Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 11940 0 пікір 30 Маусым, 2014 сағат 16:45

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНАН 100 ОТБАСЫ АРҒЫ БЕТКЕ КӨШЕДІ

Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарын біздің жұрт «арғы бет» дейді. Сол арғы беттен Атажұртқа оралған қандастарымыздың қатары қалың бүгінде. Дегенмен, биылғы жыл басында Көші-қон туралы заңға енгізілген өзгерістер Отаным деп келген талай «оралманды» адам айтса сенгісіз қиындықтарға тап қылып отыр. Бұл туралы айтуындай айтып, жазуындай жазып келеміз. Міне, сол кері кеткен Заңның алғашқы «нәтижесі» көріне бастады.

Талдықорғандағы «Алаш жұрты» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анархан Ерғазының хабарлауынша, 100-ге жуық отбасы аттың басын кері бұрған. Ал тағы да көшеміз деп отырғандардың қатары бұдан да көп көрінеді. Анарханның айтуынша, мұның бәрі Көші-қон туралы заңға енгізілген соңғы өзгерістердің кесірі. Айталық, өз күшімен келген ағайын тұрақты тіркеуге тұра алмайды, азаматтыққа құжат өткізе алмайды, ықтияр хат ала алмайды. Онымен қоймай осы құжаттардың бір ұшын Қытай консулына тіреп қойған. Оларға барса «Қазақстан өкіметі қазаққа азаматтық бере ме, бермей ме? Оған біздің қатысымыз жоқ. Қазақстанның ішкі ісіне араласпаймыз» деп ат-тонын ала қашатын көрінеді.

Сөйтіп, бар уақытын Көші-қон полициясының есігін тоздырумен өткізген ағайын визасының мерізмі аяқталған соң «Заңсыз келімсек» атанып, кері қайтып жатыр. Осы мәселеге байланысты Алматы облыстық көші-қон бөлімінің қызметкері Құрметбек Сансызбай мырзаға хабарластық. «Оралмандардың құжат мәселесі тікелей Көші-қон заңына байланысты. Сондықтан қолданыстағы заңға өзгеріс енгізілгенін күткеніміз жөн. Менің білуімше, бұл мәселені Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мырза тікелей қадағалауында ұстап отыр. Жақында жақсы жаңалықтар болып қалуы мүмкін», - дейді ол.

Айтпақшы, былтыр Моңғолияға кері көшкен 70 отбасының жайын білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығындағы орынбасары Талғат Мамашевқа шүйліккен болатын. Кейін естігеніміздей Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж сол ағайындарға азаматтық беріп, елдерінде қалдырыпты.

Естеріңізде болса, осы сәуір айында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова Көші-қон заңына өзгерістер енгізілетінін, елге оралған ағайынға даңғыл жол ашылатынын сүйіншілеген. Одан бері де 3 ай уақыт өтті. Қандастардың үміті су сепкендей басылып барады. Ал Қазақстанның алдында 2020 жылы 20 миллионға жетеміз деген үлкен мақсат тұр. Мұндай жағдайда ол мақсат кімдердің есебінен орындалады, қалай орындалады?.. Орындала ма? Әлде Қазақстанның ендігі халқы шетелдерден шектеусіз келіп жұмыс істейтін гастарбайтерлер бола ма?

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3215
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5233