Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Құйылсын көшің 7111 0 пікір 7 Шілде, 2014 сағат 10:52

ОРАЛМАН ЕМЕС, ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ

Көші-қон десе біз оны тек оралмандарға қатысты деп түсінеміз. Бұл мүлде қате ұғым. Ол – халықтың көші қоны. Заң солай аталған. Ал Қазақстанда тұрып жатқан 130-дан астам деп айтыла беретін ұлт-ұлыстардың жүріс тұрыс қозғалысы, елімізге күніне кіріп-шығып жатқан миллиондаған адамдар, олармен ере жүретін ағымдар «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Заңда халықтың көші-қон саласына қатысты 28 түрлі ұғым бар. Осы мәселелер өз саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру құзыреті бар 8-9 министрлікке берілген. Бірақ көші-қон ісін басқарып, үйлестіріп, жүйелеп, есеп алып, нәтижесін қортындылайтын міндет әлгі министрліктердің қайсысында? Белгісіз. Оған қоса халықтың көші-қонына жергілікті атқарушы органдардан қай мекеме нақты жауап бере алатыны да түсініксіз.

Міне, 3 жыл болды, көші-қон мекемесінің өзі арлы-бері көшіп, қонып жүр.

Ұлт тағдырына бірден-бір жауапты мекеменің өзі көшіп қонып жүрсе, өзгенің өзекті мәселесін шешіп беруге келгенде өз мүддесін өз кәдесіне жаратуға шебер кейбір жандар, қандастарының қамы үшін емес, қалтасын қағуға машықтанып, мемлекеттің мерейлі мүддесін меншіктеп айла амалдарын асырып қалуды көздеуде. Сөйтіп кері кеткен келеңсіздіктер көші қон саласының көсегесін көгертудің жолында емес, керісінше керегесін сөгу жолына қарай реформа жасалатындай пікір туындатып, ықпал етуде.

Мен өзім көшіп келгелі 23 жыл болды, көші-қон мәселесімен 13 жылдан бері айналысып келемін. Бұл салада, кезіндегі қолданыстағы заң талаптарына сай кімдер қалай еңбек етті, соның бәрі көз алдымызда өтіп жатты...

Осы күні шет елдегі 5 миллионға жуық қандасымыздың 1 миллионы өз Атажұртына оралып, тұрақты қоныстанды. Қалған 4 миллионның Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері қонаққа келіп кеткендері жетіп артылады. Соңғы жылдары тұрақты тіркелмесе де, қонаққа келген қазақтар өтініш жазса болды, оралман куәлігін бере бергеніміз статистикалық есептің шатасуына жеткізді. Айтайын дегенім, қандастарымыз Қазақстанның қай елді мекеніне қалай орналасуға болатынын жақсы біледі. Өз ара әңгімелерін естісеңіз әр саладағы мемлекеттік түрде көрсетілетін қызметтердің делдалдық құнын, екі елдің азаматы болып шет елде жүрген қандастардың кімі қайда тұрып жатқанын, басқа ұлт өкілдерін «қазақ» жасап, көші-қонға кімдер енгізіп жүргенін, әртүрлі деңгейдегі ағымдар қазақ даласын қалай жайлап жатқанын, бәрін-бәрін жақсы біледі. Және сол білетіндерін өздері шет елде жатып-ақ құзырлы орындарға жеткізе де білді. Ал, біздер қазақта бола беретін кейбір аңқаулық жайыттарға жол беріп алғандаймыз. Осының бәрін қортындылай келгенде қазақ Үкіметі дер кезінде қағидасы қатаң Заңды бекіттіре алды. Өкініштісі, қағидасы қатаң болсын деген заңда қазақ ұлтының мүддесі мүлт кеткенін кеш түсіндік.

Қалай десекте осы күндері көші-қонның тамырына қайтадан қан жүгіруде. Көшіп келген қазақтың азаматтық алу мәселесі бір жыл ішінде шешілетін болып жатыр. Ең негізгі мәселе – «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының қағидасын қалыптастыратын, көші-қон саясатын мемлекеттің мерейлі мүддесі ретінде жүзеге асыратын құзырлы мекеменің тағдыры да талқыға түсуде. Оның аумақтық құрылымдары қалай қызмет атқаратыны да назардан тыс қалмай ара жігі ажыратылып жатқаны да қуантарлық жайт. Өйткені әр бір істің өз орнында өзегін тауып шешілуіне не жетсін. Осы істерді Үкімет басшысы К.Қ.Мәсімов өзі бақылауда ұстап әкімдермен, қоғаммен, оралман қауым өкілдерімен пікірлесіп, істің анық-қанығын зерделеп бастағаны және көңілге сенім ұялатады.

Бұны айтып жатқаныма негізгі себеп: «Алматы облысынан 100 отбасы кері қайтқалы жатыр, қайтып жатыр» деген орынды орынсыз әңгімелерден туындайды. «Бұрынғы тұрған еліміздің азаматтық куәлігін сол елге беріп, ол елдің есебінен бір жолата шығып кеттік, отбасымызда үш адам Отанымызға тұрақты тұру мақсатымен көшіп келдік» деп Көші-қон мекемесіне бас сұғып өтініш білдірген бір ғана отбасы бар. Ол отбасы – Қытай Халық Республикасынан бері қарай өтіп, маусым айында Алакөл ауданынан қоныс тепкен отбасы.

Көптеген келеңсіздіктерге жол берген жайыттың бірі – келген қонақтар тұрақты тұрамыз деп өтініш жазып, оралман куәлігін алып алғаннан кейін тұрақты тіркелмей, ел арасында сауда саттық жасап, басқа да нәпақа табу жолдарында ат сабылтып жүр. Енді заңға келген ағайындар тұрақты тіркеліп ықтиярхат алғаннан кейін ғана оралман куәлігі беріліп, ол үшін төлем қабілеттілігі талап етілмейтін қағида енгізетілетініне байланысты 2014 жылдың мамыр айының 25-інен бері оралман мәртебесін беру уақытша тоқтаған. Жаңағы «кері қайтып кеткелі жатыр» деген айқайдың аржағында оралман куәлігіне қол жеткізе алмай қалған ағайынға делдалдық қызмет көрсететіндер тұр.

Оралмандар үшін келген аудан, қаласынан алысқа бармай-ақ, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына құжаттарын тапсырып, мемлекеттік қызметтің жаңаша түріне қол жеткізу мүмкіндігіне ие болатын өзгеріс заңға енгелі жатыр. Осы жаңа заңда оралман деген атау жойылып, «Этникалық қазақ» болып өзгертілсе, және осы ұғым олардың жедел азаматтық алуына орай туғызса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл да шешімін күткен, әлі де талқыланатын мәселе. Этникалық қазақ ретінде жеке арнайы бағдарламаға енгізілетін ұлт өкілдерінен міндетті түрде білімі, бұрынғы істеген қызметтерін куәландыратын еңбек кітапшалары сұралса, әлгі құжаттар олардың өздері үшін де пайдалы болар еді.

Исі қазақ баласы өз елінің қай елді мекеніне мемлекеттік қажеттілікке байланысты бар десе, баруы оның азаматтық борышы болмақ. Сол себептен де енді келетін этникалық қазақтар Үкімет айқындаған өңірлерге баратыны күмәнсіз. Ал, өз еркімізбен, өз қаражатымызға сүйеніп елді мекен таңдаймыз дегендеріне кім шектеу қояр дейсіз?..

Бірақ оларға да бір реткі жәрдемақы берілгені оңтайлы болар еді. Қазақта жаңа көшіп келген көршісіне ерулік беретін салт бар емес пе? Жалпы көші-қон саласындағы көп жылғы тәжірибеме сүйене отырып айтарым: Көші-қон заңы бойынша берілетін ішкі көші-қон, этникалық көші-қон, бизнес көші-қон мәселелеріне байланысты қаржылай көмектер тек Қазақстан Республикасының азаматтығын алған соң ғана берілсе. Ал берілетін қаражат жергілікті бюджеттен емес, Республикалық бюджеттен қаралып бекітілсе, жөн болар еді. Үкімет бекіткен өңірге барып баспана алатындар үшін, әрине, айырмасы болғаны ел ертеңіне қажетті болар.

Тамыры тарихи заманнан таралатын, теңгерімі тереңнен ой салатын тәуелсіз Қазақ еліндегі ұлы көштің жалғасын таба беруіне азамат ретінде атсалысайық, ағайын.

 

Құрметбек Сансызбайұлы

Алматы облысы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3287
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5850