Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 7172 0 пікір 2 Маусым, 2014 сағат 11:06

Дәурен Қуат. «Апостол» Ақмола облысына оралды...

 

«Екі облыстың әкімі ауысты. Е-е, кімдер екен?»

Ел ішін қазір атқарушы биліктегі ауыс-түйіс аса елең еткізе қоймайды. «Кетіп пе? - Кетіпті». «Келіп пе? - Келіпті». Болды. Кім келіп, кім кетіп жатыр – онда жұрттың шарауасы шамалы. Өйткені, кетіп жатқандар да – бұрынғылар, келіп жатқандар да – бұрынғылар. Түкте қызық емес. Мысалы, Сергей Кулагиннің әкімдік қызметке қайта тағайындалуы  басқа өңір былай тұрыпты, Ақмола облысының тұрғындары үшін пәлендей жаңалық қой дейсіз бе? Жоқ. Сергей – сол баяғы Сергей. Ақмола облысын 5-6 жыл, Қостанай облысын 7-8 жыл басқарған. Көзілдірікті, бет-ауызы жып-жылмағайдай жылтыраған, дембелше, тізесін қапқан қарынын алдына салып жүретін адам. Астана барғанда бітіргені – баласын Елорданың бір ауданына әкім етіп тағайындатты, өзі қалғып-мүлгіп сенатта отырды. Болған, біткені – осы. Ақылы асып, қайраты тасып, кемелденіп кеткені шамалы. Сонда да қатардан қалмайды. Әрине, биліктегі саяси элитаның қатарынан. Мемлекет ісіне жауапты лауазым иелерінің қатарынан.

«Дүмі мықты артымен диермен тартады», Кулагин біз үшін жай ғана Кулагин болғанымен Қазақстандағы алпауыттың бірі. Ойыныңыз келмесін. Латифундист. Қостанай мен Ақмоладағы қақ іркілген шұқанағына қаймақ байланатын шұрайлы жерлердің қожайыны. 1991 жылдары-ақ өзімен аттас тағы бір Сергей, – Сергей Терещенко премьерлік құрып тұрған кезде қарпып қалғандардың сойынан. Астықты өңірлердегі егістік алқаптары, бұрынғы совхоз-колхоз қалпында қалған ұжымшарлар, техникалар, жаңадан сатып алынып жатқан комбаиндар, ірі-ірі қамбалар Кулагин, Терещенко дейтін кісілердікі. Бірақ мінәйі бір себептермен жария айтылмай келген. Енді айтылады. Өйткені елімізде жекешелендірудің соңғы серпінді сәті аяқталуыға жақын. Демек, бұрыннан жекешеленіп қойған мүліктер мен жер-судың қожайындары кімдер екендігін білетін күн алыс емес.

Сонымен, иә, Кулагин. Ақмола облысына қайтып барды. Не үшін? Ақмола облысының екі тізгін, бір шылбыры Кулагиннің қолына не себепті тигеніне байланысты біз өз жанымыздан жорамал жасай алмаймыз. Бәлкім, оның бұрынғы соңғы тәжірибесі ескерілген шығар. Бәлкім, оның ресейлік жер алпауыттарымен байланысы кәдеге жарар деген байлам жасалған болар. Еуразиялық экономикалық одаққа қол қойылып, интеграция бұрынғысынан қарқын ала түскен кезеңде Кулагиннің Ақмола облысына әкім тағайындалуы ықпалды күштердің талабы бойынша жүзеге асуы да кәдік. Жә, бұның бәріне алдағы уақытта көз жеткіземіз. Бірақ, Кулагиннің Ақмола облысында мемлекеттің тұтастығына орай оңтайлы саясат жүргізетініне, шетелдерден көшіп келіп қоныстануы ықтимал  қазақтардың алдынан шығып, іскерлік танытуына, шешімін таппай шиеленіп тұрған ұлттық деңгейдегі мәселелердің түйінін тарқатуыға пәрмен етеді деп сену қиын. Бұрын бұның бірін істемеген шенеунік біз атап өткен жайттарға шекесінен қарап жүре беруі әбден мүмкін. Себебі ол – «Апостол». Сөзіміздің жалғаны жоқ, Қостанай  қаласындағы мәдениет үйінің бірінде Христиан дініндегі әулиелердің ортасында Кулагиннің бейнесі бар. Бұл «шедеврді» «суретші қиялынан туған бірдеңе» деп Кулагин Қостанай облысының әкімі болып тұрған кезінде ақталып баққан. Бірақ жергілікті суретші шындықтан алыс кете қоймаған сияқты. Өйткені ол Кулагиннің Қостанайда әулие-пір ретінде дәріптелетінін әбден білгендіктен оны сахаба-шадиярлардың дәріпінде бейнелесе керек. Осыдан шығады ғой... Иса пайғамбардың жеті шадиярының бірі – Петр сахаба туралы «Киелі хабарда» бір сөз баян етіледі. Кешкі жиын үстінде  Пайғамбар Петр сахабаға қарап:  «Әтеш таңға дейін үш рет шақырғанша, сен менен үш рет безінесің» дейді (кейде «үш рет сатасың» деп те айтылады). Безіну не, сату не, бәрібір, «апостол», яғни, «сахаба-шадияр» - Кулагин Кулагиндігін істемесе болғаны. Биыл  Ақмола облысында – 8480,7 га, жер қытай және Ресей диханшыларына жалға беріледі.

Ірегіміздің бүтін тұруына ілгеріде де алаңдаулы едік, Украина мен Ресей арасындағы соңғы оқиғалардан кейін тіпті тынышымыз кетті: қазір екі сөзіміздің бірі – еліміздің терістік аймағы. «Кім не ойлап жүр екен?», «Жергілікті билік қандай саясат ұстануда?», т.б. Осының бәрін сөз етіп қана қоймай жазып та жатырмыз, тыңдар құлақ болса, айтып та жатырмыз. Соның бірі Кереку жақтан Руза Бейсенбайтегінің жанұшыра ышқынған, шырылға толы хаттары. Шолып өтіңіз: «Павлодар: көк байрақшамызды көтеріп жүру мүмкін болмады», http://abai.kz/post/view?id=540, «Қауіпті құбылысты ескерту: «Скоро здесь Россия будет. Мы все будем Россияне» http://abai.kz/post/view?id=281

Ашық хаттарының бірінде Руза Павлодар облысындағы биліктің де-факто Ақ Ордаға қарап, де-юре Мәскеуге бағынып, соның сөзін сөйлеп, сойылын соғып отырғанын жазады. Ана тілінде сатушыдан нан сұрағаны үшін жазықты болған Рузаның басындағы хәл солтүстіктегі әйдік облыстың бірі – Павлодардағы  ұлттық ахуалдың шетін жағдайда тұрғанын аңғартса керек. Бұ дегеніңіз – масқара! Масқара емес, сұмдық! Жамбыл облысынан Павлодар барған Бозымбаев деген бозымның қазақшалығы кемдеу еді, бәрекелді, Павлодар әкімге «жарыған» екен.

Әкімге «жарып» отырған облыстың бірі – Қостанай. Қостанай облысының әкімі Садуақасов Нұралы деген жігіт. Қостанайдың халқы болмаса, Нұралының қандай Нұр-алы екендігін өзге жұрт біле бермейді.

Қостанай – астықты, өнеркәсіпті облыс. Жан саны 900 мыңға жетіп жығылады. 900 мыңның 360 976-сы орыс, 317 762-сі қазақ. Бұның сыртында 102070 украин, 33421 неміс, 19367 белорус, татар, башқұрт, азербайжан, чечен, молдаван, мордва, корей бар. Бұл ағайынның бәрі жиналып келгенде әлгі үш жүзмыңның үстіндегі орыс жағында екені сөзсіз. Орысша сөйлейді, орысша ойлайды. Билік – орыс тілінде. Әкімнің өзі де басынан бақайшағына дейін орыс мәдениетімен қаруланған адамға ұқсайды. Мәскеуде оқыған. Қостанайдағы орысы ормандай аудандарда қызмет жолын бастаған. Орысшылдығының арқасында болса керек, облыс әкімінің аппарат жетекшілігінен облыс басшылығына бір-ақ секірген. Қазір алаштың ардақтылары дүниеге келген киелі өңірді Ресейдің бір автонмиясындай көріп, білгенін істеп былықтырып отыр. Байқұсқа Мәскеудегі оқу қатты өтіп кеткен білем, мемлекеттік мазмұны белгіленген мерекелерге Ресейдің маскүнемдікке салынған кейбір әншісымақтарын шақырып той-тойлайтын көрінеді. Қараңыз: «Қостанай РФ автономиясына айналып барады» http://abai.kz/post/view?id=559 , «Қостанайда Ленинге ескерткіш орнатылды» http://abai.kz/post/view?id=475 . Рейтинг.kz зерттеу агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Қостанай экономикалық даму жөнінен артта қалған екі облыстың бірі болып тұр.

Солтүстік Қазақстан облысында да әкім ауысты. Экс-әкім Cамат Ескендіров «қармағымдағылар жемеңгер болып шықты» деп орнын босатты. Самат дейтін әкімнің бар-жоғынан да «сқолықтардан» өзге жұрт хабарсыз болды. Сондықтан да Ескендіровтың қызметінен өз еркімен кеткен «ерлігі» ескерілмей қалды. Неге? Өйткені  Cамат Ескендіров Қызылжарда ел қызығардай ештеңе тындырып үлгермеген сияқты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сияқты әкімшіліктің алдында серейіп тұрған Лениніннің ескерткішін құлатып, Абайдай алыпты тұғырға көтерген емес, Алтай тауының бетіне «ҚАЗАҚСТАН» деген жазуды жайнатып жазып, қасқайтып Қабанбайдың ескерткішін тұрғызу ойына да кіріп шықпады (Алтай тауына жазылған «Қазақстан» деген сөз Украина-Ресей арасындағы шиеленіс барысында шетелдік журналистердің көзіне ілігіп, Батыс баспасөзінің бірінде жарық көрді). Бір сөзбен қайырғанда: барды, отырды, қайтты. Чеховтың «Құндақтаулы адамы» дерсіз-дүр.

Украина мен Ресей арасы бүлінерден бірер күн бұрын Кремльдің асыранды саясаткерлері Лимонов пен Жириновский «Қазақстанның бес облысын қайтарып алуымыз керек» деп аяқ астынан айқай-сүреңге салды. Сол сол-ақ екен, еліміздегі «бесінші колонна» өкілдері әр тұстан, әсіресе, солтүстік пен шығыстан бой көрсетіп қалды. Шығыс Қазақстан облысындағы казактар желігіп Украинаға соғысқа аттанбақ болып еді, оларды берен әкім Бердібек Сапарбаев аттап бастырмады. Алайда, Қарағандыдағы тұяғына сүрінген кәрі коммунистер «Совет Одағын қайтадан қалпына келтіреміз» деп алаңға шыққанда олардың алдын бөгер адам әкімшілік тарапынан табылмады. Бұл жайт Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдешевің те айдалаға қарап отырғанын аңғартады. Сөздің турасына көшссек, Атазаңымызда айшықтап тұрып көрсетілген мемлекетіміздің біртұтастығына, ұлт қауіпсіздігіне бүгінгі боскөтен Бауыржандар, әкімсымақ әбдешевтер бас ауыртпайды екен. Мүмкін облыс әкімдерінің құзырына мұндай мәселелер кірмейтін шығар?  Сонда әкім, облыс әкімі кім? Ол алдымен барып кел, шауып кел емес. Өкінішке қарай облыс әкімдері өз функцияларын «орталық не айтар екен, орталық қандай тапсырма берер екен, мына ісіме орталық қалай қарар екен» деумен шектейді. Сөйтеді де дірілдеп-қалтырап Ақ Ордаға қарайды да отырады. Өз бетінше жергілікті ұлт мәселесіне көңіл аударуға, жер-су аттарына мән беруге, тарихқа үңілуге, пәрменді шешім қабылдауға көбінің тәуекелі жетпейді. Тәуекелі ғана емес, ойлау қабілеттері де жетпейді-ау деймін. Сондай солқылдақ басшылар да біздің заманымызда ел басқарып, әкім атанып жүр. Қайтесің енді, бәрі де «апостол» ғой.

P.S. Апостол – көне грек тілінде елші дегенді білдіреді. Иисус Христостың шәкірттері, сахаба-шадиярлары.

Abai.kz                            

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270