Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Саясат 12183 0 пікір 26 Мамыр, 2014 сағат 11:47

УКРАИНА ДАҒДАРЫСЫ: ОРЫСТЫҢ СОРЫ ҚАЙНАУЫ МҮМКІН

Ресейдің империялық саясаты қабына бастағалы көршілерімізде де, әлемде де маза жоқ.   Қырымды қанжығасына байлап, Евразиялық экономикалық одағын құрды. Украинадағы қырқысты да отын қағыстырып отыр. Украина Қырымды  қойып, Шығыс обылстарынан айырылып қалам ба деп алаңдай бастады. Дәл осы жерде кім ұтып, кім ұтылып жатыр деген заңды сұрақ туады.

Қырым Ресейге сіңіп барады. Бұл Путиннің халық арасындағы беделін көкке көтерген уақиға болды. Онсыз да басқа бұратана халықтарды отарлап дәніккен орыс шовинистерінің қуанышында шек жоқ. Тіптен Украинаны жұтып алып, Қазақстан мен Балтық елдері  сынды орысшыл халқы көп мемлекеттерге де ауыз салғысы келеді.

Орыстың соры қайнауы мүмкін

Ресей билігі «Жаңа Ресей» атты шығыс оңтүстік Украинаның  тәуелсіздікке ұмтылған бөлігін ашық қолдауға батылы жетпеді. Жасырын немесе орыс шовинистерінің ыңғайына ілесіп сөз жүзінде қолдауға көшті. Егер Приднестровская Молдавская Республика сынды  тәуелсіз аймақ қалыптасса орысқа да, Украинаға да қиын болатыны белгілі. Себебі, бұл Ресейді қыспаққа алуды мақсат еткен батыс елдері үшін үлкен орай болатыны белгілі. Міне, сол үшін орыстар тіптен осы Донецск, Луганск қатарлы шулы аймақтарды тыныштандыруға мүдделі болуы да мүмкін.

Біріншіден, Орыс Қырымды қосып алғаннан бері түрлі санкциялардың кесірінен 250 миллиардқа жуық доллар қаржысынан айырылды.

Екіншіден, Орыс энергетикасына тәуелді батыс елдері енді басқа аймақтардан энергетика көздерін тауып, орыстан алыстауға бет алды. Бұл шабынып тұрған орыстардың арынын басты. Тіптен Иран қатарлы елдер  батыс елдеріне мұнай-газ өнімдерін тасуға  даяр екендіктерін ашық мәлімдеді. «Біреу  өлмей біреуге күн жоқ» осы.

Онсыз да батыстың ықыласына бөленгісі келген Иран осы орайда АҚШ бастаған Европа елдеріне жақындамақ ниетте. Ал Реседі жетім баладай жаутаңдатып жалғыз қалдырғысы келген батыс елдері үшін бұл үлкен мүмкіндік болмақ. Оның үстіне Әзербайжан, Түркімен елдері де Түркия арқылы европаға газ және мұнай өнімдерін шығаруға мүдделі екендіктерін айтып келеді.   Бұл жерде  Таулы Қарабақ соғысы мен Қырым Татарларының тағдыры Түркі халықтарын Орыстан алыстауға жетелейтіні тағы бар. Әзірше, Ресейдің жан досы тек Қазақстан ғана.

Үшіншіден, Ресей күн өткен сайын күшейе келе жатқан АҚШ пен батыс елдері тарапынан салынып жатқан санкцияларға шыдас бере алмауы мүмкін. Жан-жақтан анталаған батыс елдері дауысы қатты шығатын орыс шовинистерін тізіп отырып, қара тізімдікке кіргізді. Бұл Путиннің маңайындағы олиграхтарды шошытып отыр. Мұның да орыс экономикасына әсері болатыны сөзсіз. Колчактің «Бір ұлттың басындағы 500 адамды құрту арқылы сол ұлтты құлдандыруға болады» деген философиясы дұрыс болса, батыс елдері орыстың басындағы 500 бай мен бекті шектеу арқылы да үлкен саяси ұпайға жетері хақ.

Төртіншіден, Сириядағы соғыста Башар Асадты жақтаған Путин әлемдік саясатта АҚШ-ты жеңді. Енді абройы айрандай төгілген Обама Ресейді аямасы анық. АҚШ көп жақтан Ресейге тәуелді емес. Европа елдеріне тұрақты энергетика көзін тауып беру арқылы оларды да орысқа қарсы қоя алады. Ал құрылыс саласындағы бизнестің 40 пайызы мен ішкі және сыртқы өндірістің  12 пайызын жоғалтқан Қытайдың Ресейге қаншалықты опалы боларын қазірше ешкім де болжай алмай отыр. Қытайға да экономикалық қысым қатты күшейіп кеткендігін ескерген жөн.

Бесіншіден, Ресейде ұлтараздық ұлғаюда.  Орыстық шовинизм Ресейдегі түркі жұрты мен басқа да халықтарды тіксіндіріп отыр. Бұған Путинге қарсы күштерді қосыңыз. Бұл орыс саясатын шайқалтуы мүмкін. Себебі, орыс ұлтшылдығы басқа ұлттарды ұмытып барады. Тіптен Қырым Татарларына берілген уәде де далада қалды. Бұған тағы да казактар секілді орыстың мәңгілік қолшоқпарына айналғысы келмеген Украин сынды халықтарды қосыңыз. Бұл ұлтаралық мәселенің ушыға бастағанын көрсетеді.

Орыс, Иран, Украин, Қазақ...

Жалпы алғанда, орыс енді Украинаның шығыс-оңтүстігін бөлшектеуге және қосып алуға мүдделі бола алмайды. Бұл жоғардағы себептерден болса керек. Тіптен орыстың батыс елдері мен АҚШ еліне қарата жүргізбек болған қарымта шаралары да Ресейдің өзіне қарсы қысымды күшейтіп жіберетіндігі белгілі болды. Мысалы, GPS –ті тоқтату, Космодрамдағы келіссөздерді бұзу қатарлы шаралардың  орысқа зияны көп екені анық.

Естеріңізге сала кетейік, қазір Европа газдың 30 пайызын Ресейден алады. Иран табиғи газ қоры бойынша әлемдегі Ресейден кейінгі екінші ел. Бірақ Еуропа Одағы Ираннан табиғи газ импорттауға эмбарго жариялаған. Бұл – Тегеранның ядролық бағдарламасына жарияланған санкциялардың бір бөлігі. Алайда, Иран санкцияларға қарамастан қайта-қайта ұсыныс жасап отыр.

Ал, Украина болса, әзірше орысшыл, сатқын  әскерилерінен толық арылудың сұрыптау кезеңін үн-түнсіз өткізіп жатыр. Бұл тазалаудың да бітетін күні жақын. Украинаның бұл әлсіздігін шовинист орыстар пайдаланып кеткенімен, олардың армандары орындалмайтын түрі бар. Себебі, Ресей олардың «Жаңа Ресейін» қолдауға мүдделі емес. Тіптен, батыс елдері «Женева келісімін» орындамады деген желеумен күн сайын қысым жасап, сылтау мен себеп іздеуде. Бұл орыстың жүрегін шайлықтырып жіберді. Енді орыс «Жаңа Ресейді» жөргегінде тұншықтыруға көмектесуі мүмкін. Соңғы 5-7 күн ішіндегі «Росиия 24» бастаған орыс телеарналарының ақпарат тарату саясатының тұтқиыл өзгеруі де осыны көрсетіп отыр. Тіптен, соңғы жаңалықтарда Украин мәселесін азырақ көрсетіп, халықтың көңілін басқаға аударғысы келгендіктері де көрініп қалды. Бұл есін жиып, ұлттық өзгешелігін айқындаған Укриндер үшін тиімді бола бастайды.

Ал Қазақстанға келсек, орысқа қарсы алаң мен қарсылық күшті. Тіптен Солтүстік обылыстарда мыңдаған орыстар Ресейге қотарыла көшіп жатыр. Бұл қазақтар үшін жақсы жаңалық. Оған қайта жандана бастаған қазақ көшін де қосыңыз. Орыспен, қытаймен, түрікпен, иранмен достығы жарасқан қазақтың қазіргі бағыты менің ойымша, қолайлы болмақ.  Десе де бір бөлім зиялы қауым орыстың соңына еріп, тәуелсіздіктен айрылып қалудан қорқып отырғаны де негізсіз емес. Тіптен орыстың қырынан бұрын «Аттыға ерген жаяудың таңы айырылғанның» кебін киіп, батыстың да қара тізіміне еніп кетуіміз мүмкін. Оның үстіне орысқа түскен ауыр санкциялар Кеден Одағы мен Евроазиялық Экономикалық Одақтың құрамындағы елдерге де әсер етіп жатқаны жасырын емес.

Егер Түркі елдерінің саяси блогы құрылып,Түркі елдері үйегі қалыптасса құба-құп. Онда батыс пен НАТО-ға жалтақтап отырған Әзербайжан, Қырғыз, Түркия қатарлы елдер ортақ ұйым мен базар негізінде кемдіктерін толықтырар еді. Бұл да біз үшін үмітті саясат.  

Алтай Бұқарбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060