Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Мәйекті 11427 0 пікір 12 Маусым, 2014 сағат 09:09

АУЫТ МҰҚИБЕК. АЛАТАУДЫҢ БІР ШЫҢЫ - АРҒЫ БЕТТЕ

Арғы бет атанған Қытай жерінде 2 миллионға жуық қазақ тұрады. Іле қазақ автономиялы облысы аталатын сол аумақ - Алаш жұртының бір байтағы, жүрегінің жартысы деген сөз. Оның өз серкесі мен еркесі, көсемі мен шешені бар. Өткен ғасырдағы топалаң заманда  Қытай қазақтарының тізгінін ұстаған басшылардың бірі - Жәнәбіл Сымағұлұлы. Биыл мерейлі 80 жасын тойлап жатқан Жәнәбіл ақсақалға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілей отырып, ақын Ауыт Мұқибектің "Дат" газетінде жарық көрген мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Abai.kz

 

(Қазақтың арда туған азаматы Жәнәбіл Сымағұлұлы туралы сөз)

 

Осыдан тура жиырма жыл бұрын, нақтырақ айтсам, 1998 жылы Қазақстанға келердің алдында туған ауылым Ойманбұлақтың мектебіне үш жыл директор болғаным, өзім оқыған оқу орнының құрылысын қайта бастан жаңартып салғызам деп, көп есікті қаға-қаға, Үрімжіге барғаным, сол кездегі Шыңжаң партия комитетінің екінші хатшысы Жәнәбіл Сымағұлұлының қабылдауында болғаным бар.

Жәнәбіл ағаға, әрине, мен жалғыз өзім кіре алғам жоқ. Жиырма бестен енді ғана асқан, сыйдиған арық, тотыққан, қалқан құлақ ауыл баласын бас салып, кім қабылдай қояды дейсіз – атақты киноактер, ауылдас ағайым Мүтәліп Әбдрахманов ертіп барды.

Осы сапарда біз Жәкенің үйінде де болып, Зүпира апайдың қолынан дәм де таттық.

Әлі есімде, біз үйіне барғанда, Жәнәбіл аға жұмыстан әлі келе қоймапты. Апай бір жағынан Мүтекеңмен әңгіменің көрігін қыздыра жүріп, бар дәмдісін алдымызға тізіп жатты. Біле білсек, біз үшін Хан ордасы – бұл. Отанасы ас үйге енді бір бұрылғанда, ауылдағы кішкентай іні-қарындастарыма апарып берейін деп, дастарқаннан лып еткізіп, үш-төрт тал тәтті «қымқырам» ғой тыныш отырмай. Сол-ақ екен, жеміс-жидегін көтеріп, қайта оралған қарындасына аузын ашса, көмекейі көрінетін Мүтекең «ұрлығымды» әшкерелеп-ақ тастағаны:

 – Зүпира, мына бала сіздің дастарқаныңыздан ырымдап, кәмпит алып жатыр. Соған мен қуанып отырмын. Дұрыс қой, бұл шынымен де дес қонған киелі шаңырақ. Жәкеңді біз жарым патша санаймыз, солай емес пе?!

Зүпира апай одан ары алқасын кеп мені:

– Ала ғой, айналайын, Мүтәліп ағасына ерген бала жаман болмайды. Осы өлкедегі қазақтың ең үлкен шаңырағы – осы, қарғам. Ағаңның дастарқанынан әркім ырымдап алып жатады. Мә, түгел ала ғой, – деп, бір тәлеңке тәттіні апай қалтама бірақ салып бергені.

Көп кешікпей Жәкеңнің өзі де келді. Мүтекеңнің күлдіргі әңгімесі біразға жалғасты. Осы жолы біздің өтінішімізді бірден мақұлдап, бір миллион юанға бұрыштама жазып берді жақсы аға. Қалтам кәмпитке, қойны-қоншым ақшаға толған сол сәт менің көкейімнен өмірі өшкен емес. Бұлайша барып, Жәкеңнің қолынан қомақты ақша бөлдіру – сол тұста менің қатарластарымда ешкімнің қолы жетпеген, маңдайына бұйырмаған бақыт еді. Сондықтан, қалай мақтансам да, жарасады деп ойлаймын. Не керек, үш айдан соң мектеп құрылысы басталды. Үш жылдың ішінде Ойманбұлақтан екі қабатты, жиырма төрт бөлмелі жаңа мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілді...

Еңсем биіктеп, жүзім жайнап, Алматыға келдім. Жәнәбіл ағаның алдында болғанымды, ауылыма сіңірген осы еңбегімді мақтанышпен әркімдерге айта беретін көрінем, соны құлағы шалған, онсыз да Жәкеңнің атағын естіп, алыстан тәнті боп жүретін біраз ағайындар ардақты аға жөнінде жазып беруімді өтіне бастады. Одан бері де жиырма жыл өте шығыпты. Міне, соның орайы енді туып отыр – осы маусым айының 15-інде қадырменді ақсақалымыз 80 жасқа толады.

(Жәнәбіл Сымағұлұлы және жары Зүпира Ыбырайқызы)

Жәнәбіл Сымағұлұлы 1934 жылы Шығыс Түркістанның Алтай аймағы, Қаба ауданында дүниеге келіпті. Орталау мектепті бітірген соң, бір жыл (1950–1951) Алтай аймақтық партия комитеті Кадрлар мектебінде, бір жыл ҚКП Шыңжаң бюро кадрлар мектебінде (1952–1953) білім толықтырыпты.

1953 жылы тамыз айында Қытай Коммунистік партиясына мүше болып кіріпті. Бес жыл (1960–1965) ҚКП Орталық партия мектебі Шыңжаң назария классынан дәріс тыңдапты, әрі осы Класстың партия ячейкасының секратары қызметін қоса өтепті.

Париялық қызметтің жілігін шағып, майын ішкен сол Жәнәбіл аға туралы жазарда «... Қиналған Жамбыл жері осы» күйін мен де басымнан кештім. Мұндайда, данышпансуды қойып, бірден ағалар пайымына  жүгінген дұрыс екен, қазақтың аса көрнеті жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Қайраткер – жалпы ұлттық, мемлекеттік, керек десеңіз, әлемдік деңгейде ойлай алатын, өзіндік көзқарасы бар, дара тұлға. Ол қызмет орнына, лауазымға тәуелді емес, оны мәнсабынан алып тастасаң да, тіпті қапасқа қамап қойсаң да, қайраткер болып қала береді. Қайраткер өзінің қарақан басынан халықтың, мемлекеттің мүдесін жоғары қоятындықтан, күні үшін ешкімге жалтақтамайды, қай орында, қандай жағдайда жүрсе де, әділетті жақтап, шындықты бетке айтады. Бұл жағынан алғанда, қайраткердің өмір жолы тым жеңіл болмауы да мүмкін. Ол қай қызметке қойсаң да бас тартпай сүйретіліп жүре беретін шенеунік емес, басшымен көзқарасы үйлеспесе, өз пікірі өтпесе, кез келген уақытта отставкаға кетуден тайынбайды. Ел қамын ойлаған аса бір ақылды басшы болмаса, көп ұлықтар қайраткерді бақталасым деп біледі де, оларды өз маңына жолатпай, одан гөрі бір өңкей сұрғылт шенеуніктер фонында жарқырап көрінгенді артық санайды» депті, тәуелсіздіктің екінші жылы жазылған «Қайраткерлер қайдан шығады» деген мақаласында («Қ.Жұмаділов, «Таңдамалылар шығармалар жинағы» 12-том, 152-бет).

Жарты ғасыр бойы аттан түспей, аса күрделі қоғада тым жауапты қызметтер атқарған, бар күш-жігері мен басшылық талантын шашпай-төкпей елінің қажетіне жұмсаған, ұлттың ұлы деген атақтың асқар беліне арымай көтерілген бүгінгі Жәнәбіл Сымағұлұлы болымысы мен тұлғасы Қ.Жұмаділов айтқан осы өлшемге бап келеді.

Ол – рас, Жәнәбіл аға ұлт- азаттық күрестердің алдыңғы шебінде атойлап жүрген жоқ. Жаңа үкіметке «өз еркімен» бағынған топтың немесе тарысы пысқан дәуірдің тауығы болып күн кешкендердің де қатарынан емес. Өмірбаянына қарап отырсақ, Оспанды оққа байлап, Қалибекті шетел асырған генарал Уаң Жын тұсында Жәнәбіл Сымағұлұлы енді ғана ат жалын тартып мінген өрімдей жас жігіт екен. 1954 жылы Уаң Ынмау билікке келгенде, партиялық мектептерден өтіп, ауданнан аттап, аймақ шетіне ілініп қалған-ды. Демек, оның өмірі жаңа Қытай үкіметі дәуіріне дөп келді де, жолы болған коммунистік жүйе тәрбиелеп өсірді. Партиясы мен халқына қалтқысыз адал қызмет етті. Оған бұдан өзге шығар жол да, бұлқынар мүмкіндік те болмаған еді. Өйткені Сталин салған қырғынды Мау Зыдұң да қайталады. Сондықтан екі елдегі бас көтерген көсемдеріміздің көзі құртылып, заман екінші бір қырына аунап түскен осы бір алмағайып шақта Қытай қазағы жаңа дәуірге лайық бір тұлғаға жүкті һәм зәру еді. Жаратқан сол көшбасшылық тағдырды Жәнәбіл Сымағұлұлының маңдайына жазыпты. Ел тізгінін ұстаған сәттен бастап, Жәкең – көтерер жүгінің тым ауыр, алда жүрер жолының аса бұраң, алар асуының заңғар биікте екенін терең түсінген азамат.

Мәселе – кімнің қайда туып, қашан қызмет еткенімен емес, ұлтына сіңірген еңбегінің бағасында. Біз ес білгелі Жәнәбіл Сымағұлұлы өз саласына қажетті қаржыны өзі басқарып, өзі шешім ете беретін. «Пышағы өткір, кесек кеседі, алдына жеткен адамды құр қайтармайды» деп, арғы беттің елі аңыз қылып айтатын. Соған қарап, ол бізге бүкіл Шыңжаңды бір өзі меңгеріп тұрғандай болып сезілетін.

Әрине, Жәнәбіл Сымағұлұлы бүкіл Шыңжаңды бір өзі биледі десек, бұл тым асыра мақтағандық болар еді. Оған оның қарымы жетіп тұрса да, мүмкіндігі болған жоқ. Әлем елдері секілді, Қытайдың да қалыптасқан кадрлық тағайындау тәртібі бар. Сол негізде аз ұлт өкілдерінің ең жоғарғы өсірілу деңгейі, жұмыс бөлісі белгіленіп қойылған. Соның арасынан жол тауып, ықпалыңды жүргізу, әрине, оңай шаруа емес.

1954 жылы Қаба аудандық комсомолдан басталған қызмет сапары оны аудан, аймақ, автономиялы облыстың біраз белдеріне дамылдатып барып, ақыры өлке орталығы Үрімжіге тұрақтатыпты.

Қытай Компартиясының алты бірдей Құрылтайына уәкіл, Партия Орталық комитетінің бес кезек кандидат мүшесі болды.

ШҰАР Партия комитетінің тұрақты жорасы, Парткомның екінші хатшысы, үкіметтің орынбасар төрағасы қызметін атқарды. Құзырына бүкіл өлкенің оқу-ағарту, ғылым-техника, мәдениет, денсаулық сақтау, жоспарлы туыт, спорт, заң білімін жалпыластыру, ақпарат-баспасөз саласы қарады. Ара-тұра ауыл, мал шаруашылығы мен су құрылысы да осы кісінің басқаруында болды.

1993 жылы Саяси мәслихат кеңесі ШҰАР 7-кезекті комитетінің төрағалығына сайланып, ШҰАР Партия комитетінің екінші хатшысы қызметін 1998 жылға дейін тағы қоса өтеді. 1998 жылы Саяси мәслихат кеңесі ШҰАР 7-кезекті комитетінің төрағалығына жалғасты сайланып, 2005 жылы осы қызметтен зейнетке шықты. Қысқасы, Шыңжаң үкіметі осыншама жауапты, сан-саналы қызметті Жәкеңе отыз жыл сеніп тапсырды.

«Екі қарап, бір шоқитын» Қытай елі жіліктің шылқыған мұндай майлы басын көрінген көк аттының қолына ұстата қоймасы тағы анық.

Жалпы, билік дәлізінде заң-түзімі кемелденген аса бір демократиялы елде болмаса, «орынбасардың» мүмкіндігі қай қоғамда да, қай мемлекетте де шектеулі. Оның үстіне еркің біреуге қараған аз ұлттың өкілі болсаң, тіпті қиын. Тағдыры талапайға көп түскен, Яң Зыңшың, Жын Шурын, Шың Шысай, У Зыңшың, Жаң Жыжұңдер кезегімен билеп келген Шығыс Түркістан даласы жаңа Қытай үкіметінің шеңгеліне өткен соң, оның басына генарал Уаң Жіннен бастап, қазірге дейін кім келіп, кім кетпеді?! Соның бәрі шетінен данышпан, бар ұлтқа бірдей емешегі үзілген мейірімді бола қойды дейсіз бе?! Жәкең соның жақсысымен сыйласа білді, әрине. Өркөкірек, өзімшілімен айқасып бақты. Қарсыласын қулығымен емес, парасатымен жеңді. Қара күшімен емес, мысымен ықтырды. Ұрда-жықтығымен емес, ұстамдылығымен тәубеге келтірді. Сөйтіп, тағын талапайға салғызбай, өз биігіне қарай өрлеп отырды.

«Мәдениет төңкерісі» аяқтала бергенде келіп, Шыңжаң әскери районының қолбасшысы, әскери район партия комитетінің екінші хатшысы; ШҰАР парткомның жорасы, тұрақты жорасы, екінші хатшысы сынды міндеттер атқарған Яң Иұңмен туған аға-інідей болып араласты. Баспасөз бандылардың қолына өтіп, заман әбден былыққан сол бір аласапыран жағдайда ұлтының кім екеніне қарамастан, көп кадрдың ішінен таңдап алып, Жәнәбілді аса жауапты міндетке – ШҰАР-дың Үгіт қызметіне басшы етіп қойған кісі сол – Яң Иұң. Ол негізінен Дың Шаупиншіл тұлға еді.

Дэн Сяопинді бір емес, үш омақастырған асау толқын өзгені аяй қойсын ба, 1950 жылдардың соңына ала басталған солақай саясаттың жойқын дауылы жас еменді теңселтіп-ақ бақты. Бірақ, Алла өзі жар болып, қопара алмады.

Кесіп айтатын, кесек кесетін бұндай ауыр салмақ пен зор абыройға, бет пен беделге ол бір күнде, оңай жолдармен желе жортып жете салған жоқ. Күреске толы бар өмірі туған халқының, замандастарының көз алдында өтті. Жаңа Қытай елін құрушылар қатарында, жылдар өте келе, тұғыры мықты, тұрпаты бөлек тұлғаға айналды.

(Жәкең ең сүйікті немересі Жандосымен...)

Жәкеңнің осынау қайраткерлік болмысын таныту үшін Уаң Фыңды тақтан тайдырған, Шыңжаңға Уаң Ынмауды қайта әкелген екі ерлігін ғана айтсақ, жеткілікті.

Яң Иұң Орталыққа ауысып, оның орнына 1977 жылы Уаң Фың деген келеді. Ол барып тұрған бақталас болып шығады Жәкеңе. «Уаң Фың деген» деп, бізге бүгін айта салуға оңай болғанымен, қылышынан қан тамған сонау жетпісінші жылдарда ол жарты әлемнің қожасы еді. Одан кейінгілері де, тіпті бүгінгісіне дейін де солай. Қаһарына мінсе, сені алты қырдан асыра лақтыруға әлі әбден жетеді. Яң Иұң ретке келтіріп, аласапыраны енді-енді тыныштала бастаған Шыңжаңдағы алғашқы қызметті Уаң Фың Сәйпиденнің «Төрт бандымен» қарым-қатынасын анықтаудан бастайды. Өлкенің «екі тізгін, бір шылбырын» қолына ұстап келген, Мау Зыдұңның еркесі болған Сәйпиден ака да оған асқақ кеудесін бастыра қоймайды. Екі жақ жиын үстінде білек сыбанысып, үстел төпештеуге дейін барады. Текетірес барған сайын ұлғая түседі. Келе салып, асқынған шовинистік пиғылға, ұрда-жық менмендікке Жәкең төзбейді, шарт кетеді. Бетің-жүзің демей: «...Осы отырғандар баяғы «Қызыл қорғаушылар» емес, екі парткомның тұрақты жоралары – басшы кадрсыздар. Адамды қиянаттауға, қол көтеріп, үстелді ұрғылауға жол қойылмайды. Бұл – барып тұрған әбестік. Егер жиналыс тағы осылай ашылатын болса, ертеңнен бастап мен қатынаспаймын!» – деп салады.

Уаң Фың одан ары от алып, қопаға түседі. «Жәнәбіл парткомның жиын тәртібін бұзды» деп, Орталыққа телеграмма жібереді. Жәнәбіл де қайтпайды, қайта сол телеграмманың бір бұрышына: «Егер осындай жолсыздық қайталанатын болса, айтқаным айтқан, жиынға қатынаспаймын. Екі парткомның жиыны мұндай болмайды. Бұл – «Мәдениет зор төңкерісіндегі» «Қызыл қорғаушылардың» сұраққа тартуы!» – деп жазып, қолын қояды. Көп өтпей, екі парткомның тұрақты жоралары түгелімен Орталыққа шақырылады. Мемлекет басшысы Хуа Гофын оларды қабылдап, уәжін тыңдайды, нұсқау береді. Орталықтың жауапты адамдары жүргізген бұл Шыңжаң қызмет жиыны Бежіңде сегіз күнге жалғасады...

Айтыс мұнымен де тынбайды. Келесі жылы ашылған Шыңжаң «Үш дәрежелі» кадрлар жиналысында екінші хатшының біреуі (ұлты қытай) Шыңжаң басшыларының бұрынғы табысын жоққа шығарып: «...Ұлттық район, ұлттық саясат дегенді желеу етіп, Шыңжаңда кейбір қызметтердің қылтасы қиылды!» – деп даурығады. Манағы Уаң Фың жолдас: «Шыңжаң отан құшағына бүгін ғана оралды!» – деп тағы көсіп қалды.

Бұрын қызмет атқарған басшылардың еңбегін қорғап, ортаға Жәкең тағы түседі. Айтыс оты лаулай келе, Уаң Фың: «Жәнәбіл, сен қателестің. Сен қазір Сәйпиденді қорғап, менен ұқық тартып алғалы жүрсің» дегенге дейін барады. Сөйтіп, ол Орталыққа хабар таптырмай-ақ, Жәнәбіл Сымағұлұлын өз бетімен қызметтен тоқтатады. Тіпті Орталық комитеттің кандидат мүшесі екеніне қарамастан, партияның 11-кезекті Үшінші жалпы мәжілісіне қатынастырмай тастайды.

Дәл осы жерде Жәнәбіл Уаң хатшыға тікесінен: «...Шырылдаған шындықты айтқызбаймын десеңіз, мен ауылыма қайтамын. Еңбек істей аламын, мал баға аламын, тұрмыс кешірудің жолын білемін!» – деп қолды бірақ сілтейді.

Бұл оқиға бүкіл Шыңжаңға тарайды. Жақтастары: «Жәнәбіл алдыңғы кезде Шыңжаңда жиын ашқызбай, Бежіңге апарып ашуға себепкер болып еді. Енді, міне, Уаң секретарьдың алдынан тағы шықты. Соңы немен тынар екен?!» – деп алаңдаса, күндестері: «Жәнәбіл енді бітті!» – деп, бірден үкім шығарады.

Дау тағы Орталықта шешіледі. ҚКП-ның бас хатшысы Ху Яубаң қатаң түрде: «Уаң Фың жолдас, партия мен мемлекеттің заң-тәртібі қайда? Ол сенің басқаруыңдағы кадр болмаса, не үшін Орталыққа айтпай міндетінен қалдырасың? Міне, бүгіннен бастап, Жәнәбіл жолдастың барлық міндеті қалпына келтіріледі!» – деп шешеді. Есесіне, Уаң Фыңға алты түрлі айып тағылып, партия ішінде тексеруге жіберіледі. Ал жаңа басшы келгенше, ШҰАР-дың хатшылық қызметін Жәкең өзі атқара береді.

«Уаң Фың жолдас Шыңжаңнан ауысқаннан кейін, Бежіңде онымен екі рет кезігіп, амандастым. Екінші рет ол мені көрген жерде: «Мен қателестім, сенікі дұрыс болды, – деді», деп жазады Жәнәбіл аға өз естелігінде (Ж.Сымағұлұлы, «Бала шақтан болашаққа», 368-бет).

Осы жеңіс Жәнәбіл Сымағұлұлына үлкен абырой әкелді. Кеудесіне нан пысып жүргендерге оның кім екенін әбден танытты. Айналасындағылар аяғын тартып басатын, аузын бағып сөйлейтін болды. Арты-артынан жүргізілген саяси күрестерден жүні жығылып қалған қазақтар бір мықтысының барын біле түсіп, еңсе көтере бастады.

 

***

(Оңнан бірінші адам Жәнәбіл Сымағұлұлы, төртінші Дэн Сяопин.)

Жәкеңнің нағыз дәурендеген, десінің жүрген тұсы – ел тізгінін Дың Шаупин ақсақал алған, билік жүргізген жылдар. Жәнәбіл Сымағұлұлы ШҰАР-да ғана емес, аз ұлт кадрларының ішіндегі жалпы Қытайда да үлкен үйге именбей кіретін, пікірін ашық айтатын, сөзін өткізе білетін аса ықпалды адам болды.

1980 жылдың 16 қыркүйегі. Кезекті бір іссапармен Бежіңге барған Жәнәбіл Сымағұлұлы Ху Яубаңның көмекшісіне телефон шалып, Бас хатшының қабылдауын сұрайды. Шыңжаң қызметі жөнінде шешім күтіп тұрған маңызды мәселелерді ортаға қойғысы келетінін айтады.

Ху Яубаңның жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты Жәкеңді Орталық ұйымдастыру бөлімінің бастығы Сұң Рыншиң мен Үгіт бөлімінің төрағасы Уаң Рынжұң үлкен үйге шақырып, аса жылы шыраймен қабылдайды.

Жәкең Шыңжаңның сол тұстағы жағдайынан айта келе: «Шыңжаң қызметіне пәрменді жетекшілік ете алатын бір адам қажет болып отыр. Меніңше, Уаң Ынмау жолдас Шыңжаңда қызмет істеуге лайықты. Шыңжаң қызметіне қанық, тәжірибесі мол, ұлттық районда қызмет істеуге ысылған басшы кадр. Сондықтан Орталық комитетпен ақылдасып көріп, Уаң Ынмау жолдасты қайтадан Шыңжаңда қызмет істеуге орналастыруын ұсыныс етіп келдім», – дейді (Сол естелік кітапта, 408-бет).

«Жақсы атыз, жақсы арық-тоған, жақсы орман белдеуі, жақсы жол, жақсы тұрғындар тұрағы» сынды «Бес жақсы құрылыс» жобасын бастап, көзге түскен Уаң Ынмау жолдас Маудың аты шулы «Мәдениет төңкерісі» жылдарында «Төрт бандитке» төтеп бере алмай, 1966 жылы «Орталыққа қайтарылып» алынған болатын.

Екі жолдас Жәкеңнің бұл ұсынысын Қытай Компартиясының бас хатшысы Ху Яубаңға жеткізеді. Ху Яубаң бұл жұмысты Дэн Сяопин жолдас қана шешетінін айтады. Сонымен орталық бір арнаулы кісіні қосып береді, Жәкең сол жігіттің бастауымен Шыжияжуаңда Бежің Әскери районы мен Әуе армия бөлімі бірлесіп өткізген әскери маневріне қатысып жатқан Дэн Сяопинге барады.

– Сонау қиырдан менің алдыма бекер келмеген боларсың? Қане, не шаруа? – дейді Дың ақсақал!

Жәкең Шыңжаң қызметінен мәлімет беріп, сөз соңында Уаң Ынмауды сұрай келген бүйімтайын айтады.

– «Мәдениет төңкерісіндегі» он жылдық былықтан кейін бірінші хатшылардан бұрынғы қызмет орнына қайта барғандар жоқ. Уаң Ынмау жолдас Шыңжаңға қайта барса, табан тіреп тұра ала ма? – деп сұрайды кәрі тарлан...

Келесі жылы Дэн Сяопин Шыңжаңға келеді. Өлкенің біраз жерін аралап, тындырылып жатқан шаруаларды, қол жеткізген табыстарды өз көзімен көреді. Қазақ малшысы Қасымның отбасында болады. Қазақтың ұлттық спорты – ат бәйгесін, көкпарды тамашалайды. Қыз қуарды көріп, Жәнәбіл ағаға «Сен де шық!» деп бұйырады. Жәкеңді қуған қызға сүйініп: «Ұр! Ұр!» – деп айғайға да басып жібереді. Сөздің бір орайы келген сәтте Жәнәбіл Сымағұлұлы Дың ақсақалдан Уаң Ынмау жолдасты Шыңжаңға бірінші хатшы етіп жіберуін тағы өтінеді.

Жәнәбіл ағаны аса байыптылықпен тыңдаған Дэн:

– Бұл сенің жеке пікірің бе, әлде автономиялы райондық парткомның ұсынысы ма? – деп сұрайды.

– Бұл – өз пікірім, – дейді Жәкең.

Ақсақал өткен жылы Шыжияжуаңдағы сұрағын тағы қайталайды.

– Уаң Ынмау жолдас Шыңжаң жағдайына қанық. Шыңжаңдағы әр ұлт халқы оны қарсы алады! – дейді Жәкең зор сеніммен өзі кепілдік беріп.

Не керек, келесі жылы қазан айының соңында Жәнәбіл Сымағұлұлының бұл ұсынысы орндалады, Партия Орталық комитеті Уаң Ынмаудың ШҰАР Партия комитетіне қайтадан бірінші хатшы болып баратынын ұқтырады.

Қытай жағдайынан қарағанда, Жәнәбіл Сымағұлұлының Дэн Сяопинге өзі барып, Шыңжаңға Уаң Ынмауды бірінші хатшылыққа сұрап алуы – ешкімнің қолынан келмейтін, батылы жетпейтін, тек тұлғаларға ғана тән нағыз кемелдік, үлкен ерлік.

Кесек кесудің көкесі осыдан кейін басталды. Кешегі Сейпиденнің қолындағы «екі тізгін, бір шылбыр» енді өз саласы бойынша Жәкеңнің еншісіне тиді. Ол қолды Уаң Ынмау да қақпады, қайта барынша қолдай түсті. Бұл кезде Қытай қоғамы айғай-шуды тастап, дамудың жолына бет ала бастаған еді. Құқықтың төменге берілген, демократияның салтанат құрған, таланттардың еркін көсілген бір дәуірі басталды.

 Орталық белгілеген нұсқауларға жасы егде тартқан Уаң Ынмау басшылық, бақылаушылық жасап отырады. Ал негізгі жұмыс Жәнәбіл мен Үкімет төрағасы Сымайыл Ахметтен (ұйғыр) артылған жоқ. Біз теледидардан берілетін кешкі жаңалықтардан тек осы үш тұлғаны ғана көретін болдық. Дың Шаупың реформасының нәтижесі осыдан бастап Шыңжаңда анық көріне бастады.

Жәкең қолынан келгенін қазағынан аяған жоқ.

Алғашқы жұмысты ел-жұрт Бұланай асып, шетелге ауғанда, Тибет жерінде шашылып қалған қазақтарды Атамекен – Алтайға қайта көшіріп әкеліп, қоныстандырудан бастады.

Жәкеңнің сексенінші жылдардың басында өнер қайраткерлерін бастап, Түркияға барған сапарында атақты пантүркист, коммунистер атын естісе шошитын Қалибек Хакімге сәлем бере барғанын, еріп жүрген елшіліктің адамдарын қайтарып жіберіп, үйіне қонғанын Хасен аға Оралтайдан естігем. Хакім атажұрттан келген бауырын көкқасқа тай сойып қарсы алады. Кейін, партия басшысы лауазымымен 1984 жылы Үрімжіге келген осы Хасекеңнің өзін де жеке қабылдаған...

Қанша жерден Қытайдың ұлттық саясатының арқасы десек те, бұл күнде Қазақстан жұрты қызыға қарайтын, біз мақтаныш етіп айта беретін, сағына еске алатын Қытайдағы қазақ жеткен осынау бар жетістіктің артында, әрине, Жәнәбіл Сымағұлұлы тұрды. Сол кісінің қолымен қалпына келтірілгені, ықпалымен негізі қаланғаны, қолдауымен өркендегені – ел баяғыда мойындаған, дау тудырмайтын шындық!

1985 жылы Уаң Ынмау зейнетке шықты. Бұл кезде Жәнәбіл Сымағұлұлы әбден кемеліне келіп, жан-жақтылы толысып, ешкімнің тісі батпайтын тұлғаға айналып болған еді. Одан бергі жерде келген басшылар одан кеңес сұрамаса, ақыл айтпайтын жағдайға жеткен болатын.

(Оңнан солға қарай Ж.Сымағұлұлы, ШҰАР Партия комитетінің бірінші хатшысы Уаң Лочуан.)

Дың Шаупың билік жүргізген отыз жылда Қытай мемлекетін көркейтуші, азулы тұлғалар Ху Яаубаң, Жау Зияң, Жаң Зымин, Ли Фың, кешегі Ху Жынтаулар секілді Жәнәбіл аға да қарымды қайраткер дәрежесіне көтерілді. Алып Қытай елінің үлкен бір өлкесіне ықпалын бір кісідей жүргізе алды. Кесетін жерде – кесті, шешетін тұста – шешті.

1995 жылы ҚКП Орталық комитеті ұйымдастыру бөлімінің кадрларды тексеріп-бағалау тобы Шыңжаңға келіп, орынбасар өлке дәрежелі кадрларды жан-жақтылы сараптаудан өткізеді, 489 адамнан пікір алынады. Жәкеңді соның 214-і таңдаулы, 261-і толымды кадр деп жауап берген. Біреуі толымсыз десе, он үші қалыс қалған. Ептеп сын-ескертпелер де берілген. Солардың біреуінде: «Кейбіреулердің балаларының армияға алынуына, жұмысқа орналасуына, ЖОО-на түсуіне телефон беру, бұрыштама жазу мәселесі жөнінде кейбір аңыстар бар», – жазылған екен.

Мен құсап, пана тұтып барған қазақтардың бетін қайтармай, белден көбірек басыңқырап жіберген ғой баяғы. Тағы бірінде: «Қызмет барысында әр жақтың пікіріне көбірек құлақ асуын үміт етеміз» – делінген. Бұл енді анау-мынауды тыңдай бермейтін ірілігіне, батылдығына қаратылса керек!

Ал Қытайдағы қазақта Жәкеңнен өзге қазақ қайраткері болған жоқ десек, ол да әділетті аттағандық болар еді. Жаңа Қытай үкіметі орнаған соң, ілгерінді-кейінді шыққан, замандас өткен марғасқалар аз болған жоқ ол елде. Не керек, солардың көбіне заманы құрғыр тарлық етті. Кейбіреуі шаш ал десе, бас алып, өзі сүрінді. Мәнсапқа мәз болып, сызып берген шеңберден шықпағандары да бар. Ұлты үшін еселі еңбек еткендері де жетерлік... Солардың бәрінен тұлпары озып, тұлғасы асқақтап Жәнәбіл Сымағұлұлы бүгінге жетті. Бір кезде басынан бағы тайған елге арқа сүйер Алатау, жол бастайтын ай мүйізді ақ серке, қасат бұзар қара нар бола білді. Бір жарым миллион қазақ Жәкесіне қарап бой түзеді. Жәкесі мектебін де жапқызбай, бетін желге қаққызбай, тілін де, ділін де, салт-дәстүрін де көзінің қарашығындай қорғады. Сөйтіп, Шыңжаңдағы бір үлкен шоғыр сағы сынбай, иіні бүгілмей, жаңа ғасырға жетті! Жәкең қазағын жерге қаратқан жоқ!

Ешкім ренжімесін, кесіп айтайын, біреудің қол астында жүрсе де, қасқайып Жәнәбіл ел басқарған кезең – Қытайдағы қазақтың өз қолы аузына еркін жеткен, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған алтын дәуірі болып тарихта қалды. Ондағы қазақтар үшін енді ондай заман да, сол заманды билейтін Жәкеңдей марғасқа ұл да тумайды! Бүгінгі буынның ұлығы да, ұстанымы да басқа. Ғаламдасудың қара дауылы қандастарымызды қаңбақтай ұшырып, ықтырып барады. Шетелдегі қазақтар үшін ендігі болашақ – тек Қазақстанда!

Жаңа Қытай үкіметі орнағаннан бергі осынау елу бес жылдағы Қытай билігінің басып өткен аумалы-төкпелі тарихында, жеткен биігінде, алған асуларында Жәнәбіл деген қазақтың ай маңдай ұлының, ардақты азаматының, сабаз тұлғасының қайталанбас қолтаңбасы мен тыңнан салған соқпағы алтын әріппен тасқа басылып, өткен ғасыр қойнауында қалып барады.

Жәнәбіл аға бұл күнде Үрімжі қаласында тұрады. Өзі еңбек еткен мемлекетінің қамқорлығында, өзі жетелеп жеткізген халқының алақанында, Зүпирасының қасында, немерелерінің ортасында алаңсыз күн кешіп, зейнеткерлік өмірдің қызығын көруде.

Біз күнде көріп жүретін, әсем көркі мен биік тұлғасына тамсана беретін Жоңғар Алатауының тағы бір биік шыңы арғы бетте – Шығыс Түркістанда. Ол – біздің ардақты Жәнәбіл ағамыз! Соны Қазақстан ұмытпай, біле жүрсе екен деймін!

Ауыт Мұқибек

 

«DAT» № 23 (247)

12.06. 2014 ж. 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048