Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5251 0 пікір 17 Маусым, 2014 сағат 16:10

СОТ «АҢЫЗ АДАМДЫ» 50 МИЛЛИОНҒА ЖЫҒА МА?

Ертең Алматы қаласы, Алмалы ауданының №2 сотында «Аңыз адам» журналына қатысты екінші сот отырысы өтеді.

Сәуір айында «Аңыз адам» журналының №8 санында шыққан Гитлерге қатысты материал өзіміз түгілі көрші Ресейді де «шу еткізді». Ресейден елімізге едел-жедел нота жетіп, БАҚ саласы гуілдеп кетіп еді, атап айтсақ REGNUM «Новости» ақпараттық агенттігінің аты белгісіз авторы «Аңыз адам» журналын қаралап, «бұл журнал Гитлердің 125 жылдығының құрметіне басылды, басылым фашистік идеологияны ақтауға арналған» деп кінә таққан болатын. Содан соң «екінші дүние жүзілік соғыстың ең басты қылмыскерінің» 125 жылдығы туралы мүлде ойланбаған, Адольф Гитлер турлы жазу арқылы қоғамдық қауіпсіздікті ту еткен Жарылқап Қалыбайды өзіміздің құзырлы органдар сотқа сүйрей жөнелді. Мәселені «май шаммен қараған» олар, қазақ тілді басылымдарды өркендетуде менеджерлік іскерлігімен дара тұрған журналист һәм «Аңыз адам», «Жұлдыздар отбасы» журналдарының бас редакторы Жарылқап Қалыбайға «басылымдағы техникалық қателіктері» үшін әкімшілік сотта 200 АЕК айыппұл салған болатын.

Бұл арада ауған соғысының ардагерлері жиылып, «28 Панфиловшылар» саябағында наразылық ретінде журналды оқымастан өртегені өз алдына, жасы 83 пен 90-ның арасындағы 10 ардагер басылымның «бұқаралық насихатына» алаңдап,  «тапталған» моральдық құқықтарының  өтемі ретінде   әр қайсысы 5 миллион теңгеден 50 миллион талап етіп, нотариус арқылы Жарылқап Қалыбайдың үстінен шағым түсіріп те үлгерген еді.

Соттың алғашқы отырысында-ақ қарттар үйінде тұратын ардагерлердің журналды мүлде оқымағаны, тіпті журналды танымайтыны белгілі болды. Ертең болатын сот отырысы алдында «Аңыз адамның» бас редакторы Жарылқап Қалыбайға қоңырау шалып, «дайындығын» сұраған едік:

«Өздеріңіз білетіндей, алдыңғы жолы соттың бірінші отырысы өткен болатын. Онда маған айыпты емес екеніңіз туралы дәлел жинап келіңіз деп шығарып салды. Мен журналда барлық дәлел жазылғаны туралы айттым. Керек етсе, бүкіл қазақ интеллигенциясының дауға қалған материалға қатысты пікірі де бар, олар «Аңыз адам» журналының дауға қалған 8-санын үтір-нүктесіне дейін қалдырмай оқыдық,  ешқандай да Гитлерді дәріптеу немесе фашизмды насихаттау жоқ деп пікірлерін білдірді. Ал журналды мүлде оқымаған, тіпті қазақша сауаты жоқ он ардагер мені нотариус арқылы «сотқа беріпті». Мен бүкіл қазақ интеллигенциясына емес, журналмен таныс емес он ардагерге сеніп, ақты қара деп отырған сотқа таң қаламын! Олар ертең мені қаралауы мүмкін, мен апелляция беруге мәжбүр болам, олар мені солай титықтатқысы келетін шығар. Алайда Гитлерді жеңген қазақ, Гитлердің атынан жеңіле ме», - дейді «аңыз» журнал «Аңыз адамның» бас редакторы.

Қазақ басылымының қатары біреуге сиреп қала ма деп, іштен тынған қалың оқырманның күпті көңілі ертеңгі соттың әділдігінен үміт күтеді.

 

Нұртай Нұрғали

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338