Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5670 0 пікір 26 Маусым, 2014 сағат 11:57

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА. АЮ АУНАП ТҮСТІ

“Орыстарды қорғаймыз” деген сылтаумен Ресейдің қазіргі басшысы Владимир ПУТИН биылғы жылдың басында тәуелсіз, бейбіт ел Украинада, алдымен, билікте қоқан-лоққы ұйымдастырып, ақырында, “Майданды” тұзақтауға шамасы келмесіне көзі анық жеткеннен кейін, өзі құрған қақпанға өзі түсе жаздаған соң, “Украинаны түгелдей бағындырып алу” деп аталатын алғашқы жоспарынан бас тартып, 1 наурызда Федерация Кеңесінің келісімімен Қырымға мұздай қаруланған орыс әскерін жіберіп, “халықтың қалауы” дейтін өтірік сылтаумен орыс теңіз флотының алтын ордасы Қырым түбегін Ресейге зорлықпен қосып алды. Бірақ, есі бүтін, санасы сергек бір де бір украинның Қырымды орыстікі деп ешқашан санамайтындығы саңлауына жеткенде, бәрі кеш еді...

Евроодақ пен АҚШ орыстың басқыншылығына қарсы саяси-экономикалық шектерулер жасады. Орыс бизнесмендерінің шетелдегі қаржыларына құлып салына бастады. Мұның өзі орыс экономикасының құлдырауына ғана емес, елдегі іскер қауымдастықтың наразылығына әкеліп соқты. Әрине, ешкім де өзінің жылдар бойы тірнектеп жинаған қазына-байлығынан бір адамның қатесі мен құрғақ беделі үшін айырылып қалғысы келмейді. Сондықтан, Украинаның жаңа жетекшісі Петр ПОРОШЕНКОның елдің барлық аймақтарында жеті күн бойы қарулы қақтығыстарды мүлдем тоқтатып, жағдайды бейбіт шешудің 15 нақты қадамдарынан тұратын жоспарын ұсынғанда, Ресей президенті Владимир Путин жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетіп, өзінің 1 наурыздағы басқыншылық қаулысының күшін жою туралы Федерация Кеңесіне өтініш жазды.

“Сасқан үйрек артымен сүңгіп”, жүні жығылып, жігері құм болған кешегі “өркөкірек” орыс басылымдары: “Украинада қарулы күштер қолданудан бас тарту туралы шешім – Ресейдің беделін күрт өсірді”, “Украина мен дүниежүзі Путиннің қарулы күштер қолданудан бас тарту туралы шешімін қуанышпен қабылдады”, “Украина президенті Петр Порошенко Владимир Путиннің мәлімдемесін “Украинаның шығысындағы шиеленісті реттеудің жоспарын қолдаған тұңғыш нақты қадам” деп бағалады”, “Киев бұл мүмкіндікті уысынан шығарып алмауы керек”, “Правый сектор” тобын толық қарусыздандырмай – бейбітшілік туралы армандау тым ерте”, “”Майдан” тарамай – мәміле басталмайды” деп ұрандатып-жалаулатып шыға келді...

Украина президенті Петр Порошенконың баянды бастамасын өз пайдасына шебер асыра білген Владимир Путин осынау тамаша мүмкіндікті сәтті пайдаланып, бір-ақ күндік ресми сапармен Австрияға барып, Украина дағдарысы жайында тек басын изеп, ең бастысы, “Оңтүстік ағын” (“Южный поток”) газ құбырының құрылысы жөніндегі келісімге қол қойып қайтты.

Қуаттылығы 63 миллиард кубометрлік Ресейден Болгарияға дейін созылатын “Оңтүстік ағын” газ құбырын Қара теңіздің табанына салыну жоспарланған. Австралиялық бөлімшенің өткізу мүмкіндігі жылына 30-32 миллиард кубометрді құрайды. Көгілдір отын одан әрі қарай Еуропаның бірнеше елдеріне тарайтын болады. АҚШ аталған жобаның жүзеге аспауына бар күш-қайратын салып жатыр. Өйткені, орыс билігінің қашанда қасықтан қысып, қапыда “қанжар салатынын” біледі...

Сөз жоқ, Украина мен Ресей арасындағы жылымық жағымды нәтижелерін берді. Орыс сомының бағамы АҚШ долларына шаққанда 30 тиынға өсіп, буыны беки түсті. Алайда, Украинаның бұрынғы президенттері Леонид КРАВЧУКтың, Леонид КУЧМАның және Виктор ЮЩЕНКОның Ресей президенті Владимир Путиннің атына хат жазып, Украинаға қарсы қатыгездік әрекеттерін тоқтатуды талап етуінің артынша, Еуроодақ Мәскуден Украинаға “қару-жарақтар мен баскесерлер жіберу тасқынын” тоқтатпаса, экономикалық қысымның күшейе түсетіндігін ескертті.

Қалай болғанда да, күллі әлем қарсы шығып, теріс қараған орыс­тың қыры жоқ қырсық аюы амал­сыз­дан аунап түсуге мәжбүр болды...

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1516
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3288
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5854