Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 7310 0 пікір 6 Маусым, 2014 сағат 12:55

Әбдірашит Бәкірұлы. «ОЯН ҚАЗАҚ» МӘҢГІЛІК ҰЙҚЫДАН

1.Қазақ «ұлттық арманын» іздеп жүрген халық

Әр  қоғам өзінің қай тарихи қалыптан шыққанын танып-білу арқылы өз болашағының негізін қалайды. Бұл – белсенді қоғамдық сана көрінісі.  Сондықтан қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қоғамды «оятып» отыру қажет.  Бірақ мәдени деңгейі кенжелеп қалған қоғамда бұны іске асыру тіптен қиын шаруа. Мысалы, өзімізге қатысты алар болсақ: «оян, қазақ!» деп осыдан жүз жыл бұрын қалай ұран тастасақ − қазір де сол қалыпта тұрмыз десе болады. Сонда «бұл неғылған оянбайтын халық?» деген сұрақ туады. Ол сұрақты өз-өзімізге қойсақ бір сәрі – өзгелердің де осылай ойлай бастағаны уақыт өткен сайын белгілі бола бастады. Сөйтіп, тәуелсіз мемлекетке айналуымызға қарамастан өздерін өркениетті халықтар қатарына жатқызатын елдердің кейбір саясаткерлері мен зиялылары тарапынан бізге деген астамшыл көзқарас, үстемшіл әрекеттер көрініс бере бастады.  Біз өз алдына тәуелсіз дербес ел болып отырсақ та ондай «кермектің» ащы дәмін талай рет татып үлгердік: мысалы, әлемге кеңінен тарап кеткен сайқымазақ Борат деген «қазақ» журналисі туралы фильм біздің осы шалажансар күйімізді мазақ етіп тұрғандай көрінеді... Ал бұрындары Солженицин, күні кеше орыс жазушысы Лимонов пен саясаткер Жириновскийлер «біз қалай сандырақтасақ та, онымызға қарсы шығар халық жоқ» деген сеніммен, еш күмәнданбастан,  біріншісі – «қазақтардың терістік жағын ойып алу керек» десе, екіншісі, тіптен, одан да сорақы – «бұл жерлер орыс мемлекетінің құрамындағы федералды округ болуы керек» деп басынды. Сөз астарында «мұнда ел деген атымен жоқ, бос жатқан жер ғана бар» деген ой жатыр.... Ал бұның мағынасы «қазақтың орысқа бас иіп бағынуы – олар үшін мәртебе» дегенге келенді. Сөйтіп, қазақ олар болмаса құрып кетпек екен, құрамына алғанға алақайлап қуануы керек екен! Бұл – нағыз әзәзіл әжуа! 

Бірақ, біз әлі де «ұйқысырап» отырмыз ба, әйтеуір, бұл қорлыққа қарсы өретүрегелген халық болмады, шұғыл түрде тойтарыс берген билік болмады. Керісінше, тағдырымызды қолына сеніп тапсырған билігіміз қолына наразылық плакатын ұстаған бірлі-жарым өз патриоттарына полициясын айтақтап, дырылдата сүйреп, оларды қылмыскерлер торына бір-ақ тоғытты! Соңынан ол көріністі теледидардан халыққа жария еткенде «па, шіркін, мұздай құрсанған мына сарбаздардың «намысшылды» байлағаны неткен «батырлық» десеңші!» деуге болатындай көрініс болды... Әйтеуір, олардың пошымына қарап: «ел шетіне шын жау тисе қарым көрсетер ерлер екен!» деудің орынына, олардың бұл «батырлығы» күйініш пен өкінішке жетеледі. «Әй, қап!» − дегеннен басқа ештеңе айта алмадық. Иә, бір жағынан, заң тұрғысынан алсақ, бұл − қатардағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу, бірақ, жоғарыдағы Лимонов пен Жириновскийдің сандырағы тұрғысынан алсақ, онда бұл – біздің санамызда «Отан», «Отанды қорғау», «ұлттық намыс» және т.с.с. ұғымдардың жоққа тән болып бара жатқанының көрінісі болып шығады. Сонда, шынында да, біздің мәдениеті кенже, өзіндік ұлттық намысы оянбаған, санасы сірескен халқымыз Отанын танудан  қалғаны ма? «Оян» деп өзімізге өзіміз ғасыр бойы айтып келе жатсақ та – оянбағанымыз ба?  Олай болса, бұл – нағыз қасірет. Себебі, бұл мәселеге назар аудармай-ақ қояйын десең − Отан жалғыз, тағдыр ортақ!  Бәріміз бір кеменің ішінде келе жатырмыз: құрдымға кетсек – бірге кетеміз, жаға шықсақ – бірге шығамыз. Алайда бүгінде мұны ұққан «отаншыл азаматтар»  қылмыскерлер қатарында... Енді не қылдық?!. 

Қалыптағы пікірде бүгінгі заманда халқымыз сауатты,  ғылымда, білімде, өнерде, мәдениет пен әдебиетте, спортта өзіндік жетістігі бар ел делінеді. Өзгелер олай ойлай ма, ойламай ма – онда шаруамыз жоқ, әйтеуір өзіміз бұған сенімдіміз. Ендеше «ояна» алмай жатқан не нәрсе? Неге көрінген көлденең көк атты еш қымсынбастан бізге бастан асыра сөз айтуға қымсынбайды, жасқанбайды? Неге? ...Сондықтан бізге «ояну» үшін де алдымен осы мәселелерді анықтап алған жөн секілді...

Жалпы, әр кездің өз талабы болатыны сияқты, бүгіндегі «оян» сөзінің мағынасы қандай? Мысалы, ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің аузындағы «оян» сөзі негізінен ғылым мен білімге, тәуелсіз даму жолына жетуді көздегені анық. Ал бүгінде «оян» дегеннің астарында қандай мағына жатыр? Соны анықтадық па? Егер біз бұрынғы Алаш қайраткерлері қойған талаптарды дәлме-дәл қайталап отырмыз  десек, онда ол қаншалықты дұрыс? Бұл сұрақтар қоғамда ашық қойылмай отыр. Себебі, қазіргі заманда біз біршама ғылым-білімге қол жеткізумен қатар, ұлт ретінде біршама қалыптасып, өзіндік болмысымызды бірегейлеп, тәуелсіздігімізді де бір жаққа шығарып алдық. Бұл, әрине, толық ақиқат болмаса да, ақиқатқа жақын ақиқат екені рас − ұлт ретінде кеңестік дәуірден сан жағынан ойсырап шықсақ та, сапа жағынан шынығып-шыңдалып шыққанымызды ешкім терістей алмайды. Сөйтіп, біз тәуелсіздік кезеңге сауатты, оқу-тоқуы бар ел ретінде енсек те, бүгінгі ақпарат ағымында әлі де «оян, қазақ» ұранынының маңызын жоймағаны − жалғасқан сенімге көлеңке түсіре бастады. Мынадай бір заңдылық бар − қай заманда болмасын халық күйзелісті жағдайға ұшырағанда ұлт санасында «асанқайғы» сарыны белең ала бастайды. Мысалы, еліне «жерұйық» іздеген Асанқайғының мұң-зары, одан кейінгі «ақтабан-шұбырынды» заманындағы «елім-ай» сарыны және осылай жалғаса береді...  Ал бүгіндері ол сарын басқаша сипатта – «еңсесін көтере алмаған жұрттың күрсінісі» түрде көрініс тапты. Нәтижесінде «асанқайғыдан» ажырай алмаған халыққа «ұйқыдан ояна алмаған халық», «құлдық санадан арылмаған халық» және т.с.с. жағымсыз қылықтар мен қасиеттер деуге тұрмайтын «қасиеттерді» таңу ұласты. «Бұл біздің халықтың маңдайына біткен соры» дейтін көзқарас пайда болды. Әдетте, бұрындары мұндай – «өзін-өзі қор санайтын» мінез ұлтынан тілдік, географиялық, мәдени тұрғыда жаттанған қазақтарға тән болушы еді. Енді  бұл көзқарас қазақы болмыстан кіндігі ажырамаған қазақтардың да бойынан табыла бастағаны алаңдатады. Бұл «феноменнің» құпиясы не сонда? Біз неге әлемдік бәсекелестікке төтеп беруге қабілетті интелектуалдық потенциалға, әлеуетке ие бола отырып, санамыз бен іс-әрекетімізде соншалықты күйзелісті-апатиялық күйге түстік?..  Кейде, тіптен, шарасыздық бойды алып, енді одан арылу мүмкін еместей көрінеді де! Шындық осы ма, әлде, оның түпкілікті мәні басқа жақта ма? Бүгін шама келгенше осы сұрақтарға да жауап іздеуге тырысып көреміз...

Әрбір қоғамның өмірі белгілі бір идеологиялық бағытпен тығыз байланыста болады. Әрине, ол идеология өмір сүріп отырған заманның нақты талаптары мен сұранысын ескереді: мысалы, қазіргі заман біздің алдымызға «тәуелсіздігімізді нығайту», «еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету», «көп ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан мемлекетте ұлтаралық бірлікті, татулықты сақтау» және т.с.с. көптеген іргелі де маңызды мәселелерді шығарды. Бірақ, өкінішке орай, осы мәселелердің бәрі де біздің санамызда «идеологиялық бағыттар» немесе «ұстанымдар» ретінді қалыптаса алған жоқ. Сондықтан «біз идеологиясыз мемлекетпіз» дегенді мойындап үлгердік.  Шындық солай!  Бұл күрделі сұрақ. Бірақ оған жауап беру үшін алдымен «идеологияның негізінде ұлттық идея жатуы тиіс» деген қағидаға келу қажет. Сонда түсініксіз болып келе жатқан көп мәселе нақтылыққа ие болады. Мәселен, кеңестік жүйеден шыққан тәуелсіз мемлекеттердің барлығы дерлік «ұлттық мемлекеттер» болып қалыптасты. Ал «ұлттық мемлекет» дегеніміз құрамында қанша ұлт өмір сүріп жатса да, тарихи әділеттілік тұрғысынан байырғы ұлт мемлекеттің егесі саналады. Сондықтан ондай мемлекетте, ең алдымен, мемлекет құрушы ұлттың көкейкесті арманына сай «ұлттық арман», не, ғылым тілімен айтқанда – «ұлттық идея» пайда болады. Міне, осы «ұлттық идея» ғана түпкілікті мағынасында мемлекеттік идеологияның қаңқасын құрайды. Ұлттық идеядан ада елде мемлекеттің қуатын арттыруға қызмет етерлік белгілі бір бағыттағы идеологияның өмірге келуінің өзі неғайбыл. Біз осы бағытқа бұрылып кеттік. Мысалы, тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы Прибалтика елдері «ұлттық идея» қағидасын бұлжытпай ұстай алды. Сөйтіп, ол мемлекеттер өздерінің болашақ жолын тез-ақ айқындап алды да, бұрыннан бүршік атпай жатқан «ұлттық арманын» өте қуатты мемлекеттік идеологияға айналдырып жіберді. Ортаазиялық мемлекеттер арасында біршама «шатасудан» соң бұл жолға Өзбек және Түркімен мемлекеттері түсуге талпынуда.  Ал Қазақ, Қырғыз, Тәжік мемлекеттері ондайға бара алған жоқ.  Әсіресе, Қазақстан әуел бастан «көпвекторлы» саясат ұстанамыз деді де − не экономикасында, не ұлттық саясатында, не мәдени даму векторында, не сыртқы елдермен қарым қатынасында нақты приоритеттерге (басымдылықтарға) қол жеткізе алмай қалды. Нәтижесінде, өзін «көпұлтты» мемлекет жариялаған Қазақстанның алтынға бергісіз уақытында «ұлттық идеядан» біршама ажырап қалғаны шындық. Сондықтан бүгінде қандай шаруаны қолға алмасақ та −  барлығы да атүсті өтуде. Ал шала-шарпы тірлік бізді әлі күнге дейін белгілі бір идеологиялық бағытқа қол жеткізе алмауға ғана емес, енді, ұлттық идеологияның болуының өзінен алыстата түсуде. Біздің тоқыраудың ең бастапқы себебі де осында! Ал уақыт болса өтіп жатыр − оны тоқтатарлық құдірет адамға берілмеген. Уақытпен бірге біз де ұлттық арманнан алшақ жалған «идеологияның» мемлекет үшін, әрбір азамат үшін даму бағытын анықтаушы ұстаным бола алмайтынын, одан қалса, өзіміз өмір сүріп жатқан «идеологиясыз қоғамда» ұлттық болмыстың шайылуы қарқын ала бастағанын, ұлттық идеяның көмескілене түскенін − жанға ауыр тисе де байқап жатырмыз... Өкінішті, өкінгеннен не пайда!

 

2.Материямен ауырланған  сана қанаты қырқылған құс секілді  

 

Қазіргі біздің қоғамда «арман» жоқ. Алаш қайраткерлерінің алдында ол болды − олар алдына нақты мақсаттар қойғандықтан, сол үшін аянбай күресті. Тіптен, ақтық сағатта өз өмірінің босқа өтпегенін ұғып кетті десе болады. Олардың көкейінде өте биік идея тұрды, өмірі де мағынаға толы болды...  Ал  біз қазірге дейін санамда сіресіп қалған «бәрін де тұрмыс билейді», немесе,  «алдымен экономика, содан кейін саясат»  деген қағидамен өмір сүріп жатырмыз. Бізде биік мақсатты алмастырған «күнкөрістің қамы» ғана бар. Сондықтан «қарны тоқтық – қайғы жоқтық» деп Абай айтпақшы, тұрмысты түзеуді ғана мақсат тұтқан қоғамда бай да, кедей де, шенеунік пен жұмысшы да, халық пен билік те – тек «тұрмыс» үшін өмір сүрмек. Бүгінгі дүние-байлыққа жаппай жанталас соның көрінісі. Мұндайда − «қоғамдық сананың» ролі, ақыл-ойдың жасампаздық қасиеті екінші қатарға сырғиды. Онда  «алдымен тұрмысты (экономиканы) түзеп алайық, содан кейін біртіндеп жағдай оңалады» деп түсіндіріледі, өзін-өзі жұбатады. Мүмкін бұл «сол кезде ақыл-есіміз кіреді» деу шығар... Бірақ «экономиканы түзеу» үшін алдымен оны іске асыратын халықтың санасын, яғни, жаппай шығармашылық қабілетін  «ояту» қажет. Онсыз экономика қалай дамиды? Дамымайды!.  Экономика президент Жарлығымен, немесе, Үкімет Қаулысымен оңала салмайды. Оны дамыту үшін халықты бұл процеске жұмылдыру қажет. Халық оған рухани-мәдени тұрғыда дайын болуы қажет. Міне, осы жағдайда ғана нарықтық экономика қалыптасады, мемлекет қуаты артады. Әлемдегі қазіргі барлық дамыған елдер өздерінің өрлеу жолын «халықты биік мақсатқа жұмылдырудан» бастаған. Мысалы, соғыстан кейінгі Еуропа,, әсіресе – ФРГ, Азиядағы Жапон елі және т.т. Үкіметтің басты міндеті халықтың жігерін осы бағытқа бұру. Оны үкімет заңдармен, инвестициямен, біліммен, коррупцияны жоюмен т.б. шаралармен дер кезінде қамтамасыз етіп отыруы тиіс.  Ең бастысы – әлеуметті белсенді қоғамның болуы. Ал оның басты шарты – демократияны қалыптастыру. Сондықтан Үкімет адам құқын алға шығармайынша, экономикада әділ бәсекелестікті қалыптастырмайынша «алдымен экономика» қағидасы жүзеге аспайды, қайта – кері кетеді. Халықтың елдегі процестер мен өзгерістерге белсенді араласуы, өзін-өзі үздіксіз жетілдіруі, әлемдік оңды тәжірибені бойына сіңіруі ғана алға қойған мақсаттарға жеткізеді. Ал біз қазір кері процесті бастан кешудеміз: экономиканы жақсарту жайына қалып, жұрт шын мәнісінде «тұрмыс жағдайы» үшін ғана күресуде! Осы «жанталас» мемлекеттік жауапкершілікті ығыстырып шығарды, нәтижесінде алдымен билік коррупцияланды, ал қазір болса − бұл дерт қоғамның барлық буындарына тарап жатыр. Қаншама болашақ дарын, тұлға, қайраткер осының көлеңкесінде ашылмаған күйі солып жатыр... Ұлы Абай «есектің артын жусаң да мал тап» деген. Бірақ Абай «аянбай еңбек еткен адам ертең есектен атқа отырарына» меңзеген еді. Ал біз, халықтың санасы, басқаша айтсақ – «адам капиталы» дамымаған, оны дамытуға мүдделі емес елде «есектің артына қараудан» аса алмай жатырмыз, «Оян қазақ!» ұраны баяғы сол  − арман күйінде қалды...

Соған сәйкес бүгінде «оян» сөзінің мағынасы да кері мағынаға ауысып кетті. Енді, ол «биік мақсатта» емес, тоғышарлық мағынаға ие болып кетті. Дәлірек айтсақ, бүгінде біз «оянған қазақ» деп қандай жолмен болмасын әбден байып алған қазақты айтатын болдық. Бірақ «санасын тұрмыс билеген» ол бай қазақтың да оянғаны шамалы – әрі кетсе ақшасына үй салар, ресторан ашар, сауда жасар, не, капиталын офшор асырып шет елге − Швейцария-Лондонға кетер...  Сөйтіп, біздің «оянған жаңа қазағымыз» да тұрмысы үшін бәрін жасауға әзір, бірақ ол Отаны үшін отқа-суға түспейді, ендеше, кәсіби шеберлігін шыңдамайды, адам ретінде кемелденбейді! Сондықтан бүгінде «байлыққа қалай жету абзал?» деген имандылық сұрақ құнын жойды. Тек тоғышарлық тәбет пен эгоизм қалды. Мәселен қоғамда бюджет ақшасын тонау қылмысы өршуі, оны тоқтату мүмкін болмай отырғаны − осымен тығыз байланысты. Себебі, «отаншыл» сезім жоқ, яғни, жауапкершілік жоқ. Барлық пиғыл тек байлықта (тұрмыста) болып, «Отан», «Мемлекет» деген қастерлі ұғымдар жалаңаштанып қалуда.

Кез келген қоғам – «жетілген адам», саналы әрекет етуші субьект. Ендеше, қоғамның күнделікті дамуында және әрекетінде мүлде бөлек  принциптер жұмыс істеуі тиіс: қоғам өзіне дейінгі мәдениеттің, тәжірибенің «саналы» мұрагері ретінде тек «тұрмыстық жағдайға» байланып емес, жеткен рухани мұраны баспалдақ ете отырып, арғы қарайғы дамуын жалғастыруы тиіс. Жағдай бүгінгідей – «байдың одан әрі баюына», «кедейдің күнделікті тіршілік үшін жанталасына» байланып қалмауы тиіс. Бірақ, мұнда ескеретін нәрсе бар, ол – қоғамда өткеннен жеткен мәдениет неғұрлым бай болса, қоғам да айтарлықтай табыстарға жетеді. Қоғам тарихты сабақтастыра отырып, өзінің өмір сүру формасы – рухани байлығын жетілдірген сайын әрекеті де қарқынды болып, табысы да қомақтала түседі. Мемлекет қоғамның әлеуметтік жағдайын түзейді, өзінің  үздіксіз дамуын қамтамасыз етеді. Бұл – экономиканың емес, «сананың» өмір сүру формасы. Олай болса, мұндағы дамуды айқындаушы «тұрмыс» емес, тұрмысты үнемі жетілдіруге бағытталған «сана» болып шығады. Мұны елемеу, көрмеу, байқамау мүмкін емес! Нағыз саясаткер, қоғам қайраткері тек осындай көзқараста болса ғана – жұртын алға жетелей алады. Болмаса – оның өзі  де кертартпаға айналады!

«Сананың бастапқы екендігі» адамзат баласы қауымдасып өмір сүре бастаған кезден-ақ айқын көріне бастаған. Содан бермен қарай «тұрмысқа тәуелділік» сананың әлсіздігін, ал қоғамға қатысты – «қоғамның мешеулігін» білдірумен келеді. Ендеше, қоғамның дамуы үшін «алдымен экономика» деген принципті негізге алуды «тұрмысқа тәуелділік» деп санау керек. Сөйткенде, бұл принципті адамзаттың  өркендеген заманында «кері кетудің» белгісі санатына жатқызуға әбден болады. Бүкіл әлем «ғаламдық сана» жетістігін емін еркін қолдануда. Қазіргі кезде «тұрмыстық мәселелерді» шешу ғылыми тұрғыда, стратегиялық бағыттарда іске асуда. Ал біздің Қазақстан сияқты қазба байлығы мол елде, жалпы сауатты, көзі ашық халқымен «тұрмыстық мәселені» осындай жолмен шешу әлдеқайда жеңіл іске асуы тиіс еді. Бірақ, соған қарамастан біз әлі де тұрмысымызды түзей алмаудамыз. Тұрмыс – біз үшін «майданға» айналды! Мұның бәрі де дамудың бастапқы принциптерін анықтай алмағандығымыздан болып отыр. Оны  «өрескел қателік» деген дұрыс. Мұны философиялық бейнелі түрде айтар болсақ, бұл «қанаты қырқылған құс секілді, материямен ауырланған  сана да қалықтап ұша алмайды» дегенге келеді...

Ал интеллектуалдық әлеуеті жоғары, оянған, «саналы қоғам», алдымен, «адам капиталы» мәселесін алға шығарады, соның талабына сай экономикасын жетілдіруге ұмтылады. Яғни, бұл принцип үстем болған қоғамда адам шығармашылығының еркін бастаулары −  ғылым мен білім, іскерлік қабілет, денсаулық, салауатты өмір және т.б. көптеген адами қасиеттер дәріптеліп, үстемдікке ие болып, мемлекет шынайы азаматтық-құқықтық-демократиялық қоғамға қарай бет бұрады. Ондай мемлекеттің рухани тірегі күшті, экономикалық діңгегі мықты болады! Біз білетін «оян» сөзінің ақиқаты осы!

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052