Жұма, 22 Қараша 2024
Экономика 6968 0 пікір 15 Шілде, 2014 сағат 12:29

Ақшаларыңызды әкеліңіздер, мырзалар мен ханымдар!

Біздің қоғамда шетелдерге «көшіп» жатқан ақша мен мүлік туралы жиі айтылады. Ақшаға қатысты айтар болсақ, кейбір мәліметтерде тәуелсіздік жылдарында 140 млрд доллар, екіншісінде 200 млрд доллар елімізден сыртқа кетті делінеді. Не десек те, қыруар қаржының шетел «асып» жатқаны шындық. Мемлекет сол ақшаларды қайтаруға құлшынып отыр. Шынында да биліктегілер пайымдағандай еліміздің қазынасы миллиардтаған доллармен толыға ма? Осымен үшінше рет өткізілгелі отырған рақымшылық шарасы экономикамызға жағымды әсер ете ала ма? Осындай сауалдарға жауап іздеп, ғаламтордағы сарапшы-мамандардың ой-пікірлерін сүзіп алдық.

Инвестициялардың пайдалылығын зерттеу жөніндегі агенттіктің сарапшысы Ерлен Бадыханның пайымдауынша, рақымшылықтың нәтижесі Қазақстанға қайтып келетін«адасқан» ақшаның көлеміне байланысты болмақ. Оның айтуынша, мысалға 5-10 млн АҚШ доллары көлемінде ғана ақша «оралатын» болса, оның экономикамызға ешқандай жағымды ықпалы болмайды. «Сонымен бірге, заңдастырылатын ақшаның қайда жұмсалатыны аса маңызды. Егер олар екінші деңгейдегі банктердің депозиттерінде жатып қалатын болса, ол экономикамызды сауықтыруға ешқандай пайда әкелмейді. Менің ойымша, бәсекеге қабілетті өндірістер ашып, жұмыс орындарын көбейтеміз десек ол ақшаны инвестициялық әлеуеті зор жобаларға  жұмсауымыз керек. Нақты нәтиже сонда болады»,- дейді ол.

Отандық сарапшы Е. Бадыхан бір кездегі Кипрдегі жағдайды еске алады. Аталған елде банк дағдарысы орын алып, 100 мың еуродан астам ақшасы бар салымшылардың қомақты пайызын алып қойып, бармақ тістеткенін білеміз. «Сол кезде Кипрдегі дағдарыстан ауқатты ресейліктер мен қазақстандықтардың есеп-шоттары жабылып, зардап шекті. Мұндай жағдайлар тағы да қайталануы мүмкін»,- дейді ол. Ал, «Кипр» сараптамалық-талдау тобының директоры Ерлан Смайылов шетелдерге кеткен барлық ақша оралмаса да, оның белгілі бір бөлігі қайтатынына сенімді.

Ерлан Смайыловтың пікірінше, бұл шара – экономикамызды сауықтыру жолындағы оң қадам және көлеңкедегі ақшаны жария етуге берілген үлкен мүмкіндік. «Елімізге «оралатын» капитал бизнес, өндіріс немесе бағалы қағаздар түрінде жұмыс істеуі мүмкін. Ең бастысы, рақымшылық шарасы сырттағы капиталдың елге оралуына белсенді түрде ықпал етеді»,- дейді ол. Екінші жағынан, отандық сарапшы дәулеттілердің көпшілігі бұл мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысатынына сенімді. Ондай жағдайда бұл ақша экономикаға жұмыс істеп, салықтардың өсуіне алып барады. «Сонымен қатар, рақымшылық шарасы мемлекет пен оның азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа түсіреді. Адамдар мемлекеттің өзіне қамқорлық жасап, ақшасын заңдастыруға әрекеттенгенін көреді. Ең бастысы, сол әрекеттің қоқан-лоқы жасау жолымен емес, ең қолайлы талаптармен жүзеге асырылатыны»,- дейді Е. Смайылов.

«Асыл Инвест» АҚ-ның сараптама департаментінің директоры Айвар Бәйкенов рақымшылық арқылы мемлекет үш түрлі нәрсені көздеп отырғанын айтады. Біріншіден, көлеңкелі экономика және елдегі ақша айналымын бақылау мәселесін шешу. Одан кейін заңдастырылған капиталды банк депозиттеріне көшіру арқылы банк секторына қолдау көрсету. Үшінші мақсат – қор нарығының дамуына серпін беру. «Нарық экономикасының барлық нормаларын қолдануға ұмтылыс жасау ел экономикасына жекеменшік инвестициялардың көбеюіне мүмкіндік туғызады. Мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасы осындай мақсатпен жүзеге асырылады»,- дейді А. Бәйкенов.

 

Әмірлан Әлімжан.  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5196