Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 16225 1 пікір 8 Қаңтар, 2015 сағат 12:09

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВТІҢ ШАПАҒАТЫ

Сөз басы

Темірбек Жүргенов есімін құлағымның алғаш шалуы қарттардың айтуынан еді, үйге келіп атаммен қауқылдасып кететін. «Е, ол кейін халық жауы боп атылды ғой» деп аяқтай-тұғын ол жайындағы сөздерін. Бес-алты жастағы маған үлкендердің әңгімесі ұғынықсыз еді. Әйтсе де жадымда сақталған осы жайттардың ықпалы болар, кейін ес біліп, қара танитын дәрежеге жеткен жасөспірім шағымда-ақ ел аузынан тастамай жиі айта беретін «Нарком Темірбек Жүргенов» деген кісі турасындағы нақты мәліметтерге назар аударып, өмірбаянына, елге жасаған қызметіне қатысты деректерге қаныға бастадым. Көзін көрген белгілі адамдардың газеттерде, кітаптарда жариялаған мақалаларын, естеліктерін оқыдық. Тұлғалық болмысын тани түстік.

...Әскер қатарынан оралған соң Алматыға жол тарттым. Құрылыста істедім, зауытта токарь болып темір жондым. Сөйтіп жүргенде бағым жанып, 1983 жылы Республикалық эстрада-цирк өнері студиясындағы атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтың класына қабылдандым. Шоң ұстаз да осы Темірбек Жүргеновтің есімін жиі атайтын. Басын шайқап, мықты кісі еді дейтін, өнер десе ішкен асын жерге қоятын дейтін. 1984 жылы  өз аузынан естіген мына деректі баяндай кетейін, ардақты атамызбен үйінде сұхбат құрып отырғанда: «Театрдағы алғашқы әртістер ішіндегі жастауы едім, – деген-ді бірде. – Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Темірбек Жүргенов сияқты үлкен кісілер бос уақыттарында бір жерге қыдырса ылғи мені де ерте жүретін. Карта ойнайды, онан қалды әңгіме-дүкен құратын барған үйлерінде. Арасында маған ән салғызады. Сондайда Тем-ағаң: «Әй, Ғарифолла, «Қыз Жібекті айтшы» дейтін. Бастай жөнелем. «Жо – о – оқ , анаусын айт, анаусын айт» дейді. «Анаусын айт» деп отырғаны «Қыз Жібектің» бұрмаланған анайылау шағын варианты бар-ды. Бұрынғы жыршылар күлкі тудырып, көңіл көтеру үшін сөздерін әдейі өзгерткен білем... Енді соған көшем. Жарықтық Темірбектер әйде кеп күледі. Ішектері қатып, төрден есікке шейін домалап қалатын...»

Ағаларына деген көңіл түкпірінде жиналып сақталған қимас сағынышы болар, әнші атаның жанарына жас толып, бір сәт үнсіз қалып еді сонда.

Ғарифолла Құрманғалиев дарынының жарқырай көрінуіндегі, шығармашылығындағы жаңа қырлардың ашылып, алаш жұртына кеңінен танылуындағы сүрлеу-соқпақтың бастауы – Халық комиссары Темірбек Жүргеновтің тікелей ұйытқы болуымен ұйымдастырылған 1934 жылғы қазақ өнерпаздарының тұңғыш слёті еді. Осы слётте Ғарекең бас бәйгені жеңіп алған-тын.

Естеліктен Темірбек Жүргеновтің қарапайымдылығы, өнерді аса қадір тұтатындығы айқын аңдалады.

 

Өнерді өрге тартқан кәтепті қара нар

Мен жүргеновтанушы емеспін. Алайда атамекенім Ырғыз өңірінде туып-өскен белгілі тұлға турасында шама-шарқымша аз-маз пікір айтуды жөн көрдім. Бұған себеп: Астана шәріндегі «Сарыарқа» баспасынан (2014 жыл, 580 бет.) шыққан «Темірбек Жүргенов» атты еңселі еңбек. Зерттеулер мен мақалалар, естеліктер, жыр-толғаулар топтастырылған екен. Құрастырушылар – А.Алматов, Б.Мырзабаев. Мұнда мемлекет қайраткері, Халық комиссары Жүргенов Темірбек Қараұлының (1898 – 1938) қазақ мәдениеті мен өнеріне қатысты атқарған қызметіне байланысты мәліметтер мол қамтылған. Енді осы еңбектен пайымдаған жайттарды, онда баяндалған кейбір деректерге қатысты өз ойымды білдірмекпін.

1917 жылы Ресей империясы Ленин бастаған ібіліс-большевиктердің дүлей күшімен жаңартылып, Совет Одағы деген жаңа атаумен тарихқа енді. Бірақ мұның да қазақ үміт қылған түбегейлі тәуелсіздігі үшін еш баяны бола қоймады. Қызыл өкімет ылаңын салды. 1928 жылы байлардың малын тартып алды. 1932 жылы қазақты адам айтқысыз қырғынға ұшыратты. Ағайынды тапқа бөліп, ел ішіне әреке кіргізді. Жоқ жауды іздеп әуреге түсті. Бірқатар тұлғалар жат жұрт асты. Қайсыбіреулері шарасыздан большевиктерге мойынұсынды. Қалай болғанда да өктем күшке қызмет ете жүріп, келер күннің жақсылығынан күдер үзбей, қазақ жұртының  ілім-білімін, мәдениетін көтеру, санасын ояту керек еді. Ендігі жерде азаттыққа шығар бұдан басқа жол, бұдан басқа күш жоқ-ты. Мехнаты зор ауыр жүк. Бұған кәтепті қара нарлар керек-тін, толарсақтан саз кешіп, тоқтамай тартып шығарар. Міне осы сор заманның тар өткелінде асыл боздақ Темірбек Жүргенов – солардың бірегейі болды. Бұл дәуірдің куәгері, дарынды актер, әнші Құрманбек Жандарбеков аталған «Темірбек Жүргенов» атты жинақтағы (қараңыз: 425-бет) «Алғашқы асу» деген мақаласында былайша айғақ береді: «Темірбек Қараұлының театрдың творчестволық өсуіне қаншалықты күш салып, еңбек еткенін сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Өзінің тұңғышын сүйіспеншілікпен қуана қарсы алған әке сияқты Темірбек Жүргенов қазақтың музыкалық сахна тұңғышын да сондай әкелік қамқорлықпен аялады. Мұндай көңіл бөліп, сергек қарағандық бізге қосымша күш берді, біз де еселеген жігермен жұмыс істедік. 1934 жылғы 7 январьда біз тұңғыш рет Қазақ драма театрының сахнасынан «Айман-Шолпан» спектаклін көрсеттік. Т.Жүргенов қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті. Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз».  

Айғағымыз жалқы емес, заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов те бір сөзінде бүй деп бұл пікірді қуаттайды: «Біз Халық Комиссары боп жаңадан келген Темірбек Жүргеновтің аса принципшіл де, табанды да және іскер адам екенін дереу аңғардық. Менімен әңгімелесе отырып, оның маған қайта-қайта ескерткені – бір жылдың ішінде музыкалық драма театрын ашуды дереу қолға алып, оған көмектесуімізді талап етті. «Қазақтың аса бай музыкасы, өлеңі, тамаша халық эпосы, – деді Жүргенов, – біздің өнерімізде өте нашар пайдаланылып келе жатқаны, әрине ашындырады» (Қараңыз: Темірбек Жүргенов. 425-бет).

Ол өзі қолға алған осы ісінен нәтиже шығара білді. 1936 жылы Мәскеуде, тарихта қатталған, қазақ мәдениетінің он күндігін өткізді. Оқиға ұлттық өнеріміздің жаңа сыпатта дамуына бастау болды. Өйткені сол сапар халықтық музыкамыздың, дәстүріміздің негізінде еуропалық үлгіге еліктеп пішінделген тұңғыш  операмыз – «Қыз Жібек» көрермен, театр сыншылары тарапынан жақсы бағаланды. Бұл – пікір айтуға себеп болып отырған осы «Темірбек Жүргенов» атты жинақта топтастырылған зерттеулерде, естеліктерде жан-жақты тәптіштеліп баяндалған.

Кітапқа енгізілген «Өмірім менің – өнерім» деген  еңбегінде  қазақтың алғашқы кәсіби би өнерінің негізін қалаушы, Халық әртісі Шара Жиенқұлова: «...Әлекедей жаланып тұрған шағы Құрманбектің! Жап-жас, өткір, сұлу. Көздері жалт-жұлт етеді. Үні де әсем, – деп әңгімелейді Мәскеуде өткен сол айтулы он күндікте орын алған қызық тосын жайтты. – Бірақ... иә осы жолы бір кәдік болды. Атақты ариясы – «Сарымойын» әнінің негізінде жазылған:

                                   Айттым ғой ерегіс бір іс істетті,

                                   Түбіне Төлегеннің намыс жетті.

                                   Атыста – жекпе-жекте, айдалада,

                                   Төлеген қайтпайтұғын а-хоу, сапар шекті, - ай-ай, – деп еркін көтеретін дауысы қожырағандай болды. Қорқып кеттік. Ес жиып та үлгермедік, Құрекең «а-хоудың» орнына «ха-ха!» деп қарқылдап күлмесін бе. Оркестр тоқтап қала жаздады, тоқтамады. Өйткені Құрмаш музыка ырғағына еш нұқсан келтірмей дәлме-дәл айтты. Екінші шумақта тағы күлді... – дей келіп ол былай жалғастырады естелігін, – ... Жүргенов келді түтігіп. Келе Құрманбекке: «Рөлді бүлдірдің, арақ ішіп құрып қалғансың ғой. Жоғал көзіме көрінбей!» деп айқайлағанда, қара жерге қазықтай қағылдық. Әйткенмен сыр бермедік, спектакльді аяқтау керек болды. Оның қалай жүргені, жұрттың қалай қарсы алғаны, партия мен үкімет басшыларының риза болғаны – түгелдей газеттерде ертесіне-ақ жазылды... Құрманбектің кешегі ойыны туралы айтылған пікірлер біз күтпеген жай еді. Біз түгіл, Жүргеновтің өзі таң қалыпты. «Правдада» барша артистер ойынына талдау жасалынып, қатты мақталынып, ал актер Жандарбеков күлкісі «Бекежандай дала тағысының психологиясын аша түсуге кілт болды» деп жазыпты» (Қараңыз: Темірбек Жүргенов.483-484 беттер).

Құрманбек Жандарбековтың орындауындағы Бекежанның бұл ариясы маған бала кезден жақсы таныс-ты. «Сарымойын» деген атпен күйтабаққа жазылған. Шара әжеміз айтса айтқандай, әншінің әсіресе музыкалық ырғақпен қарқылдап күлетін тұсы бала мені қатты қызықтыратын. Жиі тыңдаушы ем. Қ.Жандарбековтың үні түсірілген сол күйтабақты әлі күнге жеке архивімде сақтап келемін. (Сарымойын. Антология казахской народный песни. МОНО ГОСТ 5289-80 Д-031254 Гр.2.1-00 «Мелодия» Ташкентский завод им. М.Ташмухамедова.)

Ұлттық мәдениетімізді өзге жұртқа ұғындыруда, нақты болмысын көрсетуде шынайылықты ұстану – Темірбек Жүргеновтің басты мұраты болған. Шара Жиенқұлова Мәскеудегі сапардан осыған байланысты мына жайтты да баяндап өткен: «Ұмытпасам, майдың 21-і болар. Соңғы спектакль. ...мен «Шашу» биін билеуім керек. Екі жағымда екі жігіт, алтын табаққа қойдың басын салып алып шығамыз. Кәдімгі үйітілген құйқалы бас. Жүргеновтің істетіп жүргені. Сахнадағы хан сарайы да көз алдаушы бутафория емес, уық, шаңырақтары, дөдеге, басқұрлары – бәрі рас. Ақ туырлыққа шейін қойдың күзем жүнінен басылған. Бұл декорациялар турасында Москва газеттерінің бетінде мақтау сөздер аз айтылмады», – дейді (Қараңыз: Темірбек Жүргенов. 486-бет). Әрине, бұл – көшпелі дәуірді көріп өскен Темірбек Жүргеновтің ұлт өнерін, салт-дәстүрін аялаған құрметінен, сүйіспеншілігінен туған әрекет дер едік.

Кітаптағы Ғалымжан Әбсәламовтың «Тірі қалғаным Темірбек ағайдың арқасы...» атты естелігі де өте құнды дүние. Ол 1917 жылы Ырғыздың Қарақоға деп аталатын жерінде дүниеге келген екен. Арғы бабасы Әлім-Шөменге аса беделді би, сардар, қазақтың атақты шонжарларының бірі – Алмат Тобабергенұлы (1804 – 1892). Архивтік құжаттардың деректері бойынша, Кенесарыны хан көтеруге қатысқан тарихи үлкен тұлға. Алшын Шөмекей руының Бозғұл тайпасы Шобдар аталығынан. Шобдардан – Қалақ. Қалақтан – Әлібек, Арыстан. Әлібектен – Киікбай батыр. Киікбайдан – Тобаберген, Қожас, Бабас, Айдос, Сүгіртай. Тобабергеннен – Алмат, Алматтан – Самырат (1845 – 1922), Төремұрат, Қосмұрат, Мақан, Пірмақан. Төремұраттан – Әбсәлам, Әбсәламнан – осы Ғалымжан. 1931 жылдан бастап оның қиыншылыққа толы өмір жолы басталады. Бай-болыстың баласы деп ағасы Файзолланы оқудан шығарады. Сонан бұлар Шалқардан поездға отырып, Өзбекстанда қызметте жүрген Темірбекке келеді. Бұрын ауылдары аралас-құралас болған һәм нағашы-жиендігі бар екен. Бұдан ілгерілекте Ташкентегі оқуынан Ырғызға демалысқа оралғанда  бала Ғалымжанға қағаз, қалам әкеп беретін көрінеді. Бұл сапарын ақсақал бүй деп баяндайды: «...Өзбекстанның Наркомпросын басқаратын Темірбек ағайдың үйін тауып алып жолықтық.

            – Ғалымжан, қайда оқығың келеді? – деп сұрады Темірбек аға.

            – Математик болғым келеді, – дедім мен.

            – Қазақта математик көп, сен домбыра тартуды білесің ғой, музыка училищесінде скрипка аспабында ойнауды үйрететін оқу бар, соған оқисың, – деді ағай» (Қараңыз: Темірбек Жүргенов. 412-бет). Сонымен Т.Жүргенов өзін сағалаған Ғалымжанды осылайша Ташкенттегі музыка училищесіне скрипка бөліміне түсіреді. Бауыры Файзолланы Мәскеуде кино операторларын даярлайтын оқуға жібереді. (Бұл – кейін қазақ өнеріндегі тұңғыш кино операторы боп тарихта қалған Файзолла Әбсәламов еді). Бірақ Т.Жүргенов Қазақстандағы қызметіне тағайындалған соң көп ұзамай Ғалымжанды Алматы музыка училищесіне ауыстырып алады. Ақсақал осы тұстағы балаң кезеңін былай деп еске алады: «Алматыдағы музыка училищесінінің скрипка класында оқи жүріп, 70 адамдық домбыра оркестрінің құрамында 6-7 бала (4 қазақ, 1 татар, 2 ұйғыр) репетицияларға қатысып жүрдік. Ахмет ағай (Жұбанов.-Б.К.) музыка тарихынан сабақ берді. Ғанбар Медетов деген күйші мен біздің Абыл ағай (А.Маханов) есімде, көпшілігінің ат-есімдерін ұмыттым. Темірбек аға біздерге, балаларға арнайы костюмдер тіктірді, Мәскеуде өтетін 1936 жылғы 10 күндік қарсаңында. ...таңертеңгі 9-дан дамылсыз репетициялар болып жүрді. Темірбек аға сол репетицияларға жиі келіп қатысатын. Опера театры «Қыз Жібек» операсымен барды. ...Үлкен театрдағы ложада отырған И.Сталин мен оның сол жағында 3-4 адамнан кейін Темірбек аға отырды. Концерттер зор аншлагпен өтті», – дейді (Қараңыз: Темірбек Жүргенов. 411-414 беттер).

Ғалымжан Темірбек Жүргенов қамауға алынған соң, туысы делініп оқудан шығарылып, қаңғып қалады. Алайда әкесі үшін баласы жауап бермейді деген нұсқаудың ықпалымен училищеге қайта алынып, 1938 жылы скрипка бөлімін үздік бітіреді. Айта кетейік, ауызға ілініп отырған жаңағы Абыл деген кісі домбыраны өте шебер тартқан. Ғалымжанның немере ағасы, олар Алматтың Мақан, Төремұрат деген балаларынан өреді. Түсінікті болу үшін жоғарыда таратқан аталық шежірені қараңыз. Абыл да – сталиндік репрессияның жазықсыз құрбаны. Академик, сұңғыла тұлға Ахмет Жұбанов өзінің жазған еңбектерінде оның есімін «елеусіздеу түрде» әлденеше рет атап өтеді.

Ғалымжан ақсақалдың шырғалаң жолы мұнымен бітпейді. 1939 жылы қызыл әскер қатарына алынады. 1941 жылы бұлардың армиясы Брест-Литовскінің түбінде немістердің қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Өте қиын жағдайларды басынан өткереді. Германия түрмедегі азиялықтардан жасақталған десанттар тобын даярлауды қолға алады. Мұны бүй деп баяндайды Ғалымжан ақсақалдың өзі: «Әлі бар қазақ, өзбек, қырғыз, түркімендерді алып, ішінен 75 адамды таңдап алды. Оларды шағын топтарға бөліп, Қазақстанға десант етіп түсіруге әзірлей бастады. Біздің топтың басшысы австриялық неміс офицері еді, орыс тілін білетін, өзі пианино, рояльда жақсы ойнайтын. Мен болсам скрипка тартам, екеуімізді музыка өнері таныстырды, табыстырды десем де болады. Екеуміз жақсы түсіністік, маған скрипка беріп тарттыратын.  Көп ойланып, әлгі басшыма өтініш айттым. «Мен скрипачпын, мені десантқа жібермей, скрипканың оқуына жіберіңіз», – дедім. 2-3 айдан соң әлгі досым «3 сағаттың ішінде киініп дайын тұр» деп, Берлиннен келген офицерге ертіп жіберді. Барған соң 10 күн скрипка тартып, дайындалып, экзамен тапсырдым. Мені алман әскері қатарынан шығарып, «отансыз» деген паспорт беріп, Берлин консерваториясының скрипка класына оқуға іліктім» (Қараңыз: Темірбек Жүргенов. 413-бет).

Ғалымжан ақсақал бұнда ұзақ бола алмайды, 1943 жылы оқуын Вена консерваториясында жалғастырады. 1944 жылдың соңында бұл жерге совет әскері тақағанда амалсыздан Мюнхенге кетеді. Онда Брауншвайд оркестріне жұмысқа орналасады. Кейін Баден-Бадендегі 100 адамдық оркестрге ауысады. 1947 жылы Мұстафа Шоқайдың зайыбы Мария Яковлевнаға хат жазады. Ол кісі Ғалымжан ақсақалға Париж консерваториясына ауысуына қол ұшын береді. 1948-1950 жылдары осы оқу орнында білім алып, скрипка класын тәмамдап шығады. Мұнан соң да қиыншылықтарға кездеседі. Париждегі Түркия консулдығы елшісінің: «Ұлым, сенің асылың – түрік. Стамбулға барғаның дұрыс, ол сенің Отаның болады. Жұмыс табуға да қолайлы», – деген ақылына ден қояды. Мария Яковлевна да бұл сөзді мақұлдап, Анкара кемесіне билет алып береді. Түркияға келгенсін Әлім Алмат деген атпен паспорт иеленеді. Стамбул шәріндегі симфониялық оркестрге музыкант болып қабылданады. 1952 жылы милләті –  қырым татар Еділ деген қызға үйленеді, одан екі ұл сүйеді. Жетімдік көрсетпей тәрбиелеген Төремұрат атасының құрметіне Төре, Мұрат деген есімдер қояды перзенттеріне. Жамағаты 2005 жылы өмірден озады. Ғалымжан ақсақал 1975 жылдан зейнеткер екен. Ғұмырының ауырпалықтарға толы кезеңін баяндай отырып, әңгімесін бүй деп аяқтайды: «Қолымнан келгенінше Мұстафа Шоқайдың басына қойылатын ескерткішке қаржылай көмек бердім. ...Мария Яковлевна анамыздың қайтыс болар алдында айтқан: «Қазақстанға, Түркістанға Мұстафа Шоқай туралы бар шындықты айтып бер», – деген аманатын орындап, Ырғыздағы музей қызметкеріне айтып бердім. (1992 жылы, күз айында.-Б.К.) Кейін Мұстафа Шоқайдың машинкасын, қаламы мен сия сауытын, «Яш Туркестан» редакциясының үш мөрін, Мария Яковлевнаның өзіме жазған хаттарын және бірқатар фотосуреттерді бұрын Франция елшілігінде қызмет істеген Бақыт Садықова есімді қызым арқылы қазақ еліне жеткіздім. 60  жылдан соң (1992 жылы, күз айында.-Б.К.) кіндік қаным тамған Ырғыздағы туыстарым Рахи Махановтың (Абыл ағайдың туған інісі) отбасында 1 апта болдым. ...Менің тірі қалғаным, тірі жүргенім Темірбек ағайдың арқасы» (Қараңыз: Темірбек Жүргенов. 414-бет).

 Ақиқатында Ғалымжан ақсақал тек аман қалмаған, Темірбек Жүргеновтің көрегендігі шындыққа айналып, кейін ол дүниежүзілік скрипкашылар байқауында Түркия мемлекетінің атынан шығып, бас жүлдеге ие болған.

Ғалымжан ақсақалдың естелгі – Темірбек һәм Түркістан  легионы турасында өзіндік соны деректер беруімен аса бағалы. Еңбектің шырайын келтіріп, бәсін одан сайын биіктетіп тұр. Қарттың әңгімесіне бөгеліңкіреуіміздің себебі аталған «Темірбек Жүргенов» атты бұл кітап оқырманға тегіс жетпейді. Мың жарым дана. Менікі естеліктің ұзын-ырғасынан басылым арқылы аз-маз болса да көпшілікті хабардар қылу-ды.         

Астана қаласындағы «Сарыарқа» баспасынан жарық көрген «Темірбек Жүргенов» атты бұл кітап (2014 жыл, 580-бет) қазақ өнері мен оқу ағарту тарихына байланысты мол ақпарат береді. Танымды кеңейтеді. 

 

 «Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз»   

Темірбек Жүргенов – тек өнер саласына ғана емес, білім беру ісін өркендетуге де зор қызмет қылған үлкен тұлға. Оның «Годы работы Казахского высшего педагогического института» (Ташкент, 1928 г.), «За ликвидацию недочетов в работе школе» (Большевик Казахстана, 1935, №4), «Задачи школ Казахстана в новом учебном году» (Большевик Казахстана, 1935, №9), –  тізе берсе көп-ақ, –  осындай мәні үлкен т.б. еңбектері бұған нақты дәлел. Сөзімізді «Темірбек Жүргенов» атты кітаптағы мына ғылыми зерттеулер де бекіте түседі, былай делінген онда: «Т.Жургенов особое внимание уделял строительству школ. Этот вопрос он старался решить за счет бюджета и предприятий, колхозов. ...С 1933 по 1939 гг. правительством было направлено на строительство школ в животноводческих район 113106,5 тыс. рублей, на которых было построено 2614 школ. В 1936 году в Алма-Атинской области силами трудящихся было построено 550 школ. В 148 районах Казахстана 936 новых школ на 87915 учебных мест и пристроено 427 классных комнат на 19735 учебных мест. Планом на 1936 – 1937 учебный год было задумано строительство 31 городской школы на 12300 мест, 14 интернатов, 46 аульно-сельских школ на 7200 учебных мест. Все это позволяет говорить об активном участии Т.Жургенова в решении вопроса строительства школ, расширении материально-технической базы школьного образования в республике, – дей келіп мынадай қорытынды жасайды, – ...в период работы Темирбека Жургенова на посту Народного комиссара просвещения КазАССР с 1933 по 1937 г. при его непосредственном участии казахстанская система народного образования за короткий срок оформилась как единое целое и достигла больших успехов в своем развитии. Так, в 1937 году в республике насчитывалось 21 высшее учебное заведение, 85 техникумов, в которых обучалось 7369 студентов и 23517 учащихся, из которых казахов соответственно 3971 в вузах и 11355 в техникумах. По республике около 1,5 млн человек обучалось в школах, вузах, на различных курсах. Осуществить полностью свои идеи Т.Жургенова не удалось, так как он был необоснованно репрессирован как «враг народа» (Қараңыз: Темірбек Жүргенов. 104, 107-беттер).

Қазақстанның оқу ағарту ісіне Темірбек Жүргенов басшылық жасаған тұста Ырғыз ауданына қарасты Жабасақ аулына да мектеп салынған. Бұл да жоғарыда келтіріліп отырған дерек-сандардың айқын бір куәлігі. Осыған қатысты мына мәліметті зейнеткер Қуаныш аға Алтынбаев (1943 ж.т.) бүй деп баяндаған-ды: «Әкем Әбіш Елеусінов 1909 жылы туған, 1991 жылы дүниеден өтті. 1937 жылдан 1957  жылға шейін ел басқарған адам. Сарықопа, Үшінші бес жылдық, Қарақай, Жиырма жылдық Қазақстан, Ленин колхоздарының басқармасы болды. 1957 жылдан кейін ферма меңгерушісі қызметін атқарды. Жабасақ өңірінің шежіресін жақсы білетін еді. Әңгіме қылатын тарихының бірі – Жабасақтағы мектеп. Әкем: «Жақсы білем. О кезде жасым жиырма бесте. Мына мектеп Темірбек Жүргеновтің нұсқауымен салынды. Бастауышқа жобаланған еді. Құрылысы 1934 жылы басталды. Тұрғызу жұмысына Досмағанбет, Қарасақал Серікбай (тағы біреуінің есімін Қуаныш аға ұмытыпты.-Б.К.) деген ағаш шеберлері басшылық етті. Қостанайдың Аманқарағай аталатын орманды жерінен дайындап, тасыды бөренелерді. Құрылысқа елдің адамдары да жұмылды», – дейтін. Бұл білім орнында сауат ашқан Байназаров Айдархан (1929 ж.т.), Жұмахметов Тәштілеубай (1932 ж.т.), Кенжеғұлова Сәлима (1932 ж.т.) деген аға-апаларымыз сау-сәлемат  жүріп жатыр. Үшеуі де ұзақ жылдар мұғалім болды. Мұнда мен де оқыдым. 1961 жылы он жылдықты  осы мектептен бітірдім. Жүргенов салдырған бұл жай 1976 жылға дейін қызмет етті. Құрылысының сапалығынан осы күнге шейін жақсы сақталуы. Қабырғаларының қалыңдығы бір метр. Өкініштісі қазір қаңырап, азып-тозып  бос тұр, қамқорлыққа алынса деймін тарихи ескерткіш ретінде».

Сонау заманда Темірбек Жүргеновтің еліне қылған қызметінің бірден бір куәсі, тарихи жәдігер – оның кіндік қаны тамған мекені Жабасақтағы көне мектептің нақты дерегі осындай. 90-жылдары Комсомол ауданында (қазір Әйтеке би ауданы. – Б.К.) газетте қызметте жүргенде, қызығушылықпен осы шежіре-жайға әдейі ат басын тірегенім бар.

Дарынды актер һәм әнші Құрманбек ата Жандарбековтың: «Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз», – деуінің мәнісі сонау бұлғақ заманда Т.Жүргеновтің халқына қылған осындай жанкешті еңбегіне тікелей куә болғандығынан еді.    

 

Даусыз ақиқат: Темірбек Жүргенов Ырғыз уезінде туған!

«Темірбек Жүргенов» атты кітаптағы ғалым Р. Сүлейменовтың, М. Кенжебаевтың, Б. Мырзабаевтың т.б. зертеушілердің еңбектерінде Темірбек Жүргеновтің 1898 жылы Ырғыз уезіне қарасты Басықара қопасы деген қоныста туғаны тарихи мәліметтермен, анықтап айтсақ, Қазақстан, Ресей архивтеріндегі құжаттар негізінде нақтыланып баяндалған. Сонымен қатар, мұны оның осы аталған мекенге ат ізін жиі салып, аунап-қунап кететінін көзі көрген куәгерлер, Тобабергенұлы Алмат бидің Түркияда тұратын шөбересі Ғалымжан Әбсәламовтың (1917 ж.т.), Рахмет Жақыпов есімді қарттың  (1902 ж.т.) естеліктері де бекіте түседі. Темірбектің әкесі Қараның 1928 жылы Ырғызда тәркіленуі көп жайтты аңғартып  тұр. Жамағаты Дәмеш Ермекова-Жүргенова Тыныштық атты кісіге жазған хатында да «оның Отаны – Ырғыз» дейді. Қазіргі кез Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы қарамағындағы  Жабасақ ауылдық округіне қарасты территория аумағындағы Жүргеновтер әулетіне қатысты жер-су атаулары, белгілер күні бүгінге дейін сақталған. Атап айтсақ, Басықараның қопасы делінетін қоныс, соған тақау орналасқан Темірбектің арғы атасы Жәрімбеттен тарайтын Сарықасқалар қорымы. Бұған Шөмекейдің осы аталығына жататын Үдербай есімді кісінің Бибібатима атты қызынан туған, Жүргеновтерге жиен болып келетін аққұмдық Байназаров Айдархан ақсақал (1929 ж.т.): «Темірбектің бабасы Қуаңның бәйбішесінің мүрдесі Жабасақ өңіріндегі Толыбай сайы мен Қызылжар сайының қиылысқан тұсында Ақсу деген үлкен төбенің басында, ол жер «Бәйбіше қорымы» аталады», – деп тағы бір айғақты үстемелейді.    

«Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ» деген сөз бар қазақта. Әйтсе де осы лепестің терең мағынасын ұғына алмай жүрген кейбіреулер сол тұлғаға ортақ болудың амалы оны өз елімде туды қылып, уағыздап көрсету деп түсінеді екен. Осындай жағдайдың бірі – Т.Жүргеновке қатысты бұрмалаулар. Соңғы жылдары еш дәйексіз оны дүниеге Қызылорда облысында  келді деп жанұшыра үздіксіз насихаттауда. Атақ қуған, даңқ пен дақпыртқа құштарлардың ісі осылай болып келетіні көзі қарақты ақылды адамдарға бесенеден белгілі жайт. Дегенмен түйсіксіз бұл әрекеттер Темірбек Жүргеновтің жарық дүние есігін Ырғыз даласында ашқанын растайтын өзінің баян етуімен таңбаланып қалған Қазақстан, Ресей архивтеріндегі бұлтартпас деректерді ешқашан жоққа шығара алмайды. «Темірбек Жүргенов» атты кітапқа енгізілген сол негізгі тарихи құжаттардың (қараңыз: 325, 328-329, 334-335, 341-342, 382-беттер)  бірқатарын атай кетейік:

           а) Моя автобиография;

           ә) Личной листок по учету кадров;

           б) Анкета арестованного;

           в) Определение № 4 н – 921021/ 16 Военная коллегия Верховного суда СССР;

           г) Темірбек Жүргеновтің паспорты.

Аталған осы құжаттардың бәрісінде Темірбек Жүргенов дүниеге 1898 жылы Ырғыз уезінде келді деп түзілген. Қызылорда жақта туды дейтін біреулердің бөстекі гөй-гөйлерін ақи-тақи терістеп тұр.

 

 Сөз соңы

 Жүргенұлы Қара атам мыңғыртып мал айдапты. Ырғыз жақтағы Шөмекейлер айтады он мың жылқысы болыпты деп. Ел ішіндегі тағы бір деректер бұның шүбәсіздігін «Қара қыс қыстауға көшкенде жылқысының бір бөлігін Басықараның қопасына, енді бір парасын Қарақұмға тастап, қалғанын Сырдың бойына айдап кетеді екен» деп қуаттай түседі. Оның осынша байлықты құрауы аз нәрсені азсынбай қадірін біліп жинауынан, ұқыптылығы мен үнемшілдігінен, есепті дұрыс құра білетін ұйымдастырушылық қабілетінен, қиындыққа төзімділігінен, ақылдылығынан. Алайда сол жер қайысқан малдан еш белгі қалған жоқ. Бүгіндері ол туралы тек таңдай қағып, бас шайқап, тамсанып айтылатын аңыз әңгіме ғана...

Темірбек Жүргенов атамыздың ұрпақ үшін еткен қызметі текке кетпепті. Мұраты үзілмепті. Жалғасын тауыпты. Ойласам оның шапағатын тек сол замандағылар ғана емес,  беріректе, совет дәуірінде туған мен де көріппін. Бала кезден радиодан шырқалатын Ғарифолла Құрманғалиевтың әніне елтіп өстім. Кейін атақты дарынның алдынан тәлім алдым. Ол меңгерткен ән-термелердің насихаты менің санамды оятып, сөз өнерін, тарихты  терең зерделеуге үйретті. Көкірегіме сәуле құйды. Мұның себебі мен салдары, тағы да қайталап айтамын, Ғарифолла Құрманғалиев дарынының жарқырай көрінуіндегі, шығармашылығындағы жаңа қырлардың ашылып, алаш жұртына кеңінен танылуындағы, дәстүрлі ән мектебін қалыптаудағы сүрлеу-соқпақтың әуелгі бастауы болған – мемлекет қайраткері, Халық комиссары Темірбек Жүргеновтің тікелей басшылық етуімен ұйымдастырылған 1934 жылғы қазақ өнерпаздарының тұңғыш слёті еді...

Темірбек ата Жүргенов туған ұлтына қас үлектен туған кәтепті қара нардай қызмет еткен. Бұған пікіріміздің арқауы – «Темірбек Жүргенов» атты ақиқатқа құрылған, дерегі мол, танымы зор еңбек нақты айғақ береді.

Бөрібай КӘРТЕН,

 Ғарифолла Құрманғалиевтың шәкірті,

қазақ тілі мен әдебиеті магистрі,

Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің оқытушысы,

Ақтөбе қаласы.

Абай.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059