Елбасы Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасын қабылдады
Бүгін Елбасы Байланыс және Ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиевті қбылдады. Қабылдауда А.Жұмағалиев Мемлекет басшысына Агенттіктің қазіргі жұмысы, сондай-ақ отандық ақпарат кеңістігін «Ақпараттық Қазақстан-2020» Мемлекеттік бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асыруды ескере отырып дамыту жоспарлары туралы баяндады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік төрағасы байланыс және ақпарат саласындағы ахуал, мемлекеттік БАҚ-тардың жұмысы, медиа-нарықты ынталандыру және контент сапасын арттыру шаралары турасында айтты. Сонымен қатар ол Интернет желісінің отандық сегментінің дамуы және сандық эфирлік телевидениені енгізу туралы әңгімеледі.
Асқар Жұмағалиевті тыңдау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігі мен құрылымы айқындалған Агенттіктің толыққанды қызметіне кіріскенін және оның алдына қойылған маңызды міндеттерді тиімді шешуі тиістігін атап өтті әрі агенттікке бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Абай-ақпарат