Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін 8180 0 пікір 21 Мамыр, 2014 сағат 11:17

«ДІН ТУРАЛЫ ЗАҢ» ҚАЗАҚТАР ҮШІН ЖАСАЛҒАН БА?

Кезінде М.Шаханов ағамыз осыдан он жыл бұрын “Діни диверсияға тосқауыл қажет” деп депутаттық мінбеден қауіптерін мәлімдеген болатын. Сол кезде де бүгін де мемлекет тарапынан сондай мәлімдемелерге қаншалықты көңіл бөлінгендігін дөп басып айту қиын. Себебі миссионерлік тақырыбы саясат мәселесі. Бұл мемлекеттік қауіпсіздік, ұлттық болмыстың болашағы үшін кеш те болса, уақытында көтерілген мәселе. Сондай-ақ бұл тек қана Шахановтың жеке басының жан-айқайы емес. Мұны мемлекеттілігіміздің ертеңі үшін қағылған дабыл дер едім. Өйткені Қазақстандағы діни ахуал, бұрынғы КСРО-ның ыдырауымен бірге пайда болған өзге де тәуелсіз мемлекеттердегі сияқты өте жанды әрі шапшаң өзгерістерге жол ашты. Дін құбылысының – қоғамдық, мәдени, тарихи, саяси және психологиялық-танымдық болмыс-бітімі мен шарттары қоғамдық тіршілікте көріне бастады. Тәуелсіз ел ретінде бұл мәселені сол кезде-ақ қолға алғанмен қоғамдағы шапшаң өзгерістер, дін құбылысының әкелген шарттары мен тәуелсіздігін жаңа ғана жариялап отырған еліміздің құқықтық, саяси және білім берудің діни принциптері астаса қойған жоқ. Әу бастан-ақ бұл мәселені жіті сезінбесек те, дайындықтың аздығына қарамастан, егемендіктің силаған батылдығының арқасында мемлекеттілігіміздің құқықтық негіздері конституциялық тұғырнамалардан талқыланып, бекітіліп, заң күшіне ене бастады. Кеңестік құндылықтар жүйесінің орнына дәстүрлі, тарихи, мәдени және рухани құндылықтар бой көтере бастады. Бірақ біз бұл құндылықтарды толығымен құқықтық негізде қорғаудың басты принциптері мен идеяларын толық қамти алмадық. Оның бірінші себебі, тәуелсіз елдің конституциясын дайындау үшін уақыттың тығыздығы, яғни, КСРО кезінде “ертең егемен боламыз” деген ойдың үш ұйықтасақ түсімізге кірмеуінен; екіншіден, дайын еместігімізді бүркемелеу үшін өзгелердің дайын тұрған тақырыптық, салалық, құқықтық жүйелерін өз конституциямызға “сырттан” әкеліп қоя салдық. Бұл әрекетіміз жаңа мемлекетіміздің негізгі тұғырлары мен формасын анықтауға жарағанмен, мемлекетке негіз болып отырған мәдениет пен қоғам өкілдеріне зиянын тигізерін ол кезде сезіну былай тұрсын, біле де алмадық. Ең бастысы сезінетін, білетін мемлекеттік бюрократия, кадрлар жоқ еді. Қазір де бұл мәселеде жағдай мәз емес.
Нәтижеде, Қазақстандағы 15 млн-дық халық ішінде 3 мыңға жуық діни бірлестіктер мен 40-тан астам конфессия пайда болды. Бұлардың барлығы, дәстүрлісі де дәстүрлі емесі де тең құқыққа ие болды. Бұл әрекетімізге, демократиялық әрі ашық қоғам құру жолындағы Қазақстан үшін халықаралық ұйымдар мен орталықтар “бәрекелді” деп жатты. Бірақ, осы “бәрекелді” деген марапат, Қазақстан мемлекетінің негізгі тірегі болып отырған мәдениеттің өсіп, өркендеуіне, еркіндік аясы мен саясын сезінуіне оң ықпал ете алмады. Нәтижеде дәстүрлі ислам діні кенжелеп, қоғамдық, білім беру, танымдық тұрғыдан мешеулікке ұрынды. Ал дәстүрлі емес, діни ұйымдар мен миссионерлік әрекеттер өте жүйелі әрі “құқықтық негізде” өзінің тіршілігі мен белсенділігін арттыра бастады. Олар халықаралық құқықты сұқ саусақтарымен көрсетіп, біздің онша “құқықтық мемлекет” емес екендігімізді сын ретінде бетімізге басып, керек десеңіз Қазақстанның мемлекет ретінде жеке қабылдауы тиіс мәселеге (ОБСЕ) Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы атынан елбасымызға дейін “өтінішке толы ескерту” бере бастады (Кристофер Смиттің Нью Джерси. Өкілдер палатасында 2002 ж. 5 февралде “Қазақстандағы діни сенім бостандығы” мәселесі бойынша сөйлеген сөзінен). Сонымен, Христиан миссионерлері, көбінесе АҚШ-тан келгендердің қатарымен толыға түсті, христиан діни бірлестіктері мен орталықтары заңды түрде тіркеліп,арасынан қара көз қазақтар “бой көрсете” бастады. Үй ішінен үй тігілді. Бұрын қазақта үй ішінен үй тігілсе жылы болады деуші еді. Бірақ олай болмай отыр. Қазақтың дәстүрлі отбасы-шаңырағы, діни сенім тұрғысынан жікке бөлініп, жанұя ішінде үлкен әлеуметтік, танымдық проблема туа бастады. Бұл жай ғана отбасы мәселесі емес, отбасы – Қоғамның, Мемлекеттің негізгі тірегі отбасының жікке бөлінуі қоғамның бірлігіне, мәдениеттің тұтастығына, қауіп тудырып отыр. Енді, егер біз қоғамдағы бүгінгі болып жатқан процестің ертеңгі салдарынан үміт етіп, оң нәтиже күтер болсақ, бұл іске бүгін өз бағытымыз бен ұлттық позициямызды нақтылап, болып жатқан процестің ең басты компоненті ретінде енгізуіміз қажет. Ол үшін ең алдымен діни сенім бостандығымен қоса дәстүрлі дінді қорғау және дамытудың құқықтық негіздерін қайта құру қажет. Өйткені, ислам діні – қазақ болмысы мен мәдениетінің негізгі күретамыры және сақтаушысы. Сондықтан, бірінсіз, бірі болмайтын құндылыққа яғни, дініміз бен мемлекеттілігімізде қазақтың мәдениетін дамытудың жолы, оның негізгі тарихи дініне деген арнайы мемлекеттік қамқорлықты қажет етеді. Бұл жерде мемлекет және дін арақатынасын өзіндік ерекшеліктермен нақтылап алған дұрыс. Ол үшін зайырлылық принципін негізге алып, мәдени-тарихи аспектілердің талаптарын ескерген жөн. Бұл қазақ мемлекеттілігін, оның күшін нығайтудың алғышарты. Бұл жерде біз құқықтық тұрғыдан, мемлекет және билік тұрғысынан зайырлылық принципінен ауытқуды мақсат етпейміз. Сондықтан мемлекет және мемлекеттілік болмысы тұрғысынан, мәдениет-руханияттың келешегі мен баяндылығы үшін осы мәселе оң шешімін табуы аса қажет. Мемлекет, тарих, өркениет, мәдениет, кеңістік және уақыт тұрғысынан келсек бұл өте табиғи әрі қажетті шарт. Миссионерлік ұйымдардың Қазақстандағы бүгінгі әрекеті халықаралық байланыстарда қалыпты болып көрінетін “күш сынау” ойындарының ерекше әрі өзгеше қыры болып табылады. Күш сынаудың салмағы – жаһанданудың ықпалы мен саяси құбылыстық мәнге ие болып отырған “диалог” және “өркениеттердің қақтығысы” теорияларының отаршылдық ниеттегі саяси системалық арнаның қайта жаңғыруы анық сезіледі. Олардың мақсаты – тек дін тарату емес. Еліміздегі миссионерлік ұйымдардың орталықтары, осы аймақтағы шығуы ықтимал қайшылықтар мен әлеуметтік қақтығыстарды зерттеу объектісіне айналдыруы олардың әрекеттерінен, саяси түпкі мұратын ашық айта аламыз. Олар “ат ойнатар төбесі”, яғни, базары ретінде қолдану үшін Қазақстан халқының әлеуметтік, діни және мәдени ерекшеліктерін зерттеуді мақсат етті. Бірінші дүниежүзілік соғыстан бұрынғы Батыстың “шығысқа бет түзеу” (Nach-osten) немесе “шығыс саясаты” (Ost Politik) ретінде анықталатын мақсаттары, Қазақстанда ең алдымен барлаушы – миссионерлерінің жемісті жеңістерімен жүзеге аспақшы.
Германия, Франция, Англия, АҚШ мемлекеттерінің Қазақстандағы мәдени орталықтары, баспасөз және елшіліктері негізінде миссионерлік іс-әрекеттерін ұйымдастырып, фирмалардан және саяси орталықтардан қомақты көмек алып отыр. Яғни, олар өз миссияларын “мемлекет – қор – шіркеу” үштігі негізінде ұйымдастырады. Европадан Қазақстан және басқа тәуелсіз түркі мемлекеттеріне жіберген діни әдебиеттерінің саны 1991 жылдың қыркүйек айына дейін 2 млн-нан асып түскен. Бұл мәлімет Германиядағы “Азия мәдениеті және Археология Институты” тарапынан берілген. Одан бері он төрт жыл өтті. Миссионерлердің әдебиеттер саны да муридтері де өсті. Қазіргі таңда Қазақстанда қазақ және орыс тілдерінде шығатын кітап пайызы (қазақша 5%, орысша 21%) сырттан келетін кітап санының төрттен бірін құрайды.

Миссионерлік әрекет Батыстық мәдени, саяси, экономикалық экспанциясының бөлінбес компоненті әрі алдыңғы шеп экспедициялық барлау жүйесінің желісі. Осы орайда түсінікті болу үшін миссионер, миссионерлік, оның тарихы, принциптері мен идеялары жөнінде қысқаша мағлұмат берген жөн.
Миссионерлік латынша “missiо” сөзінен туындаған миссия, дінді жаю, насихаттау деген мағынада қолданылатын ұғым. Осы міндетті атқарушы да миссионер. Миссионерлік – мазмұны тұрғысынан барлық діндерге ортақ табиғат болуына қарамастан бүгін бұл термин тек христиан дініне ғана тән құбылыс. Миссионерлік дәстүрді христиандар, Исаның серіктеріне дейін апарып, бұл әрекетті Матто, Маркос және Юханна варианттарындағы Інжіл және Павелдің хаттарына негіздейді. Олар Сант-Павелді тұңғыш ірі миссионер деп таниды.
Миссионерлік дәстүрінің жеті сатылы тарихы бар. Әрбір саты өзіндік әдістемелік және кезеңдік шарттарды көрсететін даму жолының көрсеткіші десек те болады. Бірінші саты 33-100 ж. арасы – Иса серіктерінің (Havari) кезеңі; 100-800 ж. арасы – шіркеулердің құрылу кезеңі; 800-1500 арасы – ортағасыр кезеңі; 1500-1650 ж. арасы реформалық кезеңі; 1650-1793 ж. аралығы постреформа кезеңі; 1793-1965 ж. аралығы модернизация кезеңі; 1965 жылдан бүгінге дейінгі кезеңде “диалог” кезеңінен тұрады. Осы “диалог” кезеңі, бүгін бүкіл әлемді кезіп жүр. Диалогтың қазақшасы сұхбат. Ал сұхбат қанша көп болса, сонша іштегі шер тарқайды. Бірақ “бұл сұхбат” ол сұхбаттан басқаша. Іштегі шеріңіз түгіл өзіңіздің болмысыңызды да таба алмай, тани алмай кетуіңіз ғажап емес. Сондықтан қазіргі жаһандық мұхитқа “диалог” тақырыбындағы болып жатқан мәселелерге етене араласып, оның сойылын соғу ертеңгі тарихта абырой әпермесі анық. Бұл сұхбат әлгі миссионерлердің алдына қойған жетінші кезеңінің негізгі ұраны, миссиясы, түпкілікті идеясы.

Ал енді осы миссионерлікті жүргізудің үш сатылы мақсаты бар. Бұл еш өзгермейді. Біріншісі – Христиан дінін жаю, Исаның дініне кірушілердің санын арттыру. Екіншісі - сол елдегі шіркеулер құрылысын салмас бұрын шіркеуді толтыратын маман, адамдарды табу; ол үшін сол елдің зиялыларының шығармаларына, мәдениетіне, христиандық элементтерді енгізу қажет.
Үшіншісі – дамыған Батыстық өркениетті христиандықпен бір деп көрсету. Батыс өркениеті мен мәдениетін негізгі өлшем, эталон ретінде ұсыну, еліктіру шарт. Бұл жолда миссионерлердің қомақты қаржысы бар екенін білеміз.
Бірақ, Батыста және әлемде адам сенгісіз экономикалық күшке айналып, автономиялық статусқа ие болып отырған шіркеу өз азаматтарына дін жөнінде ықпалды бола алмай отыр. Өз азаматтарының дінге деген ұмтылысы кемісе де, “үшінші әлем” елдеріне миссионерлік әрекеттерін еселеп отыр. Өздерінің діни ошағы қаңырап бос қалса да, миссионерлік әрекеттерін сыртқа бағыттап отыр. Мұнда бір гәп бар. Ол мынау, дін – христиандық арқылы біздердің руханиятымызды жаулап, қолымыздағы байлығымызды оңай жолмен иемдену. Осы орайда Африкалық бір ғалымның мына сөзі ойға оралады. “Олар (миссионерлер) келген кезде қолдарында Інжіл бар еді, ал біздің қолымызда алтын болған. Қазір біздің қолымызда Інжіл бар, ал олардың қолында алтын бар”. Міне, осылай. Бізде мұнай бар. Бізде кең байтақ жер бар. Бұл геополитикалық тұрғыдан “Евразияның қалқаны”. Ал, Евразияға үстемдік жүргізу – әлемге үстемдік жүргізу деген сөз. Ол үшін оның қалқанын талқандау қажет... Бұл мәселені әрі қарай жалғастырып болжам айта беруге болады. Бірақ бұл болжам, миссионерлердің әрбір отарға айналған елдердегі ізінен, әрекеттерінің салдарына қарап жасалады емес пе?! Шахановтың жан-айқайы осыны меңзейді! Елдің 11% басқа дінде болса, отбасы – жікке бөлінсе, 2010-ға дейін евангелист болсақ, тіл үйренеміз деп діліміз бен дінімізді тәрк етсек... Онда аржағын естігенше құлағымыздың керең болғаны жақсы, ағайын! Олардың мақсаты айқын, қадамы нық, істері анық, бірақ өздерінің ішкі ниетін көрсетпейді. Дегенмен әрекеттерінен ішкі ниеттерін анықтауға болады. Олар тарихта, көбінесе әскери, экономикалық және мәдени отарлау әрекеттерімен бірге Батыс гегемониясының алғышартын дайындаумен айналысты. Христиан дінін жаюды міндеттенген миссионерлер кейде әскер, кейде дәрігер, кейде ұстаз, кейде бейбітшілік жаршысы ретінде қызмет істеп жүреді. Сонымен қатар олар “Қыдыр сияқты” әркімге көмек көрсеткіш, қамқор, мейірімді жанашыр монах немесе монашка, демеуші немесе жетімдер мен қарттар үйінің құрушысы ретінде танытып, өздеріне қоғамнан жақтас жинайды. Бұл христиандықтың ортодокс, протестан, католик секталарына ортақ нәрсе. Мысалы, доминикан, франсискан, жизвит, ортодокстарда жастар қозғалысы, Парижде Сайнт-Сергей Теология Институты, Нью-Йоркта Сайнт Владимир Папа Мектебі, Жас Христиандар Универсалдық Бірлігі, осы бағытта маман дайындайды. Сол мамандар, барған жерінің, қоғамының әлеуметтік-экономикалық құрылымын, саяси жүйесін социолог-аналитик ретінде зерттеп, соның негізінде әрекеттерін жасайды. Қоғамның характеристикасын анықтайтын әлеуметтік қайшылықтар мен айырылатын тұстарын дөп басады. Бұлар негізінен, жүзге бөліну, трайболизм (саясат, билік жүйесіндегі), бай-кедей сияқты таптық айырмалар, биліктегілердің пайдасы мен ниеттері, саяси партиялардың емеуріндері, этникалық топтардың қайшылықтары көтеріліске дайын тұрған төменгі тап пен топтың бар болып, болмауы, ішкі соғыстар, кикілжіңдер мен келіспеушіліктер түрінде алып қарайды. Осыған қарап миссионерлер ең алдымен істі қоғамдағы топ немесе жіктердің бір-біріне деген кегі, өші, дұшпандығы бар ма жоқ па осыдан бастайды. Содан кейін, миссионерлер әлсіздің, төменгі нашар топтың, қорланған жақтың қасынан орын алады. Оларға әкесі істемеген жақсылықты жасайды. Қарсылас топқа да “әлгі қорланғандармен” бірге күрес жүргізеді. Өздерінің “Азат ету теологиясы” арқылы шоқындыру жұмысына оңай кіріседі. Бұл әрекеттер миссионерлер үшін принциптік, процестік және жүйелі түрде қолға алынған. Жоғарыдағы әрекеттерін жүзеге асыру үшін олар:
1. Ең алдымен осы топтармен, жіктермен сұхбат жүргізіп, ортақ тіл табысу үшін олардың мәселесімен айналысады, көмектеседі.
2. Оларды, егер, билікке қарсы көптеген партия немесе топ, жік болса, онда бір тудың астына біріктіріп, күштерін еселеуге үгіттеп, ұйымдастырады.
3. Билік пен халық арасындағы ұзақ дистанцияны көрсету үшін оған параллель “альтернативті ұғымдар” ойлап табады. Бұлардың өздері ғана түсінетін өзара жеке терминдер арқылы байланысуды үйретеді.
4. Олардың ситуациядан шығудың жолы, өз дегендерін жүргізудің жолы ретінде үстем билікті жығу керектігін саналарына құйып, осы мәселеде оларға рухани, материалдық “батылдық” береді. Мұның іштен емес, сырттан келген батылдық екендігін, әлгі “қорланғандар” сезбей де қалады.
5. Ислам діні, мәдениеті, білімі мен таным туралы жалған идеялар жаяды.
6. Мұсылман елдеріндегі келеңсіз, артта қалушылықты ислам дініне негіздейді. Мұсылмандар ислам дініне сенуін жалғастыра берсе құриды деп қорқытады. Үрей туғызу, батылдық беру миссионерлер үшін өте оңай. Ол жол – нәпсі, құлқын, мақам – капитал. Осы арқылы діліңнен, руханиятыңнан алыстатады.
7. Исламды соғыс, террор, зобалаң, зиянкес ретінде көрсетеді.
8. Исламның үстем құндылықтарын кемшілік ретінде ұсынады.
9. Исламды, мұсылмандардың қабілеті мен санасын сал қылатын механизм ретінде көрсетеді. Міне миссионер ұйымы өздерінің молшылық пен бақытты өмір сүрулері үшін, мұсылман әлемінің бөлшектенуін көздейді. Америка мен Француз миссионерлері мемлекеттерінің пайдасы үшін мұсылмандарды отарлауды мақсат етеді.

Соңғы кездегі әлемдік ахуал шіркеулерге жаңа әдісті қабылдауға мәжбүр етті. Шіркеулердің бірлігін әлемге паш ету үшін, әлемдегі барлық миссионерлік ұйымдарды барлық секталарын өз ішіне қамтитындай ұйым құрып, бір орталықтан қолдау көрсету мақсатында 1961 жылы Жаңа Делиде “Әлемдік Шіркеулер Консейі” құрылды. БҰҰ ықпалымен құрылған бұл консейде американдықтар мен германиялықтар басым. 1962-1965 жылдары ІІ.Ватикан Консулынан кейін миссионерлер, алдымен барған елінің мәдениетінің тоз-тозын шығаруды міндеттеме ретінде қабылдады. 1991 жылғы Австралияның Канберра шахарында “Әлемдік Шіркеулер Консейіне” мүше миссионерлер ұйымы ортақ әрекет жоспарын талқылады. Бірінші – шіркеу әділет үшін күресуі тиіс, бейбітшілікті, христиандықты жаю үшін “азат ету әрекеті” қолдау тапсын! Осы негізде “Азат ету – құтқару теологиясы” жобасы бойынша жұмыс атқаратын миссионерлер жүйесі құрылсын. Екіншіден, араларында сектанттық мәселелерді шетке ысырып, протестан, католик, ортодокс шіркеулері арасында өзара диалог және ортақ әрекет арқылы қол жеткен нақты пайданы мұрат ететін қатынастар үзіліссіз жалғасуы керек. Үшіншіден – болашақта он жыл ішінде плюрализм, социо-мәдени, диалог мәселелері, (үй жұмыстары ретінде) беріліп шіркеулердің тікелей ене алмаған елдерінде “диалог тақырыптары” жүргізілсін! Міне, бүгінгі сұхбат деп біздің жүргеніміз, шын мәнінде христиандықты таратудың принциптік алғышарттары екен.
Миссионерлік ұйымдар әрдайым саяси билікпен өте тығыз байланыста болған. Тарихтағы Португалия, Испания, Франция, Германия кейінгі жаңа дәуірлерде тағы да Германия, Ирландия және АҚШ өз коллонияларын католик миссионерлерін қолдау арқылы бақылап отырған. Міне, XVIII ғасырға дейін діни мәндегі осы миссионерлік кейіннен Европа христиан империализмінің ең үлкен құралына айналды. Бұл жолы миссионерлік дінге қарағанда мемлекеттердің отарлау саясатына қызмет етті. Ең маңызды көңіл аударалық жәйт, миссионерлердің әрекеттерін мұсылмандарға қарсы жүргізуінде болып отыр. Миссионерлік ұйымдар мен шіркеулер өз мемлекеттерінің басқаруы мен бақылауы арқылы жұмыс жасайды. Қолымызда, бұны әшкерелейтін дәлелдер жеткілікті. Бұл мәселе өте анық әрі ашық жүріп жатыр. Оларға жаны мен арын берген жергілікті элементтер де миссионерлік әрекеттерге байқамай немесе әдейі құрал болып отырады. Білмей құрал болатындар – қазақ мәдениеті, тілі, мемлекеттілігі мәселесінде сезімсіз, дүбара категориясындағы интеллегенттер, оларды космополит, интернационалист немесе шектен шыққан гуманистер десе де болады. Ал әдейі құрал болып жүргендерге келсек, олар христиандықты шын көңілден қабылдап, олармен рухтас, ниеттес, ортақ құдай – Исаның ұлы болуға тырысып жүрген, дінін, яғни, қабығын ауыстырғандар. Олар да біздің азаматымыз, біздің ішіміздегі қандас, отандастарымыз.
Тәуелсіздік алғаннан кейін миссионерлер алдымен осы елдегі христиандарға насихат жүргізген. Сосын протестан, ортодокс, иегова куәгерлері мен “Бейбітшілік Жақтастарына” қатысты миссионерлер мұсылман категориясындағы қазақтармен жұмыс жүргізіп келеді. Миссионерлердің көбі Москвадағы “Европада Ислам Комитеті” мүшесі болып табылатын үш орталықтан тапсырма алып Ташкенттегі бір орталықтың бақылауында әрекет етеді.
Қазақстанда бүгін 15 Америкалық миссионерлік ұйым жұмыс істейді. Германиялық Иегова куәгерлері де ат ойнатып жүр. Ортодокс – Католик – Протестан шіркеулерінің ынтымақтастығымен Қазақстанда “Сенім Қоры” бүкіл Орта Азияға “Исаны” уағыздап жатыр. Осы қор арқылы ағылшын тілін үйретіп отыр. Батыстық бір зерттеуші “Қазақстан, миссионерлердің жобасы бойынша этникалық құрылымы, діни мозаикалық көп түрлілігі жағынан, Ресейге жақындығы әлі де болса коммунистік жүйенің әсерінен айыға алмауынан діннің ең әлсіз шынжыры болып табылатын Орта Азия мемлекеті болып есептеледі” – дейді. Міне осындай ыңғайлы жағдайдағы Қазақстанға миссионерлер үйірсек болып отыр. Қазақстанда христиан миссионерлерінен кейінгі ең ықпалды дін таратушылар Буддистер мен отқа табынушылар. Мысалы, Сингапур, Филиппин, Эквадор, Ресейден келген Бахаилар мен Үндістаннан келген “Кришналар”. Шіркеу ретінде, евангелист-лютеран жамағаты, евангелист-христиан вафтистер; жетінші күн адвентистері, Рум-Католик шіркеуі, Жаңа Серіктер шіркеу, Иегова куәгерлері, христиан пресвитарян шіркеуі, христиан-протестан шіркеуі, “Толық Інжіл христиандар” шіркеуі осылардың барлығын дүниенің төрт бұрышынан іздемей-ақ, өз жерімізден таба аламыз. Иегова куәгерлері Стамбулда құрылған “Киелі кітаптар” фирмасы арқылы қазақша “Інжіл, Таурат, Забурдан таңдамалы” атты кітап, журналдарын халыққа тегін таратып жатыр. Міне осылайша, “діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы” заңымыз миссионерлерге өте үлкен олжа болып, жергілікті дәстүрлі діндердің жандануына пайдасы тиіп отырған жоқ. Көріп отырғанымыздай Менің мемлекетім менің дініме тарапсыз қарайды. Бұл қалай?! Барлық дінге (дәстүрлі емесіне де дәстүрлісіне де) тең құқық берілгендігі мемлекеттілік философиясына да қайшы ұстаным. Миссионерлердің бұл әрекеті ұлттық тұтастығымызға, қоғамдық бірлігіміз бен ынтымағымызға төнген қауіп. Ұлттық тұтастық жойылса, дін біріктіруші қасиетін жоғалтады. Ол кезде дәстүрлі ислам діні қазақ ұлты үшін бөлуші элемент ретінде қарама-қайшы жіктердің “жасыл жалауына” айналады. Дін мен саясат, мемлекет пен дін биліктері тізгіндерінен айрылып екі жікке төрелік айту үшін әрі қауіпсіздік пен тұрақтылықты бақылау үшін АҚШ, Европа әскерлері мен саясаты қазақ елінде тайраңдап, төріңді ойрандайды. Құдай сақтасын, ол күнді көрсетпесін деп тілейік. Әйтсе де, сақтансақ сақталамыз!

Досай Кенжетай
философия және теология ғылымдарының докторы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413