Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Әдебиет 11014 0 пікір 26 Мамыр, 2014 сағат 13:26

ШӘКЕРІМ ҚАЖЫМЕН ХАТ ЖАЗЫСЫП ТҰРЫПТЫ


Биыл Кенжетілеу Доланбекұлының туғанына – 110 жыл. Осыған орай біз оның өмірдеректерін, еліне сіңірген еңбегін халыққа жеткізуді жөн көрдік.
Кенжетілеу Доланбекұлы 1904 жылы Шыңғыстау тауының бөктерінде дүниеге келген. 1925 жылы ересектер мектебінде хат танып, кейіннен Семейдегі партия-кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстан білім алған. Абай ауданының іргетасын қалаушылардың бірі болып, елде сауатсыздықты жою үшін күресіп, оқытушылық қызмет те атқарған. Атап айтқанда, К.Доланбекұлы Машан ауылдық кеңесінің хатшысы, мұғалім, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, соңғы жылдары аудандық зат дайындау мекемесінде қызмет етті.

Шәкерім қажымен кездесу үшін Шақпақтағы саятқораға бірнеше рет барыпты

Ол сөзге шешен, білікті ел ағасы болды. Өзінің өмір тәжірибесімен, қариялардан естіп-көрген үлгісімен елді ынтымаққа, берекеге, еңбекке жұмылдырып, халқына сыйлы қария болған. Кенжетілеу Доланбекұлы 1929-1930 жылдары Шәкерім қажымен кездесуге Бақанас-Шақпақтағы саятқораға бірнеше рет барған екен.
«Абай мұражайының хабаршысы» ғылыми-танымдық журналының 2010 жылғы №1 (01) санындағы «Шәкерім – ақылды, ойшыл, философ» деген мақалада: «1926 жылы желтоқсан айында Семейдің губерниялық совпарткомында оқып жүріп, Жұбайхан Меңдібаев екеуіміз Шәкерімге хат жаздық. Кішілік жүзбен сәлем бере, ептеген сұрақтар қойдық. Сонда бізге қайтарған жауабы мынау» - дейді 1931 жылдан СОКП мүшесі, қазір Қарауыл ауылында тұратын Кенжекең.
«Келешектің жастары, рақмет жазған хаттарыңа, сендер мынаны ұғыңдар! Ұлы орыс халқының мәдениетіне көшіңдер. Орыс халқында мынадай адамдар болған: Ю.Лермонтов, Л.Толстой, А.Пушкин. Осылардың жазған еңбектерін оқып, ғылыммен шұғылданыңдар. Сонда сендер дүние танисыңдар. Өздеріңнің қатарыңдағы жастарды да осыған бейімдеп, тарта біліңдер. Келешектің кілтін ұстайтын жастар сендер боласыңдар. Менің әзірше беретін ақылым осы.
Бұл К.Доланбекұлына ғана айтылған сөз емес. Шәкерімнің көпшілікке, ертеңгі жастарға айтқаны талассыз. Шәкерім өз еңбектерін тек қана елінің өміріне сүйене отырып жазған» делінген.
Қажының баласы Зият пен Берлештің Қытай асып кетуі үшін астарындағы аттарын (Мырзалымен бірге) беріп, қоржынға азықтарын салып, астыртын шығарып салған да Кенжетілеу екен.
Кенжетілеудің медицина саласының білгірі, ұзақ жылдар осы салада еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ұлы Айдар былай деп тебіренеді: «1930-1932 жылдары әкем жетім балалар үйінде директор болып қызмет істеп жүргенде, қазақ жеріне ашаршылық келді. Ашаршылық жылдары жасы 30-ға да толмаған әкем халық қырылып, оның үстіне аштықтан өліп жатқан балаларды өз көзімен көріп, жантүршігерлік жағдайда Алматыға, Орталық Комитетке, Голощекинге хат жазып: «Сенің қолың қойылған партияда мен болмаймын» деп партбилетін хатқа салып жіберіпті. Хат сол уақытта Орталық Комитетте істеп жүрген Мұсатай Ақынжановтың (әкемнің жақын туысы) қолына түседі. Ол жеке отырып, хатты оқып, шошып кетеді де, оны тығып қояды. Көп ұзамай Голощекин кетіп, әкемнің бағына қарай Мирзоян келеді. Артынан Мирзоянның қолы қойылған партибилетті алады.
1937-1938 жылдары әкеме «халық жауы» деген жала жабылып, 58 баппен Семей түрмесіне қамалады. Ол түрмеде Абайдың баласы Тұрағұлмен бірге жатқан көрінеді. Ал шешем түрмеге астыртын хат жіберіп, тамақ апарып, қалаға жиі баратын. Алматыға, Орталық Комитетке түрмеден астыртын шыққан хатты пошта арқылы салып жіберіп отырады. Дәм-тұзы таусылмаған ғой, әкем түрмеден босап, тек 1957 жылы ақталып шықты.
Біздің үйге ауыл қариялары жиналып, әңгіме-дүкен құратын. Олардың ішінде Арқаш ата (Кәкітай тегі), Берлеш ақсақал (Тәңірбердінің немересі), Ермұса жездеміз (шежіреші) болатын. Кейіннен оларға Шәкерімнің баласы Ахат қосылды.
Әкем осындай шытырмандарда оңаша болуларын қалайтын. Әңгіме арқауы Алаш азаматтары және Шәкерім қажының еңбектері мен қолжазбалары туралы болған екен.
Ахат ақсақал әкесінің сүйегін 1962 жылы күз айында Бақанастағы құрқұдықтан арнайы чемоданға салып, жалғыз өзі алып келеді. Келген түні Арқаш ақсақалдың үйінде әкем Кенжетілеу бастаған санаулы ақсақалдар Шәкерімнің жаназасын шығарып, Жидебайға апарып, жерлеп қайтқан.
Кейіннен ойлаймын, үлкендердің бұл астыртын жүрістері, құпия әңгімелері, іс-әрекеттері сол кездегі заманға қарай болған екен ғой. Әкелеріміздің ойлары тек артымыздан келе жатқан жастарға зиянымыз, кеселіміз тимесін дегені ғой. Өйткені, ол кезде Шәкерім қажының атын атаудың өзі үрей тудыратын. Осы жәйттардың мәнін кейін әкем 1968 жылы өмірден озғанда ғана түсініппін».

Мұхтар Әуезов Кенжетілеудің ат-арбасымен ел аралайды екен

Айдар Кенжетілеуұлының айтқандары оның әкесінің Шәкерім қажымен, оның ұлы Ахатпен тығыз байланыста болғанын дәлелдейді.
Мұхтар Әуезов өзінің дүниені дүр сілкіндірген «Абай жолы» романын жазу қамымен Абай елін, туған жерін аралағанда елдегі шежірелі ақсақалдардан көп мәлімет жинап, әсіресе, Кенжетілеу Доланбекұлының ат-арбасымен елді жиі аралайтын.
Бұл туралы шежірелі қарт Бекен Исабаев «Ұлылар мекені» кітабында былай дейді: «Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхаметханов және Кенжетілеу Доланбекұлы, бәріміз Тышқанның Қарасуына келдік. Мұқаң біздерге аттарды тұсап жіберуді тапсырып, өзі шешіне бастады. Біз аттарды тұсап жібергенше, шешініп суға түсті де кетті. Біз де суға түстік. Мұқаң судан бұрын шығып, жерден бірдеңелер алып жүрді. Судан шығып киінсек Мұқаң түсі жылып, көңілді кезіндегідей көзінен нұр төгіліп, тас үстінде отыр екен. Біз тездетіп киініп, қасына келгенімізде: «Сендер суға қаймақ жалата білесіңдер ме?» - деп кішкене жұқа қалақтастар берді. Манағы қалақтастарды сол үшін жинаған екен. Мұқаң: «Бала кезімізде Бөріліден осы қара суға, сиыр сықпағына түсіп, жаяу кеп, шолушы едік» - деп күлімсіреді. Мұқаң жадыраған сайын Кенжетілеу де, Қайым да көңілденіп, сол көңілмен суға тас жалатты».
Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романы жарыққа шыққаннан кейін Абай елінің біраз ақсақалдарын қонаққа шақырады. Олардың арасында Кенжетілеу де болады. Бірақ, ол кісі сол кезде бара алмай, кейіннен барады. Барса Мұхтар Әуезов іссапармен Мәскеуге кетіп қалыпты. Үйде жұбайы Валентина Николаевна жақсы қарсы алыпты. Мол дастарқан жасап, қазақша ет тартыпты. Бұған Кенжетілеу риза болып, елге келгенде бірталайға дейін айтып жүріпті.
Кенжетілеу Доланбекұлы қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлымен де тығыз қарым-қатынаста болған. Оған дәлел – Абай елінде отырып, Бауыржанмен хат жазысып, қонаққа шақырғандығы. Бірақ, ол кезде Бауыржан Момышұлы келе алмайтындығын және ризашылығын білдіріп, арабша хат жолдаған екен. Аудармасы төмендегідей:
«Ардақты ақсақал!
Хатыңызды алдым. Мен үйде болмаған соң кешігіп жауап бергеніме кешірім сұраймын. Сәті түссе, тұз-дәм бұйыртса, сіздердің ауылға барып қайтсам деген ойымда. Сіздің ел менің қайын жұртым болады. Мен Бекбайдың күйеубаласы боламын. Сәлеммен: Бауыржан Момышұлы. 8 маусым, 1968 жыл».

Шәкерім қажымен хат жазысып тұрыпты

Бірақ, сол жылы Кенжетілеу қайтыс болады.
Абайдың 125 жылдығында Бауыржан Момышұлы Абай еліне келгенде Кенжетілеудің үйіне барып, баласына, туған-туысқандарына көңіл айтады. Кенжетілеудің баласы Айдардың дастарқанынан дәм татады. Әке арманын баласы Айдар жүзеге асырып, батырды қонақ етіп, сый-құрмет көрсетеді.
Кенжетілеу Доланбекұлының тағы бір ерлігі: қатты науқастанып, обыр ауруымен ауырып жүргенде Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы К.Нұрбаевқв барып, өзінің тірі кезінде партбилетін өткізбек болады.
Бірақ, білгір басшы, халық қамқоршысы К.Нұрбаев партбилетті қабылдамай, Кенжетілеудің әлі де жазылатынын, партия мүшесі ретінде халыққа, еліне еңбек ететінін түсіндіріп, шығарып салады.
Отаны, елі, жері десе барлық қиындықтарға төзіп, қажет болғанда өз өмірін де қатерге тігуге дайын екендіктерін көрсетіп, дәлелдей білетін Кенжетілеу Доланбекұлы сынды ақсақалдарымыздың жарқын істері жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге бола бермек.

Малғаждар Жүнісжанов,
Семей тарихи-өлкетану мұражайы
Қарауыл филиалының меңгерушісі
Абай ауданы.

Дереккөз:  "Дидар" газеті

0 пікір