Сенбі, 23 Қараша 2024
Сараптама 6118 0 пікір 21 Мамыр, 2014 сағат 10:37

УКРАИНАДАҒЫ ДАҒДАРЫСТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ: СЕБЕП-САЛДАРЫ

         Украинадағы саяси дағдарыс өзінің келесі кезеңіне өтті. Донецк пен Луганскіде өткізілген референдумдарда бұл аймақтардың тәуелсіздігін жариялау мәселесі қарастырылды. Халықтың көпшілік бөлігі алдын ала күтілгендей Украинадан бөлініп шығу идеясын қолдап отыр. Оңтүстік-Шығыс Украинаның өзге аймақтары да осындай референдум өткізуге ниетті екендігін жасырмауда. Бұл саяси жағдайдың дамуы қайда апарады деген сауал көпшілікті мазалап отырғандығы анық.

         Біріншіден, Украинадағы референдумды қаншалықты дәрежеде заңды деп мойындауға болады? Оңтүстік-Шығыс Украинадағы бұл үдерістің басталуына тікелей ықпал еткен фактор: Қырымның Ресей құрамына енуі. Бүгінгі күрделі экономикалық дағдарыс жағдайындағы Украинаға қарағанда, Ресей шын мәнінде халықтың көпшілігіне оң болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, референдум өткізу кезінде Донецкіде де, Луганскіде де әскери қысым болғандығы белгілі. Өңірдің ерекшеліктері мен «демократиялық құндылықтардың» әлі толық орнамағандығын ескерсек, автомат алдындағы референдумның қаншалықты «халық қалауын» көрсететіндігіне күмән туады.

         Екіншіден, Украинаның өзіндегі ұлтшылдық, орыс ұлты басым аймақтарда «антиукраиндық ұлтшылдықпен» алмастырылды. Шын мәнінде халық дауыс бергенде, «Украинаның құрамынан шығуға» дауыс берді ме, жоқ әлде ұлттық мемлекеттік пен Еуропалық векторға арқа сүйеген Киевке қарсы дауыс берді ме? Егер екіншісі орын алған болса, донецкілік сайлаушылар өз пікірін Президент сайлауы кезінде айқындаса болар еді. Дегенмен, ішкі мүдделі саяси топтар осындай референдум арқылы Донецк жұртшылығын демократиялық, заңды сайлауға қатысу арқылы Украина президентін таңдау мүмкіндігінен айырып отыр.

         Үшіншіден, референдум орын алу үшін Конституция бойынша қойылатын талаптар бар. Бұл жалпы украин халқының үштен екісінің талабы бойынша немесе Президент және Парламент санкциясы арқылы жүзеге асырылатын процедура болып табылады. Яғни, референдум өткізудің ешқандай құқықтық талаптары сақталып отырған жоқ. Мұнда тіпті Донецк облысы халқының өзінің 70 пайыздан астамы қатысып, олардың ішінде, көпшілігі мемлекеттік егемендік жариялау идеясын қолдады деудің өзі артық айтылған сөз.

         Төртіншіден, референдум өткізудің барысындағы сайлау комиссиялары мен дауыс санау үдерісінің ұйымдастырылуы. Сталин заманынан қалған лақап сөздің бірі «Сайлауда маңыздысы дауыстың қалай берілгендігі емес, оның қалай саналғандығында». Яғни сайлау комиссияларын ұйымдастыру толықтай сепаратистік биліктің қолында болды. Теориялық тұрғыдан заңдылық көрінісі сақталғанымен, іс жүзінде дауыс санауға бейтарап тұлғалар қатысты деуге негіз жоқ. Демек, референдум нәтижелерінің өзі де үлкен күмән тудырады.

         Бесіншіден, дауыс беруге кімдер қатысты? Донецк облысының тұрақты азаматтары ма, жоқ әлде дәл сол уақытта Донецк аймағында болған уақытша тұрғындар да ма? Ресми мәліметтерге сәйкес референдумға Донецк аймағындағы барлық тұрғындардың 70 пайыздан астамы қатысты. Яғни бұл құрамда Донецк аймағының тұрғыны болып есептелмейтін, Украинаның түрлі аймақтарынан Киевтің саясатына қарсы топтасқан қауымдастықтар да қатысты. Шын мәнінде Киев саясатына қарсы барлық топтар Донецкі мен Луганскідегі референдум қорытындыларына әсер етті. Бұл аймақ тұрғындарының пікірі емес, «антикиевшілдердің» пікірі екендігінде күмән жоқ.

         Алтыншыдан, референдумды бақылау механизмдері әскери жағдайда қаншалықты тиімді жұмыс істей алды? Ресей арналарынан көрсетілген ресми көрсетілімдердің өзінде референдумды ұйымдастыруда бірқатар мәселелердің болғандығы аңғарылады. Сайлау учаскелерінің дұрыс бөлінбеуі, бюллетендердің жетіспеушілігі, бақылаушылардың аздығы айқын сезілді. Яғни сайлау процесінің тиімсіз ұйымдастырылғандығы айқын.

         Референдум нәтижелері Оңтүстік-Шығыс Украинаны қайда апарады деген сауалға тоқталар болсақ, мұнда үш бағыт арасындағы қақтығысты сезуге болады. Бір топ, Оңтүстік-Шығыс Украинаның әр облысының тәуелсіздігін қалайды. Екінші топ, Украинадан «бөлінгісі келетін» аймақтардың өзара бірігіп федерация болғандығын қалайды. Үшінші топ, Ресей құрамына кіру идеясын қолдап отыр. Қай бағыт басым түссе де бұл облыстардың алдында бірнеше ірі мәселе бар. Біріншіден, бұл облыстардың тәуелсіз субъект ретінде мойындалуы. Еуропа одағы мен ресми Киевтің бұл елдерді мойындамайтындығы туралы мәлімдемесі шығып үлгерді. ТМД елдеріне келетін болсақ, Ресейге қарсы саясат ұстанып отырған, Грузия бастаған елдер бұл аймақтарды мойындауы екіталай, тіпті Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше елдердің өзі Донецк халық республикасын өз құрамына қабылдай алмайтындығын жариялап үлгерді. Ресми Мәскеу, референдум нәтижелеріне «түсіністікпен қарайтындығын» айтумен шектелді, яғни тіпті ресми Мәскеудің өзі бұл аймақтардағы референдумға деген пікірін аяғына дейін айқындамады деуге негіз бар.

         Ресей бұл аймақтарды өз құрамына қабылдамақ түгілі, тәуелсіздігін мойындаудың өзі халықаралық санкцияларды күшейтетін фактор екендігін түсінеді. Ресми Кремль әрине әу баста Қырымды өз құрамына қосу үшін жасаған әрекеттерін Оңтүстік-Шығыс Украинаның жаңа субъектілеріне қатысты қолдануы екіталай. Өйткені бұл аймақтардың стратегиялық маңызы Қырымнан төмен, ал АҚШ пен Еуроодақ тарапынан пайдаланылуы мүмкін санкциялар мен қауіптің деңгейі жоғары.

         Келесі мәселе - Украинадағы Президент сайлауы мәселесі. Шын мәнінде өзін дербес деп жариялаған ел азаматтарының формальды түрде өзге ел Президент сайлауына қатысуға құқығы жоқ. Бірақ Донецк халық республикасының билігі тұрғындарды Украина Президенті сайлауына қатысуға үгіттеуі қызық көрінеді. Неліктен деген сауалға тоқталар болсақ, Ресей Украинадағы «орыс ұлты» факторынан айрылғысы келмейді. Орыс ұлтының өкілдері Украинадағы ең ықпалды қауымдастықтардың бірі. Бұл фактор бұған дейін ресми Киевті тежеуші құрал ретінде қолданылып келді. Януковичтің кезінде «Аймақтар партиясының» жеңісіне тікелей ықпал еткен фактор да осы. Бұған «Ресейді қолдаушы украиндарды» қоссаңыз Украинаның ішкі, сыртқы саясатын бақылау мүмкіндігіне ие боларыңыз анық. Ресей өз құрамына Қырымды қосып алу арқылы Ресейді қолдаушы сайлаушылардың санын азайтты. Ал енді Шығыс Украина өз дербестігін жарияласа, Украинада «Ұлы көршіні» қолдайтын белсенділер құрдымға кетеді. Яғни ресми Киевтің саясатына ықпал ету мүмкіндігі азаяды.

Бұл мәселені былай қойғанда Украинаның өзге аймағындағы орыс ұлтының өкілдерінің жағдайы қиындайды. Шығыстағы сепаратистер не ғұрлым белсенді әрекет етсе, Украинадағы ұлтшылдардың өзге аймақтардағы белсенділігі арта түседі. Яғни, Ресейдің өзге аймақтардағы «отандастарды қорғау, қолдау» саясаты түкке тұрмайтын лозунг болып қалары сөзсіз.

         Бір қызығы болып жатқан дағдарыстағы диалог алаңында Украина, АҚШ, Ресей және Еуропалық одақ бар. АҚШ пен Еуроодақ Украина алдындағы әріптестік міндеткерліктерін орындап отыр. Украинаның ядролық қарудан бас тартуына себеп болған Будапешт шартына сәйкес қатысушы тараптар Украинаның территорлық тұтастығына кепілдік береді. Ал Ресейдің бұл шиеленіске қандай қатысы бар екендігі түсініксіз. Құқықтық тұрғыдан Ресей Қырымға өз әскерлерін кіргізбегенде АҚШ пен Еуроодақ бұл дағдарысқа қатыспас еді. Яғни Ресейдің сыртқы саясаты халықаралық құқыққа қайшы әріптестік қағидаларын аяқасты ететін саясат болып отыр. Өйткені Ресей әскерлерінің Қырымда болуына, ал Ресей Үкіметінің тәуелсіз елдің ішкі саясатына араласуға құқығы жоқ. Ресейдің бұл әрекеті алысқа апаратын қорытындыларға жол ашады.

 

Шыңғыс Ергөбек

 

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415