Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз сөзі 8875 0 пікір 14 Шілде, 2014 сағат 10:40

ДІНДІ БІЛЕТІНДЕР ҒАНА АЙТСЫН

Дін тақырыбы қоғамымыздың өзекті тақырыптарының біріне айналған бүгінгі  күні кез-келген жерлер мен   отырыстарда топ адамның басы қосыла қалса елді аузына қаратып «пәтуа» жасамақ болатын «дүмшелер»  мен «білгіштер» көзге түсе бастады. Қасиетті дініміз туралы олар әртүрлі пікір таластырып, өзінше тон пішіп сөйлеп жатады. Дін жайында ойланып сөйлеудің, білгішсініп пәтуа айтпақ болудың түкке де қажеті жоқ. Дін туралы пәтуа  айтып шешім шығару діни ғұламалар мен ғалымдардың ісі. Сондықтан дін турасында анық біліп тұрсақ ғана үндеуіміз керек! Шығыс даналарының бірі айтқандайын: «Әмірші әмірші болу керек, әскер әскер болу керек, әке әке болуы керек, бала бала болу керек. Сонда ел дамиды».  Жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин ағамыз да: «Жазушы жазу керек. Саясаткер саясатпен айналыссын, қойшылар қойын бақсын» деген екен.  Кезінде атақты күрішші Ыбырай Жақаев «Дихан – кетпеніне, шопан – таяғына, жазушы қаламына ие болсын» деген үш – ақ ауыз сөзімен дүйім елге баяндама да жасаған.

Жетпіс жыл орыстың қол астында болып, дінінен толық безінген, құлдық сана-сезімнен  (рабский психология) әлі шыға алмай жүрген қазақтар үшін дінді білу және  дін қабылдау  оңайға тимеуде. Көп адамға бүгінде  дін артық салмақ болып сезілуде. Өйткені  көбі дінді қартайған соң, өлеріме таяғанда, зейнетақыға шыққан соң, 60 жастан асқан соң ұстаймын, сол кезде бірақ намаз оқимын деп жатады. Ол пенденің қартайып өлетіні немесе қазір өлетіні өзінің қолында емес Алланың қалауында екендігін түсінсе ғой шіркін. Ондай адамдар дін жолын ұстап, шариғи сеніммен жүрген адамдарды фанаттар деп түсінеді. Тіптен  «Діни фанатизм» деген терминді қолданып сөйлеушілер де көп. Ол сөзді айтушылардың  көбі шенділер мен шекпенділер. Мен ондай әңгімелерді өз құлағыммен естіген соң жазып отырмын.

 Әлбетте, ғылыми көп терминдерге ұқсас «фанатизм» деген сөздің төркіні де латыншаға тіреледі. Латынша  fanaticus (фанатизм) - құрбандық дегенді білдіреді. Белгілі бір дүниеге шектен тыс қызығу, болмаса белгілі бір адамға табыну себепті өзін өзі жоғалтып алу деген анықтама болса керек. Олай болса бүгінде дінін, ақыретін керек қылмай дүниеге табынғандарды, өмірімізде кеңінен көрініс алған бір адамға табыну, жағымпаздануды қай «фанаттар» қатарына қосуға болады дегенді де ойлануымыз керек.

 Жалпы Исламға әртүрлі термин тағып қажеті жоқ. Мәселен, «Радикалды Ислам діні» т.б  сөздер жақсылық емес. Ислам - ол біреу, яғни Хақ Ислам ғана!

Дәл бүгінгі таңда діннің қоғамдағы рөлін немен салыстыруға болады?!

Қоғамның рухани-мәдени өмірі мен қоғамдық қатынас жүйелерінде дін мен діни танымнан тыс ешнәрсе болмайды. Өйткені, қоғамдағы барлық жүйелер осы діни таным негізінде қалыптасып, сол діни таным шеңберінде қызмет етеді. Бұл діннің қоғамдағы қызметінің сан-салалы. Кеңес заманында алған білімімізде, тіптен бүгінгі күнге  дейінгі біздегі қалыптасқан пікір бойынша дін мәдениеттің құрамдас бөлігіне жатады деген тұжырым бар. Алайда, бұл тұжырымның дұрыс еместігін уақыт сан мәрте дәлелдеп берді. Дін мәдениеттің құрамдас бөлігі бола алмайды. Дін мәдениетті туғызушы, мәдениетті уағыздаушы  болып табылады. Өйткені, дін  адам баласының ойынан шығарылған нәрсе емес. Дін адамзат қоғамынан тыс ортада пайда болып, сол жіберілген адамзат қоғамының игілігі үшін қызмет жасайтын ілімдер жүйесі.  Адамзат қоғамында жалпы мәдениет пе, салт-дәстүр ме, әдет-ғұрып па, мемлекеттік жүйе ме барлығы діни ілім мен діни таным негізінде қалыптасады. Сөйтіп дін  мәдениеттің құрамдас бөлігі емес, керісінше, дін мәдениеттің құрамдас бөліктерін қалыптастыратын негізгі қозғаушы күш болады. Сондықтан мәдениет әркезде дінге тәуелді болады.

Діннің қоғамдағы ролінің артуы – ол қоғамның нұрлануына, гүлденуіне, мәдениетінің жаңа сатыға көтерілуіне әкелсе, діннің қоғамдағы ролінің  төмендеуі, керісінше,  қоғамның азғындауына, тоқырауға ұшырап, ыдырауына әкелетін қауіпті фактор.  Әрбір халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, жалпы мәдениетінің қай бағытта дамитынын айқындайтын құбылыс – дін, діни таным.

 Егерде кез-келген халық өзінің дәстүрлі дінінен, діни таным негіздерінен ажырайтын болса, онда ол халық өзінің рухани мәдени болмысынан ажырайды да жаңадан қабылдаған басқа бір діннің немесе басқа бір сенімнің  талабына қарай жаңа мәдениет пен дәстүр қалыптастыруға мәжбүр болады. Ондай кезең біздің қазақ халқының тарихында да болғанын ұмытқан жоқпыз. Біз жетпіс жыл бойы «коммунизм елесіне» еліктеп, Ленинге сиынып, коммунистік партияға табынып келгенбіз. Соның салдарынан ұлттық болмысымыздан,  ділімізден, тілімізден айырылып басқа діл, басқа тіл,  өгей мәдениетке көшіп кете жаздағанымыз  кеше ғана. Оның зардабы халықты діни танымымен қоса, рухани, мәдени болмысынан толық ажыратып, қазақ халқын тамырымен қопарып, тарих сахнасынан кетіре жаздады. Сондықтан, қазақ халқының дәстүрлі діні мен діни таным негіздерін, осы негіздермен сабақтас қалыптасқан дәстүрімен қоса сақтап, қабылдау  бүгінгі ең күннің өзекті мәселесі. Өйткені,  Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында айтқанындай «Салт-дәстүр халықтың генетикалық коды». Елбасының бұл тұжырымын - қазақ халқының болашағына алаңдаушылығы деп түсінген дұрыс. Бұл жерде  дін халықтың міндетті түрде салт-дәстүрімен сабақтасып, біте қайнасып жатады, олай болмаған жағдайда ол дін халықтың рухани, мәдени болмысы мен салт-дәстүріне қауіп төндіретін факторға айналады деген қорытынды шығады.

Бүгінгі таңдағы біздің мемлекетіміздің дін саласындағы  ұстанып отырған саясаты ел тұрғындарының білімділік деңгейін (интеллектуалдық потенциалы), діни сауаттылығын арттыру және ұлттық сана-сезімін дамыту сияқты басты бағыттарды қамтиды. Азат елдің әрбір азаматы, әсіресе, өзінің тілін, этномәдениетін, отбасылық және діни құндылықтарын көздің қарашығындай сақтауға талпынуға тиіс. Халық рухын сауықтыруға және экстремизмнің алдын - алуға ең керегі міне, сол.

Біздің сақтанып жүрген ағым-секталардың   әсіре діншілдігінің басты кемшілігі рухани білімінің  таяздығынан, былайша айтқанда, дін ісін Құдай ісінен айыра білмей шатасуынан.  Олар ата-бабамыздан жалғасып, ұлттық болмысымызға  қалыптасқан салт-дәстүрлердi мансұқтап, Тәуелсіз мемлекеттiң заңы мен құқықтық жүйесiне қарсы шығады. Ғалымдар деңгейiндегi дiни мәселелердi қарапайым мұсылмандар шешетiн мәселе секiлдi үлкен дауға да айналдырады. Сонымен қатар намаз оқымаған жағдайда, мейлi, ата-ана болсын, ағайын туыс болсын мұсылман емес деп, қарым-қатынасты үзуде.   Бәлкім, техникалық прогрестің салдары шығар, біз жалпы адамзаттық сана мен парасаттың толысуы кенжелеп, сыртқы діншілдіктің алға озған заманында өмір сүріп жүрміз бе  деген де ой келеді...

Тарихқа жүгінсек, дәстүрлі дініміз ұлтымыздың  руханиятына кірігіп таралуы барысында жергілікті дәстүрлер мен ислам өзара бейімделу үрдістерін бастан кешірді. Ескі әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердің ішінде исламның негізгі қағидаларына қайшы келмейтіндері сақталып қалды. Шариғат нормалары қазақ хандарының жарғыларына енді, үкім шығаруда қазылар Ханафи мазхабының үлгілеріне сүйенді.

Ұлтымыздың  көптеген салт-дәстүрлері дінмен ұштасып келгені айтылудай-ақ айтылуда.  Халқымыздың күнделікті қолданысындағы діни терминдерден талай-талай мысалдар келтіруге болады. Мәселен, мұсылманның құлшылық қылатын орны - «мешіт» атауы  араб тіліндегі «масжид», яғни, «жалғыз Аллаға сәжде ететін орын» деген сөзінен алынған. Сол сияқты, бізде дүниеден өткен адамның есімін атағанда «марқұм» деген сөзді қосып айту әдебі қалыптасқан. Көп адамдар бұл сөзді «өлген адам», «дүниеден өткен адам», «бақилық болған адам» т.с.с мағынада түсінеді. Ал «марқұм» сөзі арабтың «мархум» сөзінен алынған. Яғни бұл сөз «Алланың рахметіне бөленсін!» деген дұға сөздері болып табылады. Ендеше қандай да бір дүниеден өткен мұсылман адамның есімін атағаннан кейін «марқұм» деп айтудың өзі дұға еткендік болып есептелінеді.

Мінеки, бұндай сөздерді тізе берсек көптеп келтіруге болады.

Қазақта «Дүмше молда дін бұзар» деген сөз бар. Ал дін бұзылса ел бұзылатыны әмбеге аян.  Бүгінгі көзқараспен атасақ, «дүмше» сөзі  заман талабын, уақыт ағымын ескермейтін, көздегені мен көксегені өзінің аясы тар рефлексті сезімдеріне тәуелді адам және сондай адамдарды қалыптастыруға тырысатын қоғамдық күштердің пасық ісі. Ақырында екеуінің де ұтары аз. Есесіне олардың зардабы әлеуметтің әлеуетін кемітіп мешелдікке ұрындырады.

Қорыта айтқанда, дін туралы дінді білетін, діни білім алған білімді адамдар ғана сөйлегені жөн. Дін туралы оймен өлшеп, өзінше шешім шығарып, ойдан пәтуа жасап, білгішсініп сөйлеудің қажеті жоқ. Алла Тағаланың сөзі болған қасиетті ілім туралы айту Оның тереңіне бойлап, толық меңгергендердің ғана үлесі болмақ.

Қазақстанның болашағы ұлттық мақсат-мүддемізге сай келмейтін діни идеялармен уланбаған, жан-жақты терең білімді жастардың қолында. Болашақ жастардікі, олай болса, жастарымызды болашағына деген сенімінен айырмайық. Алла тағала Елімізге тыныштық, дін Исламға қуат берсін !

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407