Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4839 0 пікір 10 Маусым, 2014 сағат 11:49

«МӘҢГІ ЕЛ» ҰСТЫНЫ – БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ (басы)

І. БҰЛ «БІРЛІК – АҚЫЛҒА БІРЛІК ПЕ, МАЛҒА БІРЛІК ПЕ»?

Сонымен, ширек ғасырдан астам уақыт бойы қазақтың санасындағы ұлы аңсар – «Мәңгілік ел» деген ұлттық ұстанымға  ұюға бет алды. Қоғам да, қоғамдағы қауымдастықтар да, саясат серкелері де бұл ұстанымды ұнатқан, мойынсынатын, мемлекеттік билік идеологиясы жүйесіне қолданатын сыңай танытты. Әдеттегідей, «жасасындатудан» да кенде емеспіз.  

Ашығын айтсам, «мәңгілік ел» ұстанымы жөнінде «ду қол шапалақтау мен даурығу бар», бірақ қойылған мақсат, белгіленген міндет, жүзеге асыратын «іс-әрекеттің» тетігі, жұмыс кестесі нақты көрсетілмеген. Әрине, саяси формулировка тұрғысынан алғанда өте сәтті әрі ауқымды, аңсарлы. Мағынасы да сырлы, жанға да жақын ұғым. Бірақ сол «мәңгілік елдің» егетін дәні қайсы, мәңгілік елдің  негізін қалай және немен қалаймыз?

Ең бірінші,  осы уақытқа дейін орын алып келген жанама жалаң «жасасындар» мен жалған статискалардың пердесін қалай ысырып тастаймыз? «Шынның көзін бояған» (Абай), дәрменсіздік пен  жалтақ саясаттарға қашан тосқауыл қоямыз? Қашан күмәнді кілтипанның бетін ашып, оны тарихи, экономиикалық, саяси тұрғыдан саралап, талдап, шешім қабылдаймыз? Қай міндетті мұқым ұлт болып алдыңғы ретте жаппай жұмыла атқаруға тиістіміз? «Мәңгілік елге» жеткізетін тура бағытымыз бен баспалдағымыз қайсы? Соны анықтап алуымыз қажет. Дәл қазір жүріп жатқан «мәңгілік ел» туралы қилы деңгейдегі саяси, мемлекеттік, партиялық, ғылыми, қоғамдық, ұйымдық, ұжымдық, үйірмелік талқылауларда соның беталысы анықталып, шын мәніндегі мұқым ел сенетін ұлттық идеяға негіз етіп ұйытсақ –  елдігіміздің ертеңгі іргесін мәңгілік нығайтқан болар едік.

 Мұны сөз басында шұқшия қадағалап айтып отырған себебім, еліміздің дамуы мен дағдарысының дауасын көрсетітін статистикалық мәліметтерге менің өте қатты кәдігім де, күмәнім да бар. Өзгені былай қойғанда, осыдан бір-екі жыл бұрын парламент депутаттары Статистика комитеті төрағасының: өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың алатын орта жалақысы алпыс-жетпіс мың теңге – деген  мәліметіне шамданып, шалқасынан түскені есімде. Олар өздерінің қолындағы «саясатпен боялған» статистиканы малданып: «Сен бізді арандатып, цифрды қасақана жасырып тұрсың. Біздің жұмысшылар айына екі жүз-үш жүз мың теңге алады» –    деп даурығып, Төрағаға саяси айып тақты.  Ертеңінде нақты мағлұматты қайта анықтап келген төраға парламент мүшелеріне: «Сіздердің қолдарыңыздағы ақпарат қайдан алынғанын білмеймін. Статистика мен цифр – саясат емес. Оңтайына қарай өзгертуге келмейді. Кешегі жетпіс мың теңге жалақы, бүгін де жетпіс мың теңге қалпында қалады» –  деген соң ғана депутаттар деміктерін басты. Демек, олар мемлекеттік бюджетті екінші, немесе үшінші бір жалған статистикаға жүгініп бекітіп жүрген болды ғой! Тура сол жылы  Германияның дүниежүзілік мұнай өнімдерінің табысын кестеге түсіріп отыратын статистикалық есептеу орталығы: Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі шетке сатылған тек қана мұнай өнімдерінен түсірген пайдасына, онда өмір сүретін он алты миллион адамды қырық екі жыл бойы күніне  төрт сағат қана жұмыс істетіп, емін-еркін асырауға болады –  деген мәлімет жариялады. Сонда бір мемлекеттің үш түрлі статистикалық көрсеткіші бар ма? Екеуі жалған-ақ болсын, сонда шындығы қайсы, қай статистикаға жүгініп «Мәңгілік ел» ұстанымының ұстанымы жасалды?

 «Дамыған елу елдің» қатарына қосылудың қарқыны – нарық бәсекесі  иелерінің өзара, бақталаса, иықжұлыса жағаласатын жақандық ырғағтың екпініне байланысты. Қалайда, барыңды өз еркіңше базарлауға жібермейді, бермесең  –  зорлықпен ырықсыз ұсындырады, алмасаң – мәжбүрлікпен тықпалап береді. Тек соның екі арасында бәсекелесе отырып бопсаға шыдап, өз мүддеңді қорғап, өткізіп, «мықтының қолын» (Абай) әдепті түрде қағып тастап үйренуің керек. Бұл – қазіргі атжалман нарыққа негізделген күндес (оны өздері «ойын» деп атайды) саясаттың да заңы. 

Оның үстіне, «Қырым оқиғасынан» кейін «Мәңгілік ел» ұстанымында  ашық, шұғыл және батыл шешілуге тиісті  –  еуразиялық одақ пен еуразиялық экономикалық одақ деген халықаралық әңгіме саяси сахнаға шығып, көңілдегі күдікті де, күбірткіні де көбейтті. Мұның астарында не жатыр, оның негізгі бағыттары, шарттары, баптары, құрылымдары, жүзеге асырылу жолдары, жалпы мемлекеттік тәуелсіздігімізге кепілдігі қандай? Бұл – біз  ұмтылып отырған дүниежүзілік сауда орталығына мүшелікке өтудің кезекті дайындық сатысы ма? Әлде, еуразиялық одақ дегеніміз –  кеңес одағы деген сөздің өңін аударған баламасы ма, жоқ, тек экономиканың шаруасын күйіттейтін  ұйым ба? Бұл өзі бізді түбінде экономикалық тәуелділікке алып келмей ме? Бұл және осыдан бір жарым жыл бұрын «біріккен мемлектаралық парламент» туралы Нарышкиннің интернет арқылы тарап кеткен бопса жарияланымының басыбайлы экономика туралы жалғасы емес пе екен? Ол жобада: шекара ортақ, қорғаныс ортақ, әскер ортақ, билік ортақ, сайлау да жалпыға ортақ, экономиканы республикалардың үстінен құрылған мемлекеттік құрылым билеп реттеп отырады, сол бойынша (кеңес одағы кезінде Байбаков басқарған атышулы экономика және жобалау комитеті сияқты) әр аймаққа тиесілі қаржы бөлінеді, яғни, әр қайсымызға өз қалауына сәйкес сыбаға үлестіреді-міс –  делінетін емеуірін бар еді. Ал мына еуразиялық экономикалық одақтың құрылымы жөніндегі:

«Интеграция дает возможность убрать таможенные барьеры и повышает конкурентоспособность. Поэтому у нас здесь чисто прагматический интерес – развивать страну, поднимать экономику и увеличивать ВВП. Что касается нашей политической независимости, то это константа, и Казахстан никому не отдаст суверенитет. Но определенные экономические полномочия мы добровольно будем передавать наднациональным органам, как это делается, например, в Европейском союзе, где Еврокомиссия решает таможенные вопросы, регулирует процессы в сфере торговли, тарифов, транспортировки нефти и газа, электроэнергии, железных и автомобильных дорог. Все вопросы в нашем будущем союзе будут решаться на основе консенсуса. Окончательные решения будут приниматься с согласия всех трех государств. Поэтому здесь никакого волнения не должно быть, это выгодно всем участникам, а в условиях кризиса – тем более. Интеграционный процесс будет продвигаться, и это тоже вопрос укрепления нашей независимости» –  деген (әдейі түпнұсқада алып отырмыз) түсінікті қалай түсінеміз?

Бұл  – Еуразиялық одақ пен еуразиялық экономикалық одақ, біздің түсінуімізше, яғни, түсіндіруінше, Абай айтқандай, бұл «бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» болса керек. Ал «Бірлік – ақылға бірлік емес, малға бірлік болса», онда: «Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа,  күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы» (Абай) еуразиялық одақ болғаны. «Ағайын алмай бірлік қылса керек» еді. Ал еуразиялық одақ пен еуразиялық экономикалық одақтың мына «бірлігі» – қай бірлік?!. «Ұлттық мүддеден жоғары мекеме» («наднациональный орган»)  дегеніміз қандай үкімет, кімнің үкіметі, кімнің шылауында, кімнің мүддесін қорғайды? «Өз еркімізбен беретін белгілі бір экономикалық өкілдік» (определенные экономические полномочия мы добровольно будем передавать наднациональным органам) барлық табыс көзін – сауданы, бағаны, мұнай мен газды тасымалдауды, электр қауатын, темір жол мен автокөлік жолын реттеп отырса» (регулирует процессы в сфере торговли, тарифов, транспортировки нефти и газа, электроэнергии, железных и автомобильных дорог), сонда біздің үкімет пен министрліктер жұмыссыз қалмай ма, әлде, құжат дайындап беріп отыратын кеңсеге айнала ма? Егер әлгі «өзіміз еркімізбен берген» (ал кім өз еркімен бас билігін, ырысын, қазынасының кілтін береді және осыдан үш жүз жыл бұрын да «өз еркімізбен» бодандыққа өтіп, оның сазайын тартып көрмеп пе едік)  мына  «бірлік»  нағыз «антұрғандықтың басы осы» емес пе?!.

Демек, «ұлттық мүддеден жоғары мекеме» Қазақстан үкіметінің қаулы мен қарарына бойсынбайды, демек, біздің парламент пен мәжіліс қабылдаған заң құжаттары да оларға жүрмейді, кеден мен шекара бақылауынан да, қорғаныс жүйесінен де, қауіпсіздік шараларынан да тыс қаламыз. Ендеше, ешқандай өкілеттігі мен өкімі, пәрмені мен дәрмені жоқ  биліктің үш бірдей құрылымы мен 97 мың мемлекеттік  басы артық қызметкерді (Ә.Бәйменовтің мағлұматы бойынша) таратып жібермей, неге бюджеттің есебінен «тегін асырауға» тиіспіз? Әлде мемлекеттік мекемелер мен қазыналық мекемелердегі қызмет орынына жарияланып жатқан қысқартулар мен «мораторийлар» соған астыртын дайындық па? Ұлттық идея ретінде ту етіп жалаулатып отырған «Мәңгілік ел» ұстанымындағы ұлттық бірліктің басты күретамыры   болуға тиісті мына «түсінік» бойынша,   тәуелсіз мемлекеттің бүкіл функциясы жаңадан құрылмақ «ұлттық құрылымнан жоғарғы» комиссияның, яғни, бұрынғыша айтқанда, «бүкілодақтық экономикалық жобалау комитетінің» қолына көшеді деген сөз ғой. Ендеше бұл «антұрған бірлік»  «Мәңгілік елді» қай мұратына жеткізеді, әлде бұл ұлттық ұйытқыны ірітетін  саяси  жоба ма? 

Міне, осындай кәдік пен күдіктер, «мәңгілік ел» ұлттық ұстанымын жүзеге асыру тұрғысынан алғанда,  ашық жауап беруді талап етіп отыр. Ол үшін, яғни, «мәңгілік ел» ұстанымының саяси және ұлттық бағытын ұстануымыз үшін, ең алдымен, дәл қазіргі шешуші сәтте мемелекет ұсынып, шешуге ұмтылып отырған еуразиялық одақ пен еуразиялық экономикалық одақтың саяси, мемлекеттік мақсат-міндеттері, құрылымы, даму бағдары, экономикалық  тиектері, мемлекеттік қауіпсіздік тетіктері нақты көрсетілген жобаның шарттары келешектегі «мәңгілік елдің» азаматтарының алдында жария етілуі керек-ті. Жалпы қоғам мүшелері, әр саладағы тәжірибелі әскерилер мен қауіпсіздік мекемелерінің, мемлекеттік шекара мен жер комиссиясының, ауыр өнеркәсіп пен ауылшаруашылығының, ғылым мен мәдениет саласының мемлекет қайраткерлері, мәмілегерлер мен халықаралық құқық мамандары, заңгерлер мен экономистер белсене қатысып,, түрлі комиссиялардың пікірлері «мәңгілік ел» ұстанымына  тоғысқан соң  барып, саясаткерлердің сол нәтижелерді тиянақтауға кіріскені жөн еді. Ал бізде, әуелі еш нәрсеге негізделмеген жалаң саясат ұсынылып отыр.  

Өйткені, мына  жобаланып отырған еуразиялық одақ пен еуразиялық экономикалық шартта:  Қазақстанды рухани және экономикалық тәуелді ету туралы Ресейдің ХІХ ғасырдың соңында қабылдаған Ережелері мен заңдарының, Патша мен архиепископ қол қойған жарлықтарының  бүгінгі тілмен жазылған доктриналық және заңдық нұсқалардың  қолтаңбалары мен белсенді ықпалы аңғарылады, яғни, «Күңкілдеп берер сазаңды», – деп Абай айтқандай, «күңкілдеп жүріп» сазамызды беруге бейімделіп кеткен сыңайлы. Оған  кедендік одақтың шарттары толық дәлел. Мысалы, Кедендік одақтың атқарушы кеңесінің шешімінсіз енді Қазақстан Үкіметі экономика, баға туралы ешқандай қаулы шығара алмайды.  Шешім қабылдау үшін жиналатын дауыстың 69 пайызының   57 пайызы – Ресейге,  7 пайызға жуығы ішкі өнімі Қазақстаннан гөрі басым – Беолруссияға, 4 пайызға жуығы – Қазақстанға тиесілі.  Демек, біз қазіргі жағдайдың өзінде толық экономикалық тәуелді елміз. Біз аңсаған «мәңгілік ел»  – тәуелсіз мемлекет осы ма еді?   Абай данышпанның:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, –

деп айтып отырғандағы «ырығы» да осы ырық. Жердің астына, үстіне, аспанына иелік ете алмасаң – ырықтың кеткені сол емес пе?!. Республикамыздағы түрлі заңды, заңсыз қозғалыстар тура осы табиғи байлықтардың әділетсіз бөлінуіне тікелей байланысты туындап отыр. Олардың талабы: «Ата-бабамыз қанын төгіп, жанын беріп қорғаған жердің астындағы байлыққа қонған жаттың шыбынын қағып отыра алмаймыз» – деген әділ талап. Мен бұл сөзді олардың өз ауыздарынан естідім.

Біз «жасасындатып» жүрген Еуразия идеясы – Еуропадан, Африкадан, Австралиядан бодандық үлестерін ала алмай, одан күдерін үзген ХІХ ғасырдың екінші жарытысындағы орыстық масондардың  идеясына негізделген. Ол доктринаның басты  мақсаты – Ресейдің шығыстағы үстемдігін орнату. Яғни, тағы да сол Абай айтқандай «есті қашырмай» (үркітпей), еппен «құлдатып, қор қып жіберу». Еуразияшылдардың  рәмізіндегі екі басты самұрықтың  қарқарасына кергі бедерленген. Дугиннің Тұжырымдамасында «православиелік славян имппериясын орнату» деп анық жазылған.  Сонда біздің жанығып жүрген Еуразиямыз – қандай Еуразия?!. Бұған жауап беруге тиісті біздің ұлттық зиялыларымыз, тағы да сол Абай дегдар айтқандай күйде: «Тура сөзін айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шіруге, Аз ақшаға жалданып, Өнбес іске малданып, Жол таба алмай сандалып» – жүрген жоқ па?

Халық, зиялы қауым – кезінде тәуелсіз мемлекеттің идеологиясы мен экономикалық тәуелсіздігіне  белсене араласа алмады. Ал қазіргі қоғамдық жағдай мүлдем басқа. Ленин айтқандай, «халық бұрынғысынша өмір сүре алмайтындай, орындаушы билік бұрынғысынша басқара алмайтындай» қалге жақынап қалды.  Былай құмыға сөйлеуіміздің себебі, егер осылай ықтай берсек, онда Абай айтқандай:

Тынымадық,

Жарымадық,

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі, –

деген күйді басымыздан кешетінімізге назар аудару.

Дәл қазіргі кезеңде «өзінің елін өзі аңду» науқаны – мемлекеттік режим деңгейінде алаңдата бастады.

Бұл – жасыра алмайтындай ақиқат. Билік неге «өз елін өзі аңдып», қоғамдық пікірді тұқыртуға көшті, неге оқшауланып, шешімді томаға тұйық қабылдап, тоңмойынданып барады? Бүгінгі халықтық қозғалыстың беті жаппай билікке тіке бұрылып, бетпе-бет келуге бет алды.   Қазір халықтық қозғалыстың нышандары бар.   Бірақ олардың  жекелеген оқиғаларға қатысты көзқарастары болмаса, жоғарыдағы жалпыұлттық мүддені қамтитын тұжырымдамалары әлі анық емес. Сондықтан да бұрынғыдай дайындықсыз, шарасыз, амал-құралсыз қалмас үшін «Мәңгілік ел» ұстанымы арқылы тәуелсіз мемлекеттің барлық мұраты мен мұхтаждығына жауап беретін жалпы ұлттық даму тұжырымдамасын жасау керек. Онда сонау «мәңгілік елді» аңсаған көшпелі дәуірден бастап кешегі біртұтас алаш идеясының әр тармағы қамтылып, оны бүгінгі мемлекеттік құрылыммен, идеологиялық, экономикалық бағытпен, ішкі, сыртқы саясатмен, қауіпсіздік шараларымен тиянақты түрде салыстыра отырып, ертеңгі ұстанатын билік нысанасы анықталуы тиіс.

Бұл – жалпыға ортақ арман. Ашығын айтайын, дәл осы бір шетінді де шағымды кезеңде билік Біртұтас алаш идеясын қамтитын көкейкесті мәселелерге орай қандай көзқарас ұстанады, халықтың қолдауы да соған тікелей байланысты.  Өйткені, қазір қабылданған шешім мен бағыт алдағы онжылдықтардың жолын ашады, не «қайыс ноқтаны» қайта кидіреді.

Жеке өз басым Алаш идеясын ту еткен кез-келген қозғалысқа, оппозициялық немесе билік партиясын қолдауға дайынмын. Алайда олардың мынадай ұлттық мәселе жөніндегі ұстанатын саясаттары анық болуы тиіс. Саясат – өктемнің қаруы, әлжуаздың қияли қисыны мен амалы. Бізге әлі өктемдік біте қойған жоқ. Сондықтан да, біздің алдымызда екі жол тұр. Біріншісі: аға сұлтандыққа сайланар алдында Құнанбайдың Шалғымбай төреге: «Мықты болсаң – бопсаға шыда» дегенін есте ұстап, кеткен және кететін есемізді даулап бәсекеге түсу. Ал екінші жолы, балалардың шайтантаспаларындағы (мультфильмдегі) азулы мысыққа қарата мүттәйім мәуленнің: «Ағатай, тату өмір сүрейікші» – деп мүләйімсігеніндей монтаны күй кешу. Тәжірибелі қайраткерлеріміз бен дипломатымыздың бірнешеуі,  таяуда өткен бір үлкен ғылыми конференцияда, іргеміздегі елдің жәй кеңесшілері біздің түрлі салалық министрліктердің лауазымды қызметкерлерін –  министрдің орынбасарларын кеңселерінің есігінің алдында жарты сағат бойы күттіріп қоятыны туралы мәлімет айтты. Өйткені, олар әлгі қатардағы шенеунікпен иық тірестіре  бопсаға шыдаудың орынына,    бүгежектеп, емтихан тапсырған өренжілердей басын төмен салып тұратын көрінеді (Мұндайда, қайран Жұмабай Тәшенов пен Ілияс Омаров, Жанбаев қайда кеткен деген ой келеді). Ал осындай бүгежек кадрлар қандай одақтық шарт жасауға дәрменді? Мен де мұндай деректің төрт-бесеуін білемін.  Кедендік одақтың кезінде Өмірзақ Шүкеевтің бетін қайырып, оны «мықтының ығымен» қалай жасқағаны және үлес пайызын қалай төмендеткені, сол кезде Гүлжан Қарағұсованың парламентте: «Жыл сайын Қазақстан 70 миллиард теңгеден айырылады» – деп шырылдағаны, екі күннен кейін: «Мен атқарушы билік жағындамын» – деп  жуаси қалғаны туралы мәліметтер ақпараттың бетінен әлі өшірілген жоқ. Дәл қазір де «сол мәймөңке» – сол мәймөңке күйінде сияқты. Қазіргі атқарушы билік осындай күштінің бопсасына дайын ба? Әй, қайдам.

Осы еуразиялық экономикалық одақ туралы сындарлы ғылыми конференцияда билік пен заңдық құқықтарға, халықаралық келісімдерге араласып жүрген бір ғалым әлі қол қойылмаған, ниет хаттамасы күйінде ғана күші бар шарт туралы: енді көнбеске амал жоқ. Сондықтан бұл одаққа Армения, Өзбекстан, Әзірбайжан, Венгрия (?) сияқты елдерді тартып, тынысымызды кеңейтіп алуға ұмтылуға тиіспіз – деді. Міне, Абайдың: «Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын» деген жалған саясаты, «Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз, жалғандықпен жалғанған көңіл жібі» деген жалған достығы, яғни, одақтастығымыздың «бопсасы» осы. Қазірдің өзінде «мықтының көлеңкесінен ығып, ықтасындап» (тағы да Абай) отырмыз, ертең бетпе-бет келгенде жерге кіріп кетпейміз бе! Ысылған саясаткер Қасымжомарт Тоқаев шекара анықтау және бекіту кезіндегі бопсаға шыдамаған боркеміктер  жіберген мұндай өкінішті «мәймөңкелерді» өзінің «Күншуақ пен көлеңке» атты мемуарында ашына жазған болатын. Сондағы әлгі «Мәңгілік елге» апаратын жолымыздың бір амалы, яғни, «төзімділік» – «толерантность» саясаты дегеніміз осы «мәймөңкелік» пе?!.

Жоқ, бұл дәрменсіздіктің, пәрменсіздіктің, басыбайлылықтың, рухани дағдарыстың басы. Дәл қазіргідей түрлі шағымды саяси, экономикалық таңдау жолы тоқырай тоғысып тұрғанда, бұдан шұғыл құтылып,  «Мәңгілік ел» ұстанымындағы әрбір жалған формулироваканы сылып тастап, оның баптарына ұлттық, экономикалық, саяси, мемлекеттік, рухани, мәдени мағына мен салмақ беретін, жауапкершілік жүктейтін міндеттерді енгізуіміз керек. Онсыз, «мәңгілік ел» ұстанымы мемлекеттің, қоғамның, ұлттың, әлеуметтің алдында ешнәрсе шеше алмайтын дәрменсіз, кезекті «жасасындату» ғана болып қалады.

 Мұқым қазақ ғылыми ой иелері мен саяси қайраткерлерінің дәл қазіргі сәттегі кезек күттірмей  күн тәртібіне қоятын мәселесі –    еуразиялық одақтың немесе еуразиялық экономикалық одақтың шарттарының жобасы және нақты қай мәселе бойынша қандай шарттар қойылды, онымен тікелей кім айналысып жатыр, соның барлығының баспасөзде ашық жариялануын талап ету. Сондағы әр бапты талдап, қоғамдық талқылаудан өткізіп, ең соңында оны  «мәңгілік ел» ұстанымына негіздеп барып, халықаралық шартты қод қоюға ұсыну. Бұл – сол мақсатты тікелей жүзеге асыру үшін құрылып отырған жаңа үкімет мүшелерінің жекелей өз бетімен  шешетін және шеше алатын құзырлы мәселесі емес. Себебі, мемлекеттің тәуелсіздігімен астатсып жатқан саяси мәселені шешу –  үкіметтің міндетіне жатпайды. Ол –  орындаушы билік. Ал, саяси одақ – ұлттық қауіпсіздік, яғни,  ұлттық тәуелсіздік, демек, мемелекеттік тәуелсіздік, ұлттық тәуелсіз экономика, ұлттық рухани тәуелсіздік (тіл, дін, діл), тәуелсіз дербес заң жүйесі мен тәуелсіз ғылым мәселесін қамтиды.  Біз ұстануға ұмтылып отырған «Мәңгілік ел» –  осы бесеуінің басын біріктірген ұлттық киелі таңдау. Оның   ұйытқысы – біртұтас алаш идеясы.

Ал осы «мәңгілік ел» және алаш идеясы дегеніміз не? Ғаламдық сана мен ойлау жүйесiне жүгiнсек,  «мәңгiлiк ел» ұғымының  идеологиясы  қазақ қауымына таныс. Бүкiләлемдiк жер бөлiсi жыл қайыруымызға дейiнгi, одан кейiнгi замандарда да жүргiзiлген.  Әрине, тәуелсіз мемлекеттің жалпы ұлтқа ортақ және оның мәңгілік бөлінбейтін ортақ меншігі болып табылатын жер және территория тұтастығы бірінші қатарда тұрады. Бүгінгі біз ұлттық ұстаным ретінде ұстанып отырған “өлiмшi  халықты   тiрiлткен...”[1] “Мәңгiлiк ел”  нысанасының түпкі ұлы қазығы да осы. Араға ықылым замандар салып барып қайта ұлтымыздың аңсарында айналып, мемелекеттік ұстын болып жаңара ұсынылып отырған «мәңгілік ел» ұстанымы –ұлтымыздың түпкі аңсары.

[1] «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның (2001 18-19 мамыр) материалдары. Алматы. «Ғылым». 584 б,  “Өлiмшi  халықты   тiрiлткен...” (“Мәңгiлiк ел”  нысанасы), 380-388 беттер.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413