Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3670 0 пікір 6 Мамыр, 2010 сағат 03:50

Дидар Амантай: Театр да… өз уақытының перезенті емес

Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясының Бас редакторы, Мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Дидар АМАНТАЙ:

«Театр - мәңгілік өнер. Бірақ, кез-келген жағдайда белгілі бір саяси ахуалға не әлеуметтік ахуалға ықпал ететін өнердің түрі емес. Өйткені,  ол үздіксіз халыққа қызмет ететін өнердің түрі», - деп бастады бізбен әңгімесін.

 

1. Дидар аға, мәдениет министрлігінде бұрынғы кездегідей репертуарлық-редакциялық коллегия құру және драмалық шығармалардың грант мәселесі де солай шешілу керек дегенге қалай қарайсыз? Әлде басқа ұсынысыңыз бар ма?

Ш.Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясының Бас редакторы, Мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Дидар АМАНТАЙ:

«Театр - мәңгілік өнер. Бірақ, кез-келген жағдайда белгілі бір саяси ахуалға не әлеуметтік ахуалға ықпал ететін өнердің түрі емес. Өйткені,  ол үздіксіз халыққа қызмет ететін өнердің түрі», - деп бастады бізбен әңгімесін.

 

1. Дидар аға, мәдениет министрлігінде бұрынғы кездегідей репертуарлық-редакциялық коллегия құру және драмалық шығармалардың грант мәселесі де солай шешілу керек дегенге қалай қарайсыз? Әлде басқа ұсынысыңыз бар ма?

Тегінде, бұл жерде екі нәрсені анықтап алуымыз қажет. Біріншісі, егер театр біздің мемлекет тарапынан коммерциялық ортада жұмыс істейтін коммерциялық бизнес құрылым ретінде қарастырылатын болса немесе  нысана көрерменнің эстетикалық талғамын қалыптастыру емес, ақша табу көзіне айналса, әрине, репертуарлық-редакциялық коллегияның қажеті жоқ. Ал егер театр мемлекетіміздің ұлттық идеологиясының бір көрінісі ретінде, қоғамдық сананың бір формасы ретінде тұжырымдалса, онда мемлекет театрға ақша салуы қажет. Бәрімізге белгілі, дәл бүгінгі жағдайда ешқандай театр өз бетімен күн көре алмайды. Театрға ел бюджетінен қаржыландырылатын Британия балет өнері секілді үкімет тарапынан көмек қажет. Театр - өнердің ең нәзік те асыл түрі. Сондықтан, біз театрды өзіңді-өзің құтқар деп тасқын суға тастап жіберуіміз мүмкін емес. Театрды мәпелеп, аялау қажет. Жалпы, театр - интелектуалдық күш-қуатты, асқан оқымыстылықты, терең де жан-жақты білімділікті, жылдар бойы қалыптасатын машықты және үлкен қаржыны талап ететін өнер. Осы тұрғыда репертуарлық-редакциялық коллегия құрылып, драмалық шығармаларға грант беру мәселесі алға қойылуы қажет деп ойлаймын. Бұл жерде жергілікті қаржыландыруды барлық облыстарда заңдастыру керек немесе Мәдениет министрлігі тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс. (Сонымен қатар, біздің елімізде кино туралы заң қабылдануы қажет).

 

2.  Жас драматургтердің пьеса жазбауын немен түсіндіруге болады? Әлде олар бір-екі пьеса жазып, онысы еш жерде қойылмаған соң, біржолата драма жазуға қолын бір сілтей ме?

Неміс философы М.Хайдеггер: "Философия - қашанда бүгінгі күн тәртібінен алшақ тұрады", - деген екен. Сондықтан, театр да философия тәрізді өз уақытының перзенті емес. Театр - өнерпаздардың талғамын қалыптастыратын көзқарас тезі, ізденістің қайнаған қазаны, өнердің қара шаңырағының бірі, өмір сүру  алуандығы - кең ауқымда. Бүгінгі таңда заман ағымына сай -  киноға түсіп, жылдам көзге түсу, телевизияға шығып, оқыс танылу үлкен жетістік, ғажайып табыс саналады. Сондықтан да, жас драматургтер театрға бармайды. Оларға кино сценариін жазған игі. Өйткені, кино сценариін жазып, ұзақ уақыт күтпей тез көрінуге болады. Сондай-ақ, театрға қарағанда олардың көрермендері ұзақ тұрақтайды. Театр қандай жағдайда болмасын тереңдікке ұмтылуды қажет етеді. Көрермен жинаймыз деп, таяздыққа, үстірттікке баруға болмайды.

 

3. Таяу шетел атанып жүрген өзбек, қырғыз, татар, әзірбайжанның аударма пьесаларын сахнаға шығару әдетке айналып кеткен секілді, әлде мұны театр режиссерлері мен директорлары бизнеске айналдырып алған ба?

Бұл сауалыңыз - өте орынды. Егер сауал туындап жатса, белгілі бір дәрежеде бар екендігі - оны тудыратын жағдайдың қалыптасқанымен түсіндіріледі. Шынында да, қазір аударма пьесалар көп қойылып жатыр. Мұнда ешқандай оғаштық жоқ. Өйткені, ол 100%-ға қойылып жатқан жоқ. Бар болғаны 20-30%-ға ғана шығар. Арнайы зерттеу жүргізілмегендіктен, есебін ешкім білмейді. Жалпы, театртануды заманауи тұрғыға жеткіземіз десек, кино өнерінің құрылымымен тең дәрежеде дамыту қажет. Ол дегеніміз -  театрға келетін көрермендер талғамын, қызығушылық дәрежесін, келетін уақытын анықтап-зерттеп, мониторинг жүргізу, сөйтіп, табысқа қол жеткізудің алдын ала шараларын жасау - көп көмек берер еді. Ең әуелі театрдың мәселесін жөнге келтіруде инвентаризация (тиісті ғимараттар, заттар тізімін, жарамдығын) немесе театр туралы ұлттық баяндама жасалу керек. Сонымен қатар, көрермендер санын арттыру үшін театр табиғатын сақтай отырып, жанрлардың жаңа бір игіліктерін қолдану қажет деп санаймын. Әрбір спектакль мен драматургиялық шығармаларға теледидардан жарнама жүргізіліп отырса - нұр үстіне нұр болар еді. Оған қабат, ғаламтор сайттарында жарнамалық айналымдар берілсе, бұл да тығырықтан шығудың бір жолына айналар еді.

 

4. Жаңа дәуірді қалай жазуға болады және жаңа қаһармандар кімдер?

Театрдың тақырыбы ешқашан өзгермейді. Театрдың тақырыбы біреу, ол -эстетика.  Философия ғылымы даналыққа құштарлық болса, театр өнері - әсемдікке құштарлық деп айтуыма болады. Өнер дегеніміз - кез-келген шындықты айтудың бір жолы. Және, шындықты көркем шығармамен айту әлдеқайда тиімді. Өнер - эстетика - театр. Заман ағымына сай автокөлік, ғаламтор, компьютер, технология дамығанымен, адамның табиғаты сол күйінде қалады. Сондықтан, көңіліңіз қалаған тақырып төңірегінде әңгіме өрбітуге болады. Тек қана сол шығармаңызды әсемдік формасында бере білуіңіз қажет.

 

5. Бүгінгі театрдағы көркемдік кеңес дегеннің құрылымына, жұмысына көңіліңіз тола ма? Олар кімдерден құрылуы тиіс?

Әр театрдың көркемдік кеңесінде кімдер отырғаны - баршамызға белгісіз. Бірақ, көркемдік кеңес цензураның (мемлекеттік бақылаудың, тексерісін) рөлін емес, көркемдік кеңес - ақыл-кеңестің рөлін атқаруы тиіс. Көпшілік пікірлер ортаға салынып, талқыға түсу барысында өз шешімін табады. Ал соңғы сөз режиссер тарапынан ұсынылып, осындай шығармашылық қарым-қатынас орнауы қажет. Осылайша, нағыз өнердің мұрат-мүддесіне қайшы мәселелер сұрыпталып, көркем ой шеңберіне жетелейтін дүниелер қалмақ.

 

6. Бір театрда бір режиссердің ұзақ қызмет атқаруы қаншалықты табысты? Неге жас режиссерлер дайындалмайды?

Меніңше, "Сен театрда қызмет істеуге құқылысың, ал сенің жасың -  келді, орынды - босат" деген мәселе алға қойылмауы тиіс. Егер сенің театрыңа зиялы қауым мүшелері, өнерпаздар, жазушылар келсе, өмір сүруіңді тоқтатпа. Ал, ондай көрермендер келуін тоқтатса, сенің уақытың өтті деген сөз. Режиссер уақытының өткендігі көрермендердің санымен  және сапасымен шешілуі тиіс. Ал жастар жағына келетін болсақ, жастарға қойылым қоюға мүмкіндік беру қажет деп ойлаймын. Тіпті, театрдағы кіші залдарды жастардың құзырына берген жөн. Ол жерде қазан қайнап жатуы тиіс. Әрине, заңға қайшы емес, қазақтың ұлттық мүдделерін әрі өнердің мұратын насихаттайтын шығармалар болуы қажет. Мемлекет жүргізіп отырған саясаттан бөлек, халықтар достығы мен бірлігін және қазақтың мүддесін айтуға еркіндік, кеңістік берілуі парыз. Осы тараптан келгенде, менің ойымша, сахна эксперимент алаңына айналуы тиіс.

 

7. Театрды директор басқару керек пе, әлде билікті көркемдік жетекші деп соған жүктеген дұрыс па? Жалпы театр көркемдік жетекшісін Ресей, басқа да елдердегі сияқты, Театр қайраткерлер одағы бекітсе қалай болар еді?

Театрдың шаруашылығын директоры жүргізуі қажет, ал шығармашылығын - режиссерлер билеуі тиіс. Директор әрі басшы, әрі менеджер болуы керек. Ол режиссер немесе драматург болуы міндетті емес. Белгілі бір дәрежеде өнерді жақсы түсініп, терең сезе білетін, жаны ауыратын, жанашыр болуы қажет. Басшылық етуші қол астындағылардан әсемдікке құштар етіп, ғашықтық сезімін оятатындай спектакль қоюды талап ете білсе болғаны. Театрға сахнаны жанынан артық көретін, бар болмысымен түйсінетіндей театр қайтаркерлері шоғырланғанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Сонда ғана театр өнері көркейіп, жанданбақ.

 

8. Театр қайраткерлер қоғамының статусы қандай болуы керек? Ол қандай міндеттерді атқаруы тиіс?

Шығармашылық орта бір басқа да, шығармашылық қайраткерлердің одағы бір басқа. Кез келген одақ - кәсіптік одақ. Ол мүшелерінің өмірдегі прагматикалық мәселелерін шешетін мекеме болуы тиіс. Жұмыссыз қалған театр қайраткерлерін жұмыспен қамтамасыз етіп, авторлық құқықтарын қорғап, қаржылай көмек көрсетуі қажет.  Осындай мәселелермен айналысқан жағдайда ғана "Театр қайраткерлер қоғамы" деген мәртебеге сай болады.

 

9. Жаһанданумен бірге театрдың жаңа кезеңі басталды десек, театрымыз қандай бағыт алуы тиіс? Ұлттық театрымыздың даму бағыты қандай?

Театр - кеңінен алсақ, бар ұлтқа ортақ, бар ұлттың еншісіндегі өнердің түрі. Сондықтан жаһандану кезінде театр батысқа қарай бет алуы керек пе, әлде шығысқа қарай бет алуы керек пе деген мәселе тұрған жоқ. Мұнда: "Қандай спектакльді қою керек?" деген сұрақ туындап тұр. Тіпті ол мың жерден ғаламдық болғанымен, кез келген көрерменді қуанта алса, мұның өзі - үлкен жетістік. Ұлттық театрымызға келетін болсақ, бұл жерде айтылар мәселе көп. Жалпы алғанда, ұлттық (мән-мағына, құндылық) дегеніміз -тек қана ұлтымыздың ата-бабадан қалған бай қазына, асыл мұрасы ғана емес, сонымен қатар, дүниежүзінде тұңғыш рет басқа халықтардан бұрын жаңа бір формаларды ойлап табу немесе өзгеше бір жаңалықтарға қол жеткізу, яғни бірінші боп жаңаша жүйе қалыптастыру деп есептеймін. Табылған жаңалығыңыз өзге елдерге табыс ретінде ұсынылатын болса, бұл да бір ұлттық белгіңіз. Мысалы, жапондықтар күшті тұрмыстық технологиялық заттарды ойлап тапты, американдықтар джип автокөлігін шығарды, немістер «Мерседес» автокөлігімен танымал деген секілді. Жапондықтар жаңадан  джип автокөлігін жасау үшін күш салып талпынғанымен, бұл бәрібір американдықтардың өмірін бейнелейтін образ, дизайн болып шығады. Сондықтан, біз де театрға қызмет етуде ешкімге белгісіз тың идеалар ұсынып, форма тапсақ, реформа тудырсақ, бұл біздің ғана ұлтымызға тән белгі болып қалушы еді. Ал "Ұлттық театр" дегенді этнографиялық деңгейде ғана түсіну таяз ойлаудың нышаны болып есептеледі.

 

Сұхбаттасқан Әйгерім Теңгебекова

«Театр.Kz» журналы, № 2, сәуір,

Алматы - Тараз

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354