлгі өрнек болып есептеледі. Бұл кезеңнен кейінгі дәуірде өмір сүрген ғұламаларды, мәзхаб имамдарын «хәлафтар», яғни кейінгілер деп атайды. Ислам тарихында, кез келген дәуірде өмір сүрген ғұламалар мен факихтер (құқықшылар), сопылар мен кәламшылар (ақида ілімінің білгірлері) Хақ жолдағы сәлафтар мен хәлафтарды үлгі тұтып, «әхлі сунна» (пайғамбар нұсқаған тура жолдағылар) жолбасшылары ретінде танып келеді.

19 ғасырдан бастап Ислам әлемінде, атап айтқанда Мысыр, Үнді түбегі, Осман империясы және Ресей отарына айналған мұсылман халықтарының арасында «ихья», «ыслах», «жадид» (жаңалану, жандану, өрлеу) секілді атаулармен көрініс тапқан «реформаторлық» әрекеттер тұтас сипат ала бастады. Реформа кезінде Афғани, Абдух, Иқбал, Гаспринский, Маржани секілді саяси-ағартушылық бағытты ұстанған ғалымдар шоғыры шықты. Олар ижтихат (қоғамдағы шарттарға сәйкес үкім шығару) рухын тірілтіп, Исламды реформалауды көздеген олар, тақлид (еліктеушілік) пен хурафалықты (сенімге қайшы аңыздарға сенушілік), надандықты сынаумен қатар, Батыстың техникалық игіліктері мен ғылымын игеруге шақырды. Олар, алғашқы үш буын кезіндегі (сәлафтардың) Исламның рухы мықты еді, білім беруді дамыту керек деген бағытты қолдады. Бірақ тұтастай мәзхәб имамдары мен дәстүрлі түсініктерді жоққа шығармайтын.

Жоғарыда біз сәләф ұғымының не екенін және қандай бағытты меңзегенін көріп отырмыз. Ал енді бұл процесті мүлдем бөлек бағытқа бұрып алған және араб ұлтшылдығын қоздырған Мұхаммед Абдуль Уахабтың әрекеті Исламның ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан бай мәдениетін, үкім шығару тәсілдерін, мәзхәб ғалымдарын тұтастай жоққа шығаратын үрдіс қалыптастырды. Олар тек қана өздерін «сәлафус солихиннің» ізбасарларымыз деп танытты. Афғани, Абдух, Иқбал, Гаспринский, Маржани секілді саяси-ағартушылық бағытты ұстанған ғалымдар діни тәжірбиені сынға алса, бұлар мүлде жоққа шығаруға кірісті.  Кез келген құбылыстың басы, ортасы және аяғы болатыны секілді, діни тәжірбиенің өткені мен бүгіні, келешегі сабақтастықпен өріліп отыратын дүние. Абдулуахаб жолындағылардың діни тәжірбиені орта белінен теріске шығару ұстанымдары Ислам мәдениетінің кемінде 10-12 ғасырлық бай мұрасын тәрк етумен бірдей құбылыс болды. Олардың қатқыл, мәтіншіл ұстанымдары Ислам діні аясында өзін мұсылман санайтын кез келген ұлттардың дәстүрлі мәдени мұраларын «бидғат» деп санайтын көзқарасты қалыптастырды. Олардың түсінігіндегі Ислам діні – қоғамдық шарттарға үйлесе алмайтын, біртипті араб мұсылмандығын күштеп таңатын, мұсылмандарды жікке бөліп, бейбіт тұрғындарды қанды қасапқа салатын «жихад» ұранымен әлемге үрей туғызды. Әбу Ханифаны «салафтардың» дәуірінде өмір сүргендігі үшін, ғалым ретінде білгенімен, Ханафи мәзхабы дегенді мойындамайды. Ал, Әшари мен Матуриди сынды сенімдегі екі мәзхаб имамдарын «сәлаф» кезеңінен кейін өмір сүрді деген желеумен тіпті де мойындамайды. Олардың түсінігінде Ислам ақидасында өзіндік үлкен орны бар қос  ғұламаның Ислам сенім негіздеріне байланысты ақыл мен нассты (Құран мен сүннет) қолдана отырып, дамытқан ақидалық мұралары күпірлік ретінде анықталды. Неохарижизм (Әзіреті Әлидің халифалық тұсында бүлік шығарған діни-саяси топ) ретінде танылып жүрген уахабилік әрекетті қалай алсақта «алғашқы үш буынның» жолындағы сәлафтар ретінде тани алмаймыз және «сәләфтардың» жолына ешбір қатысы жоқ екенін басын ашып айтуымыз керек. Керісінше Абдульуахабтың «сәлаф» мағынасын ұрандатып, радикалды жолға ұрындыратын бірден бір жол қылып жіберді.

Пайғамбар меңзеген сәлаф ғалымдардың шариғи үкімдері мен даналық тұлғалары қоғамды бірлікке, тату тірлікке, заман талабына сай дамуға, надандықтан қашуға, адамзатты сүюге шақыратын жол еді. Осы жолды ұстанған, тарихи сабақтастық жолымен иман іздеген әрбір қазақ ұланы Ханафи мәзхабы аясында да шынайы «сәлафтардың» ізбасары һәм Пайғамбардың үлгілі үмметі санала алады.

 

Асылтай Тасболат - Дінтанушы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063