АСТАНАДА 21 КӨШЕНІҢ АТЫ ӨЗГЕРТІЛЕДІ
Астана картасы жаңа көшелермен толығады. Ономастикалық комиссия 21 көшенің атын өзгертуге дайындалып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Астана әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгін Астана қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысы өтіп онда қала көшелерінің атын өзгерту мәселелері қаралды. Отырыс шешімі туралы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов: "Қала тұрғындары ономастикалық комиссияға көшелердің атын өзгерту жайлы өтініштерін жиі жолдайды. Қазір бізге 23 өтініш келіп түсті. Ономастикалық комиссия азаматтардың ұсыныстарын қарап шығып, елорданың 21 көшесін өзгерту және екі көшені біріктіру туралы шешім қабылдады", - деп мәлімдеді.
Сондай-ақ бұл жиында аты-жөндерді дұрыс жазуға ерекше назар аударылуы тиіс екендігі атап өтілді, өйткені бұл жағдайда қателікке жол беруге болмайды, әрі көше аттарының өзгергендігі туралы тұрғындар толық ақпараттануы керек. Бұл – қандай да бір мекенжайды іздегенде, қиындық тудырмас үшін маңызды.
Айта кететін болсақ, Тілдерді дамыту басқармасына келіп түскен барлық өтініштер ҚР Парламентінің және қалалық мәслихат депутаттары, соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің, елордалық ЖОО және ҚР ұлттық мұрағатының өкілдері енген ономастикалық комиссияның талқысына ұсынылады, содан кейін қалалық мәслихаттың қарауына жолданады.
Абай-ақпарат