"БОЗТОРҒАЙДЫҢ" МҰНЫСЫ НЕ?
Біздің Қостанайда жыл аралатып халықаралық деп атақ беріп, айдар тағылған "Золотой микрофон" атты жас әншілердің конкурсы өтеді. Алайда конкурстың аты қазақша жазылмайды да, аударылмайды. Сірә, мұнда әндер негізінен сол көрші елдің тілінде айтылатындығынан шығар. Әйтеуір, бұл конкурстың қазақ елінде өтіп жатқандығын оған қатысатындардың айқын сезініп жүрмейтіндігі айдан анық. Биыл осы сайыста облысымыздың Лисаков деген қаласынан Жандос Мухаммади атты жас өспірім елден ерек даусымен қазылар алқасын таң қалдырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұл конкурстың дені орысша өткенімен Жандостың жеңісіне шын жүрегімізбен қуанғанымыз анық.
Бұл аз десеңіз Жандосымыз осы жылдың маусым айының басында Алматыда өткен тағы да халықаралық деген аты бар "Бозторғай" балалар шығармашылығы конкурсында да ешкімге дес бермепті. Осы өз өлкеміздегі газеттердің жазуына қарағанда ондағы әділ қазылар алқасы осы жас өнерпазға бірауыздан өте жоғары баға беріп, талантына бас иіпті.
Бәрі дұрыс қой, әрине. Алайда біздің таң қалғанымыз бұл жас талант сол "Бозторғайда" екі әнімен жұртты тамсандырған көрінеді. Және ол екі ән ана тілімізде емес, ағылшын мен испан тілінде шырқалыпты. Жергілікті орыс тілді баспасөз әкесі ұл тапқандай осылай қуанып жазып жатыр. Өтірік-растығын кім біліпті, алайда бұл шындық болса қасиетті тілімізді тағы да босағаға сүйреп тастаған жайымыз бар екен. Онсыз да көгенкөз тіліміздің тұсауын одан сайын тарылтып, айды аспанға бір-ақ шығарыппыз. Өзге тілді ән шырқап, бөтен елге жақсы атты көрінуге арналған бұл "Бозторғайдың" біздің елге қанша қажеттігі бар екендігін түсіне алмадық.
Бұл жайды өтірік дейін десең, аталмыш конкрустағы бір деталь көңілге күдік ұялата береді. Ол Жандосты Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясына анау-мынау емес, белгілі әнші Лаки Кесоглу қолқалап шақырған көрінеді. Бұл да кездойсоқ емес шығар. Таза қазақ тілінде ән айтатын адамды Кесоглу жан-тәнімен түсіне қояр ма екен?
Мұратбек Дәуренұлы.
Abai.kz